Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы
Aiqara.kz порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында кітаптары жарық көрген ақын-жазушылардың шығармаларын жариялауды бастайды. Ақын Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс» поэмасын оқырман назарына ұсынамыз.

Батырхан Сәрсенхан – 1995 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт» фестивальінің Поэзия номинациясы бойынша Гран-При иегері. ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы.
ЖАСЫЛ ҚҰС
(поэма)
Құл аузынан жасыл құс шығады ұшып,
Дүр жақұттан тоқылған қанаты бар.
Яссауи
Түнімен аһ ұрдым,
айнала түн-түнек,
қанжардай жүрегім кеудемді тілгілеп
тоңардай сезімім, ысталған еменмен,
талыққан күрзі ойдан, жалыққан теңеуден
күрсінген келмеске
өкінген өшкенге,
көк кілтін тылсымның көмбеген еш жерге
Жасыл құс,
жасыл құс,
бейдауа бір нұрмен,
жартыкеш дүние арбауын білдірген.
Білдім бе,
алақан ұясы жарығын,
білдім бе,
сұр нәпсі шынжырлы шалығын.
салдарлы бүтін мен бөлшектің арасын,
қастасқан мүмкін мен беймүмкін арасын,
білдім бе,
нәркес ой көгілдір көлбеңдеп тұрмасын,
семерін бір кезгі балалық жылғасын,
білдім бе,
отарын бақшамды аңдаусыз аңғал іс,
түңілу шапанын киерін таңданыс.
Жасыл құс,
жасыл құс,
ой құлар еденге,
талайғы кәрі өмір епті екен менен де!
2.
Терезе сұрланды, зеңгірден бұлт қашты,
ағаштар бүршігі кері өсті,
зұлымдық әуелгі ойымен жұптасты,
ажырғы, шытыра қаптады дөңесті.
Құрғады балықтар қанаты теңізде,
қадамдар қараңғы бұрышқа соғылды.
Тұжырды зиялы, таба алмай негізді,
соқыр рух қап-қатты жартасқа таңылды!
Жасыл құс,
Жасыл құс,
пайғамбар емеспін,
шексіз бір бостыққа қамалған кейпімді
іздеумен жүремін ішінен елестің,
оятып әуелгі сертімді.
Жасыл құс,
нені айтар замана бағдары?
өзгертті мені де жер беті елегі.
міне, енді, бөтендей шұғыла таңдарым,
қайда екен, қайда екен рухымның қорегі?
3.
Тағы да жеңілдім жан алғыш еркімнен,
тұл қалып мәй толы махаббат дертінен.
Құнығып дидарға, «һу-һуға» баса алмай,
«а» десем тіршілік аранын ашардай
қажыдым,
құтыға көз тігіп толмаған,
бір адам
келеді
ешқашан болмаған
бір адам –
сүрмеген жазира ғұмырын
«О, сәлем!»
«Сәлемдер!»
лайлап тұнығын
төнбеген қайтадан әуелгі түбірге.
Үш жол бар қақпа ашар мәңгілік білімге:
Шын сүю – тануға құмартқан Анықты,
Шын қалау – ашуға түпсіз бен жарықты.
Сом жігер – мұқалмас мекер мен мұздыққа,
Майдан аш бейғам мен толы ұятсыздыққа!
Тағы да келемін
көкорай, көкжасыл,
сабақтап ойымның үзілген жалғасын.
Жасыл құс,
Жасыл құс,
әрі інжу, әрі ақық,
қашықтан мұндалар шұғыла жаратып.
Бармаққа оқталдым
алайда, аяғым,
қозғалсам ұйық пен сояуда аяғым,
кісенде ниетім, сенімім, үмітім,
тұтқында ұжданым, ұятым күні-түн.
Жасыл құс,
жасыл құс,
топырақ хәлінде,
сахармен зарлайын сүйеніп сенімге.
ұлыған бөрідей, өртеніп жанып іш,
орнасын жанымда жойқын бір жарылыс!
4.
Адамдар!
Адамдар,
таптым мен бір мұрат,
шортандай тыншымас кеудемді ұрғылап.
Ғаршы мен күрсінің тірегі – махаббат,
Сақина ғаламның себебі – махаббат.
Замана бұлбұлы ғазалы – махаббат,
Жүректің тақыты, гауһары – махаббат!
Өттім мен қараңғы терезе бойынан,
бейхабар жауһарлы махаббат жайынан.
«Ей, ғапыл!
қарашы,
міне, шын жаңалық!»
дедім де, әйнекке сүйедім шам алып.
Кенеттен жап-жарық сел алды бөлмені,
Шапақ пен құйындай жол алды бөлмені,
Бейхабар тұрды да, аспаннан көз алмай,
тербелді ғаламға әнұран жазардай!
Махаббат – қорғаным, тапқаным сан іздеп,
Махаббат – шексіздік, әуедей теңіз көк.
Махаббат – арыстан, махаббат – жолбарыс,
тап қазір кезбедей шықсамшы жолға алыс!
Ей ғапыл!
бағытсыз сенделген бір ауық,
кел, бірге, сөйлейік, сұхбат дүр құралық.
Неліктен жазықтан, қырат пен жырадан,
таппаймын махаббат іздеген бір адам?
Неліктен аралап қиырды, ел-жерді,
таппаймын махаббат сұраған пендені?
Сөйлесін парақтар, әріптер ұғылсын,
бұлжымас шын артық, жойылсын бүгін шын!
күйресін зұлымдық, жаңылып ізінен,
маздасын махаббат замана жүзінен!
5.
Ғашықтар барады жарықты бетке алып,
Күн шығып көркінен,
демінен от жанып.
Үндістан, Пәкістан, Түркия қасынан,
Рим мен Грекия, Албания тұсынан,
Барады ғашықтар
мінегендей күлікке,
Сүйеніп сенімге, қол артып үмітке.
Базарлар, еңістер, мекендер қаңсыған,
күлімдер тұғырлы ғашықтар артынан.
Қаршыға, бозторғай, сауысқан топтасып,
безектер ғашықтар ұранын жаттасып!
Жер – төсек,
аспан – шам,
көл мамық өткенге,
бұлттар да оларға тағынбас бетперде!
Барады ғашықтар табаны шашып от,
жүзінде жоқ қайғы, жоқ қатер, қасірет.
Жол қылып жартас пен құзар шың арасын,
жыланды орман мен шоқ тоғай арасын,
Тырс етер қадамы
құпия жаратар,
Үнінен туар ай, жүзінен таң атар!
6.
Ояндым бір күні
өзгерген айнала,
мәрмәрлі субұрқақ шапшыған қайда да.
Зүбәржат тістерім,
шаштарым бәрі алтын,
ешнені ұға алмай айнаға қарандым.
Күнбағыс мойыным,
қос қолым – қос биік,
тыншыдым жібектей төгілген жасқа ұйып.
Қызыл тас ерінім, иығым мұнара,
қанпезер қастандық шыға алмай құлаған.
Кеудем бір кең сарай,
нені үйдім, не бақтым?
Танымай өзімді бақырға қараппын.
Алмаздай мұрыным, динардай әр тыныс,
Сезілген үнімде тұғырға тартылыс!
Кеберіп ақылым шашылған тарыдай,
қиналдым жалғыз сөз бүркуге жарымай.
бөтенге ұмсынып байлаулы жан ұдай,
Мен кімнен іздегем өзімді, Тәңір-ай!
7.
Қамығып келемін,
қынжылып келемін,
сіркіреп ғайыптан бұршақтай өлеңім.
Бор болған жастығым бозарып алдымнан,
кіргізген есімді, есімнен тандырған,
Жасыл құс,
Жасыл құс,
сағыныш бар менде,
тек сенше ұша алман белгісіз белдеуге.
Кім сендей тосты арқа дүние сызына?
кім сендей қызылға қарамас қызыға?
Кім сендей телінер махаббат тіліне,
сүйінер құмырға, көкектің үніне?
Айнала кіл арқан, жүргені байланар,
байланып олар да арқанға айналар.
Көл едім, тартылдым, арыққа ұқсадым,
Жол едім, тұйықта табытқа ұқсадым,
Қансырар кіл үміт, жарадай таңылған,
Тұрамын қанатсыз ұша алмай соңыңнан.
Жасыл құс,
жасыл құс,
сағыныш бар менде,
кім сендей сезінді аманат бергенде?
Кім сендей тағынды Түркінің зар-мұңын,
кім сендей жамылды қаймана тағдырын?
Қамығып келемін,
қынжылып келемін,
ұға алмай тоқылған құдірет себебін,
Мүмкін дән ұрығы кешігіп себілер,
мүмкін ел жадына кешігіп өрілер,
үкімдер кешігіп оқылар,
Бірақ та Әділет – кешікпей берілер!
Дүние – егінжай, нені орар шалғы – адам,
отырмын сұпыдай пұрсаты қалмаған,
Жасыл құс, жат көрме, хикметке сарай аш,
Жасыл құс, бір тұтам қауырсын бер маған!
