Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы
Қарлығаш Қабай – 1997 жылы 26 желтоқсанда Павлодар облысы, Екібастұз қаласында туған. Еуразия ұлттық университетінің, Түркияның Қаратеңіз аймағында орналасқан Орду университетінің түлегі. Көне түркі тілдері саласының PhD докторанты. Өлеңдері қырғыз, түрік, әзербайжан басылымдарында жарық көрген. «До диез минор» (2023), «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» (2025) кітаптарының авторы. «Жерасты әдебиеті» әдебиет және өнер сайтының жетекшісі.

ЗУҺД
(Поэмадан үзінді)
«Заһид – еш нәрсеге иелік етпеген жан ғана емес,
ештеңенің өзіне иелік етуіне жол бермеген жан…»
Әбу Тәліб әл-Мекки
«Кутү’л-Кулуб»
(Жүректердің азығы)
«…Тәрк ету ғана емес, тәрк етілу де – ЗУҺД»
І. Жол
Жол –
Шексіз құмның ортасынан басталған,
Көлеңкесін іздеген Софи
Ой ішін кезіп,
Ұзақ сапарға аттанған…
Таңғы тыныштықтағы құстардың қанаты
Түнді жарып шыққандай азалы.
Ал күн –
Көктен төгілген уағыз сынды,
Жерге жайылып барады…тағы…
Үнемі жарым-жартылай қалатын өмірін
Кішкентай жолсөмкеге сыйғызуға тырысудың
Не екенін жақсы білетін ол…
Үнемі
Аспанға аяғынан асылып өмір сүргендейсезінбеу үшін
Жолға шығатын тағы…
Жолға шыққан әр сәтінде,
Өмірді де жол сынды
Тезірек жүріп өткісі келгендей,
Тезірек біліп өткісі келгендейасыққан…
Жолға шыққан әр сәтінде
Жолдың аяқталатынын білетін.
Жолдың мәңгілік емесін
Сүйегіне жеткенше
Сезініп жүретін…
«Мәңгіге Жолда қалатын –
Жолдың өзі ғана» – дейтін сонсоң…
Осы ойды медет қылғандай,
Осы ойы өжет қылғандай
Жолға шығатын
тағы…
II. Аңызкөшкен
Бұл жер –
Он тоғыз теңіздің түйіскен нүктесінде тақ құрған
Талуй ханның ғазабын құшып,
Артында тек қана аңыз қалған
Алып мұхиттың
Өз-өзін өртеген тұсы…
Артынан аңыз ғана көшкеналып мұхиттың
Орнында қазір
Алып бір теңіз беналып бір шөл қалған.
Құдды шексіз үнсіздік пен
Бітпейтін шу сынды,
Шексіз тыныштық пен
Шексіз толқындай қозғалған…
Немесе өмір мен өлімдей
Аңдаусыз кез болған…
Алып теңіз бен алып шөл
Бір-бірін үзіп,
Бір-бірін жалғап,
Бір-бірін жеңіп,
Бір-бірін жеңе алмай келіп.
Ғасырлық арпалыстың ішінен аман қалғандай…
Үнсіз жар құшып
Жатады қазір.
Алып теңіз бен алып шөл-жазық.
Алып мұхиттың аманатындай
Алып Каспий мен алып даланы
Алақанына толтырып,
Апарғысы келеді ертеңге…
Алақанына жазылған
Құдай өлеңін көріп
Кетер ме дейдікемсеңдеп…
III. Күту
Бүгін де
Ештеңе таппады,
Ешкімді таппады,
«Түкке тұрғысыздығымыздың»
Түкке тұрғысыз тағы бір таңынаяққа таптады…
Сол сәтте жел ғана әуелеп бір әуен,
Сыр төкті.
Теңіз бетіне көтерілген күн,
Құмға төгіліп,жылт етті…
Жартасты, құмдарды, жолдарды
Қалдырып жырақта,
Боздаған боз таңда
Бозарған далаға беттеді
Беймәлім сұрақтар…
Әу маңда кезіккен кесіртке
Тағы да тәрк етіп құйрығын,
Жаңа бір өмірге сырғыған…
Бүгіннің салмағын көтермей еңсесі, о, бәлкім,
Тағы да ертеңге асықты
адами тұрғыдан…
Өткеннің өрнегі, бүгіннің салмағы,
Не көрді, не күтті?
Қай әуен салғаны?
Бір жерден қайтқаны,
Бір жерге барғаны
есінде…
Қолында жалғыз-ақ естелік –
қалғаны.
Терезе алдына
Құстардың келуін көп күткен,
Теңіздің келуін көп күткен көңілі,
Барлығы тәрк етіп,
Барлығын тәрк етіп,
Аңсайтын болыпты заһидтің өмірін…
IV. Сынған құмыраны іздеу
«Жол бойы кезіккен құмыра сынығы,
Жаралы жанды емес,
Құштарлықтың күл талқан кезін
Есіңе түсірер болса,
Заһидке айналып шығасың сол сәт…» –
деп Софи тіл қатты.
Жүрегін
жұбаныш желпіп,
жазғыздық қоршап.
Сөйтті де,
Сынған құмыраны
Іздеуге аттанды,
Қай жерден табады?
Қай жақта сақтаулы?
Жол бойы кезіккен желден де,
Төбеден,
Құстардан,
Сұрады бәрінен,
Сұрады бұлттардан…
Жартастың қойнауы құмыра сынығы,
Жол сілтеп осылай, шағала шұбырып.
Сол жаққа бар деді, бар деді жартасқа,
Уақытты сарп етпе, құр босқа кідіріп…
Шөлде бір керуенжол соқпағы бар деді,
Сол жақтан құмыра көріпті әлдекім.
Керуендер көшкенмен, керуенжол кеткенмен,
Құмыра еске сап жатады әрнені…
Сол жаққа, сол жаққабар, – деді әлдекім…
Әулие үңгірдің қуысы киелі,
Құламай тұрғандай құмыраға сүйеніп.
Бар деді Бекет пен Шопанның басына,
Құмырадан су ішкен шөлдеген жиі еніп…
Торғайлар ұясы түбінде –құмыра,
Қалғандай көз жазып, кеткендей ыдырап.
Тіршілік атаулы ұясын іздеумен,
Өмір де өтеді дейді екен зымырап…
Бір жұлдыз түбіне жасырын жылыстап,
Жердегі бақытты әкеткен уыстап.
Дәл қазір құмыра дейді екен аспанда,
Жұлдыздың жарығы жалт еткен қуыста…
Қайда еді құмыра?
Қай жақта дәл бүгін?
Бақылап жүр ме екен бір жерде әр күнін…
О, мүмкін,
Отырған шығар-ау ойланып,
Еңседе… –
өмірдің көтерген бар жүгін…
Осылай ойлана бергенде үмітсіз,
Бір тылсым көріпті күтпеген құм үсті.
Құмыра-көңілі шытынай бергенде
Шопанның дәл өзі алдынан шығыпты…
V. Софи мен Шопанның әңгімесі
Софи:
Күндердің бір күні
Өліммен де жүздесерімді білгенмін, сөзсіз…
Ал сені көруім – тым тосын жайыттай,
Көңілім мінгендей ескексіз қайыққа…
Санам да бұлыңғыр бір түстен
Жатқандай айықпай…
Шопан:
Маңғаз тау, бозарған паң дала –
Бір тылсым түс сынды әсерге бөлемек.
Үнсіздік ішінде сөз жатыр бұл маңда,
Жарықтың мекені – қою түн,
Жаңаның барлығы – көнеде….
Түйсіктің тамырын дәл басқан танымақ
Шарқ ұрып іздеген өмірің,
Негізі, – өлімде…
Ізгілік қағбасы –шаң басқан көңілде…
Шаң басқан қобызың сарнайды ескі әнді.
Ескі әннің иесі, –
Өлуге тым ерте,
Сүюге кеш қалдың, о, бәлкім…
Қираған құмыра іздеп жүр екенсің,
Жүрегің жаралы, көңілің – секемшіл,
Жып-жылы сәулесін ақ таңның жатырқап,
Бозторғай үнін де бөтенсіп..,
Келесің…
Мінекей, кетілген құмыраң
Көп іздеп, көп аңсап түңілген…
Бәзбіреу байқамай ұмыт қалдырған,
Бір жұтым шарап бар түбінде.
Кетік құмыра – өзіңнің көнерген жан-дүниең,
Сынығы – өткенің
Сәт сайын мұңыңды жүретін әлдилеп…
Бір жұтым шарабы – бір жұтым шындығың,
Босаған бүйірі – үміттің кіндігі…
Софи:
Маған бақытсыздықтың суретін сал, ата,
Бақыттың да…
Қираған құмыраға қарап,
Қираған құмарлығымды емес,
Қимас сәттерімді санап,
Жазғы бұйырғынға аузы тиген қой құсап
Отырмын тағы,
Өткенім – мың жылдық шарап…
Құдды рухым махаббат дертінешалдыққандай
Шыңғырып келіп…,
Сансыз сұрақтардың үйіндісінежерленгендей
Жүрегім менің…
Жолға шыққан әр сәтімде
Жолдың соңын табардай үмітке еріп,
Құр алақан, құр сүлдерім қайтып бара жатады кері…
Жүріп өткен сайын ұлғая беретін
Бұл қандай сапар?
Дауасын жанымның шарқ ұрып іздеген сайын,
Ұлғая беретін
Бұл қандай уайым?
Жолда мәңгі қалатын – жолдың өзі ғана…
Дегенмен
Артта қалдырған соң аңсарлы теңізді,
Шақырымдардың соңында
Күтетін не бізді?
Ішімдегінің бәрін
Қоқысқа лақтырып,
Қоқысты арқалап жүргендей сенделе,
Қоқысқа айналған күйдемін
Мен неге?
Шопан:
Сортаңның бар сөлін
Асықпай сораптап,
Шөл жайлап жататын бұйырғын –
Сабыр мен төзімнің үлгісі,
Өсімдіктердің биігі…
Сабыр мен сенім ғой сенің де –
Жаныңның емдейтін күйігін…
Қой бағып отырып,
Ой бақтым бұл маңда,
Сол үшін Шопан деп атайды ел мені,
Ғұмырды ұстаздың асасын іздеумен өткіздім –
Қолымнан келгені…
Қысқа бір саяхат, ұзын бір ізденіс –
Өмірдің бар мәні.
Ғашыққа қауышар сәтті күтеміз,
Мәнсіздік… – қалғаны…
Ғашықтың жолында адасып, адамзат
Сан қилы күйге енбек.
Шындығы –
Қой қайыруды білгендер
Нәпсі тиюды да үйренген…
Осылай тілдесіп, мұң кешіп,
Артта қалдырып уақыт пен жолдарды екеуі.
Аяңдап боз дала, боз аспан шетінде,
Бозжыра маңына келіп те жетеді…
Софи:
Жалаңаш жартасқа табан тіредім,
Жалаңаш жүректі асқақтық билеген сәттерде.
Қай бекет бізді апарар екен
Сағынған, аңсаған көктемге..?
Құз жартас мынау – армандай асқақ,
Армандай үрейлі тағы.
Шындығы –
Үркіткен бізді биіктік пе, әлде
Құлаудан қорқа ма адамның жаны?
Жарыққа ғашық көбелек сынды,
Өртеніп тыну – бұл күнде арман.
Сенімге селкеу –Жалғыздық кейде,
Сезімді алдап бір күндік жалған…
Дедалдың ұлы Икардай болып,
Балауыз қанат, бел байлап күнге…
Жеткенде Ғашық диярына алыс,
Қарсы алар ма екен күлімдеп, кір деп?
Ғашық жолында өртену – мақсұт,
Неге онда қанат қақпаймыз көкке?
Үркіткен бізді биіктік пе, әлде
Үрейіміз бе секемнен жеткен…
Шопан:
Ғашықтың әуенін ұғынған,
Ғашыққа жетуді көксеген жан бар ма тағатсыз?
Жалғанның желігін жамылған адамдар –
Сезімсіз, қиялсыз, қанатсыз…
Бұл жолда өмір – бір теңіздей,
Ал теңіз – тамшыға тең келмек,
Тамшы да – теңізге…
Алдымен өз жанын тәрк етіп үйренсін,
Нәпсісін емізген…
Ғашықтың жолында өз-өзін тәрк ете алғандар,
Ие боп қалады қанатқа…
Дүниенің қызығы –
Байлық пен билікте дейтіндер,
Ғашыққа жете алмас ешқашан
ұшса да сағаттап…
Топырақтан келгенбіз дегеннің мәнісі –
Топырақтай кең болу…-
Барлығын бергенмен,барлығын кері алу…
Тәкаппарлығыңнан емделу…
Бар әуен, бар әлем, барлық жол –
Бізді тек Ғашыққа бастаған…
Бүкпесіз әңгіме айталық екеуіміз,
Ғашықты іздеген жас-ғалам…
Ғашықтың жолында
Қажет деп тапсаңыз,
Қанатты өртеңіз…
Бәрінен баз кешкен қалыпта,
Өртенген қанаттар жайында
Ғажап сыр шертеміз…
Өзінен баз кешкен жандардың
Ғашыққа жетуі секілді.
Қанатын өртегендердің ғана
Қанатқа айналып кетуі… –
Өмірдің шын заңы…
Өмірдің ілімін
Бойына сіңіріп үлгермей,
Көксемей Ғашыққа жетуді,
Қанатты аңсаумен жүргендей
Көп адам…
Софи:
Ғашықты іздеген сайын,
Жалғыздықтан да жалғызбын дедім мен,
Жалғыздықтан да жалғызсың деді жұрт.
Рухани үндестік тапқандай күйдемін,
Өзіңе кезігіп…
Айтшы, ата
Бірге ұйықтағандар
Бірдей түс көрмей ме?
Жалғыздық –
Еркіндік,
Дегенмен
Неліктен кемшілік секілді көрінді
ол кейде?..
Шопан:
Қарқылдап құзғындар жатады
Айқайлап жар-құзда.
Хақты аңсап ән салған тотықұс
Ал сонда жалғыз ба?
Жанында әні бар,
Аңсары бар сосын…
Жүретін жолы бар,
Мұңы бар…сәл тосын.
Данышпан патшалар –
Хақ жолын кешеді.
Ақымақ билеуші бар кезде,
Халықтың жанына жалғыздық көшеді.
Хақ жолы – шындықтан басталған,
Ақиқат – көз жасың…
Бір тамшы сөзіміз –
Бір тамшы жас сынды
Теңізді қозғасын…
Ақиқат – құлпытас секілді,
Жалғыздық – ақыры…,
Хақ жолын іздеген жан сынды
Сәждеге бас ұрып.
Ғашыққа жеткендер ешқашан
Жалғыздық шекпеген…
Уайымым, сезігім, секемім, –
Барлығы текке деп…
Ғашықты шарқ ұрып іздеуің –
Тәтті бір түс көріп, оянып кетудей…
Күн сайын көз ілу секілді тырысып –
Сол түске жетуге…
Софи:
Ақиқат, шынымен, –
Сый болып келген жоқ ешкімге…
«ауадай немесе қажетің
Нан менен су сынды» дестім мен…
Ал бірақ қара нан, қара су секілді
Мейірімді, жомарт, кеңпейіл көшелер –
Бұл күнде тек қана
Мүсінге айналып, музейге төселер…
Сондықтан біз бүгін
Қай жерде жалғыздық бар болса,
Сол жерге қонуға бекіндік…
Жұртына өгейлікжайлады
Жүректі – жетімдік…
Жібек жол елесін еске алып,
Жолсызда күн кешкен,
Керуені тәрк етіп,
Ескі күндердің елесіментілдескен
құмыра секілді ескі жұрт…
есіме түседі кешқұрым.
Сусызда тым ұзақ,
Судың үмітімен, судың қиялымен
Өз-өзін ертеңге жеткізген,
Сапарын сеніммен өткізген түйедей…
Сәл діншіл, сәл қатты,
Тарих пен өткенге ауқатты
біздің ел…
Шопан:
Түйе –
Сенімін арқалаған күйі,
Алыс шөлді артта қалдырып,
Ғашыққа жетуді күткен жан құсап,
Сезімнен өңгеге қанат талдырып,
Қиялындағы бұлаққа келіп жетеді…
Сен айтып отырған отан да,
Тағдырдың шағылын кешіп,
Судың елесін жүрегінде сақтаған…
Ғасырлардың табалдырығын
Елес кезіп жүріп,
Ессіз күйде аттаған…
Сол үшін кейде
Құмды дауылға қарсы ұшқан
Құс қанатындай қатты,
Ал кейде
Жаңбырды күтетін көк өскіндей
жапырағын аспанға төсеп те жатты…
Сортаң жер ортасы секілді,
Сортаңдау мезгілде
Шыңырау қазам деп
Аңдаусыз көр қазып,
Мұхитқа сүңгіген кемедей,
Толқыннан көз жазып,
Қалғандай…
Алғашқы әуенін,
Есті үнін,
Желдің өтінде қалдырып,
Қармағына шер дала,
Шер көмген тауды іліп,
Алғандай аңдаусыз…
Бір аңыз баяндап берейін ал онда,
Есті елден көшкен-ді.
Көңіліңді ерітсін,
Жаңбырдай көктемгі…
«Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабынан.
