Қазіргі қазақ поэзиясында жастардың үні айқын да жарқын, сырлы да сенімді естіледі. Әсіресе соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы оқырманмен тікелей байланыс орнатып, жаңа буынның рухани сұранысына жауап бере алған ақындардың қатары көбейді. Солардың ішінде нәзік лиризмімен, ішкі драматизмімен, психологиялық тереңдігімен ерекшеленген қаламгердің бірі – Назерке Семей.

Назерке Семей поэзиясы бүгінгі жастардың жан дүниесін айшықтайтын көркем шежіре іспетті. Оның өлеңдерінде сыртқы әлемнен гөрі ішкі әлемнің болмыс-бейнесі, кескін-келбеті басым. Ол адамның үнсіз мұңын, жасырын сағынышын, ішкі күйзелісін, махаббат алдындағы дәрменсіздігін шынайы суреттейді. Сондықтан оның шығармалары әсіресе жастар арасында кең таралып, әлеуметтік желілерде жиі оқылады әрі жақсы қабылданады
Назерке шығармашылығының басты ерекшелігі – жалған пафостан ада табиғилығында. Ол күрделі философияны ауыр сөзбен емес, қарапайым түсінікке татырлық жүрек тілімен жеткізеді. Туындыларының өтімділігі мен жақсы қабылдануы да сондықтан деп түюге болады. Оның жырларын парақтай отырып, өзгенің емес, өзіңнің жан сырынды оқып, тыңдап отырғандай әсер аласың.
Жалпы, қазақ поэзиясында әйел лирикасының өзіндік мектебі һәм уақыт ырғағымен әбден ысылып, қалыптасқан қалыбы бар. Фариза Оңғарсынова өр мінезді әйел болмысын жырласа, Ақұштап Бақтыгереева нәзік сағынышты, сырлы сезімді терең жеткізді. Ал Назерке Семей поэзиясында қазіргі қала жастарының психологиясы, жалғыздық феномені, рухани шаршау мен ішкі бос кеңістік анық сезіледі.
Назеркенің лирикалық кейіпкері көбіне сағынатын, күмәнданатын, өзін іздейтін, махаббаттан жараланған жан ретінде көрінеді.
Оның өлеңдеріндегі әйел бейнесі әсіре романтикалық сипатта емес. Керісінше, өмірден шаршаған, бірақ сезімнен үміт үзбеген жан ретінде дараланып, танылады.
Еерекшелігі сол – ақын сезімді айқайлап емес, сыбырлап қана жеткізеді. Ал поэзиядағы ең ауыр мұң көбіне сабырлы һәм салмақты қалыптағы сөздерде жатады.
Махаббат, оның философиясы, сезім мен сана қақтығысы – Назерке Семей шығармаларындағы басты тақырып. Дегенмен, бұл дәстүрлі ғашықтық поэзия емес. Ақын махаббатты романтикалық бақыт ретінде емес, адамның ішкі әлемін өзгертетін психологиялық құбылыс ретінде суреттейтінін аңғаруға болады. Оның өлеңдеріне үңіле түссеңіз күту, жоғалту, сенімсіздік, эмоционалдық тәуелділік, рухани жалғыздық секілді қазіргі қоғамға тән құбылыстар көрініс тауып, адамның психологиялық күй-ахуалын аңғартады. Негізінен бұл – тек сезім емес, адамның ішкі дағдарысының поэзиясы.

Тағы бір аңғарғанымыз – Назерке махаббатты көбіне екіұдай сезім ретінде береді: бір жағынан – үміт, екінші жағынан – қорқыныш пен үрей. Міне, осы арқылы ақын қазіргі жастар психологиясын дәл бедерлейді, анық ашады. Рас, осы күннің бұлқынып-буырқанған жас жүректері сүйгісі-ақ келеді, бірақ көпшілігі жараланудан қорқады. Ақын поэзиясындағы ішкі драматизмнің түп-төркіні де осында жатыр деп түюге болады.
Назерке Семей поэзиясының тағы бір маңызды қыры – урбанистік жалғыздық. Оның өлеңдерінен мегаполис адамының рухани шаршауы, көңіл-күй жұтаңдығы байқалады. Айнала-төңіректе ағылған жұрт көп болғанымен, қоғамда шынайы түсіністік азаып кеткен деген ұғым ақын жырларында астарлы түрде көрінеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақынның лирикалық кейіпкерінің болмысын әр қырынан алуға болады. Ол – көпшілік ішінде жалғыз, әлдебіреулермен сөйлескенімен түсінілмейтін, күлетін, бірақ іштей мұңды адам. Меніңше, бұл – қазіргі әлеуметтік желі дәуіріндегі адамның нақты портреті. Назерке өлеңдерінің оқырманға тез жетуінің, ықыласпен қабылдануының бір себебі де осында. Өйткені ол қарапайым да ұғынықты тілмен бүгінгі жастардың айтылмай жүрген ішкі сезімін өлең сөзге айналдыра алады.
Қаламгердің поэтикалық тілі және көркемдік ерекшелігі туралы түпкілікті түйін жасалар болса, ол – қарапайымдылық пен тереңдіктің үйлесімі. Оның өлеңдерінде ауыр метафораға әуестік аса жоқ, күрделі философиялық термин қолданудан аулақ. Есесіне, қарапайым сөздің өзіне жүрек тамыры мен ішкі сезімді дөп басатын эмоционалдық қуат бере алады. Мұның өзі қазіргі поэзиядағы жаңа үрдістермен үндесіп, оқырман қалауына, талғамына, қолайына мейлінше жақын келеді. Негізінен поэзиядағы еркіндік формасы ақынның ішкі ойын табиғи тұрғыда жеткізуіне мүмкіндік беретінін байқауға болады.
Оның поэзиясындағы көркемдік тәсілдерді мен психологиялық параллелизм, ішкі монолог, символикалық образдар, қысқа тармақтар арқылы терең ой беру дәстүрінен аңғардым.

Өнер мен әдебиет сүйер қауым Назерке Семейді ән мәтіндерінің авторы ретінде жақсы танып-біледі. Бұл бағыт – Назерке шығармашылығының маңызды саласы. Қазіргі қазақ эстрадасында поэтикалық деңгейі жоғары ән мәтіндері сиреп бара жатқан тұста, Назерке шығармалары лирикалық тереңдігімен ерекшеленеді. Әлбетте, оның ән мәтіндерінде де сыршылдық, мұң, сағыныш, жүрек драмасы тұнып тұр. Ол әр мәтінге ішкі эмоция мен көркем ой енгізуге тырысады. Сондықтан Назеркенің сөзіне жазылған әндер жастар арасында кең таралып, әлеуметтік желілерде жиі қолданылады. Бұл – ақын поэзиясының халыққа жақын екенінің дәлелі.
Назерке Семей қазіргі қазақ поэзиясындағы эмоционалдық шынайылықтың мықты өкілі деп санаймын. Оның шығармашылығы жаңа буын поэзиясының беталысын аңғартады. Өйткені қазіргі әдебиетте оқырманды күрделі форма емес, шынайы эмоция тартады, жетелейді, баурайды. Осы тұрғыдан алғанда, Назерке поэзиясы уақыт талабымен үндеседі.
Назерке өзінің шығармашылығы арқылы әйел психологиясын жаңа қырынан ашып, осы күнгі болмысын боямасыз танытып, анық көрсетіп келеді. Сонымен қатар, оның поэзиясы қазіргі жастардың ішкі әлемін ашты, ой қозғап, түйін жасауға жетелеуде. Оның үстіне Назерке әлеуметтік желі дәуіріндегі поэзия мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етуде.
Ең бастысы – оның өлеңдерінде жасандылық жоқ, бәрі табиғи. Ақын поэзиясында сағыныш та, мұң да, жалғыздық та, махаббат та – барлығы табиғи қалпында беріледі. Қысқасы, ақын өмірді қалай сезінсе, солай жазады. Ал шынайылық – кез келген өнердің мәңгілік құндылығы.
Назерке Семейді қазіргі қазақ поэзиясындағы нәзік лиризм мен ішкі драматизмді қатар алып жүрген ерекше ақынның бірі ретінде қабылдаймын. Поэзиядағы ең үлкен күш – адамның жанын дәл тану. Мен үшін Назерке Семей шығармашылығы дәл осы қасиетімен құнды.
Асыл ӘБІШЕВ.
Назерке СЕМЕЙ
Қалағанмен айта алмаймын мен бәрін
Өлең ғана арадағы делдалым…
Біздің жақта күздің лебі білінді,
Иіліп тұр тәкаппар гүл бұрынғы,
Хат жазыпты ол:
«Қамдай бер деп қаламды,
Жалғайсың, – деп, – жырыңды»…
***
Бақытқа лайықпыз бәріміз,
Тәніміз жас, ал іште кәріміз.
Таусылып барады-ау біртіндеп,
Жинаған иман дәріміз.
***
Адам жаны – мұңға толы бөз кеме,
Шылқылдайды сылдыр сулы сөзге ере.
Батпаймын деп қарсы жүздім
Сонда да,
Мен өзгердім, «өзгерме» деп өзгеге.
***
Ажыраттың жауапсыз сұрақтардан,
Жақындаттың арманды жырақтаған.
Мен кеткенде жанарың жылап қалған
Білесің бе…
Суреттерің бар альбомды
Сағынып, күнде-күнде мың ақтарам.
***
Еш арайсыз атса да солып таңдар,
Түн жамылса алдыңнан сөніп шамдар
Тағдыр жолы түйісіп жолыққандар
Сүюден қорықпаңдар!
***
Жөндей алмай өмірімнің кем тұсын,
Жанға батса, жүрегімнің дерті шын.
Көңілімнің толқынын бір басасың
Бұйра жүзді, еркелеген Ертісім!
***
Өмір – сазгер әні болса,
Бала – оның әдемі қайырмасы.
Жаратушым, өтінем әйел затын
Ана болу бақытынан айырмашы.
***
Қандай бақыт өмірде бар болғаным,
Осыны сезінгенім, жанданғаным.
Бүгінде құшақтайды, еркелейді
Кешегі армандарым.
***
Сызып тастап мұңдылар парағынан,
Аттап өтіп пенденің қалауынан,
Жаратқанға шүкірім таусылмайды
Дәл өзіңе дәл мені ана қылған.
***
Бұл өмірде күн мен түні жалғанбалы
Әркімнің әр түрлі ғой аңғарғаны.
Бәрін айт та, бірін айт дүниеде
Қандай жақсы іздеушіңнің бар болғаны.
***
Сені іздедім
Күн демедім, түн демедім.
Мен де адаммын,
Сезімі жоқ кім деп едің?
Шулы өмір тынысын шетке қойып,
Жүрегімнің мұңын тыңда, үндемегін.
***
Жаның сүйсе, сырға болып тағылады екен мұң,
Аңсағанда жылға болып ағылады екенмін.
Өңімде де, түсімде де, жарығым-ау, мен сені,
Жүрегімді мыңға бөліп сағынады екенмін.
***
Талайлар бар…
Жазды да күз дегендер,
Қиын емес, оңай жолды іздегендер.
«Сүрінсе ғой» деп іштей ойлап тұрар
Алдыңда басын иіп, «сіз» дегендер.
***
Мәңгілік махаббатын әр ай сайын
Табатын жүректермен
Жарасқанша тентіреп адасайын түнекте мен.
Сүймейді деп сіз мені сөкпеңізші,
Маған жалған сүюді үйретпеген.
***
Үндемей кетіп жылаттың дағы
Үндемей келіп жұбаттың,
Үндемей жүріп сын аттың дағы
Тұрғызу үшін құлаттың.
***
Қалағанмен айта алмаймын мен бәрін
Өлең ғана арадағы делдалым…
Астана қаласы.
