​Поэзия — жүрек қылын қозғап, жан дүниені тербейтін, ұлы сезімдерді адамзат баласына ортақ тілде сөйлететін қасиетті өнер. Оның құдіреті сонда — ол географиялық шекараларды білмейді, ұлт пен ұлысты рухани туыстыққа бастайды. Осы рухани үндестіктің айқын дәлелі ретінде жуырда Алматы шаһарында «Шабыттың сансыз сарқырамасы» («Эгэлгэ иэйии курулгэнэ») атты жыр жинағының тұсауы кесілді.


​Бұл басылым — қазақ пен саха (якут) халықтары арасындағы әдеби байланыстың жаңа белесі. Жинаққа қазақтың қабырғалы 21 қаламгерінің таңдаулы шығармалары еніп, саха тіліне аударылды. Аталған антологияға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын, халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Еламан Хасенұлы Әшімнің де шоқтығы биік туындылары енді. «Өмірқос», «Өлеңбаян», «Ақсезім», «Болмысымның бояуы» сияқты бірнеше кітаптың авторы Еламан Қабділәшімнің мөлдір жырлары енді якут оқырмандарының да жүрегіне жол тартпақ. Бұл — тек ақынның жеке жетістігі емес, күллі Ертіс-Баян жұртының мәртебесі.
​Жобаның сәтті жүзеге асуына белгілі қаламгер Саят Қамшыгер ұйытқы болды. Саха Республикасынан келген ақындар — Мария Решетникова (Арылы Дуйдах), Наталья Михалева (Сайа) және Саргылана Гольдерова (Саргы Куо) қазақ поэзиясын өз тілдерінде сөйлетсе, қазақ ақындары саха жырына жаңаша рух берді. Аударма ісіне жерлесіміз Перизат Құрманәлі белсене атсалысып, бауырлас халықтар әдебиетінің көркемдік көжиегін кеңейтті.


​Халықаралық әдеби жоба аясында мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін қатысушы қаламгерлер Саха Республикасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат — халықтар арасындағы достық пен рухани сабақтастық жолындағы қажырлы еңбектің жоғары бағасы.
​Іс-шарадан соң павлодарлық қаламгерлер — ақын, аудармашы Айбек Оралхан мен Еламан Хасенұлы Ару Алматының мәдени өмірімен танысып, рухани сырласты. Олар Алматыға гастрольдік сапармен келген Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың Ғ.Мүсірепов атындағы театрда өткен қойылымын тамашалап, өнер иелерінің шығармашылығына сәттілік тіледі.
​Жыр — ұлттың жаны десек, сол жанның өзге тілде жаңғыруы — үлкен парасаттылық пен шеберліктің белгісі. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қазақ қаламгерлерінің туындылары әлем тілдерінде сөйлей бермек.

Добавить комментарий