Pavlodar, KZ
18°
Fair
Жанасыл СЕРІКБОЛ

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2020 жылдың ең бақытты елдердің тізімін жариялағаны белгілі. Ол рейтинг төмендегі критерийлер бойынша сараланатын көрінеді: жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, орташа өмір сүру жасы, азаматтық бостандықтың даму деңгейі, қауіпсіздік деңгейі, болашағына деген сенім, отбасы институтының тұрақтылығы, жұмыссыздық деңгейі, жұмыс орындарымен қамту, жемқорлық деңгейі, сонымен қатар, халықтың бір-біріне деген сенімі, қоғамдағы жақсылыққа жаны құштар, жомарт жандардың көптігі сияқты жанама көрсеткіштер есепке алынған.

Бұл тізімнің алғашқы ондығына скандинавиялық бес мемлекет жайғасқан: Финляндия, Дания, Норвегия, Швеция, Исландия. Скандинавиялық елдер бұрын да өзінің саяси-экономикалық, тұрмыстық, философиялық ерекшеліктерімен әлемді таңдандырып келген. Бұл жолы олар өздерінің алған бағытының дұрыс екендігін тағы бір паш етті. Ең басты нәтиже – халықтың бақытына қол жеткізді. Бұл елдер өте қарапайым, қолжетімді, әрі жаңашылдығымен әлем назарын өздеріне ылғи аударады. Әсіресе, Финляндияның білім беру жүйесі күллі әлемге үлгі болып отыр. Балабақшадан бастап жоғарғы оқу орнына дейін тегін біліммен қамтамасыз етуі ғана емес, білім берудегі өзгеше принциптері бүгінгі дағдарыс алдында тұрған әлемдегі білім беру жүйесіне сәулелі нұсқаудай болуда.

Скандинавиялық елдердің тарихын терең білмесем де, әртүрлі ақпараттар осы елдерге деген қызығушылығымды арттырғаны рас. Интернет парақтарын ақтарып отырып, олардың бір қызық философиясы туралы оқыдым. Швед халқында лагом (lagom) деген философиялық ұғым бар екен. Оның мәні – төзімділік пен сабырлылық және барлық балансты сақтап қоғам құру. Көп емес, аз емес дәл ортасын ұстауға бағытталған пәлсапа. Швед халқының ұғымында сенің байлығың өзгелердің наразылығын тудырмауы керек.

Дат халқының Хюгге (hygge) пәлсапасы қоғамның жанға жайлы орта құра білуіне негізделген. Янтеловен (Janteloven) моралдық кодексі де, яғни Янте заңы, негізінен Данияда пайда болған, дегенмен іс жүзінде швед және норвег қоғамы құрылымының негізі болып табылады. Янте заңы – скандинавиялық теңдіктің, басқа адамның жеке басына құрметпен қараудың және осы халықтардың кішіпейілдігінің негізінде жатыр. Осы ережелерді сақтау адамдарға тең мүмкіндіктер қоғамында өмір сүруге көмектеседі, біреуді қызғануға, көреалмаушылыққа салынуға себеп жасамауыңыз керек. Скандинавияда жетістіктеріңізбен, қымбат машинаңызбен немесе үйіңізбен мақтану – сорақылықтың белгісі. Салмағы тонна тартатын торт жасап, қалтадан уыстап доллар шашып, астамшылық танытсаңыз, ол қоғамда үлкен моральдық жазаға ұшырайсыз. Скандинавия қоғамында өркениеттіліктің басты принципі – адамды ғана емес, тірі жан иесін аялау, қастерлеу. Адам жанына жайлы, қауіпсіз, берекелі орта құра білу. Бұл дүниенің игіліктерін баршасы көре білуіне жағдай туғызу. Көптеген ауқатты бай елдер империялық, әлемге әмір жүргізу саясатын ұстанса, бұл елдер керісінше қарапайымдылыққа, теңдікке, ұрпақ болашағының қамына ұмтыла түсуде.

Ол елдердегі байлардың да ұзақ тарихы бар және барлығы кәсіби мамандықтары арқылы қоғамға қызмет етіп байыған. Мәселен, 2019 жылғы дерек бойынша Финляндиядағы байлар рейтингісінде тоғызыншы орында тұрған Линус Торвальдс деген миллионер – инженер-бағдарламашы, сәулетші. Алтыншы орында тұрған миллиардер Илона Херлин жүз жылға жуық тарихы бар эскалатор және лифт өндіретін компанияның бір бөлігін бақылайды. Тағы бір миллиардер Хейкки Кёстила (бесінші орын) стоматологиялық құрал-жабдықтар өндірумен айналысады.

Қай бір жылдары Данияда ұсталған америкалық қылмыскерді дат соты Америкаға жібермеу туралы шешім шығарыпты. «АҚШ түрмесі адам төзбес азапқа толы. Біз бұл адамды ондай қорлыққа байлап, матап бере алмаймыз» деген.

Жоғарыда айтылған бақыт рейтингісі әлемнің 153 елінде жүргізілген. Біздің ел тізімнің елуінші сатысында. Бақытты елдердің алдыңғы қатарынан көріне алмай жүргенімізге не себеп екен? Бұған жауапты әркім әртүрлі берері сөзсіз. Әрине, елімізде бақыттылар аз емес. Алайда сол бақыттың баршаға бірдей жетпеуінен мәселе туындайды. Финляндиядағы тоғыз жүз бала оқитын мектеп пен он бір бала оқитын мектептің бір-бірінен ешқандай айырмасы болмауы, онда оқып шыққан ұрпақтың таным-түсінігіне әсер етері сөзсіз.

Біздің елдегі балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орнына дейінгі ала-құлалық, орта ғасырлық Үндістандағы касталық бөлініске ұқсас жағдай кейін біреулердің асып-тасуына, біреулердің осы қоғамда орны жоқ қорғансыз сезінуіне алып келмей ме?

Бақыт ұғымы әртүрлі деп те айтылады. Десе де, кез келген қоғамда бақыттың қандай да бір өлшемі бардай. Ең бастысы – өзінің осы елдегі болашағына, қауіпсіздігіне, бостандығына деген сенім. Мемлекеттің ел тұрғындары алдындағы парызын атқара білуі қоғамның әр мүшесінің өзін бақытты сезінуге себі тиеді. Ал, өзгесі әр адамның жеке болмысы мен санасындағы бақыт. Ол бақытты біреулер отбасынан, біреу жұмысынан, біреу кәсібінен, біреу шығармашылығынан табады.

Дүниеге келгеннен кейін әркім бақытты болуы керек. Соған тынымсыз ұмтылады. Егер біреу бақытсыз болса, оған қалайда қоғамның жауапкершілігі бар. Білгенге біздің әлем кең әрі жомарт. Тек Махатма Ганди айтқандай «Әлем кез келген адамның қажеттілігін қамтамасыз етуге жетерліктей кең, алайда, озбырлық пен тойымсыздықты қамтамасыз етуге жеткіліксіз тар».

Пікір үстеу