Бас прокуратурада Берік Асыловтың төрағалығымен отандық және шетелдік инвесторлар өкілдерінің қатысуымен инвестицияларды қорғау жөніндегі форум басталды.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламент Мәжілісінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Қазақстан инвесторлары қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың елшісі қатысуда.

Сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы форумға өңірлердің әкімдері мен прокурорлары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысуда.

***

Бас Прокурор Берік Асыловтың форум ашылуында айтқан сөзінен:

Бұл іс-шара Қазақстанда инвестицияларды қорғау – ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін айқын дәлелдейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты ұстанымды айқындады: инвестор нақты қорғауды сезініп, ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болуы тиіс. Дәл осы қағидаттар еліміздің заманауи инвестициялық саясатының негізін құрайды.

Қазақстан 48 үкіметаралық инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойып, елімізде қолайлы инвестициялық ахуал үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастырды. Конституцияға сәйкес прокурорларға заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау функциясы жүктелген, оның аясында біз азаматтар мен бизнестің құқықтарын да қорғаймыз. Бүгінде біз екі мың инвесторға көмек көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам жобаның іске қосылуын қамтамасыз еттік.

Қазақстан прокуратурасы тікелей Мемлекет басшысына бағынады, басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіз және кез келген құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге қабілетті.

Инвесторларды қорғау тетігін одан әрі күшейту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас Прокурорға жүктелді (2025 жылғы желтоқсан).

Бас прокуратура базасында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Өңірлерде мен облыс прокурорларының орынбасарлары деңгейінде инвестициялық прокурорларды тағайындадым. Қазақстандағы әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық сүйемелдеуде болады. Әрбір инвесторға нақты прокурор бекітіледі.

Қазіргі уақытта Заңда барлық мемлекеттік органдар үшін «прокурорлық сүзгі» деп аталатын тетік көзделген. Олар прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензиясын кері қайтарып алуға және өзге де шектеулер енгізуге құқылы емес. Бұл – біздің қадағалау функциямыздың жүзеге асырылуы. Егер мемлекеттік органның шешімі немесе әрекеті заңсыз болса – біз оны жоямыз, ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Егер заңнамада кедергілер болса – олар да жойылатын болады.

Мен Комитетке мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерін айқын немесе жасырын кедергілердің бар-жоғына қатысты ревизия жүргізуді тапсырдым. Олар Конституцияда азаматтар мен бизнес үшін белгіленген кепілдіктерді төмендетпеуі тиіс. Бас прокуратура Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына толық сәйкес инвесторлардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Бас Прокурор Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың бизнестің мәселелерін жедел шешудегі негізгі рөлін атап өтті.

Штаб нақты қорғау құралына айналды:

– 2 жыл ішінде 200-ден астам инвестициялық жоба қаралды.

– Жобалардың жалпы сомасы — 100 млрд АҚШ долларынан астам.

– Инвестициялық келісімдердің көлемі 15 есеге өсті.

«Бұл — инвесторлардың сенімінің көрсеткіші және тиімді үйлестірудің нәтижесі», — деп атап өтті ведомство басшысы.

***

Құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Мәжіліс Парламентінің вице-спикері Дания Еспаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев білдірді.

Роман Скляр: Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы тұрақтылық танытып, әрі қарай өсу әлеуетін көрсетуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ішкі жалпы өнімі 6,5%-ға өскен, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларға жетті, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға ұлғайып, тарихи рекорд — 22,7 трлн теңгеге жетті. БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мәліметтері бойынша, өткен жылы Қазақстан Greenfield жобаларына 19 млрд долларға жуық шетелдік инвестиция тартты, бұл Орталық Азиядағы барлық ішкі аймақтық инвестициялардың шамамен 89%-ын құрайды.

Тек өткен жылы 10 млрд доллардан астам жалпы құны бар 330 жоба іске қосылды, соның ішінде KIA Qazaqstan және Astana Motors автокөлік зауыттары, EkibastuzFerroAlloys ферросилиций өндірісі, Алтай-Май майлы дақылдар өндірісі және басқалары бар.

Үкімет 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын жаңартты және проактивті инвестициялық саясатты енгізуде, онда бөлек рөл «Бәйтерек» холдингіне берілген. Ол ұлттық инвестициялық холдингке айналды және Инвестициялық қызмет (Investment Board) құрылды.

Айрықша назар инвестиорлардың құқықтарын барлық жұмыс кезеңдерінде қорғауды күшейтуге аударылады, бұл мемлекетке деген сенімнің негізі болып табылады.

Инвестор құқықтарын қорғау архитектурасы нығайтылуда. 60 млн доллардан асатын жобалар үшін инвестициялық келісім құралы қолданылады, ол заңнама тұрақтылығын 25 жылға қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұндай 53 келісім жасалған.

Дания Еспаева: Инвесторларды қорғауда прокуратура органдарының үлкен рөлін атап өтті, алдын алу шараларын қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Қанат Шарлапаев: Елдің инвестициялық климаты бірнеше негізгі факторға тікелей байланысты. Бизнесті ұзақ мерзімді жоспарлау үшін «ойын ережелері» болжамды және тұрақты болуы аса маңызды. Заңнамалық базаның тұрақтылығын арттыру бойынша бірлескен жұмыс инвестициялардың ағымына мықты серпін береді деп сенеміз.

Сот органдарының тәуелсіздігін әрі қарай нығайту, судьялардың біліктілігін арттыру және сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету инвесторлардың құқықтарын соттық қорғауға деген сенімін едәуір арттырады.

Қанат Шарлапаев Бас прокуратураның тиімді жұмысын атап өтті: «Сіздердің тұрақты бақылауларыңыздың арқасында 2025 жылы кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер саны 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 48%-ға қысқарды. Бұл маңызды және нақты нәтиже, біз шын жүректен алғыс айтамыз».

***

Форумда баяндама жасаушылар ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Orbis Heavy Machinery» ЖШС-ның директоры Темір Жұрын, «Комек Машинери Қазақстан» ЖШС-ның директоры Рюдзо Гото, «Aksa Energy Kazakhstan» ЖШС-ның бас директор орынбасары Мұрад Юстел өз жобалары туралы баяндады.

Бауыржан Ералы: Мемлекет басшысының Жарлығымен Бас прокуратура Инвестициялық омбудсмен құзыретіне ие болып, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.

Елде алғаш рет инвесторлардың құқықтарын қорғаудың біртұтас вертикалы құрылған – өтініштен бастап нәтиже алу кезеңіне дейін. Сіздер білесіздер, прокуратура органдары әрдайым адал бизнес үшін сенімді тірек болды, себебі біздің институттың басты ерекшелігі – қадағалау құзыреті бар. Халықаралық тәжірибеде инвестициялық омбудсмендер көбіне тек ұсынымдармен шектеледі. Ал прокурорлар мемлекеттік органдардың әрекеттеріне құқықтық баға бере алады және орындауға міндетті предписаниялар енгізу құқығына ие.

Осы функциялардан бөлек біз бірқатар бірегей тәсілдерді енгіздік. Біріншісі – инвесторға сүйемелдеу. Әр жобаның өзіне тағайындалған жеке прокуроры болады. Ол жобаны алғашқы күннен бастап басқарады. Инвестор бізбен бірге барлық келісімдерді өтіп, лицензияларды алады, жоба іске асырылғанға дейін.

Сонымен қатар, жобаны іске асырудан кейін қолдау көрсетеміз. Яғни, Комитет жобаны іске қосқаннан кейін де оны бақылауды жалғастырады, жобаның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін. Барлық жұмыс цифрлық платформа арқылы жүргізіледі. Сүйемелдеу нақты уақыт режимінде цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүргізіледі. Біз оны «Цифрлық қадағалау» прокурорлық жүйесімен интеграцияладық.

Бұл бізге жобаның барлық кезеңдерін «бір терезеде» көруге мүмкіндік береді: жобаның жағдайы, туындайтын мәселелер, мерзімдер мен кешігулер. «Мобильді прокурор» қосымшасында арнайы бөлім енгізілуде. Инвестор әлемнің кез келген нүктесінен өз жеке прокурорына жазып немесе видеоқоңырау шала алады.

Осының бәрі Комитетке биылғы жылы шамамен 600 инвестордың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, олардың жобаларын жүзеге асыруға кедергі келтірген әкімшілік тосқауылдарды жойды. Сонымен қатар, алдын алу механизмдері жұмыс істейді.

Бұл келесі бағыт – прокурорлық сүзгі. Оның мәні қарапайым: мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері прокурормен келісусіз инвесторға талап қойып, тексеру жүргізіп, шағым түсіріп немесе әкімшілік іс қозғай алмайды. Сүзгі алдын алу шарасы ретінде жұмыс істейді, инвесторға хабарланбай, оны мазаламайды. Жалпы, прокурорлық сүзгі 1000 мемлекеттік орган шешімін болдырмайды. Нәтижесінде инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы құқықтық даулар мен қақтығыстар саны азаяды.

Сонымен қатар, біз дауларды сотқа дейін реттеу комиссиясын іске қосуға дайындалудамыз. Комитет инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешу орталығына айналады. Негізінде біз олардың медиаторы боламыз.

Әлібек Қуантыров: Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді және Орталық Азияда көшбасшылықты сақтап отыр. БҰҰ мәліметтері бойынша, тәуелсіздік алғаннан бері ел экономикасына 150 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Нәтижесінде өңірдегі барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 70%-ы Қазақстанға шоғырланған.

2025 жылы тікелей шетелдік инвестицияның ағымы 20,5 млрд долларды құрады, өсім 14,4%-ті көрсетті. Бұл өсім тек инвестициялық базаның кеңеюін емес, ірі жобалардың шикізат секторында аяқталуы жағдайында инвестициялық ағындардың құрылымдық трансформациясын көрсетеді.

Инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі аясында сыртқы деңгейде – біздің сыртқы істер мекемелеріміз, орталық деңгейде – министрліктер мен даму институттары, аймақтық деңгейде – әкімдіктер жұмыс істейді. Бұл жүйеде «инвестицияға тапсырыс» құралы жүзеге асырылады, ол ұлттық экономика мен аймақтардың қажеттіліктерін, салалық бәсекелестік артықшылықтарын ескереді.

Добавить комментарий