Орамал

Мектепте Элла Николаевна неміс тілінен сабақ берді. Орта бойлы, өте шапшаң жүретін, әдеміше келіншек еді. Ұлты – неміс. Сары шашы бұйраланып, көркіне көрік қосып тұратын. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Қазақша жақсы білді. Біздің ауылдың келіні болғанымен осы Элланың басына орамал тағып жүргенін көрген емеспіз. Үнемі, суық күндері шекесіне қисайтып, берет киіп жүреді. Жаз болса, әдемі бұйра шашын сәндеп, жалаңбас жүргенін көретін едік.

Біз каникул кезінде көрші қыздармен қуыршақ ойнайтынбыз. Екі жас талды қиып алып, екіге бөліп, қуыршаққа қол жасап, мықтап байлап, киіндіретін едік. Қыздар Эллаға ұқсайтын қуыршақ жасайтын. Мен жеңгемнен жасырып, құрақ көрпеге дайындаған қиынды шүберектерін ұрлап алып, киіндіріп, басына орамал тартып қоятынмын. Сонда қыздар менің қуыршағыма қызығатын. Әсіресе қуыршақтың басына байлаған гүлді орамалға назарлары ауатын.

Мені ағам мен жеңгем қыз сияқты тәрбиелемеді. Ағамнан қалған шалбарды, оның етігі мен тымағын киіп жүретінмін. Мен үшін ұзын көйлек кию арман болатын. Біздің балалық шағымызда киім тігетін гүлді мата дүкендерде сатылмады. Шыт маталар түсе қалса, оны сатып алып, көйлек тігіп алуға ақшамыз жетпейтін. Ағамның тапқан-таянғаны өз отбасын асыраудан аспайтын.

Бірде немере сіңілім Шәкен мен Дәмелі үшеуміз қуыршақ ойнап отырып, өзіміздің де басымызға орамал тартқымыз келді. Енді не істеу керек? Содан Шәкен анасының гүлді көйлегін сандықтан көргенін айтты. Қонаққа барғанда киеді екен. Соңғы кезде ол көйлекті кигінін көрмепті. Ұрлап алып, етегінен орамал етіп жыртып алайық деп ұсыныс жасадық. Шәкен сандықты ашып, ұзын көйлекті алып келді. Үшеуміз қорада отырып, әлгі көйлекті қайшымен қидаладық. Басымызға жететіндей етегін қиып алдық. Қалғанын сандығына қайта апарып салып қойдық. Сөйтіп, қораның ішінде әлгі орамалды олай байладық, былай байладық. Келін болып, ана болып ойнап, мауқымызды басып, үш орамалды кешке қораның бұрышына тығып тастадық.

Орамал тартуға неге сонша құмар болғанымызды әлі күнге түсінбеймін. Күндердің күнінде ауылға фотограф келді. Біз жерден жеті қоян тауып алғандай, әлгі орамалды қойнымызға тығып алып, былай шығып ормалды басымызға тартып, қатар отырып суретке түстік. Бір екі аптадан кейін әлгі фотограф суретті үйге әкелді. Ақшасын төле дейді. Үйде ағам бар еді. Суретті көріп, есінен танып қала жаздады. Әйтеуір бөтен адамның көзінше ештеңе демей, тиынын санап берді. Кеткен соң, мен байғұсты шырылдатты.

“Жасыңа жетпей қатын болайын деп пе едің, бұл не масқара. Күйеуге тигің келіп жүр ме? Орамалды қайдан алдың?”, – деді. Мен өксігімді баса алмай, үйден далаға бездім.

Шәкендер де менің кебімді киіпті, олардың қылмысы менен де әрмән. Анасының жалғыз шыт көйлегінің етегі болмай шыққанда, не болды дейсің?

Әйтеуір бізді айналайын деген адам болмады, егер жеңгем келіп арашаға түспегенде, орамал үшін елге күлкі болар едік. Жеңгем ісмер еді, әлгі орамалдарды қайта бір-біріне қосып, көйлекті қалпына келтіріп берді.

Суретіміз қолымызда қалды. Міне содан бері мен басыма орамал саларда балалығымның шалалығын есіме аламын. Тіпті келін болып түскенде де басыма салған орамалды мойныма байлап алған едім…

Пікір үстеу