Pavlodar, KZ
16°
Fair

Дәурен БАҚЫТҚАЖЫҰЛЫ

1989 жылы 10 сәуірде ҚХР, Тарбағатай аймағы Толы ауданының Ақбелдеу ауылы Жамбылқора қыстағында дүниеге келген. Алты кітаптың авторы және әлем қазақтарының үздік спортшылары туралы энциклопедиялық еңбегі жарық көрген. Шыңжаң қазақ тіл-мәдениет қоғамының, Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі. Қазіргі уақытта Торайғыров университеті журналистика факультетінің студенті.

Ақтөс

Түсіп кетті-ау құлазыған шақта есіме,

Басымнан тайғанда бақ-несібе.

Жаныма жақын көрген кейбір жандар,

Жетпейді-ау менің сол бір Ақтөсіме.

Кей пендеден, расында, сүйкімді едің,

Үрумен бұзсаң-дағы ұйқысын елдің.

Адамдарды көргенде бүйрегі без,

Сағындым сені, ей, Ақтөс, итім менің.

Іздедім сені қарап жер, қарап көктен,

Қараңдаршы құлазыған алап неткен?!

Менің адамдар жаралап жүрегімді,

Сені ақсақ қып қалың ит талап кеткен.

Емес ем баяғы Дәурен, баяғы мен,

Сені де өзімді де аядым мен.

Мен бір жаққа аттансам сен артымнан,

Қалмаушы едің ақсаңдаған аяғыңмен.

Бақытымды әкетті жыл, тонап ай, күн,

Көретіндей мені мәңгі оңалмайтын.

Сенен басқа Ақтөсім көп пенделер,

Қасыма онша көп те жоламайтын.

Көңілім әлденеден жүдеу көрген,

Жүдегенде жаныма оларды тіреу көргем.

Әй, бірақ Ақтөсім боқ жесең де,

Артық екенсің бал жаласқан біреулерден.

Көшкен тау

(«Көшкен тау» – Қытайдағы Баркөл ауданында, бір көлдің бойындағы жалғыз таудың атауы)

О, Көшкен тау, қасиетті тауым менің,

Қасіретім таудан да ауыр менің.

Қимастықпен қоштасып кеттім жырақ,

Артымда қалғаны бір қауым елім.

Білмеймін болады екен қайыр неден?

Тауым қалды артымда Жәйір деген.

Туған таудан айырды мені тағдыр,

Сені қандай тылсым күш айырды екен?

О, Көшкен тау, кең жазира, асыл мекен,

Сенде өткен күндерім ғасырға тең.

Тұрған анау қасыңда айнадай көл,

Көл боп аққан сенің көз жасың ба екен?

Өтер талай самалын есіп көктем,

Мен жүрермін сағынышты бесік еткен.

О, Көшкентау мұңлық ем менде сендей,

Туған таудан бөлініп көшіп кеткен.

Қайда жүрсем, Қазақпын

Көкке қарап көз тіккен,

Көк түріктің ұлымын.

Жатқан Орхон бойында,

Күлтегіннің жырымын.

Қанжардай боп қадалып,

Жаумен қанша алыстым.

Құл боп барып Мысырға,

Хан болған Бибарыспын.

Парасаты нұр шашқан,

Адамзатқа, ғаламға.

Жатыр Шамның елінде,

Әл-Фараби бабам да.

Ташкенттің төрінде,

Жатқан Төле биімін.

Астраханға жерленген,

Құрманғазы күйімін.

Көшкен бұлттай басымнан,

Көшті талай ғасырым.

Қалған Ресей жерінде,

Хан Кененің басымын.

Елім деген ерлерім,

Жырға сені қосайын.

Қалып қойған Берлинде,

Мен Мұстафа Шоқаймын.

Қара тасты қақ жарып,

Көктеп шыққан дәнімін.

Аспандаған дауысы,

Мен – Әсеттің әнімін.

Тас түрмеге тасталған,

Мен – Таңжарық ақынмын.

Жанын қиған ел үшін,

Мен – Оспанмын, батырмын.

«Елім-айлап» ел көшіп,

Гималайдан ары астым.

Армандаған бұл күнді,

Әлиханмын, Алашпын.

Бір Аллаға сиынып,

Хақ жолында қартайдың.

Құранды алғаш аударған,

Мен – Халифа Алтаймын.

Егемендік алғанда,

Еліме кеп біріктім.

Аңсап жеткен алыстан,

Мұстафа Өз-Түрікпін.

Көк туға көз жаутаңдар,

Қандасымның зарымын.

Тарпаң тағдыр қолымен,

Шашып кеткен тарымын.

Мен – асқақпын биікпін,

Әне сондай ғажаппын.

Ұмытпаған өз тегін,

Қайда жүрсем, Қазақпын!

Пікір үстеу