Жігіт сұлтаны – атақ емес, азаматтықтың өлшемі

«Жігіт сұлтаны» деген ұғым – қазақ дүниетанымындағы ең биік азаматтық өлшемдердің бірі. Бұл тек сыртқы келбетке, күш-қайратқа немесе өнерге ғана қатысты атау емес. Ол – тектілік пен тәрбиенің, білім мен парасаттың, ерлік пен елдік қасиеттің, мәдениет пен мінездің тоғысқан тұсы.

Қазақ халқы ежелден ер азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеген. «Жігітке жеті өнер де аз», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Жігіттің жақсысы – еліне қорған» деген қанатты сөздердің бәрі де осы түсініктің тереңдігін аңғартады.

Нағыз жігіт сұлтаны ата-анасын ардақтайтын, елін сүйетін, туған жерін қадірлейтін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, білімге ұмтылатын, еңбекқор, батыл, намысшыл әрі кішіпейіл азамат болса керек. Мұндай жан қиындықта қайсарлық танытып, жеңісте кішілік көрсете біледі. Оның бойынан рухани байлық, мәдениеттілік, шешендік, өнер, дене дайындығы және ұлттық салт-дәстүрге деген құрмет қатар көрініс табуы тиіс.

Сондықтан «Жігіт сұлтаны» байқауын сахналық жарыс қана деп қабылдау керек. Тереңіне үңіле білсек, ол – ұлт тәрбиесінің маңызды алаңы, жастарды ұлттық болмысқа үндейтін тағылым мектебі.

Шарбақты төріндегі рухты дода

Биыл облыстық «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Шарбақты ауданында жоғары деңгейде өтті.

Байқауға қатысуға ниет білдірген азаматтар алдымен арнайы іріктеуден өтті. Нәтижесінде үздіктер қатарынан танылған он екі үміткер ақтық кезеңге жолдама алды.

Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде олар аударыспақ, садақ ату, автомат қаруын уақытқа бұзып-жинау секілді әскери әрі ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Бұл кезең жігіттердің күш-жігерін ғана емес, шапшаңдығы мен ептілігін, төзімділігі мен дайындығын айқындады.

Ал аудандық мәдениет үйінде өткен қорытынды кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етті. Ән айтып, күй орындап, би билеп, сахналық қойылымдар ұсынып, көрермен ықыласына бөленді. Бұдан кейін олардың білім деңгейі, дүниетанымы мен азаматтық көзқарасы арнайы сұрақтар арқылы сыналды. Сонымен қатар әр қатысушы жұртшылықты таңғалдыру мақсатында түрлі ерекше өнері мен трюктерін көрсетті.

Жеңіс – лайықтыларға бұйырды

Тартысқа толы дода қорытындысында қазылар алқасының шешімімен облыстық «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауының Бас жүлдесін Екібастұз қаласының намысын қорғаған 27 жастағы Нұрсұлтан Ахылбек иеленді.

Бірінші орын Шарбақты ауданының өкілі, 31 жастағы Алтынбек Жұмадировқа бұйырды.

Екінші орынға екібастұздық Нұрбол Ерболат көтерілсе, үшінші орынды Ақтоғай ауданынан келген Рақымжан Шайқағали жеңіп алды.

Бұдан бөлек, байқауға қатысқан барлық үміткерлерге өздерінің ерекшеліктеріне сәйкес арнайы аталымдар бойынша марапаттар табыс етілді.

Мәулен Ақанов атындағы арнайы жүлде – рухқа көрсетілген құрмет

Биылғы байқаудың ерекше оқиғаларының бірі – арнайы жүлденің тағайындалуы болды.

Бұл – мәдениет саласының көрнекті өкілі, Павлодар өңірінде 1992 жылы ұйымдастырылған тұңғыш облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы, көпқырлы талант иесі, марқұм Мәулен Қайрашұлы Ақановтың есіміне арналған арнайы сыйлық.

Аталған жүлдені Мәулен Қайрашұлымен үзеңгілес болған достары әрі замандастары Асығат Тұрғанбек, Мұрат Иманғазы, Аян Төлебаев, Ескендір Назиров және Асыл Әбішев тағайындады.

Арнайы марапат биылғы байқаудың ең жас қатысушысы – Ақтоғай ауданының тумасы, айтыскер әрі жазба ақын, Астанадағы Өнер университетінің 19 жастағы студенті Ибраһим Қазыбекке табыс етілді.

Жүлдені Мәулен Қайрашұлының ұлы Нұрхан Мәуленұлы салтанатты түрде тапсырды.

Бұл – бір ғана марапат емес, ұлттық өнерге, азаматтық болмысқа және рухани сабақтастыққа көрсетілген ерекше құрметтің белгісі болды.

Көрермен көңілінен шыққан келелі шара

Шарбақты жерінде өткен байқау көпшілік тарапынан зор қызығушылық тудырды. Көрермендер залы лық толып, әр кезең ерекше ықыласпен қабылданды.

Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің әрқайсысы өз өнерімен, білімімен, мәдениетімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленіп, ешқайсысы жүрісінен жаңылған жоқ.

Байқау барысында ұлттық рухты көтеретін, елдік пен ерлікті дәріптейтін әсерлі көріністер көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Байқаудың ақтық кезеңін тамашалаған Павлодар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мұндай жобалардың ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, жастардың бойындағы қабілет-қарымын, шығармашылығын, азаматтық ұстанымын дамытуда маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ол шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен Шарбақты ауданының жұртшылығына және аудан әкімі Сержан Иманқұловқа ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде аудан әкімі Сержан Ерғалымұлы Иманқұлов:

«Осындай рухты асқақтатып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шараның біздің ауданда ұйымдастырылуына әрдайым бейілдіміз. Ұсыныс жасап, сенім білдіргендеріңіз үшін рақмет. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Жеңімпаздарды құттықтаймын! Әйтсе де, мұндай байқауда жеңілген ешкім болмайды. Өйткені қатысушылардың әрқайсысы өзінен кейінгі буынға азаматтық болмыстың жарқын үлгісін көрсетті», – деп атап өтті.

Ұлттық тәрбиенің өміршең жобасы

«Жігіт сұлтаны» байқауы уақыт өткен сайын өзінің тәрбиелік маңызын жоғалтпай келеді. Керісінше, бүгінгі жаһандану дәуірінде мұндай жобалардың қажеттілігі бұрынғыдан да артып отыр.

Өйткені ұлттық мінезді, ер азаматқа тән қасиеттерді, салт-дәстүрді, өнер мен білімді қатар дәріптейтін алаңдар – ел болашағын қалыптастыратын маңызды мектеп.

Бүгінгі байқауға қатысқан он екі жігіттің әрқайсысы жеңіс үшін ғана емес, ұлттық рухты көтеру үшін сынға түсті. Олар жас буынға үлгі боларлық азаматтық қасиеттерін көрсете білді.

Облыстық «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы осы мақсатты толық орындап, ұлттық тәрбиенің өміршең жобасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ал эстафета енді қасиетті Баянауыл өңіріне жол тартады. Дәстүр бойынша келесі облыстық «Жігіт сұлтаны – 2027» байқауы Баянауыл ауданында өтеді деп күтілуде.

Ұлттық рухты ұлықтайтын бұл игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып, елдік пен ерлікті, парасат пен патриотизмді дәріптейтін рухани мектеп ретінде өз миссиясын атқара беретіні сөзсіз.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий