23 сәуір – Ұлттық кітап күні

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін белгілеуді тапсырған болатын. Осыған орай, елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде аталып отыр.
Бұл айшықты күн – кітапқа арналған ерекше әрі маңызды күн. Бұл күні адамдар кітаптың адам өміріндегі орнын тағы бір рет ой елегінен өткізеді. Кітап – тек қағазға жазылған мәтін емес, ол – білімнің көзі, ақылдың азығы, адамның рухани байлығы. Сондықтан бұл күнді атап өту – өте дұрыс әрі қажет дәстүр.
Қазіргі заманда технология дамып, адамдардың көп уақыты телефон мен интернетте өтеді. Әлеуметтік желілер, ойындар, қысқа видеолар адамның уақытын байқатпай алады. Соның салдарынан кітап оқу әдеті біршама азайып бара жатыр. Бірақ кітаптың орны ешқашан бөлек. Себебі кітап адамды терең ойлауға үйретеді. Ол тек ақпарат беріп қана қоймай, адамның ой-өрісін кеңейтеді, қиялын дамытады, дұрыс сөйлеуге көмектеседі.

Кітап оқудың пайдасы өте көп. Біріншіден, адамның сөздік қоры байиды. Көп кітап оқыған адам ойын анық, әдемі жеткізе алады. Екіншіден, кітап адамның ойлау қабілетін дамытады. Оқи отырып, адам кейіпкерлердің іс-әрекетін талдайды, өз пікірін қалыптастырады. Үшіншіден, кітап адамға тәрбие береді. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуге, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар, ұрпақ неғұрлым көп, терең ойлы кітап оқыса, соғұрлым олар – озық ойлы, кемел қоғамның негізі болып қалыптасады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады.

Ұлттық кітап күнінің негізгі идеясы – адамдарды, әсіресе жастарды кітап оқуға баулу. Жас кезінен кітап оқыған бала білімді, саналы, мәдениетті болып өседі. Мұндай жастар елдің болашағын қалыптастырады. Сондықтан бұл күн тек мереке емес, ол – тәрбиелік мәні бар маңызды шара.
Бұл күні мектептерде, кітапханаларда және түрлі мекемелерде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, кітап көрмелері, әдеби кештер, ақын-жазушылардың шығармаларын оқу, түрлі байқаулар өткізіледі. Оқушылар өздерінің сүйікті кітаптары туралы айтып, бір-бірімен пікір алмасады. Кейбір жерлерде адамдар кітаптарын бір-біріне сыйға тартады. Мұның бәрі кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

Кітап – адамның өмірлік серігі. Ол адамды жалғыз қалдырмайды, әрқашан жаңа нәрсе үйретеді. Кітап арқылы біз өткенді танимыз, қазіргі уақытты түсінеміз, болашаққа жоспар құрамыз. Әлемдегі көптеген табысты адамдардың жетістігінің артында кітап тұрғаны бекер емес.
Қорытындылай келе, 23 сәуір – өте маңызды күн. Бұл күн бізге кітаптың құндылығын еске салады. Әр адам осы күні ғана емес, күн сайын кітап оқуға уақыт бөлсе, оның өмірі де өзгереді. Кітап – білімнің кілті, ал білім – жарқын болашақтың негізі.
Әли ӘЛІБЕК,
«Жас Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы.
