31 мамыр – қазақ халқының жүрегіне өшпес жара салған зұлмат жылдардың құрбандарын еске алатын тағылымды күн. Бұл – өткенге тағзым жасап қана қоймай, тарихтың ауыр сабағын ұмытпауға үндейтін ерекше күннің бірі. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық нәубеті миллиондаған адамның тағдырын талқандап, ұлттың рухани һәм демографиялық дамуына орны толмас зардап әкелді.


Осыған орай Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі қабырғасында Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Тағылымы терең көрме келушілерді ХХ ғасырдың қаралы беттерімен таныстырып, тоталитарлық жүйенің зардабын тартқан азаматтардың өмір жолынан сыр шертеді.
Экспозицияда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің және қарапайым халықтың тағдыры кеңінен қамтылған. Әсіресе Ертіс-Баян өңірінен шыққан тұлғалардың өмірі мен бастан кешкен ауыр кезеңдері туралы деректер көпшіліктің ерекше назарын аударуда. Зал ішінде қойылған әрбір құжат, әрбір сурет – тұтас бір тағдырдың үнсіз куәсіндей әсер қалдырады.

Көрмеге қойылған архивтік құжаттар, сарғайған хаттар, тарихи фотосуреттер мен сирек материалдар сол дәуірдің шынайы көрінісін көз алдыңа әкеледі. Аштықтан титықтаған халықтың ахуалы, жазықсыз жандардың қуғындалуы, атылуы мен жер аударылуы – барлығы да келушінің жан дүниесін толқытпай қоймайды. Бұл жәдігерлер тек тарихи дерек қана емес, ұлттың collective memory-сын сақтап тұрған рухани аманат іспетті.
Көрменің негізгі мақсаты – ХХ ғасырдағы зұлмат жылдар құрбандарының тарихи жадын жаңғырту, кейінгі ұрпаққа өткеннің ащы сабағын жеткізу және халқымыздың бастан өткерген қасіретіне құрметпен қараудың маңызын ұғындыру. Өйткені тарихын ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болары анық.
Музейдің өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлжайнат Алиева көрменің маңызына тоқталып: «Қала тұрғындары мен қонақтары музейде жасақталған арнайы залдағы көрмеге назар аударып, ұмытылмауға тиіс тарихпен таныса алады. Көрме 1 маусымға дейін жұмыс істейді», – деп атап өтті.

Расында, мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Өткеннің қасіретін білу – тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге жол ашады. Бүгінгі бейбіт өмір мен азат елдің бағасын сезіну үшін халқымыз бастан өткерген ауыр кезеңдерді ұмытпауымыз керек.
31 мамыр – тек аза тұту күні ғана емес, әділетсіздік құрбандарына тағзым ететін, олардың рухына құрмет білдіретін күн. Павлодардағы бұл көрме – сол тарихи жадымызды жаңғыртып, елдік сананы нығайтатын маңызды рухани бастамалардың бірі.
Асыл ӘБІШЕВ.
