Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Алматы қаласында «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының тұсауы кесіледі.
Жобаның мақсаты – қазақ поэзиясын дамыту, дарынды ақындарды қолдау, ұлттық әдебиетті насихаттау. Жоба авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мөлдір Айтбай.
Жобада еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 60 ақын бақ сынайды. 18 аптаға созылатын республикалық поэзия лигасы чемпионатына қатысушылар қатарында Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбек, Дәурен Тілеухан, Санжар Келеке, Меңдібек Лұқпан, Ерік Нарын, Абылай Маудан, Ақжол Түменбай, Еділбек Дүйсен, Әлімжан Әлішер, Бауыржан Игілік, Мұхтар Күмісбек, Абай Ораз сынды елімізге белгілі ақындар бар.
Аталған жыр додасына Павлодар облысының атынан ақындар, «Леп» әдеби бірлестігінің мүшелері – Май аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ерлан Аманқожаұлы, Ақсу қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Алтынбек Елемесұлы, «Aiqara.kz» порталының әдеби редакторы Еламан Қабділәшім қатысады.
Жерлестеріміз, бүгін, 20 мамыр күні Қарағанды облысының құрамасымен сайысқа түсіп, жоба шымылдығын түреді.
Жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады. Дауыс беру «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының арнайы сайты арқылы жүреді. Дауыс саны көп команда келесі кезеңге өтеді. «Мөлдір өлең» — ұлттық поэзия жобасының https://www.youtube.com/@moldirolen ютуб платформасындағы ресми парақшада онлайн трансляция жүзеге асады.
Жерлестерімізге сәттілік тілей отыра, ақындардың шабытшақырар жырларын оқырман назарына ұсынамыз:
Ерлан Аманқожаұлы – айтыс пен жазба поэзияны қатар алып жүрген талантты ақын, «Сакура», «Құс қайтару» жинақтарының авторы. 2019 жылы Ақсуатта өткен халықаралық айтыста Бас жүлде иеленген. Сондай-ақ, ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған халықаралық мүшәйрада «Жас Абай» арнайы жүлдесін алған.

Ақ парақтар
Үрпісін жарған мезгілдің бұтағындағы,
Көңіл тербейді көктемнің жұпар ырғағы.
Жалғыз парақтан тұратын табиғаттағы,
Оқиды келіп тәңірдің кітабын бәрі.
Оқыған кеше,
Оқыдық,
Оқылады ертең…
Жаяды сонда тірліктің топырағы өркен.
Мазмұны басқа, өзгерген маусымдар сайын,
Парағы біреуі,
Басқаша атырабы өртең.
Мөлшерлеп өткен тарихта жазылған жырды,
Ақиқаттарды қауқар жоқ қазуға құнды.
Шатасып мүлде билейміз шаттықтың биін,
Қан тамған қасап уақыттың сазында мұңлы.
Оралғанымен жаңа өлең құсалы көлге,
Сенбеймін оқырмандарға мысалы менде.
Таң атса қайта ашылмас аппақ парақтар,
Қарқара құсқа ілесіп ұшады желге.
*
Мың сан тарих,
мың сан өмір,
мың сан күй,
адастырмай жарық шашып тұрса ылғи…
Оу, саһи дос, мөлтілдетіп көземе,
мыңжылдықтың шарабынан құйсаң — құй.
Мың сан ертек,
мың сан аңыз,
мың дастан,
тұр аршылмай, қирандыдай құм басқан.
Ай астында алабұртқан шақтарда
сыбыр-сыбыр сыр айтады түнгі аспан.
Дүбірінен ақбоз, көкбоз аттардың
сайға үркеді саржұлдызы сарттардың.
Жұлдыз деген — жұлдыз емес біз үшін,
көкке жазған шежіресі қарттардың.
Құс жолында өзен болып аққан сүт,
айтшы, далам,
неге маған жат, таңсық?
Жыпырлайды шөп басына қонақтап,
Сүмбіленің кірпігіне қатқан шық.
Бөрі емізген,
Күнді сүйген абызым,
жебе мені,
Рухыңа тағзым!
Құдірет бер қайта оқуға
бабамның
маңдайыма ойып жазған бәдізін!
Алтынбек Елемесұлы – ақын, журналист. Бірнеше республикалық, халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері. Өлеңдері «Бәйшешек», «Ертіс толқындары», «Махаббат жыры», «Жас ақындар антологиясы» ұжымдық жинақтарға енген.

Мен сүйсем,
Құстардың қанаты талғанша,
Жүрегімді қанатып алғанша,
Жанарымдағы жасым құрғағанша,
Әрбір күнімізді ғасыр қылмағанша.
Мен сүйсем, солай сүйем.
Тіпті,
Төрт мұхиттың тамшысына дейін,
Алғысынан бастап қарғысына дейін,
Түгел сүйем.
Сағынып сүйем, сары жапырақтай,
Сабылып сүйем, кәрі топырақты-ай,
Жалынып сүйем, аласарғанша,
Аралардың балы ашығанша,
Жарамнан ашық қотыр қалатындай,
Жер менен айға көпір салатындай,
Арақашықтығын санашы, ал қанша?
Мен сүйсем, солай сүйем.
Мен сүйсем,
Таулардың тасы таусылғанша,
Бұлттардың басынан ауғанша,
Жұлдыздың соңғысы сөнгенше,
Ажалға қол қысып өлгенше.
Мен сүйсем, солай сүйем.
Тіпті,
Қызарып бітемін, қызғанып бәрінен,
Жүзімнен күлкі жүз танытқаныммен,
Жылап та сүйем.
Жұмақта сүйем, тозақта да сүйем,
Күмәнің болмасын, о жақта да сүйем.
Қойғаның қалай бала ғашық қылып?
Көңілім тынар ма, ала қашып түбі?
Сен жайлы түсім отыр таң атырмай,
Жер менен айға көпір салатындай,
Сонымен қанша екен арақашықтығы?
Мен сүйсем, солай сүйем.
Еламан Қабділәшім – ақын, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт – 2025» фесивалінің лауреаты. «Ақ сезім», «Болмысымның бояуы» жыр жинақтарының авторы.

Неге менің көзім нашар көреді?
Бәлкім жайт көп мен көруге болмайтын!
Іздеймін көз бұлдыраудың себебін,
Сандаламын түсе де алмай жолға айқын.
Неге менің ұйқым келе береді?
Бұл не деген басылмайтын маубастық!
Ақ пен қара қайталаумен көнені,
Түсімде де,
ішімде де арбасты.
Неге менің ауырады тамағым?
Қажет кезде шықпай қойған үнім де.
Толқып-толқып шығаруға жоқ әлім,
Жатқан сөзді жүрегімнің түбінде.
Ашуға тез бой алдырам неге мен?
Бала кезден болдым неге жасқаншақ?
Іркілемін,
Тартынамын,
Бөгелем,
Кеп тұрса да бәрін қайта бастар шақ…
Бірақ,
Бірақ нені қайта бастар ем?!
Мың кезекте келмес оның орайы.
Мен іздеген әлем мүлде басқа әлем,
Басқа – іші, тысы, кескін, нобайы.
Неден табар қыран-көңіл тоятын?
Қыран деймін, қасиеттен жырақ боп!
Сұрағым жоқ енді өзіме қоятын,
Өз-өзіме қоя алмайтын сұрақ көп!
(Өмір деген – қозғалыс бір тағатсыз…)
Нәр іздегем,
мән іздегем әр неден.
Өмірде бұл,
мен – сұрақпын жауапсыз.
Қойылмаған сұрақ па екем, әлде, мен?!
Басылады бойымдағы құмар қай?
Ынтықтығым күннен күнге алқынды.
Өтер ме екем өзімді өзім ұға алмай,
Өзіме өзім сұрақ қойып сан түрлі?!
