Pavlodar, KZ
14°
Fair

Қадірлі оқырман, назарларыңызға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Құсқанат-ғұмыр» әдеби бірлестігінің ақын қыздарының жырларын ұсынамыз.

***

Жыр жазуға себепкер өзің ғана,

Мен үшін биіктесің, тұлғаң дара.

Күллі әлем жұбатуға тырысса да,

Жаным тыныш қасымда өзің барда.

Қатал мінез танытқаның – мейірім,

Ашуланып, мен тағы да күйермін…

Менің барлық қылығыма төзетін,

Өмірдегі сен ғанасың, түйірім.

Ботам деген сөзіңнен қуат алам,

Сенің әрбір деміңнен жылу алам,

Мен сені барлық өлеңдерімнің,

Шумақтарынан құрап алғам,

Тармақтарынан тартып алғам.

Сенсің – арман,

сені барлық нұрдан мен құрап алғам,

Мөлдіреген көзімнен мұңдалатып,

Мен өзіңді дұғаммен сұрап алғам.…

Біз жүрген жер – махаббат аллеясы,

Көкжиектей бұл саябақ соңы, басы.

Бір тілерім: ешқашан бітпесінші,

Мен жазатын махаббат хикаясы.

Гүлжанат КЕМЕЛБЕК,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

***

Көрініс көпті бөлек етіп тұр,

Уақыт сәтке дамылдап.

Ақын аруға өлең оқып тұр,

Алатау оны бауырға ап.

Жауап қатады, сыр күткеніне –

Сезім – ең үстем таптағы,

Арудың қонып кірпіктеріне,

Тәңір-әкемнің хаттары.

Хамит ақынның жағалауында,

Бақпенен баппен барамыз.

Қоңыр күз – ұшқан шағала-мұң да,

Жүректе – көктем, дала – қыс.

Көңілім егіз аппақ әлеммен,

Келмейді оны таптағың.

Үзіліп түсіп жатқан өлеңмен,

Келеді сәтті сақтағым.

Дауысы бір сәт бәсеңдеп мұңның,

Секілді әлем – пәк өлең!

Сөзсіз мәнін ұқ, көздегі сырдың:

«Ай сұлу бүгін және мен».

Қарақат ҒАЙБИРАН,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

Өзге жандар

Бәрі дерлік өзгерген бұл заманда,

Үлкен, кіші әдептен құр қалған ба?

Түтіні қалың болған үлкендерді,

Кішілер ізеттікпен сыйлаған ба?

Өмір солай, адам солай қайтерміз?

Болмайды-ау тағдырымыз қатесіз.

Судың да сұрауы бар дегенмен,

Ойлама қалармын деп есессіз.

Дейді екен бірін ұзын, бірін қысқа,

Қара дақтан жеті метр алыста.

Өзгелердің керек емес мылжыңынан,

Барынша өз бойыңды алыс ұста.

Қоғамда көп бос сөз нақты дәлел жоқ,

Сен туралы өсек сөздер өрер көп.

Төмен ойлап, төмен түсіп еденнен,

Сөзге ерме, ондай жаннын берері жоқ.

Бибінұр РАХЫМБАЙ,

Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғарғы коледжінің студенті.

Не екен ол?

Бір саралап, бір талғауға ап көрмеппін.

Бір қызығын, не азабын сезбеппін.

Не екен ол, қызық па екен, ащы ма?

Тәтті ме, әлде малынам ба жасыма?

Құр көкейде есірткі ме кетпейтін?

Зәмзәм су ма шөлдегенде дерттейтін,

Улы алма ма көзбояған әдемі?

Таңсық емес маған бұның әлемі.

Жауап берді, ауру дейді шипасыз,

– Иллюзия, ертегі, жоқ пайдасы.

Байланасың жіпсіз бейбақ пендеге,

Түсінбейсің кайда адастым мен де деп.

Басқаны қой, осы қызықтырмасын,

Табасың ғой, әлі өмірің алда шын.

Нұрайна СЕРІК,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

Дүние

Алма кезек алмасады ғасырлар,

Талай пенде орныменен ауысар,

Тоқтап қалмас дүниенің жылжуы,

Алма кезек бұл дүние жалғасар.

Зымырайды сағаттар мен минуттар,

Зулап ағар олар-дағы тездетер.

Ағып барад әр секундың тоқтамай,

Көзді ашып- жұмғаныңша тез өтер.

Кейде бірақ ойға батам тереңдеп,

Дүниенің мәні неде екен деп.

Қу тіршілік өз ырқына көндірер,

Ақылсыз адамдарды жазалап.

Ойлаңсаңшы, әй, ақымақ, пенделер,

Ертең деумен өтеді ғой көп күндер.

Уақыт сені тоспайды ғой сәттерде,

Жалқаулықтың торына әр кез кезігер.

Туады әлі өкінетін көп күндер,

Кеш екенін түсінетін кез келер.

Әттең, бірақ уақыт бізді тоспайды,

Судай ағып ол өзінше жалғасар.

Бұл дүние – жалған, білгенге,

Жақсы атпен танылсаң сен егер де,

Ұмытпағың, бәрі уақытша екенін,

Көкірек керіп өзгелердей жүргенше.

Өмір кеме, уақыт атты теңізде,

Кімдер келіп, кетпеді дүниеге,

Жақсы ат пен игі істі қалдырғын,

Бос уақытты құр жібермей фәниде.

Аружан ОРЫНБАЕВА,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

Көктемге арнау

Мен көктемге ғашықпын, қатты күтем!

Тіршіліктің тірілгені шаттық екен,

Күн ұзарып, түнерген түн қысқарса,

Кешкі серуен, сыр бөлісер шақты күтем!

Мұз ерісе, сіркіреп аппақ жауын,

Айнала гүлдер жайнап жатса бауым.

Өңі кеткен ағаштар бүршік атса,

Көгеріп құлпырады ақша тауым.

Табиғаты көктемнің бойымды алған,

Менде сондай сезімге тойып алғам,

Мезгіл жетсе, өзім іштей бақыттымын,

Көктем десе, сезімді ойыма алам.

Көк қураса, көктемді сағынамын,

Білем, сезем сыйы көп табылатын.

Өйткені мезгілдерде сезеді ғой,

Адамзаттың өздерін сағынарын.

Найзағайын, құбылған ауа райын,

Көктемнің қатал тұсы санамаймын.

Қызғалдағын жиямын сан құлпырған,

Төпеп жауған жаңбырға қарамаймын!

Сымбат ҚҰРМАНАЙ,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

Пікір үстеу