
Тәрбие – ұлт болашағы
Қай заманда да халықтың қуаты экономикасымен ғана емес, рухани болмысымен, адамгершілік құндылықтарымен, өскелең ұрпағының тәрбиесімен өлшенген. Ұлттың ертеңі – оның жастары десек, сол жастардың қандай азамат болып қалыптасуы, ең алдымен, тәрбиеге байланысты.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары қоғамда үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің, мейірім мен жанашырлықтың әлсіреп бара жатқаны туралы алаңдаушылық жиі айтыла бастады. Бұл мәселе кездейсоқ пайда болған жоқ. Оның астарында отбасы институтының өзгеруі, цифрлық технологиялардың ықпалы, ұлттық тәрбиенің әлсіреуі және рухани құндылықтардың кейінгі орынға ысырылуы секілді күрделі себептер жатыр.
«Ұлым, ешкімге орын берме!..»
Жақында қоғамдық көлікте болған бір оқиға еріксіз ойға қалдырды.
Таңертеңгі қарбалас уақыт. Қоғамдыө көлік – автобус іші лық толы. Жолаушылар арасында егде тартқан әжелер мен аталар да бар. Орындықта отырған мектеп жасындағы балаға бір азамат:
– Балам, үлкен кісіге орын бергенің абзал болар… – деп ескерту жасады.
Алайда баланың анасы:
– Ұлым, отыр! Ешкімге орын беріп керегі жоқ! – деп тақ етті.
Жолаушылардың біразы мұндай сөзге таңданысын жасыра алмады. Әлгі азамат реніш білдіргенімен, әйел өз сөзінен қайтпады.
Бір қызығы, осы сәтте баланың ұяты оянғандай болды. Анасының «Ешкімге де орын берме!» дегеніне қарамастан, үнсіз орнынан тұрып, әжеге ұсынды.
Бұл – бір қарағанда күнделікті өмірде кездесетін қарапайым ғана оқиға. Бірақ оның астарында бүгінгі қоғамның ең өзекті бағыты – тәрбие мәселесі жатыр.

Адамгершілік дағдарысы неден басталады?
Соңғы жылдары қоғамдық орындарда үлкенге ізет көрсету, кішіні құрметтеу, көмек қолын созу сияқты қарапайым адами қасиеттердің әлсіреп бара жатқанын жиі байқаймыз.
Көшеде үлкен адамдарды қағып кетіп, артына бұрылып қарамайтын жастар көбейді. Қоғамдық көлікте құлағына құлаққап тағып, телефонына телміріп отырған жеткіншектердің арасында егде жастағы адамдарға орын беру бұрынғыдай қалыпты құбылыс болмай барады.
Кейбір жастар амандасудың өзін артық көреді. Көрші-қолаңмен араласу азайды. Үлкендердің батасын алуға, ақылын тыңдауға деген құлшыныс әлсіреп келеді.
Әрине, мұның бәрін бір ғана жастардың кінәсі деп қарауға болмайды. Өйткені бала – қоғамның емес, ең алдымен отбасының айнасы.
Белгілі педагог Василий Сухомлинский: «Бала тәрбиесі ата-ананың өзін тәрбиелеуден басталады», – десе, қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деп қарапайым қағидаттарды әлдеқашан алға тартқан. Жоғарыдағы оқиға автобустағы орын туралы ғана емес еді. Бұл – тәрбие, ар, ұят, қоғамның бүгінгі ахуалы туралы еді.
Тәрбиедегі құлдырау неден басталады?
Қазіргі қоғамда адамгершілікке қатысты қарапайым ұғымдардың өзі әлсірей бастағандай. Автобуста орын бермеу, амандаспау, үлкен кісіге көмектеспеу, мұғалімді сыйламау, ата-анамен сырласпау, әлеуметтік желіде біреуді кемсіту, көшеде қағып кетіп, артына қарамау – бұлардың барлығы бір қарағанда ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда осындай ұсақ нәрселерден үлкен мәселелер туындап жатады. Ал адамның мәдениеті мен адамгершілігі дәл осындай қарапайым қарым-қатынастардан-ақ айқын көрінеді.
Бала кімнен тәрбие алады? Қазақ халқы: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – деп бекер айтпаған. Баланың алғашқы ұстазы – анасы. Алғашқы мектебі – отбасы. Алғашқы кітабы – ата-анасының мінезі.
Кез келген бала үлкендерден көргенін қайталайды. Сондықтан қоғамдағы көптеген мәселелердің бастауы отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Шындап келсек, бала біздің ақылымызды емес, ісімізді қайталайды.

Телефон «тәрбиесіндегі» балалар
Бүгінде көптеген отбасыларда ортақ әңгіме азайды. Әке – телефонда. Ана – телефонда. Бала – телефонда.
Бір шаңырақ астында өмір сүргенімен, рухани тұрғыдан бір-бірінен алыстап бара жатқан отбасылар көбейді.
Бұрын бала атасының әңгімесін тыңдайтын. Әжесінің ертегісімен ұйықтайтын. Уақыт тауып, кітап оқитын. Қазір TikTok, Instagram, YouTube тәрбиелейтін заманға әбден ендік.
Жалпы, технология білім бере алады. Оған сөз жоқ. Бірақ ол толыққанды адамгершілікке үйрете алмайтыны да хақ. Жасанды интеллект дегеніңіз ақыл-кеңес ұсынып, бағыт-бағдар бере алады. Бірақ ол сана-көкірекке терең ұя салатын мейірім мен ізеттілікті қалыптастыра алмайды.
Мысалы, ұлы Абайдың бүкіл философиясының өзегі адам тәрбиесіне келіп тіреледі. Ол кемел адам бойында үш қасиет қатар болуы керек деп нақты атап көрсетті: Ыстық қайрат; Нұрлы ақыл; Жылы жүрек. Бүгінде ақыл да, білім де жеткілікті-ақ. Бірақ жылы жүрек жетіспейтіндей күйдеміз.
Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «Ұят кімде болса, иман сонда» – дейді.
Шындығында, бүгінгі қоғамдағы көптеген рухани мәселенің бастауы ұят сезімінің әлсіреуінен туындап отырған жоқ па?
Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы адам өміріндегі ең биік өлшем ретінде ар мен ұжданды қарастырғаны мәлім. Ол: «Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл» деген үш ұғымды адам өмірінің негізі санады.
Өкінішке қарай, қазіргі күні біз заңнан қорыққанымызбен, ұяттан қорқуымыз тым азайып бара жатқандай. Заң дегеніңіз – сыртқы бақылау. Ар мен ұждан – ішкі бақылау. Соңғысы әлсіресе, басқасын жауып қойыңыз.
Шәкәрім армандаған арлы қоғам адамды сыртқы қысыммен емес, ішкі жауапкершілікпен тәрбиелеуге негізделген еді.
Мағжанның ой-пайымдарына келейік. Қазақ педагогикасының негізін қалаған Мағжан Жұмабаев: «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының тәрбиесімен тәрбиеленуге міндетті», – деген түйін осы Мағжан ақындыкі.
Әлбетте, бүгінгі балаларымыз бірнеше тілді қатар меңгеріп жүр. Технологияның тілін де игеруде. Күнделікті тірлікте жасанды интеллектіні пайдалануда.
Бірақ ұлттық мінез бен адамгершілікті, үлкенге ізет пен кішіге қамқорлықты, амандасу мен сыйластықты үйретуге жеткілікті көңіл бөліп жүрміз бе? Тағы да төмен қарап, күмілжиміз.
Мағжан пайымдарының өзегі сол: тәрбие – маман даярлау емес, адам тәрбиелеу болатын.

Отбасы институтындағы өзгерістер
Бұрын бірнеше буын бір шаңырақ астында өмір сүретін. Ата – ақылшы. Әже – тәрбиеші. Әке – қорған. Ана мейірімнің символы.
Қазіргі урбанизация, технологияның дамуы, өмір ырғағының өзгеруі отбасы құрылымына да кері әсер етті. Өкінішке қарай, ажырасулар көбейді. Толық емес отбасылар саны артты. Ата-ананың жұмысбастылығы күшейді. Осылардың салдарынан балалар мен ата-аналардың рухани алшақтығы байқала бастады.
Оның үстіне материалдық құндылықтар рухани құндылықтардың алдына шықты. Балаға қымбат телефон алып беру оңай. Ал онымен сырласуға уақыт табу қиындап кеткендей.
Мұғалім беделінің әлсіреуі
Кезінде ұстаз сөзі заң саналатын. Әрдайым солай болуға тиіс, жалпы. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір ата-аналар өз баласының қатесін мойындаудың орнына мұғалімнен кінә іздеуге бейім-ақ. Осының салдарынан бала жауапкершіліксіз болып өсетіні даусыз. Ал жауапкершіліксіз ұрпақ ертең қоғам алдындағы азаматтық міндетін де сезінбейтін болады.
Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды», – деген. Ал тәртіптің негізі – мықты тәрбие.
Дамыған мемлекеттер ең алдымен адам тәрбиесіне көңіл бөледі. Мысалы, Жапонияда балаларға кішкентайынан бастап үлкенді сыйлау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жауапкершілік пен қарапайымдылық үйретіледі. Өйткені технология қаншалықты дамығанымен, адамгершілік болмаса, өркениеттің де ғұмыры ұзақ болмайды.
Ұяттан заңға көшкен қоғам
Бұрын қазақ: «Обал болады», «Сауап болады», «Ұят болады» деп өмір сүрді. Бүгінде: «Ешкім көрген жоқ», «Ұсталмасам болды», «Маған бәрібір» дейтін құрдымға жетелер кереғар түсініктер бой көрсете бастады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Заңнан қорыққан адам уақытша ғана тоқтайды. Ал ар мен ұяттан қорыққан адам жамандықтан өмір бойы аулақ жүреді.
Бізге қандай ұрпақ керек? Меніңше, бізге бірнеше тілді білетін, бірақ анасын сыйламайтын ұрпақ керек емес.
Бізге жасанды интеллектіні меңгергенімен, үлкенге орын бермейтін жастар қажет емес.
Бізге ең алдымен мейірімді, арлы, ұятты ұрпақ керек. Дана Абай аңсаған толық адам, Шәкәрім армандаған арлы азамат, Мағжан көксеген ұлттық рухы биік ұрпақ қажет.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – дегенді Мұхтар Әуезов бекер айтқан жоқ. Ұлттың болашағы экономикалық әл-ауқаттан бұрын – тәлім тәрбиеде. Заңнан бұрын – ар-ұятта. Технологиядан бұрын – адамгершілікте. Ал мемлекеттің ең басты байлығы – қазба байлықтары емес, арлы азаматтары.
Бұрын бір баланы тұтас бір ауыл тәрбиелеп келсе, қазіргі «тәрбиеші» – телефон.
Ойшыл ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Қазақтың бір Әжесі – бір университет» десе, қазір оның да мәні мен маңызы жойылып барады.
Ұлттың ертеңі мектептен бұрын – бесікте, заңнан бұрын – отбасында, қоғамнан бұрын – ата-ананың жүрегінде қалыптасады.
Тәрбие әлсіреген жерде рух әлсірейді. Ал рухы әлсіреген қоғамның болашағы бұлыңғыр болмақ.
Үлкенін құрметтеп, кішісін ізеттеген, мейірім мен адамдық қасиетті бәрінен жоғары қойған халықтың рухы ешқашан аласармайды. Адамзат өркениетіндегі барлық жаңалықтардан да қымбат, барлық технологиялардан да биік, барлық байлықтардан да асыл бір ғана құндылық бар болса, ол – Тәрбие.
«Тоқта!» деген уақытылы айтылмаса, кейін тым кеш болады!
«Қазақта «бетімен кеткен» деген жазғыру бар. Бетімен кеткенді бірде болмаса, бірде бетінен қағып, жөнге келтіруге болады. Ал «жүгенсіз кеткен» деген сөз мүлде тәрбиеге келмейді, илікпейді дегенді білдіреді». Бұл – қырық жылға таяу мектеп басқарып, бала тәрбиесінің қырық атанға жүк боларлық бүкіл машақатын басынан өткерген Зекебай Солтанбайұлының сөзі.
Қайсыбіреулердің іс-әрекеті мен сөздеріне қарап бүгінгі қоғамымыз «жүгенсіздіктің» ордасына айналып бара жатқандай шошынасың.
Өткенде еліміздегі әлеуметтік желілерде бір жағымсыз ролик тарады. Сол бейнероликтегі жігіттердің біразын мен танимын. Танығанда, алты аласым, бес бересім жоқ әрине, тек республикалық теле-арналар арқылы ғана танимын. Осы жастардың біразын көпшілігіңіз де солай білесіздер деп ойлаймын. Бұлар бұрынырақ идеологиялық майданның басты құралы саналатын теле-арналардағы біраз хабардан жиі-жиі жылтыңдайтын-ды. Қазір не істеп, не қойып жүргенінен хабарым жоқ, рас. Тек желіде кілең былапыт, боқтық сөзден тұратын бейнетүсірілімдерден көріп, жағамды ұстадым. Мұндай тірліктеріне қарағанда, жүгенсіздіктің жолына басыбүтін ойысқан болар деп те ойлайсың. «Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ» осындайлар құндылықты насихаттаушы теле-радио құралдары арқылы жұртшылық алдына неге шығуы керек? Бізде неге жүгенсіз ақпарат-контенттерге жиі жол беріледі? Тәрбие һәм адамгершілік құндылықтары қайда қалды?
Бетімен кеткен балаға «Тоқта!» деген сөз уақытында айтылмаса, кейін тым кеш болады! Тоқтау, тыйым жасалмаса, мұндай сорақылықтар тамыр ала береді.
Соңғы уақыттары қоғамдық ұйымдар болып бас біріктіріп, біздің өңірдегі білім және тәрбие орындарымен тығыз байланыс орнатып, келісім жасап, «Рух жорығы» деген жобаны жолға қойып, жеткіншектермен жұмысты жүргізіп-ақ келеміз. Қарапайым адами құндылықтар аяқасты болып жатқан осынау кезеңде жас ұрпаққа ұлттық құндылық пен рухты сіңіру, тәрбиені бекем ету, жақсылыққа жетелеу үшін үлгі-өнеге көрсету оңай шаруа емес. Ұғатындар бар, қасақана ұққысы келмейтіндер көп. Бетімен кеткеннің белгісі сол, болашаққа бағдар, үлгі болады дегендей, дұрыстықты айтып, жөн-жосықты үлгі ретінде көрсетіп жатсаң, бетіңе бажырая қарап, жақтырмайды осы күнгі жеткіншек-жастар.
Асыл ӘБІШЕВ.
