Асыл ӘБІШ,
«Aiqara.kz» ақпараттық порталының редакторы.

Құрметті Әлеумет!

Қадірлі Оқырман һәм Көрермен!

Зымыраған Уақыт. Желден жылдам тараған Ақпарат.

Тасқыны мезгіл сайын үдей түскен ақпараттың анығы мен қанығын, дұрысы мен бұрысын екшеп алу бүгінгі қоғамға оңай болмай отырғанын мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі алаңдары желік қуған жел сөзге, шындыққа жанаспайтын, ақиқаттан алшақ, жалған ақпарға толып кетті. Ақпараттық кеңістікте жұртшылықты жаңылыстыратын, ақиқаттан адастыратын, оны-мұны мәселені жеткізу барысында бір тарапқа ғана бұра тартатын әрекеттер де етек алғаны рас.

Бүгінгі бұқара айқын да нақты, салмақты да шынайы, барынша сарапталған ақпаратқа қатты зәру. Әсіресе, өңіріміздің қазақ тілді ақпарат кеңістігінде сарапталып-сараланған, сұрыпталып-екшелген, шынайылыққа негізделген материалдарға деген сұраныс артып тұр. Міне, осынау қажеттіліктерді ескеріп, қалыптасқан олқы тұстардың орнын толтырмақ мақсатпен Ертістің Павлодар өңірінде «Aiqara.kz» аталатын Ақпараттық портал іске қосылып отыр.

Ақпаратты қазақ тілінде барынша айқара, яғни кең құлашты тұрғыда, терең танымда алуға мүмкіндік жасау миссиясын алдарыңыздағы «Aiqara.kz» порталы мүмкіндігінше жүзеге асыруға тырысып көрмек. Яғни, ақпараттық портал түрлі бөлім-санаттарды топтастырып, күнделікті тұрғыда және әр қилы бағыттар мен тақырыптарда мақалаларды, бейне-контенттерді ұсынуды көздейді.

Портал алаңдарында тұтас қоғамды, соның ішінде Сізді де толғандыратын мәселелер, ойыңызбен орайлас, пікіріңізбен үндес, танымызға татитын, талғамыңызға дөп келетін ақпарат көрініс табады деп отырмыз. Айпара әлемге айқара қарауға шақыратын, көз жетпес жерге сөз жететінін басшылыққа ала отырып, мәліметті мейлінше сараптап беруге күш салатын жаңа сайттың тілі де, үні де қазақша шығатынын қаперге салмақпын.

«Aiqara.kz» қолға алмаққа ниеттеніп, жоспарлап отырған жобалардың жөн-жосығымен әлі де таныс бола түсесіздер. Оқырман мен көрерменнің сұраныс, ұсыныс-тілектерін ескере отырып, алдағы уақытта барынша жетіле түсеріміз айқын.   

Ақпарат кеңістігіне өз алдына өрелі мақсат-міндеттерді межелей келген «AIQARA.KZ» ақпараттық порталына қош келдіңіздер!   

8 thoughts on “Бізден – бастау сөз!

  1. Бәрекелді!
    Қоғамдағы қотырды қасып айтсын Айқара,
    Шырылдатып шындықты басып айтсын Айқара
    Нәтижелі қайырын халық көрер портал боп
    Көптің ішкі үкімін ашып айтсын Айқара!
    Ақ жол ! Қаралымы мен таралымы қыруар сұранысқа ие портал болсын!

  2. Құтты болсын! Жазарларыңыз көп болсын! Қоғам талабына сай ауқымды мәселе мен салмақты ойларды патыша көңіл оқырманға жеткізетін алтын көпірге айналсын! Өңіріміздің, қабырғалы қазағымыздың ақпарат әлеміне айналсын!

Пікір үстеу