Мен бір күні…

Мен бір күні көңіліңнен кетермін,
Өкпелей бер, бұл өкпеңді көтердім…
Қолшатыры құлап жатыр, көгіңе
Көктем болып жолықпаған екенмін…

Қайрылмайтын қараша күн жалт етті,
Қаламыңа қарыз еттің қай кешін?
Өзге ошақтың отына шоқ лақтырып,
Өлең жолдап, әуре болып қайтесің?!

Жауынға жүз тоңып, тосып күнге ерін,
Терезеге телміртпеген түндерім.
Реңі тәуір раушаныңды жақтырмай,
Ұнатушы ем еркін дала гүлдерін.

Жылдар жамап жүрегіңнің жыртығын,
Таңдалып бітер уағы қыз-қырқының.
Бүгін тұрды босағада сүйеулі
Курьерің әкелген сый, құлқының…

Жадыратсын жаныңды жеткен күнім,
Көйлегімді көк еткен көктем күні.
Өлең хатым: бүгінгі гүлің, білгін
Көрші апайға сыйланып кеткендігін!

Самал СӘРСЕНБЕКОВА,

ақын.

1 thought on “Самал СӘРСЕНБЕКОВА: Мен бір күні…

Добавить комментарий