Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына – 100 жыл

Ермек менен кіші болса да, екеуіміз туыс адамдай ойнап-күліп бірге өстік. Екеуіміз де Алматы консерваториясында бір ұстаздың қолында оқыдық. Содан бері театрда көптеген жылдар бойы бірге еңбек етіп келеміз. Сырымыз да бір, жырымыз да бір, достық әзіліміз де, інілік еркелігі де жарасқан сүйікті «Еркебайымыз».
«Еркебай» деп Мүсілім Абдуллиннің қойған аты. Жасы кіші, аға деп сыйлап бізге еркелеген соң және бұл еркелігі жарасып тұрған соң, біз де бетінен қақпадық. Өйткені Ермектің өзі де әдемі, өнері де әдемі, мінезі де соған сай жігіт еді.
Ермек – өнер үшін туған адам. Оның өнерге деген қабілеті де, табиғат берген қасиеті де өзінің замандастарынан оқшау, шоқтығы биік тұр. Дауысы әдемі, барқыттай жұмсақ сұлу баритон. Ермек өнер шыңына қырандай қалықтап тез көтерілген талант иесі. Міне, сол тұғырдан әлі түспей, елінің ойынан шығып, халқы сүйген әнші болып отыр.
Театр сахнасында Ермек ойнаған бейнелер өте көп. Қай операда болмасын басты рольдер Ермектің үлесіне тиді. Оған мысал ретінде «Ер Тарғында» – Тарғын ролі, «Аманкелдіде» – Аманкелді, «Абайда» – Абай, «Алпамыста» – Алпамыс, «Евгений Онегинде» – Онегин, «Севиль шаштаразысында» – Фигаро, «Ағайынды Ульяновтарда» – Владимир Ульянов, «Травиатада» – Жермонды айтсақ та жетіп жатыр. Бұл партиялардың әрқайсысы әр қилы болғанымен, Ермектің ойнауында әрқайсысы өз заманының, өз ғасырының ұлттық өрнегі мен бедері айқын дараланған соқталы бейнелер болып шығып, көрермен қауымды эстетикалық ләззатқа бөледі.

Өмірде кейбір артистер бір-ақ образбен көзге түседі. Сол жақсы шыққан бейне өмір бойы артистің атын шығарады. Ал, Ермек болса көп қырынан, алым-аясы кең диапазонымен көріне білген әнші-артист. Ермек ойнаған көп рольдер көркемдік жоғары деңгейге жеткен, ел аузында қалған сүйікті бейнелер.
Мысалы, Серкебаевтың Абайын алсақ, ол Р.Абдуллин тұлғалаған Абайдан тіптен басқа. Біз Абдуллин Абайы жөнінде аздап айтып кеттік. Абдуллин Абайы ойшыл, монументальдық тұрғыда шешілген Абай дедік. Ал, Серкебаев Абайы, сонымен қатар, оқымысты Абай, интеллигент Абай, ақыл-ой иесі Абай.
Ермек Абайды басқа бір қырынан көрсетуге тырысты. Онысы дұрыс та еді және ойдағыдай шықты да. Дала қызғалдақтарындай екі жасты дұшпандары өлімге байлап, енді болмаса өлтіруге дайын тұрған сәтте, Абай-Ермек сахнаға шыға келеді. Тап сол сәтте сахнаға жаңа бір леп келгендей, өмір жарығы енгендей болады. Залда отырған жұрт та кеудесін толтыра дем алып «Уһ» дейді. Өйткені, Абай келді – өмір келді, Абай келді – жарық сәуле енді деген үлкен идея анық көрінеді. Бұл ретте режиссердің ойы да, оны мүлт жібермей қаз-қалпында түсінген Ермектің ойыны да бір арнадан шығып, сәтті үйлесім тапқан.
Ермек қай рольді ойнамасын, сахнаға жаңа бір ой, өзіндік актерлік талғам әкелуге күш салатын өнерпаз суреткер.
Сол қасиеттерге Ермектің әдемі күмістей сылдыраған тау суындай таза дауысын қосқанда, есіңде мәңгілік қалғандай…
Серкебаев творчествосын әңгіме еткенде, «Севиль шаштаразысындағы» Фигаро партиясы алдымен тілге тиек болады. Неге десеніз Ермектің әншілік, актерлік өнерінің бір биігі – осы Фигаро. Ермектің даусына да, өнерінің шабытына да, артистік шеберлігіне де осы роль дәл кеп тұрған сықылды. Сондықтан да «Ермекке бақ болып қонған рольдердің бірі осы» дейді қайсыбір опера өнерінің мамандары мен қайраткерлері. Шынында да, Ермек сахнаға шыққанда, қаншама әндер айтсын, Фигароның каватинасын айтпаса, жұрттың ойы олқы тартып, көңілі толмай қайтады.
Бір кездерде «Евгений Онегин», «Чио-Чио-Сан», «Даиси» спектакльдері қазақтың ұлттық шығармасындай болып кетіп еді.
Міне, сол сықылды «Севил шаштаразысы» да Ермектің орындауында ұлттық опера туындысындай шығар-маға айналып кеткен. Бұл творчествоның ең жоғарғы сатысы. Шын ұлттық шығарма, барлық халыққа бірдей түсінікті деген сөз, міне, тап осы жерде айтылмақ.
Ермек-Фигаро сахнаға шыға келгенде, нажағайдай жарқ ете түседі. Сол сәттен бастап спектакльдің аяғына дейін Ермек залда отырған көрермендерді сиқырлап алғандай уысынан шығармайды. Халық спектакльдің басынан аяғына дейін бір-ақ деммен отырғандай күй кешеді.
Ермектің аса үлкен табыстарының бірі – «Тарғын» операсындағы Тарғын ролі. Бұл спектакльді сахнаға қойған кезімде Ермек Тарғын батырдың кім екенін өзі түсініп қана қойған жоқ, сонымен бірге спектакльдің жалпы көркемдік, сахналық шешіміне, менің режиссерлік идеяма көп көмектесті.
Дұрысында, артист тек өз ролін түсініп қана қоймай, сол спектакльдің жалпы ойдағыдай шығуына, режиссер шешімінің сахнада айқын көрініс табуына жәрдем бере білуі керек. Сондықтан да гәп сенің жеке өз басыңның жақсы ойнауыңда ғана емес, жалпы спектакльдің жақсы шығуында. Міне, осы тұрғыдан қарағанда Ермекпен сахнада жұмыс істеу жеңіл әрі өте қызық.
«Ағайынды Ульяновтарда» Ермек ойнаған Владимир Ульянов бейнесі тамаша жетістік, үлкен табыс болып шықты. Өйткені, опера сахнасында Лениннін бейнесін жасау аса көп творчетволық ой-қиялды қажет ететін, шеберлікке сын болатын өте күрделі жұмыс. Ал, Ермектің тұлғалауында Владимир Ульянов бейнесі сәтті шықты деп айта аламыз.
Ермектің сахнадағы өмірі қызықты да жемісті. Ермек – бүкіл Советтер Одағына, көптеген шет елдерге өз туған халқының өнерін көрсетіп, «Менің қазақ деген халқым бар, мен – соның өкілімін» деп ауыз толтыра айтып, өнерін паш еткен адам.
Ермектің барқыттай жұмсақ баритон дауысын Румыния, Пәкістан, Индонезия, Қытай, Бельгия, Франция, Швейцария, Чехославакия, АҚШ, Швеция, Үндістан, Канада, ГДР, Польша, Югославия халықтары естіп, қайран қалған.
Осы елдерде Ермек қазақтың халық әндері мен совет композиторларының әндерін шырқап, еліміздің өнерін шетел халқына таныстыруда көп еңбек етті. Ермек халық әндерімен қатар совет композиторларының ән-романстарын да, сондай-ақ орыс және классик композиторлардың шығармаларын да бірдей тамаша айтады.
Ермек өнеріне таң қалған Швецияның «Сэффие-Тиднинген» газеті «…Серкебаев тамаша концерттің шын мәніндегі алтын қарқарасы болды. «Севиль шаштаразысындағы» Фигароның каватинасы ешқашан да ұмытылмас әдемі әсер қалдырады. Ермек Серкебаевтың артистік шеберлігі мен ғажайып баритон даусы каватинаны мүлдем айшықтандырып жіберді» деп жазды.
Швейцарияның «Трибпен де Женев» газеті: «…Ермек Серкебаев өзінің әдемі даусын жақсы меңгереді. Талант қырының кеңдігі сондай, артист опералық репертуардан бастап, халық әндеріне дейін келістіріп орындайды» деп тамсанды.
Францияның « Экон дю сантр» газеті: «…Бұл – шын мәнінде нағыз жаңалық болды. Біз әлі күнге дейін онша таныс емес халық өнері мен социалистік жетістіктерін айрықша көрсететін үлкен өнермен танысу мүмкіндігіне ие болдық…», – деді.
Міне, Ермек өнеріне қол шапалақтаған дүние жүзі халықтары осылай бағалады.
«Мен асқақ әндерді өз репертуарыма көп енгіземін. «Жиырма бес», «Сұрша қыз», «Сырымбет», Абайдың тағылымды кең тынысты әндері бірден-ақ көпшілік жүрегін баурап алады. Сондықтан да болар, концерт залдарына жиналған жұрт ұйып тыңдайды. Осындай халық әндерінің әсер етер қуатын жаныңмен сезінген сайын құштарлықпен, өзгеше бір сергектікпен айтуға тырысасың. Халқымыздың өнерін шет жұртқа жеткізуге қосқан үлесіңе, өз еліңнің алдындағы азаматтық қызметіңе мақтанасың. Туған халқыңның өнерлі ұлы болғаныңа бойыңды мақтаныш билейді». Бұл – елін сүйген, халқының өнерін дәріптеген Ермек Серкебаев сынды ел азаматының жүректен шыққан лебізі.

Біз шетел газеттерінде жарияланған Ермек өнері жөніндегі пікірлерден бірер үзінді келтірдік. Мұндай пікірлер өз елімізде де, басқа елдерде де көп. Бірақ бұған Ермек масаттанбайды, қарапайым кәдімгі өзіміз жақсы көретін «Еркебайымыз» боп қана жүреді.
«…Осы сенің өнеріңді халық неге жақсы көреді, не себептен атағың дүние жүзіне жайылды?» деген сұраққа Ермек былай деп жауап берді: «Менің атымның шығуына себеп болған Шәкен ағамыз. Ол кісі мені екі рет музыкалық кинокомедияға түсірді. «Біздің сүйікті дәрігер» және «Ән шақырады» атты кинолар арқылы мені көп жұрт таныды. Кино деген артистерді халық алдында дәріптеуде үлкен орын алады ғой. Ол үшін Шәкен ағаға мың да бір рахмет».
Міне, Ермек зор абырой-атаққа «Өзімнің өнеріммен ғана, талантыммен ғана жеттім» демей, аз да болса ағасының көрсеткен жәрдемін ұмытпайды. Бұл үлкен қарапайымдылықтың, мәдениеттіліктің белгісі. Шынында да Шәкен Ермекті өте жақсы көрді. Ермек те Шәкенді туған ағасындай, ал Шәкен болса оны туған інісіндей сыйлады
Шәкен өнер адамдарын, оның ішінде дарын иелерін қатты бағалаушы еді. Сондықтан да өзінің «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады» атты кино-фильмдерінде көптеген өнер қайраткерлерінің даусы мен жанды бейнесін пленкаға түсіріп, мәңгілік қалдырып кетті.
Расында да үлкен талант иелері біріне-бірі қызғаныштық жасамай, қайта бірін-бірі мақтаныш етіп, аға-іні тұтып өнерінің өсуіне көмек беріп отыруы – үлкен адамгершілігі, азаматтық қасиет емес пе?!
Кейбіреулер Ермек өнерін, оның европалық мәнерде айтатын дауыс ырғағын түсіне бермейді. «Ермек әнді қазақша емес, орысша айтады» демек болады. Бұл пікірге атымен қосылуға болмайды. Ермек – өз заманының, өзінің өскелең халқының әншісі. Ол – қазаққа да басқа ұлтқа да операда болсын, эстрада да болсын, бірдей түсінікті, сүйікті әнші.
Ермек – Қазақ елінің және сонымен қатар бүкіл Кеңес халқының сүйікті әншілерінің бірі. Сондықтан да оның өнері кезінде жоғары бағаланып КСРО халық артисі деген құрметті атаққа ие болды. Сондай-ақ ол КСРО мемлекеттік сыйлығы мен Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Ермектің әлі де көп жылдар бойы халқына аянбай еңбек ететініне күмәніміз жоқ.
Кәукен Кенжетаевтың «Асылдар мен ардақтылар» кітабынан (Алматы, «Өнер» баспасы, 2002 жыл)
