Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ертіс-Баян өңірінен шыққан тұлғалардың жеке домбырасы қойылған көрме ашылды.
Музейде Ұлттық домбыра күніне арналған «Қасиетті домбыра» атты ән-күй, рухани-әдеби іс-шара ұйымдастырылды.
Шара барысында музей қорындағы аспаптардан арнайы көрме ұйымдастырылып, әйгілі жерлестеріміз Мұзафар Әлімбаев, Кәукен Кенжетаев, Рахметхан Нұрбасаров, Мейрам Асылғазин, Нұтфолла Шәкенов, Зекебай Солтанбайұлының жеке домбыралары назарға ұсынылды.
Сондай-ақ кеште ҚР журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, күйші, сазгер Балтабай Сыздықов сөз сөйлеп, Мизан Жұмәлі Біржан салдың әні «Он саусақты» шырқап, Нұрман Сайлауов «Ерке сылқым» күйін тарту етті.