Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
Күні кеше Астана қаласындағы Бас мешітте Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен ақсақалдар арасында І Республикалық бата беру байқауы өтті. Тағылымы мол, ғибраты зор байқауда жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Балтабай Сыздықов жеңімпаз атанды.
Бата беру байқауының бас бәйгесін қанжығасына байлаған Балтабай ата бүгін «Aiqara.kz» ақпараттық-сараптамалық порталының редакциясына келді. Қуанышты жаңалыққа құрақұшқан портал тілшісі Балтабай Сәкенұлымен біраз сұхбаттасты.
– Сайыс жоғары деңгейде өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. Бас мүфти: «Халқымыз үшін бата беру – адам баласының сенімін нықтайтын мағыналы, рухани күш. Ата-бабаларымыз бұрыннан ақсақалдардың батасын, алғысын алуды өзіне парыз санаған», – деп ерекше атап өтті. Бұл батаның қасиетін арттыра түскен байқау болды, – деп бастады әңгімесін батагөй Балтабай ата.
– Байқау қандай кезеңдерден тұрды? Қатысушыларға қандай талаптар қойылды?
– Байқаудың басты ерекшелігі – асыл дінімізге, шариғатқа, салт-дәстүрімізге сай мағыналы бата беруге аса мән берілді. Сондықтан мен тыңғылықты дайындалдым, ұзақ іздендім. Сонымен бірге дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру секілді шарттар болды. Бірінші кезең – «Таныстыру», екінші кезең – «Тақырып бойынша бата беру» болды. «Таныстыруда» өлеңмен сәлем беріп, барлығын таң қалдырдым.
«Ассалаумағалейкум, халқым менің,
Баянды болашаққа артқан сенім.
Ақ бата байқауларың құтты болсын,
Қастерле, дәстүр менен салтыңды, елім.
Астана, айдарыңнан жел ескендей,
Бүгінде аймағыңда ел өскендей.
Өткізіп жатырсыңдар бұл байқауды,
Үш жүздің басын қосып кеңескендей.
Жақсы менен жаманын тани алар,
Көргені мен білгенін жариялар.
Елораданың төріне қош келдіңдер,
Батагөй, қазыналы қариялар.
Балтабай Сәкенұлы – менің атым,
Орта жүз, Арғын-Мейрам – арғы затым.
Кереку өңірінен келіп тұрмын,
Арқалап ел-жұртымның аманатын.
Сарыарқа – Баянауыл жеріненмін,
Әулие Мәшһүр Жүсіп еліненмін.
«Жар бол!» деп, Жаратқаннан «Қуат бер!», – деп,
Байқауға үміткер боп, келіп едім.
Ақ бата, дін мен дәстүр – сөздің басы,
Көрермен қолдау жасап болсын разы.
Қара қылды қақ жарған бабалардай,
Бағасын әділ берсін әділқазы», – деп өлеңдеттім. «Бағасын әділ берсін әділқазы» дегеніме, қатысушылар қиқулап қолдау көрсетті. «Сіз байқаудың басынан бастап, бізге ескерту жасап қойдыңыз ғой», – деп күлді қазылар алқасы.
– Қазылар алқасының құрамында кімдер болды?
– Қазылардың құрамында батаның тағылымын, өнегесін, қасиетін зерттеп, зерделеп жүрген мықты мамандар болды. Атап айтсам, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы мен Астанадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа болып, біздің өнерімізді бағалап, төрелік жасады.
Қазылар шешім шығарар сәтте Жетісу облысының ақсақалы екеуіміздің ұпайларымыз шамалас болыпты. Кеңесе келе, Серік Негимов: «Ел ішінде асқақтатып тұрып бата беретін, жігерлі, терең ойлы, батаның мағынасын жетік білетін, жүрген жерінде насихаттап жүретін Балтабай ақсақалға бас бәйгені беру керек», – деп кесім айтыпты. Сол шешім қабылданыпты.
– Екінші кезеңде қандай тақырыпта бата бердіңіз?
– Маған «Жаңа ай туғанда берілетін бата» бұйырды. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп бет сипайтын едік. Одан басқа батаны естіп, білгеніміз жоқ. Сол батаны ғана айтсам, жүлдеге іліне алмайтын едім. Ойымды жинақтап, батамды былай бастадым: «Қазақ жаңа ай туғанда батаны мал-жанының амандығын тілеп береді. Ал, мен жаңа айда еліме бата берейін», – дедім:
Күніміз шуақты болсын,
Даламыз бұлақты болсын!
Көліміз құрақты болсын!
Еліміз қуатты болсын!
Халқым тоқ болсын!
Қуаныштары көп болсын!
Күнделікті тұрмыста,
Мұқтаждықтары жоқ болсын!
Еккендері шығымды болсын!
Мал мен жанға жұғымды болсын!
Ауылдары ажарлы болсын!
Көңілдері базарлы болсын!
Төрт түлік малды болсын!
Елдің алды болсын!
Тыныш боп ұлы даламыз,
Көркейіп ауыл-қаламыз,
Ел менен ел дос болып,
Бөлінбесін арамыз.
Жасыл болсын нуымыз,
Таза болсын ауа, суымыз,
Әнұраным асқақтап,
Желбіресін көк туымыз.
Мәртебесі ірі болсын,
Бәсекеге қабілетті
Көп елдердің бірі болсын.
О, Жасаған құдірет,
Жарылқаудың қамын ет,
Жаңа айда еліме,
Тілеген батамды қабыл ет!
Әумин! – деп бата бердім.
Бұл батам да жиналғандардың көңілінен шықты. Мен дауысымды асқақтатып шығардым, сөздерімді мәнерлеп жеткіздім. Бұл қабілетім жоғары ұпай алуыма тікелей әсер етті деп ойлаймын.
– «Қарсыластарыңыздан» бір бас жоғары болғаныңыз – осы қабілетіңізден болар?
– Өзге қатысушылардың көбі мағыналы, жақсы баталарын көрерменге дұрыс жеткізе алмады. Меніңше, бата берілген кезде дауысты қаттырақ шығару керек. Өйткені батада айтылатын нәрлі де, мәнді сөздер тыңдаушының санасына жетуі керек. Сонда ғана бата қоғамдағы орнын жоғалтпайды. Ал, не айтып отырғаныңды ешкім естімесе, оны түсінбейді де. Және көп жасы үлкен аталарымыз бата бер десе тілек айтып кетеді. Ол да дұрыс емес. Батаның шарты, өлшемі, ырғағы, ұйқасы болады. Соның барлығы сақталуы керек. Сондықтан, батаны насихаттаса, бата беретін ақсақалдарды көпшілікке танытса, оң болады. Қазақ «Батаменен ел көгерер» деп бекер айтпайды.
Жеңімпаз болғаннан кейін, барлығы мені құттықтап, қолымды алды. Бас мүфти Наурызбай қажы менің өнеріме ерекше таң қалды.
Мен барлығына рахметімді айтып, «Байқауға қатысушы – парасат пен даналықтың иесі ақсақалдарыма арнап батамды берейін» деп қол жайдым:
Қазыналы қарттарым,
Жаны жайсаң мәрттарым.
Көргені көп өмірде,
Көпке мәлім аттарың.
Сынықтары асылдың,
Шежіресі ғасырдың,
Әрқайсысың кезінде,
Ел ырысын асырдың,
Шуақты боп күндерің,
Жайлы болып түндерің.
Мәртебесі үстем боп,
Берік болсын тілдерің.
Бүгілмесін белдерің,
Тарылмасын демдерің.
Құрметтесін бәріңді,
Туып-өскен елдерің.
Ашық болып аспаның,
Аман боп отбастарың,
Қатарларың көп болып,
Ұзақ болсын жастарың!
Бай, дәулетті,
Өскен сәулетті,
Өскен, өнген әулетті болыңдар!
Немерелерің бөлек боп,
Шөберелерің ерек боп,
Ортасында солардың
Мәуелі бәйтерек боп,
Өмірлерің өнеге
Ұрпақ үшін керек боп,
Жүздеріңнен нұр таймай,
Күш-қуаттарың ортаймай,
Биік болсын рухтарың,
Жан дүниелерің қартаймай.
Денсаулықтарың зор болсын,
Ырыстарың мол болсын,
Бай-бәйбше атанып,
Орындарың төр болсын.
Сапарларың оң болсын,
Барлығыңа тілейтін
Ақ тілегім сол болсын!
Әумин!, – деп қатысушыларға бата бердім.
– Әумин, ата! Батаңыз қабыл болсын! Әңгімеңізге рахмет!
P.S: Байқаудың өзге жүлдегерлеріне келер болсақ, 2-орын Серікбек Балқыбекұлына (Жетісу облысы) және 3-орын Шахан Тұрсынханов (Абай облысы) ақсақалға бұйырды. Сонымен қатар Жұмабай Тәжібаев (Алматы қаласы), Самиғолла Машаев (Атырау облысы) пен Дәріқұл Махамбетовке (Қызылорда облысы) ынталандыру сыйлығы және барлық қатысушы ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді.
Суреттер Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының сайтынан алынды.