Павлодар ауданының 95 жылдығына арналған «Тарихы терең, еңбегі ерен Павлодар ауданы» 
облыстық ақындар айтысы өтті. 

Сөз сайысы Павлодар ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен, халықаралық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағы Павлодар облыстық филиалының үйлестірумен ұйымдастырылды.

Жыр додасында облыс аудандары мен қалаларынан 16 ақын бақ сынады.

Ақындардың өнеріне халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбіш, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асығат Тұрғанбек, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы директорының орынбасары Айбек Оралхан және халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Павлодар аудандық филиалының төрағасы Бақытбек Баткеев қатарлы белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері баға берді.

Алғашқы айналымда он алты ақын 8 жұп құрап, сөз сайыстырды. Әр ақын өңірдің кешегісі мен бүгінін, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін жырына арқау етті. Айтыс талабына сай бір-бірін сөзден сүріндіруге де талпынды. Ақындар көбінесе біріне-бірі сый-құрмет көрсетіп, ізеттіліктен аттап кетпеді.

Ақындар аламанын Май ауданының ақыны Ерлан Аманқожа мен Ақтоғай ауданының ақыны Қожаберген Қоңқай бастады.

Ерлан ақын:

«…Дәстүрді шашпай-төкпей сақтап қалған,

Халқымның жүзі жарық ар алдында», – деп, бірлігі бекем, тірлігі мығым өңірдің қасиетін, қадірін өлеңіне қосса,

Қожаберген ақын:

«…Ақсұңқарлар түлеген Маралдының,

Даласын тек қырандар тұғыр еткен», – деп терең тарих пен ерен еңбекке  бас иетін қауымын жырына жалау етті.

Екінші жұп болып сахна төріне Мойылды кентінің ақыны Мизан Жұмалі мен Ақтоғай ауданының ақыны Ибраһим Қазыбек көтерілді.

Мизан ақын:

«…Маңдайы көкте Күнді сүйіп тұрған,

Табаны Жерұйыққа тиіп тұрған», – деп шұғылалы-шуақты мекеннің беделін биіктетсе,

Ибраһим ақын:

«…Үш айналып шықсам да бұл ауданды,

Айта қояр бір минус таба алмадым», – деп тыныс-тіршілігі тұрақты мекенді мадақтай жырлады.

Үшінші жұпты Ертіс ауданының ақыны Алпысбай Хонж бен Павлодар ауданының ақыны Гүлшекер Батай құрады. Қос ақын қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Сатира садағын сайлап жүрген Алпысбайдың «қырындау жыры» мен Күләш Ахметова ақын жырлағандай «қолына қазанның күйесі мен қаламның сиясы қатар жұққан» Гүлшекердің қырық атанға жүк болар назды да қылықты жыры көрерменнің көңілінен шықты.

Бұл жұптың әзіл мәзірінен ақылды сөз де, нақылды сөз де табылды.

Алпысбай ақын:

«…Төгілмесін ұлдың қаны, қыздың ары», – деп қадірлі де қастерлі ұғымдарды ұлықтады.

Гүлшекер ақын:

«…Біздің аудан – тіршіліктің қайнары,

Біздің аудан – маңдай тердің майданы», – деп ырыс-несібесін адал жолмен еселеген еңселі елді жырлауды ұмытпады.

Екібастұз қаласының ақыны Бексұлтан Қайдар мен Баянауылдың ақыны Нұрбек Бәкір төртінші жұп болып сайысты. Қос ақынның жырында «жарым ырыс – жақсы сөз» көп айтылды.

Күлік-тілден күлдір-күлдір жыр тудырған Нұрбек ақын: «Тасқа емес тисінші баққа басың», – десе,

Бексұлтан ақын:

«…Есігіңнен бақ-береке үзілмей,

Бесігіңде тербелсе екен мықтылар», – деп тіледі.

Павлодар ауданының ақыны Талғат Пәуешов пен Павлодар қаласының ақыны Мағзұм Имантай бесінші жұпта өнер көрсетті.

Талғат ақын:

«…Ел байлығын еселер еңбекпенен,

Жасаймыз жақсы қадам сенімді алға», – деп, «Еңбек бәрін жеңбек» екенін қадап айта алды.

Мағзұм ақын:

«…Қазақтықтың иісі бұрқырап тұр,

Сырттан қанша айтылсын көбінде өсек», – деп, жүрекке шаншу боп қадалған қаңқу сөздерге жауап қайтарды.

Алтыншы жұпта көрермен Баянауыл ауданының ақыны Нұрқанат Қайрат пен Успен ауданының ақыны Бөкен Жігердің сөз тартысына куә болды.

Нұрқанат ақын:

«…«Еңбектің наны – тәтті», – деген сөздің,

Қадірін шын түсінер сендерсіңдер», – деп еңбектің нанын татқан жұртты асқақтата сөйлесе,

Бөкен ақын:

«…Көкөнісің арқылы көп жылдардан,

Көкбөрі елдің көгерттің көсегесін», – деп зейнетін бейнеттен тапқан әлеуметті көтере сөйледі.

Жетінші болып сахнада Ақсу қаласының ақыны Мұхаметқали Зарықхан мен Баянауыл ауданының ақыны Мейіржан Баршынбай жұп құрады.

Мұқаметқали ақын:

«…Ат басындай алтынға бермес едім,

Құмалақтай құмыңның құнар нәрін», – деп жанға тұмар болар сөз айтса,

Мейіржан ақын:

«…Адамға абырой бермес парықсыз ой», – деп арға ұран болатын сөз айтты.

Алғашқы айналымды Баянауыл ауданының ақыны Азамат Базарбай мен Ақтоғай ауданының ақыны Абзал Қабдраш түйіндеді.

Азамат  ақын:

«…Төрт түлігін өргізіп өрісінде,

Төрт құбыласын теңеген ауданды елім», – деп мерейтойлы мекеннің жайлауы мен аймағын жырға қосса,

Абзал ақын:

«…Таулары болмаса да бұл ауданның,

Таудан биік болады тұлғалары», – деп, мерекелі мекеннің айбыны мен айбарын жырына арқау етті.

Қазылар алқасының шешімімен мәре айтысқа төрт ақын жолдама алды.

Олар екі жұп болып сынға түсіп, сөз сайысының көрігін қыздырды.

Мәре айтысты Абзал Қабдраш пен Мизан Жұмәлі бастады. Абзал Мизанға жол беріп, достық пейілін танытты.

Ал, Нұрқанат Қайрат пен Гүлшекер Батай жырсүйер жұртшылықты іні мен әпкенің, қайын мен жеңгенің жарасты қалжыңына қарық қылды.

Сөз сайысының қорытындысында Бас жүлдені Мойылды кентінің ақыны Мизан Жұмәлі жеңіп алды.

Бірінші орынға баянауылдық ақын Нұрқанат Қайрат ие болды.

Екінші орындарды павлодарлық Гүлшекер Батай мен ақтоғайлық Абзал Қабдраш бөлісті.

Үшінші орын жүлделерін успенкалық ақын Бөкен Жігер, баянауылдық ақындар Нұрбек Бәкір мен Азамат Базарбай еншіледі.

Сонымен бірге, арнайы жүлделері де лайықты ақындарға табысталды. Павлодар ауданы әкімінің арнайы жүлдесін Май ауданының ақыны Ерлан Аманқожа, «Арқалы ақын» аталымын Ертіс ауданының ақыны Алпысбай Хонж, «Жауһар жыр» аталымын баянауылдық ақын Мейіржан Баршынбай иеленді.

Ал, ақтоғайлық Қожаберген Қоңқай, ақсулық Мұхаметқали Зарықхан, екібастұздық Бексұлтан Қайдар, Павлодар қаласының ақындары Ибраһим Қазыбек пен Мағзұм Имантай және Павлодар ауданының ақыны Талғат Пәуешов Алғыс хаттармен марапатталды.

Жеңімпаз-жүлдегерлердің барлығына Павлодар ауданы әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйақы табысталды.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Павлодар ауданы.

Пікір үстеу