«Анау тұрған Сәкең ғой…»

Мен атам мен апамның қолында, үлкен үйде өстім. Ол кісілер мені бауырына басып алған. Әке-шешем фермада, мал шаруашылығында болды. «Жұмыс қауырт, қарбалас, бала аяққа оратылып, бөгет жасайды ғой», – деп, атам мен апам өзімен бірге мені алып кеткен екен.

Төрт жасымда атам дүниеден озды. Апамның тәрбиесімен өстім. Ал, маған қамқоршы болып, мені өнер өлкесіне тәрбиелеп, баласындай баптаған марқұм Жанат ағам болды. Талай жылдар ол кісі облыстық «Сарырарқа самалы» газетінде жұмыс істеді.

Жанат ағам демалыс кездерінде ауылға келіп-кетіп жүретін. Ол кісі мені сөйлетуге құмар болатын. Маған біреу: «Сен Сәулеттің баласысың» десе, мен кәдімгідей ренжіп, ашуланады екем. «Жоқ, мен атам мен апамның баласымын» деп айтады екем. «Әкең қайда?» деп менен біреу сұраса, мені бауырына басып алғаны сондай, апам да қатты ренжиді екен.

Біздің үлкен үйдің төрінде менің Сәулет әкемнің әскердегі суреті ілініп тұрды. Бірде Жанат ағам, мен ойнап жүргенде, үлкен кісілерден жасырып, оны маған көрсетеді. «Анау тұрған Сәкең ғой, Сәкең сенің әкең ғой» деп дауыстап айтып қалады. Мен ештеңені елемеймін. Сол өлеңін қайталап айтады. Бір күні кімді айтып тұр өзі деп қарап қалсам, ағам қасымдағы қарындастарымды көрсете қояды.

Ағамның сондай қылығы үшін апам да ренжиді екен. «Әй, осы әкесін таба алмай қалады деймісің, қойшы, Жанат!» дейді. Қабағы түсіп, көңілі құлазып қалады екен.

Тағы бірде Жанат ағам демалысқа келген еді. Бәріміз шәй ішіп отырғанбыз. Үйге біреу келіп жатқан секілді болды. Мені Жанат ағам Асек дейтін, «Асек бар, қарап келші кім келді екен?» деп жұмсады. Мен жүгіріп, далаға шықтым. Үйге қайта келіп едім, «Кім екен келген?» деп сұрады ағам. Ол кезде ауылдың кісілері сауып алған сүтті есік алдарына қойып қояды. Қабдолла деген аға ат арбамен ауылды аралап, сол сүтті жинайды. «Сол кісі сүт алып жүр» дедім.

Жанат ағам: «Не дейді ол кісі?», – деп сұрады. Мені сөйлетейін деп тұрғанын білдім. «Ештеңе деген жоқ. Шыныңды айтшы, осы сен кімнің баласысың?», – деп айтты дедім.

«Сен немене, шыныңды айтып қойдың ба?» деді ол Жанат ағам. Мен сасқанымнан, «Жооооқ, мен атамның баласымын», – деппін.

Сөз ұйқастыру сабақтары

Жанат ағам: «Сен осы қара өлеңге бейімсің, сені баптап көрейік», – деп маған өлең жаттататын. Өзі ауылға келген кездерде Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуін» жаттататын. Менің Салтанат қарындасым да өлеңдерді жаттап алатын. Содан екеуімізді жарыстыратын. Қаладан өзімен бірге алып келген түрлі-түрлі оқу құралдарын, ойыншықтарын бізге сыйлық ретінде беретін.

Жанат ағам мені ұйқас табуға үйрететін. Сондай оқыту сабақтарының бірі мынандай:

Біздің үй үлкен болды. Көмір көп кететін. Жанат ағам маған: «Бітсе де көмірің, бітпесін …». Кәне, ары қарай жалға» деп маған қарайтын. Менің ойымда үйдің қамы тұрған болуы керек, мен «Ағашың» деппін. Сол кезде ағам «Қалай ақын боласың, кәне қайтадан көрейік», – дейтін. Ақыры мен «Көмірің – Өмірің» деп ұйқастыруды үйрендім. Жанат ағам олай маған тәрбие беріп, бізді әдебиет әлеміне бұрып, өлеңге баулыды.

Әскерден жеткен хат

Менің 3-4 сынып оқитын кезім. Үйде апам екеуіміз ғана қалдық. Сағат ағам әскерде. Қалған отбасы мүшелерінің барлығы жан-жақта – қызметте, оқуда, әркім өз отбасымен деген секілді. Қыста біздің жаққа қар қалың түседі. Мал жайлау, қар тазалау барлығы менің мойнымда. Сабағым бар, мектептегі қоғамдық жұмыстар бар, соның барлығына үлгеріп жүреміз.

Соның арасында кешке қарай картамен ойнайтын «Бура» деген ойын бар, «Мынау математикаңа көмектеседі, кел ойнайық» деп апам соны ойнауға шақырады. Есепті шимен жүргіземіз. Әрбірімізде оншақты ши болады. Ұтылғанымыз ұтқанымызға ши береміз. Содан мен апама, 60 ши ме, сонша көп ши қарыз болдым. Ойнап-ойнап, әбден шаршап, шалдығып жаттым. Таңертеңгілік кештеу тұрып қалдым. Беті-қолымды жумай сабаққа бардым.

Маған мұғалім: «Мына түрің не?» деп ұрысты. Ол кезде мектепте тәртіп күшті болатын. Сыныпқа кірген кезде тазалықты тексеріп кіргізетін. Мұғалім маған ескерту айтып, үйдегілерге хабар беріпті.

Түндегі 60 ши бар, беті-қолдың жуылмағаны бар. Бәрін Жанат ағам естіп алған. Содан қала жақтан Жанат ағам әскердегі Сағат ағама хат жазыпты: «Сені Асек сағынып жүр. Кішкене тәртібін түзесін, сабағын дұрыстасын»,  депті. Сен солай деп жаз деді ме, әлде өзі солай жазды ма, бір күні менің қылықтарымды сынап жазған Сағат ағамнан хат келді.

Хатты алып, оқыдым.

«Апа, Асығат, қалдарыңыз қалай? Ауыл-аймақ аман ба?» деп есендік сұрағаннан кейін, «Асек, сені түсімде көрдім. Сағынғаннан кейін бе екен. Апамменен карта ойнап, 60 шақты ши берешек екенсің деймін. Содан мектепке жуынбай барған сияқтысың, бір мұғалімдер саған ұрсып тұрғандай ма менің түсімде. Барлығы дұрыс па?», – деп жазыпты.

Сағынып жүрген ағамнан жеткен хатты оқыған соң мен карта ойнауды доғардым, сабаққа көңіл бөле бастадым. Ерте тұруды әдетке айналдырдым.

Алыстан жеткен сағынышқа толы хаттың күші шығар, бір ауыз сөздің әсері шығар, мен тәрбиемді түзеттім. Ешқандай ұрыс-керіссіз, таяқсыз-ақ ол кісілер жан-жағына қамқор болып, үлгі көрсетіп жүретін.

Жазып алған: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу