
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидасын енгізіп, осы бағытта қыруар реформалар, саяси жаңғыртулар жүріп жатқанына да біраз уақыт болды. Бірақ, бажайлап қарасақ, осы «заң мен тәртіп» қағидасына бойсұнғысы келмейтін адамдар да біздің қоғамда аз емес екен. Бұрынғыдан қалған психология ма, әйтеуір, «өзгеру керек, ескі әдетіңді таста, заңға бағын, тәртіпке мойынсұн» деп қанша жерден айтсаң да, беті бері бұрылмай, әйтеуір, бұрынғы әдетіне басып, өмір сүре беретіндер азаймай тұр.
Ондай адамдар өздерінің осындай іс-әрекетімен жалғыз өзін ғана емес, күллі қоғамды бүлдіріп жүргенін ойласа екен. Әй, қайдам, ойламайды-ау, ойламайды. Ойласа, өйтер ме еді. Солай жасар ма еді. Ондайлардың бір әдеті – туындаған мәселені «араға кісі салып» шешкісі келіп тұрады. Сонда заң қайда, тәртіп қайда? Араға кісі салып, мәселені шешу – бүгінгі қоғамның ең бір түйткілді тұсына айналды. Бұл өзекті өртейтін өте өкінішті жағдай.
Араға кісі салып, мәселе шешетіндер жемқорлықтың да тамырына қан жүгіртіп, заңды белшесінен басып, тәртіпті місе тұтпайтын жандар. Олар үшін адамның құны бес тиын. Бәрін де сатып алса дейді, барлық кедергіні тамыр-таныс тауып айналып өтсе дейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. Осы менталитет бізге қайдан жұқты? Қайдан келді? Бойға, ойға бір кірген мінезді шығару ендігі кезекте өте қиынға соғады. Өйткені, ол атадан балаға, баладан немереге, шөбереге беріліп, жалғасып кете береді. Оны тыю, тоқтату үшін адамның санасы өзгеріп, өркениетті ойлаудың басқа биігіне шығу керек шығар. Ал әзірге бұл менталитет біздің қоғамды түгелдей жаулап алды. Заң да, тәртіп те көмектеспей жатыр.
Мәселе, барлық түйткіл – адамның санасында, психологиясында, тәлім тәрбиесінде, өскен, өнген ортасына байланысты болып тұр. Ең өкініштісі, бұл дерт жастардың да бойына жұққандығы. Бесіктен белі шықпаған жастардың өзі осы қағиданы басшылыққа алып, өмірге қадам басатындары ойландырады. Және де мұның астарында адам мінезінің түрлі кеселдері бой көрсетіп отыр. Олар: жалқаулық, жауапсыздық, масылдық және т.б. кеселді мінездер «араға кісі салу» дертін қоздырып, шоқтай маздатып отыр. Осы әдетке қоғамның әбден үйреніп алғаны соншалық, «араға кісі салмаса, мәселе шешілмейді» деген көзқарасты берік ұстанып алған. Ал осы көзқарасты қалай өзгертуге болады? Әзірге, өзгерту оңай емес. Өйткені, ол үшін барлық сала, ондағы адамдар, қызметтегі лауазымды тұлғалар заң мен тәртіпті басшылыққа алып жұмыс жасауы тиіс.
Алдына келген адамның құжаттары дұрыс болса да анау деп, мынау деп, ақша дәметіп, бюрократияға салып жіберетіндерді де күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осындайлардың кесірінен қоғамда жағымсыз психология орнады. Ел соған әдеттенді. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, қалыптасқан жағдайды реттеу екі жақтан да орын алуы керек. Қызметтегі адамдар, үлкенді-кішілі лауазымы бар тұлғалар қарапайым халықты аса қинамай, түрлі мекемелердің есігін тоздыртып, жүгіртпей, мәселесін оңынан шешіп беруді созбалаңға салмаулары керек. Бұл бір. Екіншіден, қарапайым халықтың өзі «араға кісі салу» деген ескі әдеттен арылып, өз мәселесін өзі шешіп үйренуі керек. «Араға кісі салу» деген әдеттен тиылуы керек. «Мен хабарласып айтып қоямын, бара бер», «Айтып, келісіп қойдым, мәселеңді шештім» деген сөздерден бүгінде құлақ тұнады.
Айтпаса, хабарласпаса, біреуді араға салмаса мәселе мүлдем шешілмейтін деңгейге жеткенбіз бе деген де ойға қаласың. Санаңның қабылдауы қиын бір түрлі құбылыстар әлеуметтік өмірдің сан түрлі қабаттарына еніп кеткелі қашан. Бұдан бір күнде арылмаспыз, бірақ, өзгерісті жасау адамның өз қолында ғой. Адамның адамшылығы істі қалай бастағандығынан білінеді емес пе?
