Pavlodar, KZ
Ясно

Анаға тарту

Аяулы ана,
Сағындым сол мөлдіреген көзіңді,
«Боташым» деп еркелеткен сөзіңді,
Сағындым ғой, сағындым, жан ана,
Күлімдеген жылы шырай жүзіңді.

Асыл ана,
Өзіңнен шалғай кетсем, жабырқадың,
Кейде өзіңді ұмытсам, жабықпадың.
Алыстағы перзенттіңе алаңдап,
Хабарласуын күте-күте тағат таптың.

Қамқор ана,
Түн ұйқыңды төрт бөлдің мен дегенде,
Ақ сүт бердің жылаған кездерімде.
Бір әнің бар еді ғой үнемі айтар,
Сол әнің есте қалған бөлек үнде.

Үйреттің, ана,
Өмірді теріс жақтан түсінбеуге,
Қиын сәтте ешқашан күрсінбеуге,
«Жаныңдамын әрқашан, құлыным», – деп,
Дем бердің, күш берген ең жеңілмеуге.

Ұстаз ана,
Түсінбесем, білмесем, ұрыспадың,
Әліппені жаттатудан жалықпадың,
Қолың қанша бос болмай жатса-дағы,
Жаттауымды тексеруге уақыт таптың.

Ардақты ана,
Жылына бір келетін мерекеңмен,
Күннен-күнге гүлдене бер көркіңмен.
Қабыл алғын ақын жанды қызыңның,
Жеткізген бар алғысын осы жырмен.

Айдана БОРАНБАЙ,

жас ақын, журналист.

Добавить комментарий