Pavlodar, KZ
11°
Ясно

«ТОЛАҒАЙ ТАБЫС ТІЛЕЙМІН, ТӨРКІН ЖҰРТЫМ!»

Еліміздің түкпір-түкпірінде  қызмет етіп, балалықтың шыбық тайын мініп өскен жерлес тұлғалар жайлы ұмытпауымыз керек. Иә, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас»,- деген тәмсіл бар. Қасиетті даламыздың, туған өлкеміздің қадірін сыртта жүргенде сезінесің. Ендеше, бүгінгі кейіпкеріміз облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан, Қара Ертістің қайсар қызы – Рысты Мағауияқызы Жұмабекова болмақ.

-Армысыз. Ел-жұртыңыздың ыстық ықыласын қабыл алыңыз. Әңгіменің әлқиссасын аман-саулықтан бастасақ.

-Қош көрдік. Әуелі Алла, содан кейін ел-жұртымның тілеуімен жүріп жатырмыз. Жаратуышымыздан елімізде үнемі осындай бейбіт күн болса екен деп тілеп отырамын. Өтпелі кезеңнің қиындығынан бек аман шығып, ақар-шақар қауышатын күнге жетсек екен.

-Бүгінгі таңда ақпараттық технологияның қарқынды дамыған тұсында жаңалықтан құр қалу мүмкін еместігі түсінікті. Айшылық алыс жерде емессіз. Дегенмен де, сұрағым келіп тұрғаны – төркін жұртыңыздың тыныс-тіршілігінен хабардарсыз ба?

-Иә, айналайын, Павлодардың тыныс-тіршілігі, күнделікті күйбең тірлігі менің назарымда. Туған-туыстарым сонда. Жақын достарым мен кезінде қызметтес болған әріптестерім бар. Хабар-ошар үзілген емес. Барлығымен күн ара хабарласып отыратын жайым бар. Бір сөзбен айтқанда шағын Отаныммен байланыс бір сәт үзіліп көрген емес. Жүрегімнің төрінен орын алған төркін жұртымда болып жатқан игі істерді, жағымды жаңалықтарды естігенде марқайып қаламын. Өмір болған соң жайсыз жағдайлардың болып тұратыны да заңдылық қой. Ондайда көңілім құлазып, бойымды кәдімгідей ауыртпашылық билеп, налып отыратын кездер де жоқ емес.

Өзің жақсы білесің ата-бабамның мәңгілік мекені сол топырақтан бұйырған соң, жиі марқұмдардың басына барып, зиярат ету пенделік борышым. Жатқан жерлері жарық болсын. Алла амандығын берсе шілде айында демалысымды алып Исабек ишан, Жандарбек қожа, Мәшекеңдер жатқан киелі жерлерді тағы бір аралап қайту жоспарымда бар.

-Бәрекелді. Дегеніңізге жетіңіз. Енді біртіндеп қоғам мәселелеріне қарай ойыссақ. Басқасын қайдам, дәл Ертістің Павлодар өңіріне қосқан Сіздің еңбегіңіз өлшеусіз екені ақиқат. Облысымыздағы идеологиялық саясаттың тізгінін ұстадыңыз. Күрделі жұмысқа қорықпай білек сыбанып, бұқарамен етене жақын араластыңыз…

-Енді бұл әркімнің ел алдындағы міндеті шығар. Десе де, аз ғана еңбегімді елеп, жоғары бағалап жатқаныңызға қуаныштымын. Тіпті, мұндайда рақмет деудің өзі қиын екен.

Шынымен де артында кешегі күннен естелік болатын бір із қалып жатса адам баласы өзін бақытты сеззінеді. Құдайға шүкір, мен өзімді сондай бақыттылар қатарынанмын деп ойлаймын.

Жұмабек, Сіз жақсы білуге тиіссіз, пенде болған соң адам баласының арманы бітпейді. Арман – бұл әр адамның қиялы мен қалауынан туған биік шың. Ол адаммен бірге өзгеріп отыратын, өмірімізді ынталандыратын күш. Мен де ет пен сүйектен жаралған соң кей-кейде қиялға берілемін. Өткен-кеткенді сүзгіден өткізіп, бүгінімді бағамдаймын. Болашаққа көз жүгіртемін. Сондай шақтарда егер маған тағы бір мүмкіндік беріліп жатса мен ең әуелі ұрпағымыздың бойындағы отансүйгіштікті қалыптастыратын патриоттық тәрбиеге ерекше мән берер едім. Бұл істі бала-бақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін үздіксіз этаппен жүргізу керек деп санаймын. Бүгінгі жаһандану заманына жұтылып кетпейік десек осыны қолға алуымыз керек.

-Сөзіңіз ауызыңызда, бүгінгі таңда, әттең-ай, мына жұмысты жетесіне жеткізе алмай кеттім-ау деген сәттеріңіз бар ма сонда?

-Несін жасырамыз, өскелең ұрпақтың заманауи тәрбиесіне қарап қарның ашады, болашағын елестетсең бойыңды қорқыныш билейді. Бұдан шығатын қорытынды біз ғаламтор, теледидар, әлеуметтік желі сынды ақпараттық технологиядан безінбеуіміз керек. Ол керек. Керек жерінде пайдалансаң болғаны. Ал, бүгінгі бала-шаға оны кәдесіне тиімді жаратып жатыр ма?! Қазіргі ұрпақты ата-баба дәстүрі, тарихы, шежіресі қызықтыра ма? Түрлі гаджетке үйір бала оны керек қыла ма? Міне, осы мәселе маған маза бермей жүр. Бұдан кейін қандай патриоттық сезім туралы айтуға болады? 

Отанға деген махаббат, туған жерге деген адалдық, достық, ғашықтық сезім, мансапқа құмарлық, сатқындық сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұғымдарға қарсы шыққан Сұлтан Бейбарыстың бойындағы қасиетке қызыққан бала бар ма? Келешек алдында бәріміз жауаптымыз. Мен облыста қызмет еткен шақта бүгінгідей рухани құндылығымызды насихаттауға айтарлықтай көңіл бөлінбеді. Бұл ақталу емес. Өмір шындығы. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан тайғанақтамай өту басты арман еді ғой. Шүкір, өттік. Оны қазбалай бермей-ақ қояйын. Қиын кез еді ғой. Енді кешенің еншісінде кеткен есемізді қайтаратын кез келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бүгінгі күннің басты тақырыбына шығуының өзі тегін емес.

-Рысты Мағауияқызы, өзіңізге жақсы мәлім, қазір әлеуметтік желі кең етек жайды. «Бір атым насыбайға өкпелегендер» бұрынғыдай емес ішкі эмоциясын жақын адамына, досына емес осы жерге әкеп «төгеді». Ол өз кезегінде қоғамда қызу талқыға түсіп, ерінбегеннің бәрі «саясаткер» болғысы келеді. Солай ма?

-Бағзы заманнан атам қазақта сөзге тоқтау деген ерекше қасиет болған. Ешқандай аспирантура немес университетте оқымаған қайран бабаларым бір ауыз сөзімен ақылын айтып, адамның ала жібін аттамай, әділ шешім айтып ел билегені белгілі. Үлкенге қарсы тұрмай, кішіге ізет көрсеткен. Содан барып ұлтын ұлықтайтын ұрпақ сүйген, тәрбиелеген.

Жалпы, зайырлы қоғам зиялылықтан тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осындай құндылықтарымыздың негізінде жарияланған деп есептеймін. Мен бұл жерде бірін-бірі құрметтей білетін, сол сыйластықтың арқасында жарқын болашаққа қадам басатын елге айналуымыз керек деген қағиданы ұстанамын. Яғни, мемлекет бұқараның тұрмысын түзеуге жағдай жасауы керек. Ал, халық ел басқарған азаматтарға ере алса абзал. Қазақ қаһарманы Бауырдан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды»,- дейді. Бұдан асырып айту мүмкін бе?!

Сіз айтып отырған «саясаткерлер» шынымен елдің мұңын айтса, олар айтқаннан мәселе шешімін тапса мен де қуанар едім. Осы сәтте есіме түсіп отыр, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болған кезімде көптеген адамдар қабылдауға жазылатын, кездесулерге келгенде жеке бастың қамы емес, көпшілікті алаңдатқан сұрақтардың жауабын іздейтін. Уақтылы құлақ асып, мән-жайын зерттеп-зерделеп шам келгенше тығырықтан шығар жолды іздейтінбіз. Артық айтқандығым емес, жауапты органдарға қатаң талап қоятынмын. Ал ұсақ-түйекпен «табалдырық тоздырғандарды» көрген емеспін. Қоғам болған соң белсенділер болуы шарт. Тек тасада тұрып тас атпай, немесе дабыра қылып ұпай жинамай ақыл-парасатқа бой алдырған ғана мақсатына жететінін ұғыну керек. Осындайда қазақғымның «шын жыласа соқыр көзден жас тамар» дегені ойға орала береді екен. Қоғамға пайда әкелгің келе ме өзекті мәселені көтер, шамаң келе ме, шешудің жолын ізде. Сонда ғана халық алдында абыройың асқақтап, беделің биіктейді. Иә, бұл менің жеке ойым. Алайда мұнымен көпшілік келісетін шығар.

-Аз-кем гендерлік саясатқа ауыссақ. Сіз билікте болған нәзік жандылардың алдыңғы толқынының өкілісіз. Өзіңіздің жүріп өткен соқпағыңызды жалғайтын ізбасар дайындай алдыңыз ба? Кімдерді атап өте аласыз?

-Гендерлік саясат деген бұл өте қызықты тақырып. Мақтанбасқа тағы болмайды, қазақ қызы нәзік. Ал керек кезінде өжеттікті де, өткірлікті де көрсете алады. Тарихты парақтасаң көзің анық жетеді. Даналығымен ерекшеленген Зере, Гауһардай батырдың ізін басқан Хиуаз, Әлия, Мәншүк деп тізбектей беруге болады. Бүгінгі таңда саясат сахнасында жүрген қыз-келіншектер қаншама?

Өз басым азды-көпті қызмет сатыларынан өттім. Басқадай айтқанда тәжірибе жинақтадым, шыңдалдым. Егер әлі күнге дейін өздеріңіздей іздеу салып жатқан жерлестерім болып жатса уақытты босқа өткіздей ел есінде қалатын іс тындырған шығармын. Білмегенімді алдыңғы толқыннан үйрендім, үйренгенімді бауырыма басып «меншіктемей» замандас қыз-келіншектермен бөлістім. Кей-кейде өзім өткен соқпағыммен сәтті жүріп келе жатқан замандас, әріптес, сіңлілерім барына шаттанамын. Атап айтсам, әлеуметтік қорғау саласының «жілігін шағып, майын ішкен» қос бірдей ізбасарларым Хилуа Қазымқызы Кашкенова мен Гүлнар Әлімқызы Камалованың ұзақ жылғы тыңғылықты істеріне ризамын. Сондай-ақ, облыстық әкімдікте күрделі саланың оты мен кіріп, күлімен шығырп жүрген Тамара Витальевна Ильина, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Наталья Владимировна Нефедова, идеология саласында таптырмайтын маман Нұржамал Сағадатқызы Тышқанова сынды бірқатар нәзік жандыларды мақтан тұтамын. Әсіресе, білім беру және денсаулық  сақтау саласында көптеген қыз-келіншектер нәтижелі еңбек етуде. Енді олардың бәрін бірден тізбектеп шығу мүмкін емес. Біразымен әлі күнге дейін жақын араласып, сырласып тұрамын.

-Рысты апай, біраз дүниені қамтығандай болдық. Сізбен сұқбаттасуға қанша уақыт бөлсек те айтарыңыз таусылмасын жақсы білеміз. Ендігі жерде бұл жобамыздың аты айтып тұрғандай, елге деген ыстық сағыныш-сәлеміңізді жеткізсеңіз.

-Бағана да сөздің орайы келгенде айтып өттім ғой. Павлодар – менің шағын Отаным. Бабамның кіндік қаны тамған киелі орда. Барлық жерлестеріме дұғай сәлем жолдаймын. Еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін тілекші болып отыратынын жүрегіммен сеземін. Мұндай өлкені сүймеу мүмкін емес. Өскелең ұрпақ  жастарға бар жақсылықты тілеймін. Ел сендерге сенім артады, айналайындарым! Сенімді ақтаңдар. Өлкенің тарихын біліңдер, халқымыздың салтын сүйіңдер. Ұрпақ сабақтастығын сақтап, ертеңге аман алып барыңдар дегім келеді. Былтырғы жылы Президент Әкімшілігінің жұмыс тобы құрамында ұлан-байтақ еліміздің барлық облыстарын аралап шықтым. Аңғарғаным – біз әлі танып-білмеген қаншама тарих, қаншама киелі жерлер бар. Сол құндылықтарымызды насихаттау, жастар, сендерге аманат. Ешкімнің көңіліне келмесін, бірақ мен өзімді тұлға етіп өсірген Ертіс-Баян өңірін жердегі жұмаққа теңер едім. Елім аман, жұртым тыныш болғай! Толағай табыс тілеймін, төркін жұртым!

-Тұщымды әңгімеңізге рақмет. Жақсы күндерде жолыққанша!

-Айтқаның келсін, айналайын!

Сұқбаттасқан – Жұмабек Сманов

Добавить комментарий