Құрметті оқырман! Шуақты Көктемнің шырайлы мерекесі, шұғылалы мейрамы құтты болсын! Асыл әжелерімізді, ардақты аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды, қадірлі жеңге-келіндерімізді, сыйлы құрбыларымызды, ерке сұлуларды, қылықты аруларды құттықтай отыра, жан арайын төккен нәзік жанды, қайсар рухты ару-аналардың шығармаларын өздеріңізге тарту етеміз. Қабыл алыңыздар!
Баянда тосам…
Баянда тосам – баяғы өзің ғашық ел,
Жаныңды сүйген қалқаның келіп қасына ер.
Баяны бөлек махаббатымызға куә боп,
Аспанға іңкәр Ақбеттің соқсын тасы мөр.
Шағала қанат шабытың асса мың қиыр,
Баянға асық – көгіне кербез бұлт үйір.
Ғашықтың жырын тұрады шертіп бұл жақта
Тамшысы көлдің, топырағы жердің бір түйір.
Арманым едің, аққуым болып жай қанат,
Мойнына түннің әшекей тақса Ай-қонақ.
Ғайыпқа ұшып кетерсің сосын қайтадан
Қауырсыныңа сағыныш сазын байлап ап.
Райыстың лебі тұрғанда есіп жұмақтан,
Білдірмей ізін жетсінші сырғып сынап таң.
Баянсыз сезім қоштасар бізбен тағы да
Баянда алғаш өзіңді көріп гүл атқан.
Жанарлардағы үміттің бар ма жауабы?
Біле алмай оны, толқындар лажсыз тарады.
Желаяқ күндер жеткізбей ертең еткенде
Сабынды бізді сағына білсе жарады…
Көкірегіңде асыр сап өтсе бұла мұң,
Жағалау жақтан іздерсің, мені, сірә, мың.
Өлеңім ғана айта алар сонда жүректің
Баянда қалған бағасы қымбат бәр әнін…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.