
Нұргүл Асылбекқызы Қожанова,
Павлодар облысы, Ақсу қаласы
Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі
Сол күні Алан мектеп ауласындағы шағын спорт алаңында бірге доп тебетін балалардың ортасында тұрған.
Жоғары сыныпта оқитын Айсұлтан қолындағы шағын құрылғыны айналдырып, бірде алақанымен жауып, бірде құрдастарына көрсетіп, өзінше мәз.
– Мә, байқап көр. Құлпынайдың дәмі, – деді ол Аланға ұсынып.
– Бұл вейп қой?
Алан құрылғыға қызыға қарады.
– Иә. Не болыпты? Қазір бәрі пайдаланады.
– Зиян емес пе?
– Қойшы, бұл кәдімгі темекі емес. Түтіні де жоқ, иісі керемет.
Аланның кірпіше жиырылғанына қарап жанындағы екі бала да күліп жіберді.
– Алан, сен әлі шиголсың ба не? Он төрттен астың ғой, – деді біреуі қағытып.
– Сені де жігіт дейді ғой, – деді екіншісі ернін сылп еткізіп.
Аланның беті қызарып кетті. Өтірік күлген ол көзін тайдырып әкетті. Бұл сұрақты неге қойғанын түсіндіре алмай қиналып қалғандай.
– Шынымен темекі емес қой, иә? – деп сұрады Алан қысылып.
– Жай ғана «хош иісті бу» десе де болады.
Айсұлтан құрылғыны тағы ұсынды. Алан да бұрыннан ауыздан, мұрыннан қалай түтін шығаруға болады деп ойлайтын.
– Қорықпа. Бір тартқаннан ештеңе болмайды.
– Шын, шын, шын, – деп қостады екі бала да.
«Егер Айсұлтанның айтқанын істемесе ше? Онда барлық бала мазақтайды ғой»,- деп ойлады Алан. Ол құрылғыны қолына алды. Бір қарағанда, қаламға ұқсайды. Бір қарағанда, шағын ғана ойыншық секілді. Кейде жеміс-жидектің хош иісі аңқып, тәтті кәмпитті еске түсіреді. Аузына салып ішіне бір тартты да, көзінен жас аққанша жөтелді. Мұны көрген достары күліп жіберді.
– Әй, дұрыс тартсаңшы! – деген Айсұлтан қолынан вейп-темекіні жұлып алды да паровоз құсап түтінін будақтатты.
Алан да жөтеліп жатып қосылып күлді. Басы айналып көзінен жас шыққанын байқатпау үшін көк түтін ортасында басын төмен түсірді. Бірақ шыдап бақты. Денсаулығын емес, достарының күлкісіне қалмауды ойлады.
Алан сол күні үйге ерлік жасағандай болып оралды.
Екінші күні мектепке барғанда тағы да кешегі балалармен кездескісі, вейп тартып «ерлік» жасағысы келді. Бірақ ол жағымсыз «ерліктің» артында әлдеқайда үлкен жеңіліс жатқанын сезбеді.
***
Сегізінші сыныпта оқитын Алан футбол алаңында алдына жан салмайтын. Кез келген кросс кезінде соңғы минутқа дейін жүгіріп, жеңіліп бара жатса да бой бермейтін қайсар мінезді еді. Достары арасында әзілқой, мұғалімдер үшін озат оқушы болатын.
Алайда соңғы айларда оның бойынан бұрын байқалмаған өзгерістер көріне бастады. Таңертең жиі жөтелетін болды. Баспалдақпен көтерілгенде ентігіп, кейде кеудесі тарылып, өкпесі қысылғанын сезінетін. Футбол алаңында бұрынғыдай ұзақ жүгіре алмайтынды шығарды. Жүз метр жүгіреді де шаршап, жерге шалқасынан жатып алады.
– Әй, Алан, не болды саған? Бұрын бізді шаң қаптыратын едің ғой, — деді бірде сыныптасы Әмір. Ол Алан секілді бір минутта турникке жиырма рет тартылып, алдына жан салмайтын желаяқ болғысы келетін.
– Ештеңе. Сәл шаршадым.
– Шаршағаның қалай? Кеше де жүгіре алмай, ит құсап тілің салақтап қалдың.
– Қойшы, дәрігер болып кеттің бе?
Алан үнсіз қалды. Досының сөзі ойландырып, бойындағы өзгерістер алаңдата бастады. Бірақ ол сол алаңдаушылықтың себебін мойындауға асықпады.
***
Вейп оның өміріне аяқ астынан енген жоқ. Бәрі бір қарағанда, түкке тұрмайтын қызығушылықтан басталды. Алан сол кезде Айсұлтан ұсынғанда бірден бас тарта алатын еді. Бірақ достарының алдында жасқаншақ болып көрінбей, өзін ересек сезінгісі келді. Құрдастарының ортасында әлсіз болып қалудан қорықты.
Осылайша бір рет қолына алған құрылғы бірте-бірте күнделікті серігіне айналды. Алғашында үзілісте ғана қолданатын. Кейін сабақтан соң үйде де іздейтін болды. Артынша таңертең оянғанда да ойына алдымен сол түсетін. Анасының тамаққа деп берген ақшасына сатып алып, күні бойы аш жүретін.
Бір күні қалтасын сипалап, құрылғысын таппай қалған кезде мазасыздана бастады. Бөлмесінің астан-кестеңін шығарып, сөмкесін қайта-қайта тексерді. Кинодан көретін есірткіге тәуелді нашақорлар секілді. Тапқан сәтінде ғана сабақ айтып болып үздік баға алғандай көңілі орнына түсті. Сонда вейптің тұзағына оңбай түскенін түсінген, бірақ ойлағысы келмеді. Ойлауға қорықты.
Бірде Әмір оның қолындағы вейпті көріп:
– Осы сасық дүниені ішіңе жұта бергенді қашан қоясың? – деді.
– Қойшы, сен де әке-шешем құсап ақыл айта бермей. Өзім білемін.
– Білсең, неге күнде ұстап жүрсің?
Алан жауап қатпады. Құрылғыны алақанына салып, ұзақ айналдырып отырды. Айтатын жауап таппады.
– Бір нәрсені проблема қыла бересің осы сен, – деді ақырын досына.
Бірақ оның даусында бұрынғы сенімділік жоқ еді.
***
Аланның анасы да соңғы уақытта ұлының өзгергенін аңғарған. Бұрын мектептен келе сала асүйге кіріп, күні бойы болған қызықтарын айтып беретін, енді бөлмесіне қамалып шықпайтынды шығарды. Сұрақ қойса, қысқа жауап береді. Кейде көзін тайдырып, әңгімеден жалтаруға тырысады. Тұйық.
Кешті дастарқан басында әкесі екеуі Аланның қайта-қайта жөтелгенін байқап қалды.
– Балам, жөтелің неге басылмай жүр? – деді анасы.
– Темекі тартатын шығар? – деп қосты әкесі қабағын түйіп. Іші баласының «қылмысын» сезетіндей.
– Жай ғана жөтел ғой, суық тиген шығар.
– Жай жөтел болса, неге күн сайын күшейіп барады? Дәрігерге көрінейік.
– Қажеті жоқ. Өзім-ақ жазылып кетемін.
– Адам өз денсаулығын кейінге ысыра бермеуі керек, құлыным.
Алан үнсіз қалды.
Анасы оның жүзіне үңілді. Бірдеңе айтқысы келіп ойланып қалды.
– Балам, бірдеңе болса, менен жасырма. Қандай жағдай болса да, алдымен мен саған көмектескім келеді.
– Жарайды, анашым, – деген ол тағы да күрк-күрк жөтелді.
***
Сол түні анасы ұйықтай алмады. Баласының бөлмесінен анда-санда жөтелген дыбыс естіледі. Есігіне барып, тұтқасын ұстады. Ішке кіріп, халін сұрағысы келді. Ол есіктің ар жағында ұйықтай алмай жатқан баласының қандай құпиямен арпалысып жүргенін білмеді.
Ал мектепте жағдай күрделене түсті. Сынып жетекшісі Салтанат Берікқызы соңғы кездері үзіліс сайын дәретхана маңына жиналатын оқушыларды байқап жүретін. Бір күні есікті ашқанда, бірнеше бала абдырап қалды. Бірінің қолындағы құрылғы жерге түсіп кетті.
– Мұнау не? – деді мұғалім білмеген адам құсап.
– Мұғалім, қазір бәрі пайдаланады ғой, – деді Алан төмен қарап. Басқа ақталып айтар сөзі жоқ еді. Бірақ Салтанат Берікқызы олардың ешқайсысын жұрт алдында жазғырмады, директорға да, ата-аналарына да хабарламады.
– Ертең медициналық институттың зертханасына барамыз, – деді де кетіп қалды.
***
Келесі күні оқушылар медициналық институттың зертханасына келді. Ғимараттың дәлізінде өткір антисептик иісі сезіледі. Ақ халатты мамандардың байсалды қимылы, құралдардың суық сыңғыры, қабырғалардағы медициналық суреттер балаларды әдеттегі мектеп ортасынан мүлде бөлек әлемге алып келгендей.
Оларды тыныс алу органдарының ауруларын зерттейтін ғалым Айман Серікқызы қарсы алды. Ол балаларға ұзақ дәріс оқымады, арнайы бөлмеге алып барды.
Кең бөлмеде анатомиялық үлгілер, зерттеу құралдары, медициналық суреттер мен түрлі дәрмектер орналастырылған. Дәрігер балаларды тыныс алу жүйесінің құрылысымен таныстырды.
– Адам өкпесі – тіршіліктің үнсіз еңбегі. Біз оның жұмысын байқамаймыз. Ол тәулігіне мыңдаған рет тыныс алып, әр жасушамызға өмір сыйлайтын оттегін жеткізуге көмектеседі. Бірақ біз оған қандай ауа беріп жүргенімізге үнемі мән бере бермейміз.
Ол сөредегі екі шыны ыдыстың алдына тоқтады. Ішінде зақымданған екі өкпенің анатомиялық үлгісі бар еді. Кәдімгі адам өкпелері. Оның қаракүрең түсі мен желі шыққан шар секілді бүріскен сыртқы құрылымы балалардың назарын бірден аударды.
– Мыналар – ұзақ уақыт темекі мен вейп шегудің салдарынан өзгеріске ұшыраған өкпелердің үлгісі. Екеуінің бір-бірінен айырмашылығы жоқ деуге болады.
Балалар бір-біріне қарасты. Дәрігер сөзін жалғастырды:
– Көпшілігің вейпті жай ғана хош иісті бу деп ойлауың мүмкін. Бірақ бұл – қате түсінік. Вейптен шығатын аэрозоль су буы емес. Оның құрамында никотин, ұсақ бөлшектер және өкпеге зиян келтіруі мүмкін химиялық қосылыстар болады. Ал никотин жасөспірімдердің әлі қалыптасып келе жатқан миына әсер етіп, тәуелділік туғызады. Бір миллиграм никотин бір жылқыны өлтіруге қабілетті. Ол өкпені қалай зақымдайтынын енді ойлай беріңіздер.
– Айман Серікқызы, сонда вейп те кәдімгі темекі сияқты қауіпті ме? – деді Алан. Оның ішінде өз өкпесін өз өлтіріп жатқандай сезім жатыр еді.
– Олардың құрамы мен әсері бірдей болмаса да әсері бірдей. Бір нәрсені есте сақтаңдар: адам денсаулығына зиянды әдетті бастағанда оның салдарын бірден сезбеуі мүмкін. Бірақ зиянның бірден байқалмауы – оның жоқтығының дәлелі емес.
Шыны ыдысқа назарын қадап алған Алан өзінен жиіркеніп кетті. Күн сайын дем алып жүрген өкпесі де дәл осылай үнсіз, бүрісіп жұмыс әрең істеп жатқанын, қаракүрең түске енгенін ойлады. Осы ой санасына шаншудай қадалды.
– Айман Серікқызы, – деді ол тағы. – Егер адам вейпті ұзақ уақыт қолданса, өкпесі міндетті түрде осылай зақымдана ма? – өз ойына дәлел іздеді.
– Міндетті түрде осылай болады деп айтуға болмайды. Әр адамның ағзасы әртүрлі әсер қабылдайды. Бірақ қауіп зор. Кейбір аурулар емнен кейін жақсаруы мүмкін, ал кейбір аурулар ұзаққа созылады немесе жазылмайды. Сондықтан ауруды күтудің қажеті жоқ. Ең дұрысы – қолданбау. Ал тәуелділік қалыптасса, оны өз бетіңше жеңе алмай жүрсең, маманнан көмек сұрау керек.
– Ал жөтел мен ентігу ше?
– Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ вейп қолданатын адамда мұндай белгілер болса, міндетті түрде алдын алу қаралу қажет.
Аланның алақаны терлеп кетті. Ол таңертеңгі жөтелін, баспалдақпен көтерілгенде ентігіп қалатынын, футбол алаңында бұрынғыдай жүгіре алмай жүргенін есіне алды. Бір сәтте оның санасында бәрі тізбектеліп өте шықты. Достарының күлкісі. «Бір реттен ештеңе болмайды» деген сөз. Алғашқы қызығушылық. Қалтадан құрылғыны іздеген мазасыз сәттер…
Ол қалтасындағы вейпті қолымен сипап қойды. Зертханадан шығар кезде Алан өзгелерден қалып қойды да шыны ыдысқа тағы да бір қарады. Осы жолы ол өкпенің зақымданған үлгісін емес, өз болашағын көргендей болды.
***
Зертханадан шыққаннан кейін Әмір аланды күтіп тұрды.
– Алан, бүгін біртүрлісің ғой. Не болды?
– Әмір, мен осыны қоя алмай жүрмін.
– Вейпті ме?
– Иә. Қойғым келеді. Бірақ кейде өзімді өзім басқара алмай қаламын. Таңертең оянсам да, ұйқыға жатсам да соны іздеймін.
Әмір досына біраз үнсіз қарады.
– Онда көмек сұрау керек.
– Кімнен?
– Дәрігерден. Анаңнан. Бізден. Мұғалімнен. Қандай қиындық болса да, жалғыз күресудің қажеті жоқ қой.
– Анам білсе, қатты ренжиді.
– Ренжуі мүмкін. Бірақ сенің денсаулығыңа бірдеңе болса, одан да қатты қиналады ғой.
Алан жауап бермеді.
Сол күні үйге қайтар жолда оның ойы жан-жаққа ауды. Анасына қалай айтады? Қалай түсіндіреді? Қандай жауап береді?
Үйдің есігін ашқанда, асүйден тамақтың иісі аңқып тұрды. Анасы кешкі ас әзірлеп жүр екен.
– Келдің бе, балам?
– Келдім, анашым.
Алан сөмкесін қойды да, асүйдің есігінде біраз кідірді.
– Анашым…
– Иә, құлыным?
– Мен саған бір нәрсе айтуым керек.
Анасы жұмысын тоқтатып, баласына бұрылды.
– Айта ғой.
Алан қалтасынан вейпті шығарып, үстел үстіне қойды.
– Мен осыны қолданамын. Біраз уақыт болды.
Анасының қолы дір етіп, ұстап тұрған ожауы еденге тарс етіп құлады.
– Не дедің?
– Вейп… Мен біраз уақыттан бері қолданамын. Қазір қойғым келеді, бірақ қиын болып жүр.
Анасының көзіне жас үйірілгенімен, өзін сабырға шақырды.
– Неге бұрын айтпадың, балам?
Алан басын төмен түсірді.
– Қорықтым.
– Менен қорықтың ба?
– Ұрсады деп ойладым. Ренжисің деп…
Анасы баласының қолын ұстады.
– Мен сенің қателескеніңе ренжуім мүмкін. Бірақ сенің маған шындықты айтудан қорыққаның одан да ауыр, балам.
– Білмеймін, анашым. Бәрі бір рет дәмін татып көруден басталды. Кейін қоя алмай қалдым.
– Ең бастысы әлсіз болма, сен барлық қиындықты жеңуге қабілеттісің. Қандай қиындық болса да, бірге жеңеміз. Сен жалғыз емессің.
Алан анасының иығына басын қойды. Көптен бері көкірегіне жиналған қорқыныш пен өкініш көз жасына айналып, үнсіз сырғып жатты.
– Алан, – деді бір уақытта анасы.
– Иә, мама?
– Анау құрғырды ал да қоқыс жәшігіне лақтыр.
Алан вейп-құрылғыны жиіркеніп тышқанды ұстағандай майлық қағазбен қысып алды да аулаға жүгіре жөнелді. Жуынды мен қалдықтар тастайтын орынға келді де тістеніп лақтырып жіберді.
– Сенің орның осында, – деді ол кең тыныс алып. Көптен бері осылай дем ала алмай жүрген еді.

***
Арада бірнеше апта өтті. Мектепте зертханаға жасалған экскурсия талқыланды. Салтанат Берікқызы әр оқушыдан сапардан қандай ой түйгендерін сұрады. Кезек Аланға келгенде, ол орнынан тұрды. Бір сәт үнсіз қалды. Сосын сыныптастарына қарады.
– Мен бұрын вейпті зиянсыз нәрсе деп ойлайтынмын. Достарым қолданған соң, мен де байқап көрдім. Басында қызық көрінді. Кейін күнде іздейтін болдым. Қазір оны толықтай қойдым. Енді қолыма да алмаймын.
Ол сәл кідірді.
– Зертханада көргенім мені қатты ойландырды. Бірақ мені ең көп қорқытқаны – шыны ыдыстағы өкпе емес. Адамның өзіне зиян келтіріп жатқанын біле тұра, оны тоқтата алмай қалуы.
Оның бұл сөзінен сынып іші тына қалды.
– Біреудің қолында вейп көрсеңдер, оны ересектік деп қабылдамаңдар. Мен де солай ойлағанмын. Бірақ қазір түсіндім: ересектік деген – өзгелерге еліктеу емес, өз таңдауың үшін жауап бере білу екен.
Сыныптастарының бірі қол көтерді.
– Сонда сен оны қалай қойдың?
– Түк қиындық жоқ. Бірінші қоямын деп өзіме серт бердім. Әке-анамның мен үшін ұялмауын, қайғыға берілмеу керектігін ойладым. Сосын құрғырды тартқым келген кезде өзімді күштеп жиырма бес рет «присидание» (отырып-тұру), жиырма рет «отжимание» (денені жерден қолмен көтеру) жасап, бір шақырым жүгірдім. Солай өкпем тазарды. Одан кейін кітап оқыдым, денсаулықты күтуге арналған кинолар көрдім. Ал ең бастысы, – деді ол. – Анама түгелін жасырмай айттым. Егер біреуің осындай жағдайға тап болсаңдар, жасырып жүрмеңдер. Көмек сұраудан ұялмаңдар. Мен сендерді мектепте вейппен күресуге шақырамын, – деп сөзін аяқтағанда мұғалім қалай қол шапалақтап жібергенін байқамай қалды. Оның сыныптастары да қолдап қол шапалақтап жіберген еді.
– Балалар, денсаулықты сақтау – әр адамның өз жауапкершілігі. Бірақ қателескен адамды кінәлау ғана жеткіліксіз. Оған дұрыс жолды табуға көмектесу де – адамгершіліктің белгісі. Біздің елімізге сауатты да сау адамдар керек. Жарайсың Алан!, – деді Салтанат Берікқызы.
Алан орнына отырды. Ол алғаш рет өзінің қателігін мойындаудан ұялмады. Өйткені шындықты жасыру адамды құтқармайтынын, керісінше, тұйыққа тірейтінін түсінген еді.
***
Сабақтан кейін Алан мектеп қақпасынан шықты. Қақпа жанында тұрған бірнеше жасөспірімнің бірі вейп құрылғыны тартып, улы буды ауаға үрлеп күліп тұр екен.
– Мә, сен де көр, — деді біреуі жанындағы балаға.
– Жоқ, өзің қолдана бер.
– Қорқасың ба? Бір реттен ештеңе болмайды. Сен түгілі қыздар да тартады. Еркек емессің бе?
Алан еріксіз тоқтады.
– Балалар, осының зиянын білесіңдер ме? – деді ол танымайтын өзімен шамалас жастағы балаларға.
– Бір рет тартқаннан ештеңе болмайды ғой, – деді жасөспірімдердің бірі Аланға таңдана қарады.
– Мен де солай ойлағанмын.
– Сонда не болды?
– Басында сен секілді болғанмын. Одан кейін өзім вейп-темекінің тұтқынына айналдым. Көз жеткізгілерің келе ме?
– Қалай?
– Қазір анау бағанға дейін бес жүз метрге дейінгі аралықта жүгіріп жарысамыз. Кім шаршап қалады, сол енді аузына вейп-темекі алмайтын болады.
– Келістік, – деді жасөспірімдер.
Барлығы жүгіре жөнелді. Бәрін басып озған Алан жылдамдығын сәл бәсеңдетті де іштерін басып отыра қалғандарға қарады. – Енді тартасыңдар ма? – деп күлді. – Жоқ, жоқ, – деп уфілеп шығып жатқан дауыстар естілді.
Ол бұдан артық сөз айтпады. Аялдамаға жеткенде телефонына анасының SMS-хабарламасы келді:
«Балам, үйге келе жатқанда нан ала салшы. Әкең жұмыстан кішкене кешігіп келеді екен. Ас дайын».
Алан экранға қарап жымиды. Қандай қарапайым хабарлама! Қандай қымбат сөздер! Үйде оны күтіп отырған анасы, оның ешкімнен кем болмай оқуын оқу үшін еңбектеніп жүрген әкесі бар. Достары бар. Алдында әлі талай арман, талай белес, талай басталмаған күндер бар. Ол кеудесін кере терең тыныс алды. Бір кездері тыныс алуды өмірдің ең табиғи әрекеті деп қана қабылдайтын. Енді әр тыныстың қадірін сезіне бастаған.Үйіне келгенде анасы есік алдынан қарсы алды.
– Келдің бе, балам?
– Келдім, анашым.
– Шаршадың ба?
– Жоқ. Бүгін жақсы күн болды.
Анасы оның жүзіне мейірлене қарады.
– Солай болсын, құлыным. Әр күнің жақсы өтсін. Әкеңді күтеміз бе?
– Әрине күтеміз.
Алан бөлмесіне кіріп, терезені ашты. Сыртта таза ауа лебі есіп тұр екен.
– Алан, футбол ойнайсың ба, далаға шық. Добыңды ұмытпа! – деп айғайлады көрші балалар.
– Қазір, – деген ол киімін ауыстырды да далаға тұра шапты. Подъезден шыға бергенде добын ұмытып кеткені есіне түсіп, қайта бесінші қабаттағы пәтеріне жаяу жүгіріп көтерілді. Пәтерінің босағасында жатқан добын алып қайта бесінші қабаттан жаяу жүгіріп түсті. Аулаға шыға бергенде ол өз бойынан шаршау емес, ерекше жеңілдікті байқады. Екі ортада жүгіріп жүргенде бір де бір рет ентіккен жоқ.
Ол вейп-темекіден құтылғанына мәз болды.
