Асыл ӘБІШ

«Қала мектептерінің қазақшасы қалтырап тұр!» Екі  мыңыншы жылдардың басында осындай тақырыппен көлемді зерттеу-мақала жазып, білім ордаларындағы мемлекеттік тілдің пұшайман халін өткір сынға алған едік. Әсіресе, аралас , яғни қазақ және орыс тілдерінде бірдей оқытатын мектептердегі ахуалға баса назар аудардық. Мұндай білім ұйымдарындағы балалар ана тілін тек сабақ үстінде ғана қолданатындығы, ал былайғы уақытта ысырып қоятындығы да көп мәселенің бірі ретінде сөз етілген-тұғын. Тіпті, «Оқушылары сабақта қазақша, сыртта орысша, үйде дүбәра тілде сөйлейтін білім ордаларының қатарына таза мемлекеттік тілде оқытатын ұйымдарды да жатқызуға болатынын» айтып, дабыл қақтық. Олардың қатарына «мүйізі қарағайдай» Абай мектебін де, өзім білім алған Алтынсарин атындағы гимназия-интернатын да қосақтап жібердім. Көрген көзде айып, естіген құлақта жазық жоқ. Жағдай шынымен солай еді!

Не керек, осы мақала жарық көрісімен алтын ұям – Алтынсарин гимназиясынан директордың орынбасары Сержан Қинашұлы бастаған топ редакцияға аптыға келіп, «жайсыз әңгіменің» қою түтінін бұрқ еткізді. Гимназия директоры, аса қадірлі әрі ұлы ұстаз Мақаш Жылқыбайұлы ағамның: «Күні кеше өзімізде білім алып, түлеп ұшқан мына Асыл Әбіш су ішкен құдығына түкіргендей мектепті сынап отыр. Тіл мәселесі жөніндегі сыны – орынсыз. Сондықтан абыройымызға нұқсан келтірген бұл негізсіз сынын жоққа шығарсын. Мектепті жөнсіз қаралап, орынсыз сынағаны үшін сотқа береміз» деген үшбу сәлемін жеткізді. Мақаш мұғалім бұл сөздерді осы мәселе үшін мектепте ұйымдастырылған шұғыл «линейкада», мақала шыққан газетті қолына ұстап тұрып айтқанын естіп-білдім.

Рас, әуелде не дерімді білмей тосылып қалдым. «Шынымен, су ішкен құдығыма түкірген менікі не, кім болдым сонда?!» деп ойға кеттім. Бірақ өзімді жазғырудан жылдам айныдым. Жеке басқа соқтыққан жерім жоқ, ал тілдің – Ана тілдің мәселесі бәрінен жоғары тұрса керек-ті деп түйдім. «Платон менің досым….» дегендей ғой сол баяғы. Сосын: «Ешқандай жоққа шығару бермеймін, ешкімнен кешірім сұрамаймын да! Мақала тиянақты зерттеу негізінде жазылды. Қажет етсеңіздер, мысал-фактілер, деректер жеткілікті. Оның үстіне білім ордаларындағы қазақ тілінің мүшкіл ахуалы тек гимназияға ғана емес, барлық мектепке тән. Бәрі де мойындап отыр. Сондықтан да алтын ұям – білім берген мектебім болса да, ала қойды бөле қырыққандай, Сіздерге қатысты сынды жоққа шығарудың еш жөнін көрмей отырмын!» деп кесімді сөзімді айттым. Қала берді, аталмыш мектепте еңбек ететін ұстаздардың басым бөлігін жақсы танитын едім, солардың өздері: «Асылдың сыны орынды, оқушыларымыздың сабақтан тыс уақыттарда орысша шүлдірлейтіні өтірік емес қой енді» дегенін де естідім. Кейін бұл жағдай тыныш қалып, әйтеуір, мектебіммен байланыс үзіліп кетті.

Академик Салық Зиманов бiр жазбасында тiл туралы толғана келiп, сөзiнiң соңын: «Бiз қазiр «Қазақ тiлi бола ма, жоқ әлде бордай тоза ма?» деген айыр кезеңнiң асуында тұрмыз» деп сабақтапты.  Өкініштісі сол, қазыналы тiлiмiздiң тағдыры айырық жолдың асуында тұрғанына қанша болғанын, әлі қанша тұрарын дөп басып айта алмаймыз… Тілдің мемлекеттiк мәртебесiн көтеру, қолданылу аясын кеңейту… Ұлылы-кiшiлi талай-талай мiнберлерден жалынды да жiгерлi, ұлық та ұраншыл, ащы да ардалы, салиқалы да сарыуайымшыл сөздердiң сан мәрте тиегi ағытылып, бiрқыдыру соны идеялар мен тың ұсыныстар ортаға тасталды. Солай жалғасып та келедi. Тек қазақ тiлiнiң қағанағы қарқ болған жоқ!  Тілдің өтірік статистикаға құралған емес, шын мәнiндегi мемлекеттiк мәртебесi асқақтар күн әзiрге тумай тұр. Сөзіміз көп, нақты да нәтижелі iсiмiз мардымсыз. Әсiре ұраншыл, жалған намысшыл, сырттай «сұлу» болып көрiнетiн лепiрме сөздердi тасқындатып, судай сапырумен, «зар еңiреумен» ғана шектелудемiз. Бұл бетiмiзбен кете берсек, академик айтқан «айыр кезеңнiң асуынан» жақын арада жылжымайтын түрiмiз анық. Билік нақты iспен айналысудың орнына түрлi жиындарға ақша шашып, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру туралы құр өңеш созуға әдеттенiп кеткелі қашан.

Тілдің «озуы» немесе «бордай тозуы» кімге байланысты сонда өзі? Тәуелсiздiкпен қайта жаңғырған ұлттық рухтың негiзiнде бiлiм меңгерiп жүр делінетін бүгiнгi жас ұрпаққа үлкен үмiт артатынымыз да рас. Қазір жастар «ана тiлiңнен ажырау – ұлттығыңнан қол үзу» екенiн санаға әбден сiңiрiп өссе деген тiлектiң жетегiнде жүргеніміз де көп. Санаға сiңiрiп қана қоймай, ұлттық тiлдiң мәртебесi мен құдiретiн нақты iстер арқылы жанын сала қорғауға, сақтауға, қорлатпауға күш салып жатса қане дейміз дәмеленіп.

Қайдам… Бiлiм ордаларының – балабақшалар мен мектептердің көпшiлiгiнде (әсiресе, қалалық оқу орындарында) қазақ тiлiн оқыту жайы әлі де мәз емес.  Оқушылары (мұғалімдері мен өзге де персоналы) сабақта ғана қазақша, ал сыртта басқаша шүлдiрлейтiн кейбiр мектептердiң ұжымы тұтас қоғамға ортақ осынау мәселе туралы сөз қозғасаң, мойындаудың, онымен күресудiң жолдарын iздеу үшiн көпшiлiкпен кеңесудiң орнына «бiздi неге сынайсыңдар» деп, бұлқан-талқан болатыны қайран қалдырады. Мақсат – бiреудi сынау, әшкерлеу емес, ана тiлiмiздiң мәнсiз боп отырған мәртебесiне араша түсу екенiн айтып жатудың өзi артық шығар. Егер кiнәлiлердi iздеп, санамалай түссек, оның қатарына Бiздi де, Сiздi де, Оны да қосуға әбден болады.

Қайбір жылы журналистiк жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, осындағы озық деп саналатын қазақ мектебiне де соқтық.  Білiм ордасының ауласына жақындаған бiз мектептен үйлерiне бет алған балалардың өзара орыс тiлiнде шүйiркелесiп бара жатқанын байқап: «Қазақ мектебiнде оқисыңдар, өзара ана тілінде неге сөйлеспейсiңдер?» десек, балалардың бiрi жұлып алғандай: «Ағай, бiзде уже сабақ бiттi ғой!» дегені бар.

Қазақ сыныптарындағы балаларға өздерiнiң ана тiлi тек сабақ үстiнде ғана қажет еместігін дұрыстап сіңіру қажет. Оның жолы қайсы сонда?

Бақшаға баламызды қазақ қып беріп, «дүбәра» қып алдық деушілердің жанайқайымен нақты жұмыс жүргізілсін!

Балабақшаның, Мектептің Ватсап-топтарының жазба тілі де қатаң қадағалансын!  Ата-ананы да тәрбиелеу қажет боп тұр! Ұсақ-түйек деген дәл қазір тіл мәселесінде болмауға тиіс!

«Қазақша оқитындардың саны артып келедi» деп ақпар берiп, соған масаттанумен шектелмей, тіл ұстартуды басты тақырыпқа шығаруға тиіспіз!

Әзірге…

Құдай қуат берсін баршаңызға!

Пікір үстеу