Мұрат АЯҒАНОВ

Павлодар облысындағы жайылымдардың экожүйесі бұзылуда

Өзге өңірлерді қайдам, соңғы 40 жылда Павлодар облысының аумағында жайылымдық жерлерді тыңайту, көпжылдық шөп отырғызу ұмытылып, жеке аулаларда мал ұстайтындардың жағдайы тығырыққа тіреліп тұр. Тәуелсіздіктен бергі уақыт ұзаған сайын ауылдардағы мал жайылымдары мен шабындықтардың тозу процесіне Үкімет бас қатырып көрмепті. Бүгінде оның салдары халық мол шоғырланған елді мекендер айналасында айқын білініп отыр. Ауылдар айналасындағы жерлер тұзданып, шаңы бетіне шығып жатыр. Кейбір жерлерде түліктің тісіне ілінерлік шөп жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, жайылымдық жерлер әр бес жыл сайын тыңайып, оған көпжылдық шөп отырғызылуы керек. Бірақ жерді жаңарту деген мәселе түгілі, оған қаржы салу, мал өрістерін кеңейту бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр.

Жергілікті ауыл шаруашылығының ардагерлері мен аграрлық сала ғалымдары соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Үкімет басшысына ауылдық аумақтарды дамыту, мал өсіретін жеке аулаларға көмек көрсету мәселелері бойынша өз ұсыныстарын жеткізудей жеткізіп-ақ келеді. Алайда оларды тыңдайтын құлақ жоқтай.

Жуықта өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев, өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлері кеңесінің төрағасы Юрий Дубовицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов, сала ардагері, өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі Владимир Левченко өз ұсыныстарын тиянақтап жазып, Астанадағы Үкімет үйіне жіберді.

Қ.Қанапияновтың мәліметінше, соңғы 30 жылда еліміздің солтүстік аймағындағы егістік жерлердің өнімділігі 40 пайызға төмендеген. Жайылым мен шабындықтың да тозуы белең алып барады. Қазіргі уақытта өрістердің топырағы тұзданып, жер қабаты әбден тозған. Оны агротехнологиялық талаптарға сәйкес өңдеп, ескі шөптердің тамырын қырқу үшін топырақ қабатын аудару, көпжылдық шөп егу үрдісі мүлде жүргізілмейді. Кеңес дәуірінен бері көпжылдық шөптердің егіс алқабы жаңартылмауы себепті, жеке аулада мал ұстайтын азаматтар мен ұсақ шаруашылықтар тығырыққа тірелуде. Ал бүгінде еліміз бойынша төрт түліктің басым бөлігі жеке аулада ұсталып, сәйкесінше, мал өнімдерінің 70 пайызы да сонда өндірілетіні мәлім.

– Азаттыққа қолымыз жеткен жылдан бері қарай ауылдағы ағайынның жағдайына ешкім мән бермепті. Азаматтардың маңдай терімен өндірілген ет және сүт өнімдері арзан бағамен сатып алынып жатқанына ішіміз удай ашиды. Ал ірі шаруашылықтардан нарықтағы бағамен қабылданады. Ауыл шаруашылығы саласындағы заңдылықтарға – №1 және №2 дифференциалдық рентаға бұл қайшы. Жағымсыз факторлар ауыл тұрғындарының әл-ауқатының төмендеуіне соқтыруда. Кейбір астықты аудандарда жайылым тапшылығы қолдан туындаған. Себебі айналадағы жерлердің барлығын үлкен шаруашылықтар мен латуфиндистер алып қойған. Салдарынан ауылдағы жұрттың 30 пайызы бүгінде мал ұстаудан бас тартқан. Міне, сізге нақты цифрлар. Ауылдарды жұмыссыздық жайлап, жастарымыздың ауылдан безіп жатқаны осының салдары емей немене?! Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың басындағы ұжымдастыру кезеңіне дейін елімізде 40 миллион мал болған екен. Әр тұрғынға шаққанда 2,5 бас сиырдан келген. Ата-бабамыздың кәсібі қайта оңалмай, ауылдарды гүлденту туралы әңгіме қозғаудың өзі ойға сыймайтындай, – дейді ғалым.

Ардагерлер жағдайды түпкілікті өзгертуге мемлекеттің әлеуеті жеткілікті екенін алға тартып, тек қолдау шаралары жүйелі жалғасын тапса болғаны дейді. Үкімет бұл бағытқа арналған тұтас бағдарлама қарастырып, егістік және жайылымдық жерлерді тыңайтудың кешенді тұжырымдамасын әзірлеуі керек. Мысал үшін, Павлодар облысындағы жерлердің бонитет балы әртүрлі. Ол Ертіс ауданында – 33, Железинде – 28, Шарбақтыда – 16, Аққулы, Май аудандарында небәрі 10,2 ғана. Сондықтан әр аймақтың топырақ құнарлылығын есепке алумен жаңарту жобалары түзілуі тиіс. 

– Әркім өз жеке басының пайдасын ойлайтын заманға тап болдық. Жер астындағы тұз топырақ қабатының бетіне шығып кетсе, ол аймақтың экологиясына үлкен апат әкелететін білген абзал. Облыстың біраз жерлерін әдейілеп аралап жүріп байқағанымыз, көп ауылдардың маңы тап-тақыр, ақ сортаңға айналған. Бұл бара-бара кең ауқымды мәселеге ұласады. Сол кезде оның шешімін табу қиынға соғатынын ескерткіміз келеді. Проблеманы министрлікке деріне жеткізіп айтатын азаматтар қалмай бара жатқаны қынжылтады. Ауыл тұрғындары мал жаятын өріс жоқ дейді. Ал дәл жанында мыңдаған гектар жер ұстап, егін егіп отырғандар жылдан жылға жердің бонитеті қашып бара жатыр деп мұңаяды. Астық өсірушілер де бүгінде қанағатты ұмытқан. Жерді тыңайту деген мәселені жауып қойды, – дейді ақсақал Мойылжан Қанаев.

Түйіндей келгенде, ардагерлер мен ғалымдар жарты ғасырға жуық жинақталған мәселелерді шешу үшін төмендегідей ұсыныстарды қолға алу керек деп есептейді:

Біріншіден, мал шаруашылығы егіншілікпен салыстырғанда 2,5 есе артық өнім беретінін ескерсек, ата-бабаларымыздан қалған аталған бағытты дамытуға басымдық берген жөн.

Екіншіден, топырақтың құнарлылығын арттырып, дақылдардың өнімділігін жақсарту үшін ауыспалы егіс мәселесін назарда ұстау. Көпжылдық шөптер алқабы жүйелі түрде жаңартылып отырылуы тиіс.

Үшіншіден, жер иелері мен ауылдық округтердің әкімдері жыл сайын шабындықтар мен жайылымдарды жаңартудың жауапкершілігін иеленуі керек.

Төртіншіден, көпжылдық шөпке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, оларды өсіру, көбейту және тарату жөніндегі орталықтарды өміршең ету маңызды.

Бесіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы заңдылықтарға – №1 және №2 дифференциалдық рентаға көңіл бөлу, яғни шалғай аумақтарда орналасқан ауылдардың халқын сапалы өнім өндіруге ынталандыру. Бұл үшін:

– Ауылдағы ағайынды қолдау үшін, жалпы саны 50 бастан кем емес сүтті сиырлары бар, әр ауылда сүт қабылдайтын бекеттер ашу керек. Онда сүтті тазалау, салқындату, сақтау шаралары сақталса, өнімнің сапасы артып, жоғары бағаға сатылады;

– Сүт жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізуге дейінгі көлік шығындарын субсидиялау;

– Бұл іске қатысушыларды неғұрлым көбірек тарту және ауылдықтардың өз сүт өнімін көбірек сатуы үшін, жер ресурстарын рациональді пайдалану және қомақты көлік шығындарынан құтылу үшін ауылдарда сүтті алғашқы өңдейтін пункттерін ашу. Яғни өнімнің ауылдан дайын күйінде нарыққа жол тартуын ұйымдастыру;

– Елді мекендердің айналасында жалпы қолданысқа негізделген жерлерді арттыру;

– Ауыл адамдары жеке аулаларында ұстайтын малын тиімді бағада әрі алыпсатарлардың қатысуынсыз саудалауына жағдай тудыру. Бұл үшін әр ауданда мемлекеттік-жеке меншік нысанындағы малды қабылдау және сою, етті алғашқы қайта өңдеу пункттері ашылса құп.

Алтыншыдан, белгілі аймақтың табиғаты мен ауа райына бейімделген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту.

Жетіншіден, ауылдағы жұрттың өмірін жайлырақ ете түсу үшін ішіндегі отын қоры бір аптаға жететін жартылай автоматты пеш қазандықтарының тұрақты өндірісін жолға қою. Ауылдан жұрттың жапа-тармағай көшуінің бір себебі – ауылдықтар жылудың бір шаршы метрі үшін қалалықтармен салыстырғанда 4-5 есе артық төлейді. Көмір бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Сондықтан да ауылда күн батареясы мен жел қондырғысы арқылы жарық мәселесін шешуді қолға алу керек. Жылу үшін электр қуатына түнгі тарифтің енгізілуі маңызды.

«Бұл ұсыныстарымызды Павлодар облысында қанатқақты жоба ретінде өміршең етіп көруге кеңес береміз. Біздің есебімізше, бұл бағыттар 2-3 жыл ішінде жұмыссыздық мәселесін, азық-түлік қауіпсіздігі, бос жатқан табиғи аумақтарды игеру мәселелерін түпкілікті шешеді. Жерасты қазба байлықтары келешекте таусылатыны анық. Ал Жер-Анамыздың біздің еншімізге бұйыртып отырған жер үстіндегі қазынасын орнымен пайдалансақ, ел халқын азық-түлік тапшылығынан құтқарады. Бұл ұсыныстардың шынайы өмірдегі болжамды ақиқаттығы нарықтық экономиканың принциптеріне негізделген, ал оның заңдылығына сүйенсек, нарықта кім арзан әрі сапалы тауар ұсынса, сол ұтады. Сәйкесінше  Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі оң шешімін табады», деп санайды ұсыныс иелері.

Юрий Дубовицкийдің пікірінше, мұндай артықшылықтар қала тұрғындарының ауылға барып, мал шаруашылығымен айналысуына түрткі болмақ. Мәселені шешуді алдымен бүгінде арнайы тізімге алынған, өңірдегі  8,2 млн гектар жайылымдардан бастау керек. Павлодар облысы бойынша, әкімдіктерге қарайтын 501 мың гектар жердің тозығы жетіп, мал жаюға жарамай қалған. Олардың ең көбі Ертіс, Шарбақты, Аққулы, Павлодар, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында орналасқан. Былтыр өңір бойынша 1300 гектар жерге көпжылдық шөп отырғызу қарастырылған екен. Өкінішке қарай, жауапты мекемелер ол бойынша тиісті тендерді өткізе алмаған.

Өңірдегі егіс танаптарының, жайылым мен шабындықтардың экологиялық балансының бұзылып, топырақтың тұздануына соқтыруы ауыл шаруашылық саласына жауапты басқарманың мәселеге мүлде мән бермей отырғанының көрінісі болуы әбден мүмкін. Бұл басқармада соңғы 12 жылда 10 басшы ауысып үлгеріпті. Ал облыс әкімінің бұл салаға жауапты орынбасары лауазымындағылар аталған кезең ішінде бес-алтауы орынтағын суытты. Мұндай немқұрайдылық пен жауапсыздық өңірдегі ауылдардың өркендеуіне үлкен қырсығын тигізіп тұрғанын мойындамасқа шара жоқ.

Пікір үстеу