
Облыстық онкологиялық диспансерде желілік үдеткіштің жаңа кабинеті пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» басқармасының төрағасы Ербол Бекмұхамбетов қатысты.

Өңір басшысы медициналық ұйымдарды жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету өңірлік денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
– Заманауи желілік үдеткіш кабинетін пайдалануға беру – өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру міндеттерін айқындады. Біз медициналық инфрақұрылымды жаңартуды және заманауи технологияларды енгізуді жалғастырамыз, – деді Асайын Байханов.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Павлодар облысының онкологиялық қызметін жетілдіру бастамасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрады.
Облыс әкімі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін қор басшылығына, сондай-ақ қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына және жобаны іске асыруға атсалысқан мамандарға алғысын білдірді.
Сәулелік терапия бөлімшесіне америкалық Varian Medical Systems компаниясының TrueBeam желілік үдеткіші және германиялық Siemens өндірушісінің SOMATOM go.Sim компьютерлік томограф-симуляторы орнатылды. Екі аппарат та 2026 жылы шығарылған.
Желілік үдеткіш ісікке жоғары дәлдікпен әсер етіп, айналасындағы сау тіндердің сәулеленуін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Оның көмегімен дененің кез келген дерлік бөлігіндегі ісіктерді емдеуге болады. Аппарат емдік сәулелену параметрлерін 10 миллисекундқа дейінгі аралықпен бақылап отырады. Кейбір жағдайларда сәулемен емдеу процедурасы екі минуттан аз уақыт алады.
Жаңа жабдықтарға жақын және алыс шетелдердің жетекші ғылыми орталықтарында кәсіби даярлықтан өткен радиология бөлімшесінің мамандары қызмет көрсететін болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
