Қазақстанның Еңбек Ері, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Рышат Бабайұлы Әмренов Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасап, маңызды саяси науқанға қатысты.

Саналы ғұмырын еңбекке арнап, еліміздің өндірістік әлеуетінің артуына елеулі үлес қосқан Рышат Әмренов сайлау учаскесіне келіп, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Еңбек адамының абыройын асқақтатып, кәсіби шеберлігімен көпке танылған Рышат Бабайұлының өмір жолы Екібастұз өңірінің өркендеуімен тығыз байланысты. Ол ұзақ жылғы адал еңбегімен кейінгі буынға өнеге болып, ел дамуына әр азамат өз ісімен үлес қоса алатынын дәлелдеп келеді.
Дауыс бергеннен кейін Еңбек Ері Құрылтай сайлауының ел болашағы үшін маңызына тоқталып, Қазақстанның одан әрі дамуына сенім білдірді.
– Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Әр азаматтың таңдауы мемлекетіміздің келешегіне қатысты ортақ жауапкершіліктің көрінісі деп білемін. Мен еңбек адамы ретінде еліміздің тыныштығын, халқымыздың бірлігін, өндірісіміздің өркендеуін қалаймын. Құрылтай елдің дамуына серпін беріп, халықтың үні естілетін, маңызды шешімдер қабылданатын беделді институт болады деп сенемін. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын. Қазақстанымыз өркендеп, жастарымыз білімді, еңбекқор, Отанын сүйетін азамат болып өссін. Барша жерлестерімді ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық таңдау жасауға шақырамын, – деді Рышат Бабайұлы.
Оның айтуынша, елдің қуаты ең алдымен адал еңбекпен, қоғамдық келісіммен және азаматтардың ортақ мақсат жолындағы бірлігімен өлшенеді. Өндірісті Екібастұз үшін еңбек адамының мәртебесін көтеру, жас мамандарға қолдау көрсету, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыру айрықша маңызды.
Рышат Әмреновтің сайлауға қатысуы – еңбек майданында шыңдалған аға буынның ел тағдырына деген жауапкершілігінің тағы бір көрінісі. Еңбек Ері өз таңдауын жасау арқылы кейінгі ұрпаққа азаматтық белсенділік пен Отан алдындағы жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Құрылтай сайлауы – әр азаматтың елдің ертеңіне қатысты өз ұстанымын білдіретін маңызды мүмкіндік. Ал елге еңбегі сіңген азаматтардың саяси науқанға белсенді қатысуы ұрпақтар сабақтастығы мен ортақ болашаққа деген сенімді айшықтай түседі.
Асыл ӘБІШЕВ.
