Pavlodar, KZ
14°
Fair
Ж.ӘБДІКӘРІМ

Астанада Бүкіләлемдік жас түркі жазушылар одағының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, әзербайжан ақыны Әкбар Қошалының «Тұранның бір түп жусаны» поэзия жинағының тұсаукесері өтті.  Кітап таныстырылымы «Eurasian Book Fair – 2023» халықаралық көрме-жәрмеңкесінде өтіп, тұсаукесер лентаны қию рәсімін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков және ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Танагөз Толқынқызы жүргізді.

Әкбар Қошалы қазақ ақындарымен

Бұл жинақты Қазақ елінің Әкбар ақынның 50 жылдық мерейтойына тартуы деуге де болады. Туған күні Бакуде халықаралық деңгейде аталып өткен Әкбар ақынды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтаған еді.

– Әкбардың бір бүйрегі қазаққа бұрып тұруының бір себебі – ол Низамидың отаны – Қазақ ауданында туған. Ал Низами қыпшақ қызы – Аппақ анамызға талай жыр арнағаны мәлім. Әкбар ақын тұтас түркі жұртына және адамзатқа ортақ құндылықтарды шығармашылығына арқау етеді. Бүгінгі оқырманға ұсынылған кітап та тамырлас ұлттың әдебиетін дамытуға қосылған сүбелі үлес деп білеміз, – деп лебізін білдірді Дархан Қыдырәлі.

Тұсаукесер шарада Әкбар Қошалыны Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігі өкілдері де құттықтап, ҚР Мәдениет және спорт министрінің құттықтау хаты тапсырылды.

Әкбар ақынның «Тұранның бір түп жусаны» жыр жинағына енген жырларын отыздан аса ақын аударды. Тұсаукесерде Дүниежүзі түркі жазушылары одағының алғыс хатымен марапатталған ақындар қатарында павлодарлық ақындар Айбек Оралхан мен Жанаргүл Қадырова бар. «Фолиант» баспасымен келісім жүргізіп, басылымға жауапты болған Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы тұсаукесер шарасын да өзі жүргізді.

Айта кетерлік жайт, Әкбар ақынның ұйытқы болуымен 2017 жылы Әзербайжан елінде «Қазіргі қазақ ақындарының антологиясы» жарық көрген еді. 2018 жылы екі ел арасындағы әдеби байланыс жалғасын тауып, Қазақстанда әзербайжан ақындарының антологиясы оқырманға жол тартты. Әдебиеттегі достықтың нығаюына Дәулеткерей Кәпұлы мен Танагөз Толқынқызының, тәржімашы Гүлнәз Файзолланың сіңірген еңбегі зор. Ал бауырлас екі ел ақындары арасындағы достық қашан басталды дегенге келер болсақ, Әкбар ақын былай дейді:

– Жыр жинағымның Қазақстанда жарық көруі – мен үшін айтулы, маңызы жоғары оқиға. Өйткені Қазақстан – Бүкіләлемдік жас түркі жазушылар одағының отаны. 15 жыл бұрын, 2008 жылдың қаңтарында, біз DGTYB, яғни, Бүкіләлемдік жас түркі жазушылар одағының Түркістан қаласында тұсауын кестік. Осы күнге дейін бұл одақ түркі әлеміндегі жастар әдебиетінің ортақ қазанына айналды. Қазақша жарық көріп отырған кітабым қымбатты қазақ  бауырларымның, қаламдастарымның мерейтойыма тартқан сыйы деп қабылдадым. Кітапта жиналған өлеңдерімнің негізгі ұстыны — ұлы Тұран, түркі әлемі, сәулетті болашағымызға деген сенім, бауырлық, мейірім, махаббат. Тұранға деген махаббатқа қауышқан жасым өз жасымнан да көп десем, артық айтқаным емес. Түп негізім жусан иісімен сабақтасып, түркі рухына деген махаббатқа байланған. Рухымыз тұрандық болған соң, әу бастан өз жолымды түркі әлемінен көрдім, қасиетті бұл жолда өзімді таныдым һәм өзімді таптым…

Әкбар Қошалының 50 жылдық мерейтойына орайластырылған тұсаукесерге Түркия елінің азаматтары, Әзербайжан еліне белгілі кәсіпкерлер Иылмаз Окук-лу мен Селим Иухай да келді. Иылмаз Окуклу 2019 жылы қазақ ақындары антологиясының түрік тілінде жарық көруіне демеушілік жасап, Анкарада тұсаукесерін де ұйымдастырған болатын. Ол, сонымен қатар, биылғы жылы Әкбар Қошалының Бакуде өткен мерейтойына да демеушілік жасап, шетелдік қонақтардың Әзербайжан елінде жүріп-тұру шығындарын көтерді.

Әкбар Қошалының шығармашылығымен таныса отырсақ, «Тұранның бір топ жусаны» жинағы Дәулеткерей Кәпұлы тәржімалаған өлеңмен басталыпты.

«Құлпытас қоямыз құрбанның басына,

Сонан соң әлемнің ең суық тасына

Ең жылы сөздерді жазамыз дерттеніп,

Жүректің қайғы мен наласын

жасыра!».

Ақын қалай дәл айтқан дерсің? Шынымен де, тастың қай-қайсысы да қатты болғанымен, ең суық тас бейіт басындағы тас екен ғой! Жақынынан айырылған адамдар осы бір қатыгез тасқа ең ыстық сезімдерін қотарғысы кеп, осы тастағы сөздер жан дертіне ем болардай көрінгені дөп айтылған.

«Топырақ топырақ қалпында қалады,

Тас қалпын тас сақтар, жігерді құм етпе» дегені күнделікті өмірімізде жиі айтылатын «қара жер, қойның толмайды-ау» ұғымымен астасады. Сен қайғырдың екен деп топырақ пен тастың ештеңесі кетпес, ақынның ойы «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген өмірлік қағиданы меңзейді.

Ақын шығармашылығының қомақты бөлігі Қарабақ, Шуша тақырыбына арналған.

«Сүйемін сені, Қарабақ!

Көңілімде тұрған қара бақ.

Көзімнің ақ пен қарасы,

Сөзімнің биігі, дарасы.

Өзіңнен үлкен өз атың,

Сезімнен бұрын озатын

Сен бір үнсің, Қарабақ!».

«Білерім осы:

Өзіңе оралмай

Бойым да тапал, Тәнім де қисық,

Тілім де сақау, Көлеңке — көзім,

Мүгедекөзім.

Өмір ме бұл?

Содан соң ертең

Айтар ма адам, айтар ма Құдай:

«Жаратпап едім мен сені бұлай».

Таулы Қарабақ – әзербайжан халқының жан жарасы. Бұл – түркі хандары мен әзербайжан халқының танымал тұлғалары шыққан атажұрт, әзербайжандардың тарихи және мәдени мекені. ХІХ-ХХ ғасырдағы әзербайжан қайраткерлерінің көбі осы жерден шыққан. Таулы Қарабақ – оғыз қағандары билік құрған жер әрі әзербайжандардың ұлт ретінде қалыптасуына негіз болған аймақ. Тіпті, әзербайжан тарихшыларының зерттеуінше, түркі халықтарына ортақ Қорқыт ата осы мекенде туып-өскен әрі кітабын да осы жерде жазған дейді.

«Тұранның бір түп жусаны» кітабын ары қарай парақтасақ, Жанайым Ауғанбайқызы тәржімалаған мына бір өлеңді көріп: «Аяқ туралы да ғажап өлең жазуға болады екен-ау» деп тамсандық.         

«Аяқ киім шешкеніңде еппенен,

Жүрегімді қытықтады мүсінің.

Батылдықты көрем, қалқам,

тек сенен,

Құдіреті сол аяқтың күшінің.

Сені маған, мені саған жеткізген

Күш иесі – қадамдардан айналдым.

Бұл өмірдің сұмдығына өпкізген

Сол аяқтың төзіміне қайранмын.

Аяғыңа қадалады жанарым,

Табаныңда тарихтың ізі бар.

Нәзік туған табаныңда, қарағым,

Бұл өмірдің қысы, жазы, күзі бар…

Күміс өкше…

Белгісіндей көктемнің,

Сол көктемге жаным құрбан деп едім.

Мұшфих білген жүз жыл бұрын өткеннің

Әйелдерге өшпес баға берерін.

Хауа ананың табанынан басталған

Тұңғыш рет жер бетінде құдірет.

Аяқ сыздап, жанарлардан жас тамған,

Сезеді оны жүрек деген жұмыр ет!

Әйел басқан топырақтан гүл өнген,

Кереметі емес пе ыстық табанның.

Бүкіл әлем сол әйелмен гүлденген,

Сол анадан жаратылған адаммын»…

Әдетте ерін, мең, ақ маңдай, ақша жүз, алма мойын жырға арқау болғанымен,  аяқтың өлеңге қосылуы сиректеу. Әкбар ақын оны пәлсапалық өлеңнің өзегіне айналдырып, ойландырып тастайды!

Жалпы, Әкбар Қошалы поэзиясынан патриоттық рух та, пәлсапа да, лирика да орын тапқан. Сондай-ақ, Мағжан ақынмен рухтас.

Осындай тамаша жырлармен таныстырған тұсаукесерді түйіндер болсақ, шарада ақын Жанайым Ауғанбайқызының ұлы – 10 жасар Абдулхади Берікұлы Әкбар ақынның портретін салып, сыйға тартты. Шара қонақтардың «Егемен Қазақстан» редакциясы, «Хабар» телеарнасы, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігіндегі кездесулерімен жалғасын тапты.

Пікір үстеу