2026 жылдың сәуір айы өңіріміздің мәдени өмірінде айрықша із қалдырған кезеңдердің бірі болары даусыз. Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы саналатын Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры еліміздің ірі мәдени орталықтары — Талдықорған мен Алматы қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл сапар — тек қойылымдар легі емес, ұлттық өнердің тынысын кеңейтіп, рухани байланысты нығайтқан маңызды мәдени құбылысқа айналды.

Алдымен театр ұжымы 6-7 сәуір күндері Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Жетісу жұртшылығы павлодарлық өнерпаздарды ерекше ықыласпен қарсы алып, сахна төрінде ұсынылған қойылымдарды зор қызығушылықпен тамашалады. Көрермен назарына ұсынылған «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуы, «Аладдин» ертегісі және «Алғашқы махаббат» комедиясы әр жастағы аудиторияның көңілінен шығып, өнердің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе, отбасылық форматтағы қойылымдар балалар мен ересектерді бірдей баурап, театрдың көпқырлы репертуарын айқындады.

Гастрольдік сапардың жалғасы ретінде 8-10 сәуір аралығында театр ұжымы Алматы қаласына табан тіреді. Қазақ өнерінің алтын бесігі саналатын алып шаһарда өнер көрсету — кез келген театр үшін үлкен жауапкершілік.

Өнер ұжымына Алматы қаласынының әкімі атынан ықылас гүлі тасбыс етілді. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында өткен қойылымдар алматылық көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Бұл жолы көрермендер «Аладдин», «Ұждан», «Балам, қашан келесің?..» қойылымдары мен «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуын тамашалап, терең ой мен әсерге бөленді. Алматы төріндегі алғашқы күнгі қойылым – «Ұждан» туындысын тамашалауға Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы арнайы келіп, Ертіс-Баян өнерпаздарына құрмет тантты. Сондай-ақ, ол Жүсіпбек Аймауытов театрының жалпы ұжымына, әртістер – Бек Тоқатовқа, Гүлжан Қайырбековаға және Жанар Назикеноваға Алғыс хаттар табыс етті.

Өнер сапары аясында Ж.Аймауытов театрының өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізіп, шығармашылық бағыттары мен гастрольдік сапардың мән-маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Театр басшысы Арман Темірбекұлы өз сөзінде бұл сапардың басты мақсаты — тек қойылым көрсету емес, көрерменмен рухани байланыс орнатып, мәдени тәжірибе алмасу екенін ерекше атап өтті.

«Ұлт мәдениеті мен руханиятының алтын бесігі — Алматы төрінде өнер көрсету біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар — біздің шығармашылық ізденісіміздің нәтижесін көрерменге ұсынумен қатар, олардың ықыласынан қуат алу мүмкіндігі», — деді ол.

Сонымен қатар өнер ордасының басшысы: «Театрдың басты байлығы — оның талантты актерлік құрамы. Ұжым қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздары еңбек етуде. Тәжірибелі буын мен жас таланттардың үйлесімі әрбір қойылымның сапасына оң әсерін тигізіп, сахнада шынайы өнер туындысын дүниеге әкеледі.

Алматыға алып келген репертуардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әфсанасы ерекше орын алады. Бұл қойылым адамзаттың мәңгілік тақырыбы — ар мен ұждан мәселесін қозғап, көрерменді терең ойға жетелейді. Спектакль республикалық және халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Оның сахналануы — театрдың шығармашылық табысының айқын дәлелі.

Сондай-ақ, «Балам, қашан келесің?..» драмасы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — қарттар тағдыры, жалғыздық пен сағыныш тақырыбы көркем бейнеленеді. Режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың бұл туындысы көрерменнің жүрегіне жол тауып, терең эмоциялық әсер қалдырады. Ал «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуы — ерекше форматтағы қойылым ретінде көрерменді қиял-ғажайып әлемге жетелеп, отбасы құндылықтарын дәріптейді.

Жалпы, 1938 жылы негізі қаланған бұл театр тәуелсіздік жылдары жаңаша серпін алып, ұлттық және әлемдік классиканы сахналауда үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде ол тек аймақтық емес, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде танылған өнер ордасына айналып отыр», – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнаған сөзінде.

Жүсіпбек Аймауытов театрының гастрольдік сапары — бұл өнердің ғана емес, руханияттың да мерекесі. Театр ұжымы көрерменге тек қойылым ұсынып қана қоймай, жүрекке жететін ой, жанға жылу сыйлайтын әсер қалдырды. Мұндай сапарлар қазақ театрының өрісін кеңейтіп, ұлттық мәдениеттің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий