
Бүгін – Білім күні. Қазақстанда 2026–2027 жаңа оқу жылы басталды. Биылғы оқу жылы мектеп табалдырығын алғаш аттаған жүздеген мың бүлдіршін үшін ғана емес, жалпы отандық білім беру жүйесі үшін жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Енді білім ордаларындағы бағалау жүйесі өзгереді, жаңа міндетті курстар енгізіледі, оқулықтар жаңартылады, жасанды интеллект мектепке біртіндеп енеді. Педагогтерді аттестаттау да жаңа форматқа көшеді. Сонымен, жаңа оқу жылының басты жаңалықтары қандай?
4,1 миллионнан астам оқушы мектепке барады
2026–2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде 4,1 миллионнан астам оқушы білім алады деп жоспарланған. Ал ел бойынша 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.
Ресми орган таратқан мәліметке жүгінсек, биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалардың саны 380 мыңнан асады. Салыстырар болсақ, өткен 2025–2026 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионнан астам бала оқыса, олардың 363 мыңнан астамы бірінші сынып оқушысы болған. Демек, бірінші сынып табалдырығын аттаған балалардың саны да, жалпы оқушылар контингенті де артып отыр.
Бірінші сынып оқушылары ең көп өңірлердің қатарында Түркістан облысы – 50 мыңнан астам, Алматы облысы – 35 мыңнан астам, Астана – 33 мың, Алматы қаласы – 31 мыңнан астам және Шымкент – 29 мыңнан астам баламен алда тұр. Бұл көрсеткіштердің өзі білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктеменің азаймайтынын аңғартады.
Жаңа мектептер – артып келе жатқан сұранысқа жауап
Мектеп құрылысы да соңғы жылдары білім саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды.
Ұлттық статистика бюросының 1 қыркүйекке жариялаған мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 18 090 оқушы орнына арналған 32 жаңа жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілген. Оның 14-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен бірге 4 207 орындық 32 мектепке дейінгі ұйым ашылған.
Жалпы, соңғы бес жыл ішінде елде 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Бұл үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.
Алайда демографиялық өсім жалғасып отырғандықтан, мектеп салу ісі әлі де білім саясатының ұзақ мерзімді басымдығы болып қала бермек.
Бағалау жүйесі өзгереді
Жаңа оқу жылындағы ата-аналар мен оқушыларға тікелей қатысты маңызды жаңалықтың бірі – бағалау жүйесінің өзгеруі.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4 сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілі қолданыла бастайды.
Критериалды бағалау сақталады. Алайда қалыптастырушы, яғни формативтік бағалаудың рөлі айтарлықтай күшейеді. Бұрын тоқсандық бағаны қалыптастырудағы оның үлесі 25 пайыз болса, енді ол 50 пайызға дейін ұлғаяды.
Қолданыстағы нормативтік қағидаларда тоқсандық бағаны қалыптастыруда формативтік бағалау мен жиынтық бағалаудың 50/50 арақатынасы белгіленген.
Тағы бір елеулі өзгеріс – бұрынғы форматтағы тоқсандық жиынтық бағалау, яғни ТЖБ жеке жұмыс ретінде өткізілмейді. Оның орнына оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтайтын аралық бағалау енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, бұл тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының санын бір жұмысқа азайтып, оқушының да, педагогтің де артық жүктемесін төмендетуге тиіс.
Бұл өзгерістің түпкі философиясы да маңызды: баланың білімін тоқсан соңындағы бір үлкен бақылау жұмысымен емес, оның күнделікті оқу барысындағы ілгерілеуімен бағалауға басымдық беру. Ал бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Математика бағдарламасы қайта қаралады
Бастауыш білімге қатысты тағы бір маңызды бағыт – 1–4 сыныптардағы математика пәнінің оқу бағдарламасын жетілдіру.
Бұл бастама жай ғана сағат санын немесе тақырыптардың орнын ауыстыру емес. Негізгі мақсат – баланың есепті механикалық орындауынан гөрі математикалық сауаттылығын, логикалық ойлауын, мәселені шешу және алған білімін күнделікті өмірде қолдану қабілетін дамыту.
Осы тұрғыдан қарағанда, бастауыш мектептегі өзгерістер кейінгі сыныптардағы білім сапасының іргетасын күшейтуге бағытталған.
3 және 7-сыныптарға – жаңартылған оқулықтар
Оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы да жалғасуда. Жоспар бойынша 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтарды 2026 жылғы 30 тамызға дейін жаңарту, одан кейін 4 және 9-сынып, әрі қарай 8-сынып оқулықтарын жаңарту қарастырылған.
Жаңа буын оқулықтарына қойылатын басты талап – оқу бағдарламасына сәйкестікпен қатар, мазмұнның ғылыми дәлдігі, қазіргі заман талабына сай болуы және ұлттық құндылықтарды қамтуы.
Оқулықтар бірден мектепке жіберілмейді. Олар ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау, пилоттық мектептердегі апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы секілді бірнеше кезеңнен өтеді.
Үш жаңа әрі міндетті курс
Биылғы оқу жылының ең маңызды мазмұндық жаңалықтарының бірі – оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігіне бағытталған жаңа курстар.
2026–2027 оқу жылынан бастап: 5–7 сыныптарда – «Конституция негіздері»; 8–11 сыныптарда – «Заң және тәртіп»; 5–11 сыныптарда – «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі.
Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны да жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіріледі.
Бұл жерде білім жүйесінің жаңа бағыты анық байқалады: мектеп тек академиялық білім беретін орын емес, заңды білетін, өз құқығы мен міндетін түсінетін, қоғамдық жауапкершілігі қалыптасқан азамат тәрбиелейтін ортаға айналуға тиіс.
Жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына Конституция қағидаттары, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Заң мен Тәртіп» қағидаты да кіріктірілген.
Жасанды интеллект – мектепте
Биылғы оқу жылының ең технологиялық жаңалығы, сөзсіз, жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу болмақ.
Бірақ мұнда бір маңызды жайт бар: «Жасанды интеллект» бүкіл ел бойынша жеке жаңа пән ретінде енгізілмейді. Оның негіздері қолданыстағы пәндерге кіріктіріледі.
1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгертіледі.
Оқу бағдарламаларына ЖИ-ге байланысты жаңа бөлімдер және 43 оқу мақсаты енгізілген. Балалар жасанды интеллект құралдарын қолданумен қатар, цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, сыни ойлау және технологияны жауапкершілікпен пайдалану қағидаларын да меңгермек.
Ал нақты AI-шешімдерді оқу процесінде қолдану әзірге пилоттық форматта басталады.
Павлодар облысы – AI пилотының алғашқы өңірлерінің бірі
Бұл жаңалық біздің өңіріміз, яғни Павлодар облысы үшін ерекше маңызды. 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 26 қазан аралығында Павлодар және Қызылорда облыстарындағы қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 10 шағын жинақты мектепте арнайы пилоттық жоба жүзеге асырылады.
Апробация 4-сыныптардағы «Ана тілі», «Математика», «Цифрлық сауаттылық» және жасанды интеллект бағытындағы оқу мазмұны аясында жүргізіледі.
Ал екінші кезеңде – 3 қараша мен 23 желтоқсан аралығында – пилотты 50 мектепке дейін кеңейту жоспарланған.
Тіпті бастауыш сыныптарда педагог пен интеллектуалды AI-көмекшінің бірлескен қызметіне негізделген «екі мұғалім» моделі де сынақтан өтпек. Мұндағы қағида анық: жасанды интеллект ұстазды алмастырмайды, керісінше мұғалімге әр баламен жеке жұмыс істеуге көмектесетін құрал болуы керек.
Егер пилот тиімділігін дәлелдесе, оның маңызы әсіресе ауылдық және шағын жинақты мектептер үшін жоғары болуы ықтимал. Өйткені технология шалғайдағы мектеп пен ірі қалалардағы білім мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықты қысқартудың бір тетігіне айналуы мүмкін.
Сабақ үстінде смартфонға шектеу
Цифрландыру күшейгенімен, мектептегі цифрлық тәртіп те қатар қатаңдайды.
Оқу сабақтары кезінде оқушылардың смартфон пайдалануына қойылатын шектеу сақталады. Телефонды тек оқу процесінде қажет болған және мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында көзделген жағдайда қолдануға рұқсат етіледі.
Сонымен бірге барлық мектепке телефон жинайтын арнайы шкаф немесе сейф сатып алу міндеттелмейді.
Бұл – бір қарағанда қарапайым ғана талап. Алайда оның астарында балалардың зейінін сабаққа шоғырландыру, әлеуметтік желілер мен цифрлық контентке шамадан тыс тәуелділікті азайту мәселесі жатыр.
Мұғалімді бағалаудың өзі де өзгереді
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделі пилоттық режимде іске қосылады. Жаңа тәсілдің негізгі идеясы – мұғалімді қағаз жүзіндегі есептерімен емес, оның нақты кәсіби қызметінің нәтижесімен бағалау.
Аттестаттау барысында педагогтің кәсіби цифрлық бейініне, еңбек өтіліне, біліктілігін арттыруына, кәсіби жетістіктеріне, сабақ беру сапасына және білім алушыларының нәтижелеріне көбірек мән беріледі.
Ең маңыздысы – педагогтерге артық бюрократиялық жүктеме түсірген бірқатар талаптар алынып тасталады. Эссе жазу, авторлық бағдарлама әзірлеу және оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде ұсыну талап етілмейді.
Педагогтің қолданыстағы біліктілік санатын сақтау мәселесі де құқықтық тұрғыдан нақтыланған: тиісті жағдайларда ол белгіленген қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
Бұл өзгерістердің мәні – мұғалімді «аттестаттауға құжат жинайтын маманнан» қайтадан сабақ беретін, ізденетін және бала тәрбиелейтін педагогке айналдыруға жағдай жасау.
Білім мазмұны ғана емес, мектеп философиясы өзгеріп келеді
2026–2027 оқу жылындағы өзгерістерді жеке-жеке қарастырсақ, олар әртүрлі бағыттағы реформалар секілді көрінуі мүмкін.
Бір жерде бағалау жүйесі өзгеріп жатыр. Екінші жерде жаңа оқулық келеді. Үшінші бағытта жасанды интеллект енгізілуде. Төртінші мәселе – смартфонды шектеу. Мұғалімдерді аттестаттау да жаңаруда.
Алайда осы бастамалардың барлығын бір арнаға тоғыстыратын ортақ мақсат бар. Ол – білімді жаттап алуға емес, түсінуге; баға үшін оқуға емес, қабілетті дамытуға; цифрлық технологияны тұтынуға ғана емес, оны сауатты пайдалануға; құқықты талап етуге ғана емес, жауапкершілікті сезінуге үйрететін мектеп қалыптастыру.
Сондықтан жаңа оқу жылының басты ерекшелігін тек жаңа пәндер мен жаңа бағалау тәртібінен іздеу жеткіліксіз.
Қазақстан мектебі біртіндеп жаңа модельге бет бұрып келеді: мұнда академиялық біліммен қатар құқықтық мәдениет, қауіпсіздік, азаматтық жауапкершілік, цифрлық сауаттылық, жасанды интеллектімен жұмыс істей білу және сыни ойлау баланың негізгі құзыреттерінің қатарына қосылуда.
Бұл өзгерістердің қаншалықты нәтижелі болатыны, әрине, бір оқу жылының ішінде белгілі бола қоймайды. Әсіресе бағалаудың жаңа жүйесі, AI-пилоттар мен педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделі тәжірибеде сыналады, кемшілігі болса түзетіледі.
Бірақ бір нәрсе анық: 2026–2027 оқу жылы Қазақстан білім жүйесі үшін жай ғана кезекті оқу жылы емес. Бұл – дәстүрлі мектептен технологиялық, қауіпсіз, құқықтық және оқушының жеке қабілетіне бағдарланған білім беру моделіне қарай жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Ал сол өзгерістің басты өлшемі қағаздағы жаңа бағдарлама немесе есеп емес, мектепке барған әр баланың сапалы білім алып, ойлай білетін, жауапкершілігі жоғары, заманға бейім азамат болып қалыптасуы болмақ.
Білім күні құтты, ұрпағымыз кемел келешектің тұтқасына айналар зерделі һәм зейінді болсын!
Асыл ӘБІШЕВ.
