
Мәшһүртанушы, С. Торайғыров университетінің профессоры, ф.ғ.д., ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы және Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Айтмұхамет Қасымбайұлы Тұрышев мерейлі 70 жасқа толды.
Адам ғұмыры алыс асуға бет алған көш іспетті. Уақыт өткен сайын көкжиек кеңейіп, өмірдің мәні айқындала түседі. Жетпістің биігіне ойы сергек, рухы асқақ күйде көтерілген профессор, ғылым докторы Айтмұхамет Тұрышев тұлғасынан осы бір тереңдік сезіледі.
Жетпіс жасқа келгенде көп адам өткенін түгендеп, тыныштық іздейді. Ал Айтмұхамет аға үшін бұл жас – ізденістің жаңа белесі. Оның: «Жетпіске келсем де сана іздеп жүрмін» деген сөзі – өмірлік ұстанымының өзегі. Бұл жай сөз бе екен. Жоқ. Берік байлам. Тіпті, тұтас ғұмырдың түйіні. Өйткені адамның кім екенін оның өмірбаяны емес, өмір бойы іздеген дүниесі айқындамақ. Біреу дәулет іздейді. Біреу даңқ іздейді. Біреу мансап іздейді. Ал сана іздеп өткен адамның жолы сара, жөні бөлек.
Айтмұхамет Қасымбайұлының ғұмыр сапары Таңсықтың топырағынан басталған. Қазақ даласының кейбір ауылдары картадағы ноқат болып көрінгенімен, шын мәнінде, олар тұтас бір рухани кеңістікті қамтып жатыр. Таңсық – сондай мекендердің бірі. Арғы жағында Барқытбелдің сілемдері көгереді. Бергі жағында Аягөз ағады. Ал ауылдың қарсы алдында ғасырлардан жеткен үнсіз мұңдай болып Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күмбезі тұрады. Бала Ахмет сол күмбезге қарап өсті. Өзге балалар үшін ол көне мазар ғана болса, бұның көңілінде ол мол мағынаға ие еді.
Қазақ баласының тағдырында кейде туған жердің өзі алғашқы ұстаз болады. Айтмұхамет ағаның алғашқы ұстазы да сол дала-тұғын. Сол дала оған тарихтың үнін тыңдауды үйретті. Сол дала оған сөздің салмағын сезінуді үйретті. Кейін ғылымға келгенде ол лиро-эпостық жырлардың сөз ләмін емес, жырды тудырған халықтың жанын зерттеуге ұмтылды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» – көп адам осы жырлардың мазмұнына өзек болған махаббат машақатына қызығады. Ал Айтмұхамет аға олардың тіл әлеміне үңілді. Жырдағы әр сөздің астарында ғасырлар таңбасы тұрғанын көрді. Әр теңеудің ар жағында халықтың дүниетанымы жатқанын таныды. Әр тіркестің ар жағында көшпелі өркениеттің ізі жатқанын аңғарды. Содан бастап оның ғылымдағы жолы сөздің сыртқы сипатынан гөрі ішкі меніне қарай бет бұрды. Ғалымның өзіне салса былай деп тұжырым етеді: «Біз өзімізді сөз арқылы табамыз. Сөз – ұлттық танымның кілті».
Айтмұхамет Тұрышев ғылымды көп сұрақ қоя білу және сұраққа жауап іздеу өнері деп түсінетіндей. Сөздің түбі қайда жатыр, ұғым қалай қалыптасты, халық неге осылай ойлайды – осындай сұрақтар оны терең зерттеулерге жетеледі. Оның пайымынша, ғылым – ұлт жадында ұмыт болған дүниелерді қайта тірілтетін рухани көпір. Бұл жол ауыр болғанымен, әрбір ізденіс ойды байытып, рухты шыңдайды.
Жырларды зерттеуге арналған жанкешті жылдардан кейін ғалымның тағдыры Мәшһүр Жүсіппен тоғысты. Әр адамның ғұмырында өз тағдырын өзгертетін бетбұрыс болады. Кейде ол тарихи тұлғамен, мұрғаттағы мұрамен кездесуден басталады. Айтмұхамет аға үшін сондай ұлы кездесу Мәшһүр Жүсіп жазбаларымен жүздесу болғаны анық. Осыдан соң оның өміріндегі уақыт екіге бөлінді: бірі – Мәшһүрге дейінгі кезең, екіншісі – Мәшһүрден кейінгі кезең. Ол Мәшһүр Жүсіпті зерттеуші ғана болған жоқ, Мәшһүр әлемінің ішіне жүрексінбей кірген іргелі ғалымға айналды. Қадым заманғы қолжазбалардың шаңын қақты. Көмескі тартқан сөздердің мағынасын ашты. Ұмыт бола бастаған ұғымдардың ізін қуалады. «Орда» деген не? «Көкпар» қандай тарихи танымнан туған? «Тәңір» ұғымының астарында не жатыр? «Ереуіл» сөзінің түпкі мағынасы қандай? Бәз біреулерге бұл жай ғана көне сөздер көрінер. Айтмұхамет аға үшін олар халық жадынан ұлт тіліне көшкен мөр еді. Сол мөрді оқып отырып, ол бүтін бір дәуірді сөйлетті. Өзінің сөзіне жүгінсек, «ұлттың жадынан өше бастаған әлемді қайта оралту» деп атайды бұны. Рас, ғалымның ең үлкен еңбегі том-том монография жазумен шектелмейді, ұмыт болуға шақ қалған бір сөзді аман алып қалу, өшкелі тұрған бір ұғымды қайта тірілту – одан да зор еңбек. Айтмұхамет Қасымбайұлының ғылымдағы миссиясы да осындай.
Ерлан Арын университетті, Айтмұхамет Тұрышев Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығын басқарған жылдары Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жиырма томдық мұрасы жарық көрді. Қазақ тіліндегі басылымдармен қатар орыс және ағылшын тілдеріндегі томдар дайындалды. Мәшһүртану жеке ғылыми бағытқа айналды. Ғалымның зерттеулерінде Мәшһүр Жүсіп тек ақын немесе шежіреші ретінде ғана қарастырылмайды. Ол – этнограф, философ, тарихшы, тілші, ағартушы тұлға ретінде тұтас таным кеңістігінде зерделенеді. «Мәшһүр Жүсіп шығармаларын кезеңге бөлу методологиясы», «Мәшһүртану белестері», «Мәшһүртану өрісі», «Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көзқарасы», «Мәшһүр Жүсіп тіл білімі туралы» секілді еңбектері осы ғылыми бағыттың теориялық негіздерін қалыптастырды. Университет қабырғасынан басталған ізденіс республика көлеміндегі рухани қозғалысқа ұласты. Бірақ осы жұмыстардың бәрінен де маңызды бір нәрсе бар. Ол жоғарыда ғалымның өзі тұжырымдағандай, «ұлт жадының қайта оралуы». Айтмұхамет аға ғылымды мансап үшін емес, ұлттың рухани қазынасын сақтау үшін қызметіне жаратып келеді.
Оның мақалаларына көз жүгіртсеңіз, бір ғылыми бағыттың ғана емес, бүтін өмірдің бағдарын аңғарасыз. Абай, Шоқан, М.Жүсіп, С.Торайғыров, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов туралы жазғандарын оқысаңыз, солардың бәрін біріктіріп тұрған ортақ арна бар. Ол – қазақ руханиятының алтын арқау, асыл жібін жалғау. Айтмұхамет ағаның қаламынан туған ондаған зерттеу мақалаларында, монографияларында, дәрістерінде осы сарын үзілмейді. Ғалым таңдап алған тақырыптарын өткенді аңсау, кеткенді көксеу үшін зерттемейді, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізу үшін зерделейді.
Ұстаздық дегеннің өзі де осы емес пе? Шірнеуіштегі хатты ғана емес, шынайы өмірдегі мәнді жас буынға жеткізу. Осы жолда ол шәкірт тәрбиелеуді де ғылымның бір бөлігі деп біледі. Оның дәрістерінде кітаптан гөрі тірі ой, дайын білімнен гөрі ізденіс басым. Шәкірттері ұстаздың атағын емес, оның ойлау мәдениетін, санасының сәулесін бойына сіңіреді. Өйткені нағыз ұстаз ғылымды үйретпейді, ғылымға ғашық етеді. Студенттері ғалым-ұстаздың би-шешендердің нақыл сөздерін нақпа-нақ келтіретінін, Абайды кітапқа қарамай оқитынын; Міржақып, Ахмет, Мағжан, Қасым мен Мұқағалидың ұзақ шумақтарын жатқа соғатынын; Мәшһүрдің қолжазбасынан үзінділерді еш мүдірмей дәйектейтінін дәріп қылады. Айтмұхамет ағаның санаға түсірер сәулесі – ғылымға деген адалдық; кітапқа, білімге деген құрмет; сөзге қатысты жауапкершілік.
Жетпіс жас. Айтмұхамет Қасымбайұлы үшін кезекті белес қана. Өйткені ол ғылым мен іске тоймайтын адам. Жетпістің биігінен қарағанда артында мол еңбек, үлкен мектеп, жүздеген шәкірт, мыңдаған оқырман тұр. Бірақ ғылым докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышевқа жақсылап үңілсең, тоқмейілсіп тартыншақтанған, әлдеқашан бәріне жеткен адамға ұқсамайды. Әлі де қайырымды қала тұрғындарын іздеп жүрген адамға ұқсайды; әлі де «Түгел адам» ілімін үйреніп жүрген адамға ұқсайды; «Есі-дерті дүние болған адамның ғылым-білімі жүрегіне орнамайды» деген қағиданы ұстанатын ғылым докторы әлі де түйірдей жаңалыққа таңдай қаға таңғалатын адамға ұқсайды. Мүмкін, ғалымдықтың ең биік өлшемі де осы шығар. Өзіңді тәмам болдым деп есептемеу. Өмір бойы іздену. Өмір бойы оқу. Өмір бойы сана іздеу.
Мәшһүр Жүсіптің «Ғалым ғылымға тоймайды» деген сөзін үнемі айтып жүреді. Сол сөз дәл өзіне арналғандай көрінеді.
Айтмұхамет Тұрышевтің жетпіс жас мерейтойының мәні де, мағынасы да осы бір қарапайым сөйлемге сыйып тұрғандай:
– Жетпіске келсем де сана іздеп жүрмін.
Айбек ОРАЛХАН
