Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ
Әкімі ауысқыш болып алған Баянауылдың ақыны мәселе көтеруге мәжбүр. Елдің мұң-мұқтажы ескеріліп, шешімін тауып жатса әсте басқа әңгіме болар еді. Алайда, кеткен әкім өзімен бірге берген уәделерін ала кетсе қалай болмақ? Қазіргі таңда осы мәселе жұртты толғандырып, көп ішінде алаң көңіл байқалады. Есептік кездесулерде жұрт сеніммен қоса үміт артып қойған әкімдер көп ұзамай ауысып кетіп жатқанын байқаймыз. Мүмкін олар үшін «өсу баспалдағы» болар, бірақ халық үшін қандай пайдасы бар? Өсу үшін де жергілікті халыққа кем дегенде 3-4 жыл қызмет етуі керек. Әрине, ол іскер әкім болса. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, жылы орыннан кеткісі жоқ шенділерге қатысы жоқ әңгіме.
Өкінішке орай, бізде қалыптасқан іскерлік жүйе жоқ. Неге дейсіз ғой. Өркениетке қол созған елдерде басшылық ауысса да атқарылар жұмыс ауысып, не болмаса кейінге қалдырылмай рет-ретімен жүріп отырады. Былайша айтқанда, басшыға бағынбай өздігімен қызмет ете беретін механизм. Міне, бізге де керегі сол еді. Әйтпесе, бір әкімнің жобасы бір әкімге ұнамайды екен. Ол сол үшін барлық құжаттарды қайта жасақтап, өзге жолға салғысы келеді. Былайша айтқанда, біреудің шаруасын шалқытқысы келмейді. Оған өзіндік қолтаңба салуға құмартып, елдің игілігін ысырып қоя тұрады немесе мүлдем іске алғысыз етеді. Ал, қара халық үміт пен сенім арқалап, арайлы таңды күтіп жүре бермек. Оның барлығы біреудің алтын уақыты, алтын ғұмыры түсінген жанға. Әркім жақсы өмір сүруге қақылы. Қазақта біреудің қақын жеу дегенді қылмысқа балаған. Қазіргі таңда бұл ұғым жемқорлықпен өлшенеді ғой. Одан бөлек біреудің бір күн болсын жақсы өмір сүруіне жағдай жасауды келесі күнге қалдырудың өзі біреудің қақын жеумен сәйкеседі. Ал, біздің жылдарымыз ше? Оның қақы кімде кетпей жатыр дейсіз?! Егер бұл жүйе дәл осылай жалғаса берсе, Президент айтқан Жаңа Қазақстанның ауылы алыс деп ұғуға мәжбүрміз.
Алысқа көз жүгірпей-ақ өзіміздің ауданымызда шешімін таппай жауыр болған мәселелердің біраз легін қаузап өткеніміз ләзім.
Жол мәселесі.
Өте өзекті мәселе, солай емес пе? «Ауыр жол атанды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» дейді қазақ. Қазіргі темір атан түйенің қомындағы қолқасына жүк болған да, адамына ауыр іс болған да осы жолдардың жағдайы десек артық айтқандық емес. Жол машақатын жолаушы ғана білер. Ауыл мен ауданды жалғаған күре жол, сол ауылға жан бітірер күре тамыр екенін ұғынар шақ әсте туды. Баянауылдың төңірегінде жартылай жетпеген, тұтас жетпеген әйтеуір тас жол жетпей жатқан елді мекендер баршылық. Жоғарыдағылардың уәдесі бойынша 1-2 жыл шыдасақ тегіс жолда жүйіткиді екенбіз. Бірақ, оған дейін әкім ауысып кетпейді ме? Жә, оған да құп делік, енді осы жолмен тығыз байланысты мәселелердің тағы біреуі бар.
Ауыл мектептерінің жабылуы немесе ауыл халқының аздығы.
Ауылға көңіл бөлінеді дейді. Ауылдың халқы азайып жатқанына да көңіл бөлген абзал болар. 25 одан аз үйлі ауылдарда ауыл мектептері жабылуға шақ тұр. Қаншама қазақылық, қарағай тамырлы тарихы бар ауылдарымыз өкінішке орай, қаңырауға жақын тұр. Оған себеп, ауылда жолдың, судың, интернеттің, былайша айтқанда лайықты жағдайдың болмауынан дейікші. Тоқ етері осы ғой. Осындай ауылдарға мониторинг жүргізіп, елге асыққан қандастарды қоныстандыру арқылы олқылықтың орнын толтыруға болар еді. Айтылып жүрген актуалды мәселе болса да, іске келгенде әлі де шикілік бар сынайлы.
Қазірге таңда ауыл шаруашылықтарына көптеген жеңілдіктер, субсидиялар қарастырылады-мыс, бірақ көпшілік одан бейхабар қалуда. Құдды бағдарламалар тек қана бәз біреулердің пайдасы үшін ғана ма деген ойда қаламыз. Ақпараттандыру кем жүреді. Енді ақпарат алып іске кірісерде, ол бағдарламалар тоқтап қалып жатады. Бұған мысал ретінде жем-шөп субсидиясын айтуға болады. Одан басқасы да аз емес. Балық басынан шіриді демекші, бұл жерде Ауыл шаруашылық министрлігі дұрыс жұмыс атқармайды. Былтырғы жылы аталмыш министрліктің анықтама беретін базасынан ақау шығып, талай сойылып қойған малдар ысырап болғанын көзбен көрдік. Министрлікке анықтау үшін хабрласқанда, бес маманға дейін бір-біріне сілтеп жауаптыны әрен тапқанымыз бар еді. Оның өзі көңіл көншітер жауап бере алмады. Осыдан-ақ сараптай берсеңіз болады. Жалпы, байқасаңыз бізде тағы бір кемшін дүние бар. Ол – құжат мәселесі. Үкіметке қажетті болса құжат әп-сәтте дайын болады. Ал халыққа керек дүние болса айтпай-ақ түсінікті шығар.
Ауыз су мәселесі.
Республика бойынша Баянауыл ауданы ауыз суға қолжеткізген соңғы аудан деген ақпаратқа көзім шалып еді. Оған да қолымыз жетті. Бірақ, суға жалғанған жұрттың бәрі қызығын көріп отыр деп кесе айтуға болмас. Қысқы аяз қаһарға мінсе, судан қағылар жұрттар бізде бар. Онымен қоса суға жауапты мердігер тарапынан қаржының жетіспеушілігіне байланысты жұмысын тоқтатуға да оқталған кездер болды. Ол күндер артта қалса деп тілейік. Ал, ауылдарда да судың хәлі мәз емес. Тартылып болғанның өзінде іске қосыла алмаған су жүйелері болған. Қазіргі таңда бұл ауылдар жүйелі сумен қамтылған екен. Жартылай тартылып, Жұмат Шанин секілді орта жолда қалған ауылдар бар. Уәделі күні жетсе де су тартушы техниканың табаны тимеген Шоманкөл сияқты ауылдар да аз емес. Бұл менің өзім жақсы білетін ауылдар болған соң атын атап, түрін түстеп жатқаным ғой.
Экологиялық қауіп.
«Майкөбе», «Сарыкөл», «Талдыкөл», «Майқайыңалтын» елге берері шамалы кеніштердің уымен дем алып отырған туристік мекен екенімізді ескеріп парадокс дерсіз. Өмірге қауіпті заһары тегін, көмірі қымбат «алтын сандықта» отырған жұртпыз. Ауданның белсенді азаматтары былтырғы жылы сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекеевқа мәселені көтергеннің өзінде министрлік тарапынан еш нәтиже болмады. Осы тұста туристік аймақ дегенді тырнақшаға алғым келіп тұрады. Баянауылдың өз басында Сабындыкөл бар. Тарихы терең, өзі де едәуір терең болса керек. Сол көлге Көктауды бойлап, Баянауыл ауылының көше-көшелерін шайып ағатын қар мен жаңбырдың қызыл суы барып қосылады. Жаз келгенде сол көлге бала-шағамызбен мәз-мейрам болып шомыламыз. Сонда, біз қандай суға түсіп жүрміз? Одан қалды, қазір жиі айтылып жүрген мәселе, туристер көп тоқтайтын Жасыбайда дәретхана шамалы екенін ескерсек, көлді маңайлап жүргіміз келмей қалады. Оған қандай сылтауды себеп етіп отырғанын мен білмедім. Осы мәселелерді ескере келе, ауданымызға жанашыр эколог қажет-ақ!
Қаузар тақырып өңірімізде аз емес, жетерлік. Осы мәселелерді бір қорытындылап алайық. Қалам арқылы туған топырағымызға титтей де болсын борышымызды өтеуге асықтық. Жан ашуды жауласу деп ұғынар билік, қазіргі таңда жоқ екенін баса айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күні «естуші мемлекет» бар деп атаған еді. Енді сол «естуші мемлекетіміз, істеуші мемлекет болса» дейді патша көңіліміз.
Әкімдердің жұмысының жүйесіздігі өткір мәселе. Жоғарыға жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін және мақалада айтылғандай жоғары лауазымға өсу үшін, көп әкім реформашыл келеді. Ол іске аса ма, жоқ па оған басы қатпайды, өйткені ауысып кетсе жауапкершілік жоқ, оның былығы кейінгі әкімге қалады.