Қазанғап би Сатыбалдыұлының туғанына – 255 жыл

Қазанғап би Сатыбалдыұлы 1771-1856 жылдары өмір сүрген. XVIII ғасырдың соңында және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында бес болыс Бәсентиін елінің төбе биі, 1843-1847 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Атақты би жөнінде мәлімет-деректер Батыс Сібір мұрағатында, Санкт-Петербург орталық мұрағатында және Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым Академиясының орталық мұрағаттарында кездеседі.
Қазанғап – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жинақтарында өзіндік орын алған тұлға. Ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп атамыз Қазанғап биге қатысты әңгіме дерегінде «Әкеміз Көпейдің (Көпжасардың) інісі Мағұрыптың бәйбішесі Бөжей шешеміз айтып отыратын «Жүсіпжан туғанда Бәсентиін Қазанғапқа ас беріп, сегіз болыс Сүйіндікпен бес болыс Бәсентиін, қала берді қалың Қанжығалының, Қыпшақтың есінде қалар ас болды», – деп. Қазанғап өлгенде Тобықты Құнанбай, Жансары Уақтың құты Нұрекен байлар Меккеге кетіп, Қазанғаптың асын солар келгенде берген екен.
Қазекемнің арғы атасы Байдәулет сардарға Сырым Малайсары айтқан екен дейді: «Бәйеке, Барлыбайдың жолы сіз боласыз ба, сіз болмасаңыз Бәсентиін Барлыбайдың сапары оң болғанын көрген жоқ едім, бата-құтыңды кімге тастадың?», – депті. Сонда Байдәулет тұрып: «Менің құтым балам Сатыбалдының тұңғышында қалады, онда қалмаса мылтығымның ұңғысыңда қалады», – деген екен. Байдәулет батырдың айтқаны келіп, Сатыбалдының үлкені Қазанғапта қалған екен.
Қазанғапты сұраған сол заманның адамдарынан мынадай сөз бар: «Шоң сөйлегенде қара арғымақты су түбіне батырады, Қазанғап сөйлегенде ол арғымақты су бетіне шығарады» деген. Қазекем мейлінше ділмар, дауға төрелік айтып, сөйлеуге шебер болса керек. Құдайдың құдіреті бізге көруге жазбапты, біз туардан жыл жарым бұрын дүниеден өткен екен. Қара Ертіс пен Баянауылдың даласын дүрілдеткен сол асты ортаншы баласы Момынбек басқарып, Құнанбай қажы мен Нұрекен қажы бәс тігіп, бәйгесін көтеріп, соңында қалған елге бір той болыпты. Құдай қырына алса құтылған пенде бар ма? Қазанғаптың кіші баласы Нөгербек сол аста бәйге бітімге дау туғызып, төбелес қылып, астың берекесін алса керек. Өз аталасы Ақтілес Жақсыбай абыздың айтқаны дейді: «Әй, Нөгербек, Қазекем саған әке болса, арқадағы елдің арқа күзеу ағасы еді, сен кигіз кімдікіне салдың? Мен білетін Қазанғап болса, аруағы тыныш жатпас, ажал жетіп өлсең, қасынан орын бұйырмайды», – деген екен. Құттықадам баласы Жақсыбай абыздың ауызына құдай салды ма, Нөгербек жасы ұлғайғанда Ақ патшаның жүзін көремін деп Мәскеуге барған сапарында жолдың ауыртпашылығын көтере алмай, Қазан қаласында өліпті, сүйегі Қазан шаһарында жатыр. Міне, бұрынғының сесі далада қалған ба?
Кешегі Едіге баласы Шоңның заманында ел басқарған жақсылардың арасында Қазекем сырттаны еді. Құдай төрт құбыласын түгел қылып жаратқан соң айтар сөз бар ма? «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» деген. Баласы Бердалы жасы 40-қа келгенде Баянауылда дуан басы болып тұрғанында өлді. Бердалының жылы өткенше дуан басылық қызмет Секербай паң Малкелді баласында болды. Жылы өткен соң Қазекем аға сұлтан болып өзі келді. Содан бес жыл тұрды.
Қазекем істің басын құдай үйінен бастады. Дуанға мешіт салдырып, указной молда қылдырып Ғабул-Ғапар деген Қазан татарын алдырып, елге бас болды. Сол молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін қолына ұстап сауда-саттығын жүргізді. Сол Рамазан Ірбітті (Ирбитск), Сібірді аралап, елдің, өзінің де керегін тапты, асырап-сақтаған Қазанғаптың еңбегін еш жіберген жоқ. Қызылжар мен Омбыдағы Керей Көшеннің Тұрлыбегі саудагер Жексембайға сұрағанын беріп отқа қақтаған кірпіш алып, төрт құлақты басын көтереді. Басына белгі ақ мәрмәрдан шен-шекпенін жазып, атын ойғызып тас қойды. Баяғыда айтады екен: «Жақсылықты туғаннан көресің бе, тумағаннан көресің бе?» деп, кешеrі аузына ас, астына ат мінгізген татар Рамазанның баласы Абдулфаттах Керекудің қазақ, ноғайына Мұхаммедтің хақ діні исламды ұмытпасын деп, ұлыққа қарап шоқынбасын деп ақ күмбезді мешіт салды. Мыңнан бірін жарықтық Қазекемнің қай жақсылығын айтып тауысасың?, – деп доғарыпты. Қазанғап би Сатыбалдыұлының өміріне қатысты мұрағат деректеріне зер салсақ, балалары һәм немерелері жөнінде Санкт-Петербург орталық мұрағатында сақталған.
Қазанғап Сатыбалдыұлы Арқа қазақтарының арасында алғашқылардың бірі болып 1808 жылы Санкт-Петербург қаласында ақ патшаның қабылдауында болған. Сол жылы старшин шенін алған және жыл сайын 50 сом ақша алып тұратын болған. 1810 жылы капитан шенін алды. Сыйлыққа шекпен бас киімі мен 500 сом ақшадай алған. 1825 жылы Батыс сібір генерал-губернаторының шекпенін иеленді. 1833 жылы майор шеніне қол жеткізді. 1843 жылдан 1847 жылға дейін Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болды. 1856 жылы 85 жасында өзінің қыстау-қонысы Ертістің жағасындағы Бауыртас деген жерде дүние салды. Мүрдесі – Бәсентиін руының Бөрі атасының балалары жерленген қабырстанда.
Қазанғап би Сатыбалдыұлының ұрпақтарынан мағлұмат:
Бердіәлі Қазанғапұлы (1802-1842). Бәсентиін болысының биі (1833-1837), Баянауыл округінің қазысы (заседатель), 1840 жылы аға сұлтанға кандидат. 1841-1842 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болып жүргенде дүние салды;
Момынбек Қазанғапұлы 1810 жылы туған. 1843 жылдан 1863 жылға дейін Бәсентиін болысының басшысы болды, Батыс-сібір генерал-губернаторының бұйрығымен Анна лентасы тағылған Алтын медаль, шекпен алған;
Нөгербек Қазанғапов (1812-1883) 1849 жылы және 1855 жылдары Баянауыл сыртқы округінің қазысы (заседателі) атанды, 1859 жылы хорунжий шенін иеленді. 1878 жылы Анна лентасына тағылған «За усердие» алтын медалін алды. 1883 жылы Қазан қаласында дүние салды.
Арон Нөгербеков (1846-1895) 1872-1874 жылдары Бәйімбет Бәсентиін болысының басшысының орынбасары болған билік саласында 16 жыл қызмет істеген. Арон Нөгербекұлы дүние салғанда «Дала» газетінде көңіл айту жарияланды;
Иса Бердәліұлы (1838-1899) ауыл старшыны, биі, «Дала» газетінде және «Особое прибавление Акмолинский областные ведомсти» газетінде Иса Бердәліұлына көңіл айту жарияланған.
Алаш үкіметінің ардақты азаматы Қабыш Исаұлы Бердалин (1873-1937) Кеңес үкіметінің қуғын-сүргін құрбаны болды. Павлодар уезінің Алаш комитетінің төрағасы болған.
Алтынбек ҚҰРМАНОВ,
өлкетанушы.
