
Мұқағали Мақатаев өзін ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын деп айтып кеткендей, ақиық ақынның 95 жылдық мерейтойының құрметіне еліміздің әр түкпірінде түрлі шаралар өткізілуде. Хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын, тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Бір өлеңі – бір әлем» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті. Кеш шымылдығын Ш.Айманов атындағы ЖОББМИ поэзияға құштар оқушылары ақын өлеңдерін оқып, жергілікті жас ақындардың Мұқағалиға арнау өлеңдері де тыңдалды.
Ақиық ақын 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты – Мұхаметқали. Әкесі Сүлеймен Ұлы Отан соғысында, 1941 жылы Калининград майданында қайтыс болған. Анасының аты – Нағиман. Әжесі Тиынның бауырында өскен соң, Мұқағали өз анасын «Нақа» деп атаған екен. 1949 жылы Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келді. Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды.
1954-1962 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. Ал, 1962-1972 жылдарда «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1972-1973 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды. Ақынның тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол ауданында «Советтік шекара» газетінде жарық көрді.
Ақынның шығармалары негізінен елге, туған халқына деген сүйіспеншілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналған. Мұқағали өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи алған ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып та қызмет етеді. Оның дауыс ерекшелігін, оқу мәнерін «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, өз қол астына алады. Көпшілік көрерменге қазақ радиосының «алтын қорында» сақталып қалған ақынның өз дауысымен жазылған өлеңі оқылды.
Мұзбалақ ақынның баласы Жұлдыз Мақатаев – музей әкімшілігінің сұранысымен, музейде өткен кешке арнайы жіберілген бейнеүндеуі өскелең ұрпақ назарына ұсынылды. Осы тұста ақын ұрпақтарына алғыс айтамыз!
Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлеңі, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр.

Мұқағалидың өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Ақын өлеңдеріне 200 –ден астам әндер жазылды. Ақын өлеңдерін іздеп жүріп оқитын жыр сүйер қауымның бірі ұлағатты ұстаз Т.Ө.Жакина «Мұқағали Мақатаев – өлеңдерін оқып, өзімізге ұнағандарын жаттап алып келе жатырмыз. Ақынның жалынды өлеңдерінің бірін оқып, жырдан шашу шашты.
«Жылап келіп, келмейді жылап кеткім!
Ол ғұмырды келеді бір – ақ тепкім.
Жамандықты жақсартып, жақсылықты,
Одан сайын келеді қуатты еткім.
Жылап келіп, келмейді жылап кеткім!
Жеңілді әкем, өмірден жеңілді анам.
Кейімеңдер, мен сендердің кегіңді алам,
Мен өмірге ғашықпын, құшам оны,
Көнсін мейлі, көнбесін өмір маған»
Атаулы күні яғни, 9 ақпанда дүние есігін асқан Зарина есімді мектеп оқушысы да аталған кеште таныстырылып, ақын өлеңдерін құмарта оқитыны және «Отан» өлеңін жатқа айтып берді.
Кеш барысында «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені алғайсың!» әндері шырқалды. Ақиық ақын көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевпен дос болған. Композитор ақынның 70 жуық өлеңіне ән жазған екен. Сондай әндердің бірі «Саржайлауым» әнімен кеш түйінделді.
Мұқағали Мақатаевтың туған күні С.Торайғыров атындағы мәдени – сауық орталығында жас өнерпаздардың қатысумен «Сүйем сені – өмір» әдеби – поэзиялық кешпен жалғасын тапты. Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді қойылыммен басталған кеште ақын өлеңдеріне жазылған әндерді нақышына келтіре орындаған әншілер және өскелең ұрпақ ақын жырларымен сырласқандай болды.

Мәдениет саласының үздігі, көркем сөз оқудың хас шебері Жамбы Ипатқызы жас өнерпаздардың Мұқағалиға арнап кеш өткізгендеріне ауыл тұрғындарының атынан ризашылықтарын білдіріп, ақын шығармасына жан бітіргендей көркем дауыста мәнерлеп оқып берді.
Ақынның ұлы Жұлдыз айтқандай: «Міне, ақын әкеміз Мұқағали 95 жасқа толып отыр. Осы қуанышты сіздермен бірге бөлісіп, араларыңызда отыруымыз керек еді, амал нешік. Ол жоспарымызды басқа шараларға қатыснасуымызға байланысты орындалмай қалды. Бірақ, бізді өз орталарыңызда отыр деп санауларыңызды өтінеміз. Себебі, әкені біздер тек қана біздікі деп меншіктей алмаймыз, әкеміз қазір бүкіл қазақ халқының меншігінде. Көзі тірісінде ақтық демі қалғанша халқым, Отаным деп кеткен. Осы қасиетті ұғымдарға өзінің өшпес жалынды жырларын арнап қалдырған әкеміз, қазіргі уақытта сол халқының арасында, сол халықтың болашағы жастар арасында зор беделге ие болды. Қазақ халқы барда Мұқағали поэзиясы ешқашан өшпек емес. Мұқағали шығармашылығын халық арасында насихаттауда, дәріптеуде еліміздің оқу-ағарту мекемелерінің атқарып жатқан жұмысы орасан зор. Еліміздің байырғы біз білетін қазақтың біртуар перзенті академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде әкей шығармашылығына арналған ауқымды шара ұйымдастырып жатқандығына біз ақын әулеті зор ризашылығымызды білдіреміз. Музей ұжымына алғыс айтамыз».
Халық жүрегінен орын алған Мұқағали мұрасы мәңгілік жаңғырып, ұрпақпен бірге жасай бермек. Осылайша, Баянауыл аспанында Мұқағали әндері әуелегендей болды.
Г.БАЛАБАЕВА,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл меморалдық музейінің әдіскері.
