Құрметті оқырман!

«Aiqara.kz» ақпараттық агенттігі  өз оқырмандарына асқан құрметпен қарайды. Талғамы жоғары әр оқырманның бізге берген бағасы, айтқан пікірі, сын-ескертпелері редакция алқасының елегінен екшеленіп, қорытынды шығарылады.
Енді міне, сол үрдіс негізінде көпшіліктің сұрауы бойынша «Біз де бала болғанбыз» айдары өз жұмысын бастайды. Оған өңірімізге танымал тұлғалардың балалық балдәуреніндегі естен кетпес қызықты оқиғалары жарияланатын болады. Бұл бір қарағанда алдыңғы толқын ағаларға деген ыстық ілтипатымыз болса, екінші жағынан өскелең ұрпаққа танымдық-тағылымдық маңызы зор дүние болады деп сенеміз.
Айдарымыздың әлқиссасын өңірімізге танымал әдебиет майталманы ақын, жазушы, драматург, журналист Ақын Алақанұлының қызықты оқиғасымен бастап отырмыз.

Көк ит

Дәл бүгінгідей есімде, жасым 7-8 шамасындағы кез. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысатын. Тұратын жеріміз Баян-Өлгей аймағының Ақтал ауылынан шамамен 15-20 шақырымдағы күзеу еді. Мектеп Ақтал орталығында. Оқу басталған уақытта әкем «меншігімдегі» атымды ерттеп береді. Мен салт сабаққа барамын.

…Күнделікті әдетіммен бөкен желіске салып қыр асып қалдым. Ойымда оқудан басқа еш нәрсе жоқ. Ауыл баласына тән қорқу дегенді білмейтін кездер ғой. Кенет астымдағы кер төбелім бір нәрседен қатты үрікті. Қос өкшемен қос бүйірін тепкілеп қоямын. Көнетін жылқы жоқ. Қайта пысқырынып қояды. Не де болса секіріп түстім. Сөйтсем қамыс түбінде дәу көк ит жатыр екен. Неғып жатқан ит деп жақындасам аяғында үлкен шаппа. Аяғым келіп тұр. Керісінше көк иттен еш мұң көрінбейді. Түрі сұсты. Мені кінәлі көріп тұр ма деп топшыладым. Әліме қарамастан босатып жіберейін десем кер төбелім жақындамайды. Жіберсем аттан айрыламын. Не де болса шұғыл шешім қабылдадым да күзеуде мал жайғастырып жатқан әкеме қарай шаба жөнелдім.

– Әке, әке, – деп анадайдан айқайлап жіберіппін.

– Жарығым-ау, не болды? Тыныштық па?, – деп қарсы алдымнан жүгіре шықты.

Мен болсам сол қалпы ентігімді баса алмастан көк ит, көк ит деп кекештеніп қалыппын. Құйын соғып кетті ме екен деп ойласа керек, әкем мені бауырына басып күбірлеп дұғаларын оқып жатыр.

– Әке, анау дөңнің арғы берінде көк ит қақпанға түсіп қалыпты дедім көзім мөлтілдеп.

– Еееееее, өткенде көрші ауылдың малына ит-құс шауып біраз малды мерт қылған еді. Соларға қақпан құрып кетіп едім. Көк ит соның жемтігіне барған-ау, – деді әкем. Асықпай-саспай күрең қасқасын ерттеді. Иығына мылтығын асып алды да жол баста деген ишара жасап екеулеп жаңағы ит жатқан жаққа тарттық.

Күнделікті жолымен желе басып келе жатқан кер төбелім әлгі маңға жақындаған сайын тартыншақтай берді. Әкем бірден ұққан болуы керек, маған бір қарап көз қиығымен артқа шегін деп белгі берді. Өзі аттан секіріп түсіп, көк итке жақындады. Баптанып тұрып иығындағы мылтығын алды да көк иттің маңдайынан шаңқ еткізді. Мен жылап жібердім.

– Әкетай, тимеңізші оған. Ол жақсы ит, – деп қоямын.

Әкем маған назар аудармастан аяқтағы шаппаны шешті де маған қарап:

– Балам, қасқыр жыртқыш аңға жатады. Адам үшін өте қауіпті. Бұдан былай ит көрсең жақындаушы болма, – деп ыстық құшағына басып, маңдайымнан сипады. Бұл менің өмірімде бірінші рет қасқырмен кездесуім екен.

Жазып алған Жұмабек СМАНОВ.

2 thoughts on “Біз де бала болғанбыз: Ақын Алақанұлы

Пікір үстеу