(Жалғасы)

Суретте: жазушы Қалмұқан Исабаев пен Қалкен Жәмінов
Сәтбаевтар отбасымен алғашқы танысу
1959 жылғы іссапар күзде аяқталды. Келісіммен жасалған жұмыс жайлы мәлімет бердік. Сол мәліметтегі жұмыс мазмұнымен Таисия Алексеевна толық танысыпты.
Таисия Алексеевна Кошкина 1948 жылдан бастап Сәтпаева болып жазылатын. Жеңгеміз бұрын институтта минералогия бөлімінде жұмыс жасап, Жезқазған кенінің минералдық құрамын, құралу ерекшелігін жете зерттеп тексерген. Ол кандидаттықты үздік корғап шығып, докторлық еңбегін жазып жүргенде сырқаттанып ұзақ мерзім ғылыми жұмыстан қол үзген көрінеді. Кейін ептеп тәyip бола бастаған кезінде Жезқазған мәселесіне байланысты зерттеу жұмыстарына назарын аударып отыратын. Міне, осыған орай ол кісінің алдына меніңде жұмыстарым барып қалды.
Шахтадағы жұмыстан басқа, Жезқазған теңірегінде тағы да бір жаңа зерттеу жұмысының басы көрінді. Сол 1960 жылдың бас кезінде Америка ғалымдары Жезқазған комбинатының руда байытуынан қалған қалдықты сатуын өтініпті. Осы жағдайға зер салған Қанекең Қазақстан кендерінен шыққан байытылған руда қалдықтарын жедел зерттеу мәселесін көтерген. Соның ішінде толық зерттелуден өтпеген Жезқазған рудасының геохимиялық тұрғыдан зерттеуді Сейфуллинге тапсырады. Ол өзінің қызы және күйеу балаласымен ақылдасып (олар Жезқазған барлау экспедициясының геологтары болатын), ондай жұмысқа шамалары жетпейтіндерін түсініп, осының қолынан ештеңе келмес, ұятқа қалмайық деп жұмысты маған өткізіпті. Бастықтың бұл ойын лаборатория адамдары жасырын түрде өзара сөз қылып жүрді, кейін бip жылдан соң тоқтады.
Геохимиялық жұмыс жайында әңгімелесу үшін мені Таисия Алексеевна шақырып жатыр деп бастығым келіп, Қанекең үйінің адресін берді. Міне осылай жұмысқа сәйкес өмірімнің жастығындағы арманым болатын Қанекең үйінің босағасынан алғаш рет аттадым.
Жеңгей өте сыпайы мінезбен қарсы алып, танысқаннан кейін әңгімені бастады. Алдымен шахталардың забойларын көріп жүргенде не аңғарып, нені ажырата білгенімді баса сұрады. Әрине, руданың пайда болуы оны қалыптастырған шөгінді жыныстардан соң екендігі айқын көрініп тұратындығын баяндап бердім. Оның бірнеше дәлелдерін келтірдім. Сөз маңызы жеңгемізге ұнады білем, күлімсіреп қарап:
– Саған жаңа тапсырма берейік деген ойымыз бар. Ол өте қиын жұмыс. Руда құрамын геохимиялық тұрғыдан талдау негізін тау-кен институтында оқыған жоқсыңдар. В.Вернадский мен А.Ферсман есімдері жер жүзінің зерттеуші ғалымдарына аян. Міне, солардың еңбектерімен жіті танысып, маңызын түсіне білуің қажет. Сонан кейін Жезқазған кен ішінде жүргізілетін зерттеу жұмысының жоспарын құруға кірісесің. Саған бір ай шамасы уақыт беруді бастығыңа айтып түсіндірдім. Бүгіннен бастап сол жұмысқа кіріс. Өзім хабарлап, бастығың арқылы шақырып алармын. Ісіңе сәттілік тілеймін, келесі кездескенше, – деп қоштасты.
Бұл сөздерден кейін менің ойымда қуанышпен бірге қорқыныш сезімі де пайда болды. Егер үлкендердің ойын, сенімін ақтай алмасам, одан да өлгенім артық қой. Бірақ не де болса тәуекелге арқа сүйеп, аталған екі ғалымның геохимиялық зерттеу жұмысындағы ерекшеліктерімен жете танысуға кірістім. Тегі бастығыма жеңгеміз тапсырған ғой деймін. Ол да шақырып алып, өзінің болымсыз пікірін айтты. Бастыққа не дейсің, жарайды дегеннен басқа. Ақырында ойластыра келіп жұмысты химиялық зерттеуден өткен, құрамындағы қорғасынның, мырыштың және мыстың мөлшері белгілі, минералдары анықталған проба қалдықтарын зерттеу керек екендігіне шешім байладым. Ол пробаларда ең алдымен өндірістік маңызы бар металдарды анықтау керек болды. Олар Жезқазған кеніндегі минералдарға байланысты жеке өздері де минерал түзетін күміс сияқты металдар болса, рудадан алынған концентраттан табылған рений еді. Жезқазған рудасының құрамындағы мыстың шамасы 0,7 % және онан жоғары болса баланста деп есептеледі. Ал 0,4 – 0,7 % аралығы баланстан тысқары болады да 0,4 % -ке дейінгі жалпы есепке алмайды. Міне, осы жіктелуге сәйкес геохимиялық зерттеуге біріктіріп, комақтандырылып алынатын пробаларда төмендегі ерекшеліктің қажеттігі анықталды. Біріктірілетін пробалардағы металл (мыс, корталып), әсіресе мыстың химиялық жолмен анықталған мөлшері 0,4 % шейін, 0,4-0,7 процент аралығындағы шамасы, 0,7-1,0 процент, 1,0-3,0 және 3,0 – 5,0 проценттер, оннан жоғары мөлшердегілер жеке-жеке алынды.
Кенді зерттеп, руда қоры есептелген бұрғылар бір-бірінен 75 метр қашықтықта болған. Ал геохимиялық зерттеуге жататындардың аралығы 300 метрге жеткізілді де, планға түсірілді. Әрбір бұрғымен анықталған руда қабаттарындағы (горизонттарындағы) металдар пробасын біріктіру 1,2 пункте көрсетілген анықтама жолымен жасалды. Егер руда қабатының жоғары жағында кездесетін пирит, халькопирит тағы басқа минералдар төменгі қабатта кездессе, олар жеке-жеке біріктірілді. Үстіңгі қабаттағы проба төменгі қабаттағы солдай пробамен біріктірілген жоқ. Сондай-ақ, екі-үш руда қабаты бір бұрғымен анықталды да, олардағы рудалар жеке-жеке біріктірілді. Қабаттар рудасы бір-бірімен қосылған жоқ. Міне осындай жоспармен Таисия Алексеевнаға бардым. Бұл толығымен жеңгейдің ойынан шықты. Арада екі күн өткен соң бастығым менімен бірге Қанекеңе баратындығын айтты.
Кабинетінде мені Қанекең қуана қарсы алды. Тегі жеңгей мақтаңқырап жіберген ғой деп ойладым. Проба талдайтын лаборатория бастығы Сергей Ксенофонтович Калинин де отыр екен. Жұмысқа кірісіп кеттік.
Мен жасаған жоспардың тиімді және әсерлі екенін айта келіп, Қанекең: «Бұл пробалардың дені руда қорын есептеген контурдың ішінде екен. Сондықтан ол руда құрамын дәлдік мөлшермен анықтау қажет. Өйткені сол талдау негізіне сүйене отырып, біздер руда құрамындағы денінің, күмістің, қалмықтың тағы басқа құнды металдар қорын білуге толық мүмкіндік алмыз. Солай болған жағдайда бұл зерттеудің маңызы едәуір артады. Кейін оны Қазақстанның басқа да кендерінде жүргізетін боламыз. Міне, Сергей Ксенофонтович, Сіз, ол элементтерді дәлдікпен анықтауды міндетіңізге аласыз. Ал Саид Нагимович (Сейфуллин) мына жұмысқа кедергі болдырмайтын жағдай туғызасыз. Сосын, сен, қарағым, жұмысқа қанша керек болса, сонша адам қабылдап, лабораторияда анықталатын пробаларды жедел жеткізіп беруге жағдай жаса. Қандай кедергі болса да жеңгең арқылы маған хабарла. Әсіресе проба құрамындағы қосарланған элементтерді анықтайтын талдаулар мөлшері ай сайын жүз- жүзден кем болмасын, – деп бәрімізге тапсырма берді.
Сонымен 1960 жылы басталған геохимиялық зерттеу жұмысы бойынша Жезқазған кенінде атылған бұрғылардан алынған руда пробаларының қалдықтарынан бастап 1960 жылға дейінгі бұрғылармен анықталған руда қалдықтарын 9 руда қабаттарынан он екі мың біріктірілген пробалар алынды. Олардың құрамындағы қосарланған элементтер арасынан рений мен күмістің сай мөлшері спектральды талдаумен дәлдікпен анықталды. Ренийдің руда көлемінде таралу мөлшері анықтала бастады. Істің нәтижесін Мәскеуде өткен ренийдің маңыздылығы жайындағы мәжілісте бөлшек бердім. Сол мәжіліске шығар алдында Қанекен шақырып алып:
— Сені алысқа, Жезқазған кеніндегі ренийдің маңыздылығы туралы хабарлама жасауға аттандырып отырмыз. Қолжазбаңмен таныстым. Жұмыстың басталуына оның нәтижесіне көңіл толатындай жағдайға жетіпсің. Бірақ та әлі де болса тереңірек зерттеген жөн. Осы тұрғыдан айтатыным, түрік ғалымдары ренийдің геохимиясын зерттеуде елеулі табыстарға жеткен. Солардың баяндамасына назарыңды аудар. Мүмкіндігіңе қарай танысып, жақындас. Сөйлегенде асығып алдырмай, ойланбай, баянына жетпей ойыңды жарыққа шығарма, жолың болсын, – деп Қанекен маған соңғы жолдама берді.
Мәскеудегі мәжілісте түрік ғалымы С.М. Баситованың геохимиялық зерттеуі өте ұнамды шықты. Алғаш ренийді ашқан неміс ғалымдары ерлі-зайыпты Нолдақтардың жұмысынан кейінгі ауыз толтыра айтатын нәтижелі жұмыс осы Саодат Мұхамедовна Баситованың зерттеуі болатын. Сол жерде танысып, өндірістен алған пробаларды жіберуге келістім. Ол ренийдің мөлшерін химиялық тәсілмен 0,3 граммға дейін анықтайды екен. Осыған орай Алматыға оралған соң С.К. Калининнің спектралды тәсілмен анықтаған пробасында әртүрлі мөлшерде кездесетін рений бар жүздеген пробаны Баситоваға жібердім. Бұл жайлы тек өзім ғана білдім.
Мәскеуде жүргізілген мәжілісте жасалған хабарламамен қойылған сұрақтарға берген жауаптарым туралы Қанекең білді. Өзінің осыған көңілі толып, Баситовамен танысып, біраз жұмысты бірге жасайтынымызға қуанды. Сонымен Жезқазған кеніндегі ренийді зерттеу жұмысы жедел алға жүре бастады. Бәріміздің таң қаларымыз – С.Калинин айтқан мөлшердегі ренийдің шамасы С.М.Баситова жасаған талдаумен тура келгені. Осыны көрсеткенде спектральді талдаудың дәлдігі химиялық талдаудан кем болмайтындығы және ол талдаудың тез жасалатындығы С.К.Калининді өте қатты қуантты. Солдықтан да болар, ол Жезқазған рудасында ренийдің жолдасы (спутнигі) болып тағы жаңа изотоп осмий-187-нің кездесетінін айтты. Бұл бұрын естілмеген жаңалық еді. Орташа мөлшерде осмийдің ренийде мыңнан бір бөлігі бар екенін анықтады. Осыған орай шахталарды ренийдің молырақ кездесетін аралықтарды баса зерттеу қажет болды. Ол мүмкін ренийдің өз минералы болып қалатынын анықтау үшін қажет еді.
Шахтада өз жұмысыма сәйкес ренийдің молырақ тараған орнын анықтап, сол забойдан бірталай руда пробасын алып, микроскоппен зерттеу жүргіздім. Оған минералогтар да кірісті. Сол жерден алынған біраз пробаны олар Мәскеудегі таныстарына жіберді. Біздер әне-міне деп жүргенде, олар ренийдің минералын алып, оған «Жезқазған» деген ат қойып үлгеріпті.
Бұл жер жүзі бойынша бірінші рет табылған минерал еді. Сөйтіп өз табысымызды жаттың қуанышына айналдырдық та өкініп қалдық. Осыған орай мені Патшайым апам (Патшайым Тәжібаева) шақырып алып, біздің қолымыздағы ренийі бар руда үлгісін Мәскеуліктерге жіберткен менің бастығым Саид Сейфуллин екендігін айтты. Оның мен жүргізіп жүрген жұмысқа қарсылығы бар екенін, содан сақтануды ескертті. Міне, бастығымның нашар адам екендігін одан сақтануды Жезқазғандағы бұрынғы мамандарынан естісем, өкініші осы апайдың айтқаны үлкен ой туғызды. Сондықтан кандидаттық диссертацияны берік қорғау үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек болды. Жұмыс жабық, оны үйге апара алмайсын. Сондықтан бірінші бөлім бастығымен келісіп, кешкісін институтта қалуға рұқсат алдым.
Осы мезгілде бізді Жезқазған лабораториясының қызметкерлерін түгелдей кендегі руда қоры мен ондағы металл мөлшерін қайтадан толық есептеу (генералды подсчет) үшін үш жылға Жезқазғанға жіберді. Маған руда арасындағы рений қорын есептеу жүктелді. Оның негізі болып өзім алған біріктірілген пробалардағы спектральды тәсілмен анықталған ренийдің мөлшері болатын. Міне, рудникке келісімен сол пробаларды мыс анықталған скважиналардағы рудамен байланыстырып жасау қажет болды. Күмісті басқалары жасады. Саған рений де жетеді деп оны бастығым жасатпай қойған.
Жезқазғанда жүргенде Қанекең қайтыс болды деген суық хабар келді. Бір топ адам, геологтар, бұрғы мамандары, шахтерлер және бізден 7-8 адам Алматыға жинала бастады. Мен де барам деп қанша жалынсам да, бастығым қарсы болды. «Бетімен тентіреп қыдыратын ештеңе жоқ, жұмысыңды істе,- деп зіркілдеді. Амал қанша, қалуға мәжбүр болдым.
Су қорын Жезқазғандағы жерасты суының мөлшерін гидрогеологтар да есептеп жүрген. Солармен бірге гидрогеология институтының ғалымы Баркалов да болды. Ол менің жасаған жұмыстарыммен танысып, болған соң жерасты суында да өте аз шамада рений кездесетінін, оның молырақ ұшырайтын жерлері мен жасаған ренийдің таралу картасына сәйкес екендігін айтты. Онымен қоса өте тез арада жұмыс нәтижесін қорғау керектігін, бастығымның кедергі жасап қорғатпаймын деген ойы бар екендігін айтты.
Осыдан кейін қор есептеу жұмысын басқарып жүрген Қазақстан геологиясының министрі Шахмардан Есеновке келіп, ренийді есептеу жұмысының аяқталғанын және кандидаттық жұмысты Жезқазғанда жаза алмай жүргенімді, бастығымның мені басқа жұмысқа ауыстырайын деген ойын айтты. Ол қолма-қол телефон шалып, шақырып алды да, менің көзімше кешіктірмей мені Алматыға жіберуін талап етті. «Жұбайы қатты сырқаттанады екен, кішкентай баласы да қараусыз жүрсе керек. Онымен бірге қалаға барып кандидаттық жұмысын аяқтасын» – деді. Ренийдің қорын бекіте ме, бекітпей ме, ол белгісіз, ал жасалған жұмыс ғылыми тұрғыдан өте маңызды деді. Шал шамалап кері тартпақшы болып еді, Шахмардан жарлық ретінде қатты айтты. Сонымен мен Алматыға көшіп, тез арада кандидаттық жұмысты жазып, керек орындарға оның негізгі нәтижесі туралы қысқаша хабарламалар да жазып үлгердім.
Осы кезде Жезқазғандағы қор туралы мемлекеттік комитет (Государственный комитет по запасам – ГКЗ) адамдары да келіп, біздер жасаған жұмысты тексеруге кірісіпті. Өздерімен танысып болғаннан кейін, бәріміз экспедицияның клубына жиналдық. Есептелген руда қоры туралы жұмыс жағдайын баяндау Сайд Сейфуллинге жүктелді. Оның айтқандары Қарағанды геологиялық басқармасының (Жезқазған экспедициясы соның қарамағында) бас геологы В.И. Орловқа ұнамады. Ол С.Сейфуллинді тоқтатып, өзі баяндауға кірісіп кетті. Бәрін өз қолымен жасағандай топтап сөйлей бастады. Ал Сейфуллин ол кезде шығып кеткен.
Жасалған жұмысты яақтап, есептелген руда қоры мен ондағы металдар мөлшері толығымен бекітілді. Бүкіл дүниежүзі бойынша ренийдің қоры алғаш рет руда көлемінде есептеліп, жоғары баға алды. Осыған байланысты ГКЗ бастығы өз өзінде: «Бұл Қанекенің жүйрік ұшқыр ойының нәтижесі еді. Бірақ оны өзі көріп, қуанышын бөлісе алмай кетті. Ал біздер бұдан былай металургтерден рудадан есептелген металды толығымен қорытып алуды талап етуге мүмкіндік алдық. Бұдан былай мыс, қорғасын, рений, күміс қорытылып алынатын болады, – деген қуанышты пікірін айтты.
Кешке экспедиция ресторанында банкет жасалды. Күрделі есеп бойынша руда қорын есептегендердің барлығы түгелдей қатынасты. Сол банкет алдында Василий Иванович Штифанов (экспедиция бастығы) маған келіп:
–Анау үлкен кісінің (ГКЗ-нің бастығы И.И. Малышев) жанында бол, біреу-міреу бейберекет сөйлеп басын ауыртпасын. Сен әйтеуір ішпейсің ғой, осы жағдайға мұқият бол, – деп ескертті.
Әрине, бұл маған бір жағынан абыройлы тапсырма еді, ал екінші жағынан өте ауыр жұмыс. Өйткені бүкіл Одақ бойынша үлкен адамға «былай жүріп, тұрайық» деп айта алмайсың ғой. Оның мінезі де бейтаныс. Екеуміз әңгімелесіп, түнгі сағат 12-ден 2 дейін далада қыдырып жүрдік. Маған Қанекеңді ерекше сыйлайтындығын, геологиядағы өндірістік маңызы бар мәселелері жедел шешім қабылдауға дұрыс бағыт беретін, онымен қоса ғылыми тұрғыдан жете бағдарлайтын ғалым екендігін айтты.
–Мына рений пен күмістің рудадағы қорын есептеуге дұрыс бағыт беретін жер жүзі бойынша теңдесі жоқ ғылыми мәселе, әрі өндірістік маңызы зор. Біздер бұл металдарды басқа металдармен бірге өндіріп алу мәселесін қалай шешетінімізге мүмкіндік алдық. Осыған дейін қосарлы металдарды тек қана байытылған рудада ғана емес, қорытылып алынған негізгі металға қосылғанын ғана есептейтін. Ал жерден алынатын рудадағы қорын ешбіріміз де білмеуші едік. Енді Жезқазған үлгісі бойынша барлық геологиялық бөлімдерге тапсырма береміз. Мәскеуге оралған соң кеңес берген жұмыс туралы инструкция жазып бер деген хат жіберемін. Соны алысымен кешіктірмей сол инструкцияны жазып жібер. Мен саған сенемін, – деп өз ойын тұжырымдады.
Ертеңіне ГКЗ-нің адамдары Мәскеуге ұшып кетті, біздер Алматыға оралдық. Қалаға оралғаннан кейін диссертациямды қорғау жұмысымен шұғылдандым. Қорғау алдында екінші оппонент «мен жұмыспен толық таныс емеспін» деп шегіне бастады. Сонымен бірге ол Сейфуллиннің кабинетінде ұзақ мерзім отырған еді. Шаруаларымен бастығыма келгенде, «менің қолым бос емес, көрмейсің бе?» деп қабылдамай қойғаны. Осыдан кейін жағдай түсінікті болды. Ол оппонентпен Арықтай Қаюпов ерекше ренішпен сөйлесті, содан кейін қиқарлық тоқтатылып, қорғау жұмысы басталды да мен абыроймен қорғап шықтым. Үш айдан кейін Жоғарғы Аттестациялық Комиссияның бекіткен қағазы әрі диплом қолға тиді.
Бастығым кедергі жасап еді, оған үлгіре алмай ол жеңіліп қалды. Мені қолма-қол Жезқазғаннан басқа ауданға ауыстырып жіберді. Ал ГКЗ-дан қағаз келе жатқанда оны маған бермей, өзі жауап берді. Өйткені рений туралы сөз болса, ашуланатын болды.
Мен диссертация жұмысымда рений туралы толық жазып, күміс, қалий, висмут, молибден туралы өз пікірімді қысқаша айттым. Аталған металдардың елу пайызға жуығы ғана байытылған рудаға (концентратқа) қосылады, ал қалғаны сыртқа шығатын руданың керексіз қалдықтары (отвалды хвостар) ретінде тасталады. Мыс рудасын байытқанда, сол руда құрамында есептеуге мәжбүр болғанда ғана кездесетін қорғасын, мырыш рудаларымен қатар табиғи таза күміс пен оның минералдары түгелдей руданың керексіз қалдығына айналады. Демек, ол қалдықтан өзі технологиясын реттесе, қорғасын, мырыш, күміс, рений, қалмай металдарына бай концентраттар бере алады. Жезқазған байыту комбинаты жұмыс істеген күннен бастап сол отвальды хвостарды (жинала беретін) американ ғалымдарының біздерге сатыңдар деп жүргені де осы еді.
Шахталардан шығарылып жатқан суларда да руда құрамынан өріп шыққан мыс, қорғасын, мырыш, рений, күміс, кадмий, висмут тағы басқа толып жатқан элементтерде ауыз толтыра айтуға келетін қазына толы, оны ешкім есепке алып пайдаға жаратайық деп ойламайды, босқа далаға кетіп жатыр.
Жезқазғандағы жұмыстан басқа жаққа ауысуыма жеңгеміз ризашылығын білдірмеді. Бірақ С.Сейфуллин оған көңіл бөлді. Мен Атбасар-Терісаққан төңірегіндегі мыс шығатын кендерді зерттеу жұмысына ауысып, соған шұғыл араласып кеттім. Кейін 1969 жылдан бастап Маңғыстаудағы мыс кеніне қарай ауыстым.
Сол жаққа баратынымды естіген ағамыз Әлкей Марғұлан үйіне шақырып алды да:
– Біріншіден, сонау орта ғасырда Манғыстау жерінде ашылмаған кен орындары туралы мәліметтер бар. Ал ешбір геолог ол жайында сөз көтерген емес. Екіншіден, саған тапсырайын дегенім – Манғыстау халқының киіз үйлерінің ішкі-сыртқы әшекейлердің әсемдігі қазақ даласында сирек кездеседі. Соларды суретке түсіріп әкелсең жақсы болар еді (менің фотоаппаратқа түсіру қабілетімнен хабардар еді), – деп тапсырма берді.
Манғыстаудың таулы аумағында (Оқшаң, Бесшоқы, Таушық) сай етектерінде үгітілген руданы байытқаннан қалған құмдар жиі кездеседі. Ақырын сай өтетін жерлерді тексергенде, әр жерден жуылғаннан қалған үйінді топырақтар көруге болады. Демек, көне дәуірдегі руданы байыту үшін суды сайлардың етегіне тоған жасап, жаңбыр, қар суларын бөгеу арқылы жинастырған. Сондықтан да әрбір сайда жиналған су руданы байытуға пайдаланылған.
Бірақ кейінірек қорғанын Шақпақ ата мешітінің батыс жағындағы су шайып ашылып қалған бөлме қабырғасын бекітіп тастапты. Кезінде ол Шақпақ атаның жатқан бөлмесі болған. Менің ойымша, бұл тарихи шындықты мазақтаудың бір түрі. Шақпақ ата жол тонаушы емес, дін таратушы, білімді, ғылымнан хабары мол діндар адам болған. Ол қазған құдықты 1980 жылға дейін маңайындағы халық толығымен пайдаланып келген. Бұл күнде оны бекітіп тастаған көрінеді, сөйтіп дәмді суды халықтан тартып алған.
Шақпақ атаға жақын аралықта Солтан үпі құдығының суы мол әрі дәмді. Құдық қазылған үстіңгі жақта бірнеше жыралар қазылып, су жиналады. Жаңбыр суымен қар суы төменгі жақтағы үлкен сайға құяды. Ол сайда жеміс ағаштары осы күнге дейін өсіп тұр. Оны ауыл балалары жинап алады. Ал Солтан үпінің мекені құдықтың шығыс жағында үңгірленіп қазған шахтада орналасқан. Ол туннельдің бір шеті сайдың тік жарқабағының ортасынан шығады. Түсіп аралаған балалардың айтуынша, түбінде құдық бар екен. Демек, Солтан үпі туннельмен барып, су жинастырып отырған. Тамағын да жемісті де, құдықтың төңірегінде сақтаған. Бұл күнде туннель бұзылып, құлап жатыр. Оның бойымен тік жарқабаққа шығу өте қауіпті.
Шерқала қамалының терістік жарқабағында қазылған құдықтың орны сақталған. Кезінде құдықтың айналасында ас-су сақталған. Бұл күнде оны жардан құлаған топырақ үйіндісі басып қалған.
Шопан-ата мешіті Жібек жолының бойында орналасқан. Үстінен өтетін жолдың оңтүстігінде құрғақ жол бар. Сол қыраттың солтүстігіндегі сайда Шопан-ата мешіті, қонақ үйі және өзі жатқан бөлме мен қызы жатқан бөлмелер бор (мел) қабатын үңгірлеп қазып жасаған. Мешіттен қонақ үй мен бөлмелердің ортасында үлкен қазандық ментастан жасалған. Сол сайдың үстіңгі жағында екі жерде су тұратын құдықтар және жыралар бар. Сол жыралар мен ағып келетін жаңбыр суы және қар суы тас қазанға құйылып, жан-жағына су шашыратып тұрған. Шығыс жақтағы сайдағы суды мал пайдаланған, және ыстықта салқындау үшін арнаулы жасалған орындар малға да қарастырылған. Екі сайдың бойында терек ағаштары өсіп тұрған.
Мешіттің шығыс жағында қырат тік жар түрінде қазып кеңейткен. Негізінде онда керуен жүктері мен түйелері орналасқан. Соның орта шенінде суы кермек келген құдық бар. Медоев Аланның зерттеуі бойынша Шопан-ата Түркістандық Қожа Ахмет Ясауидан білім алған адам болған деседі. Ол жайлы мен басқа дерек естіген жоқпын. Жібек жолындағы атақты Шопан-ата бекеті осы екендігі сөзсіз, ал Қырғыз жеріндегі Түп қаласында да орналасқан. Оның шығу тегіне жету тарих зерттеушілерінің жұмысы деп білемін.
Ескі Жібек жолының жүріп өткен жолы Оқпан тауынан Форт-Шевченкоға қарай шығатын жол үстіндегі қыраттар да кездеседі. Оны зерттеп анықтауға болады. Ал Шопан-ата бекетінің маңызы кезінде өте зор болған. Өзбекстан жерінен шығатын құнды жібек теңіз арқылы Кавказға, Украина елдеріне, ал олардың құнды заттары өзбек, қазақ, қытай жерлеріне жеткізіліп тұрғандығы сөзсіз. Үстірт бойымен шаршап келген жолаушыға Шопан-ата бекеті жақсы демалыс орны болғанға ұқсайды.
Жоғарыда бастығымыздың (Сейфуллин) маған Жезқазғандағы жұмысты жалғастыруға қарсы болды деп жаздым. Ол қарсылықтың тағы басқа жағы да болыпты. Жеңгеміз (Таисия Алексеевна Кошкина-Сәтбаева) қазақ жеріндегі барлық кендердің рудасын зерттеу мақсатында геология, металлургия институттары мен университетінің химия лабораториясының бірігіп жасаған ғылыми жұмысын маған жүктемекші болыпты.
Соған байланысты мен өз пробаларымды металлургия институтының байыту лабораториясына апарып өткіздім. Ол ренийді байыту жолымен алу тәсілін іздейтін болды. Ал университеттің химия лабораториясы өз зерттеулерін жасар еді. Соларға Жезқазған тағы басқа да кен рудаларын жеткізіп отыратын жұмысты мен атқаратын болдым. Осы пікір бастығымызды қатты ашуландырыпты.
Сол кездегі Қанекеңнен кейін Геология ғылымдарының институт директоры қызметіне тағайындалған Рамазан Асланбекович Борукаевке мен жете алмадым. Оны мен жақсы білмеймін. Бір күні жұмысқа келіп кабинетіме қарай бұрыла бергенімде, мені көрген Р.Борукаев шақырып алды. (Ол «Кермен» осетин атты гвардиясында 1919 жылға дейін соғысып, Владикавказ политехникалық институтын тәмамдаған соң, 7 ең дарынды түлектерімен бірге Санкт-Петербор тау институтына түседі. 1928 жылы аяқтаған соң Түрлі түсті металл институтына жұмысқа тұрады. Сол жылы Жангабыл геологиялық барлау партиясының бастығы ретінде Павлодар облысы Баянауыл ауданына барады. Босшакөл кен орнын ашқан адамның бірі. Кейін кандидаттықты да, докторлықты да қорғаған академик ғалым болды)
Ол өз сөзінде: «Маған сені жамандап, кінәлап еді, жазықсыз екеніңе көзім жетті, обалыңа қала жаздаған екем. Сондықтан кешірім ет, ал ана татарды (Сейфуллинді) тірі жүрсем ит орнына ұстайтын боламын. Ештеңеден де қорықпа, жұмысынды істей бер», – деді. Мен бірталай уақыт бойы осындай үлкен адамның кішіпейілділігі мен адамгершілігін есімнен шығара алмадым.
Кейін Борукаев та сырқаттанып, дүние салды. Орнына басқа адамдар келе бастады. Олар Сейфуллинді Қанекеңнің жақсы жолдасы деп түсініп жүріпті. Бірақ бұл пікірден Шахмардан Есенов қашықтау болатын. Өйткені ол Жезқазғандағы бұрғы мамандары, шахтерлер мен басқаларының Сейфуллинге көзқарастарын жақсы білетін. Шахмардан көбінесе президиумда отыратын, институт жұмысын орынбасарлары басқарып, солар барлық мәселені өздері шеше беретін. Бұл жағдай Сейфуллинге өте қолайлы еді.
Жеңгейдің тапсырмасы
Сондықтан да ол мені жеңгейдің тапсырмасын орындауға жібермей қойды. Дегенмен, мені Шахмарданның рұқсатымен бір айға Қанекеңнің жастық шағы туралы материал жинастырып келуге командировка беруін сұрап алды. Осыған байланысты жеңгей шақырып алып, 1966 жылдың жазында мені Баянауыл жаққа баруымды талап етті.
-Сенен басқа қолайлы адам жоқ, барып жастық кезін бірге өткізген, Қаныш ағаны білетіндерден әңгіме жинастыр. Олар да бүгін бе-ертең бе деп отырған қарттар ғой. Олардың сөздері бізге өте құнды және Қанекеңнің жастық өміріндегі ерекшеліктерден бізде ешбір жазылған деректер жоқ», – деді.
Сонымен бір ай командировка алып, оның сонына өзімнің демалыс күндерімді қосқызып, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Баянауыл жағына жолға шықтым. Уақытымның аздығына байланысты Семей жаққа үлгіре алмадым. Біраз материал жинап алдым да, жазғандарымды жеңгейге апарып бердім. Сонда отырып жеңгей:
-Канеке (осылай айтатын) жұмыстан қатты шаршап келетін. Сондықтан оның демалуы үшін барлық мүмкіндікті жасайтын едім. Ал елден келген ақсақалдарға әңгімелесу өте қызықты ғой. Олар Қанекеңнің шаршап отырғаның білмейді және аңғармайды. Сондықтан Қанекең демалды, сіздер де демалыңыздар деген менің сөзім оларға ұнамайтын. Сондықтан мені жамандаушы еді елдегі ақсақалдарға. Сол сөздің шегі саған да жеткен шығар?», – деп күлді.
Арада бір-екі күн өткен соң бастығым ызғарлы түрде келіп:
— Сені Таисия Алексеевна шақырып жатыр, тағы қайда жұмсаушы еді? – деп ашуланды.
Жеңгейге келіп едім. Ол:
–Қанеке туралы орыс жазушылары еңбектеніп жүр гой. Ал қазақ жазушыларының арасында терең ойлы жақсы жазушыны мен білмеймін. Сондай біреуді білсең, маған жолықтыршы, айтатын әңгімелерім бар, – деп жаңа тапсырма берді.
Әрине, бұл ең қиын тапсырма болатын. Жасы ұлғайған жазушы архивте отырып көз майын тоздырмайды, ал жастарды білмеймін. Махаббатты жазып жүргендер жазушылар келмейді. Сондықтан Исабаев Қалмұқанға келдім де:
–Қанекең туралы жазсайшы, бәріміз де өз білгенімізді айтып берейік, – дедім.
– Ой, сен не деп отырсың? Оған менің әлім жетпейді. Бірақ мен саған жазатын адамды тез арада тауып берейін, – деді Қалмұқан.
Арада біраз күн өткен соң:
– Міне, саған жас жазушы Медеуді (Сәрсекеевті) алып келдім. Ол тау-кен институтының металлургия факультетін бітірген маман, – деп таныстырды.
Қолма-қол, жеңгейге телефон соғып, жазушымен бірге келуге рұқсат сұрадым. Келгеннен кейін ол кісі Медеуге:
– Сен ертең сағат онда кел, ал сен қала түр, – деп мені алып қалды.
– Сен мына баланы не деп алып келдің? Ол не жаза алады? Ал жастық дәуірден оған мен не айта аламын? Осыны ойладың ба? Ең болмаса Евней Букетовтың жасындағылар болса бір сәрі, ал мынадан не шығады? – деп қатты ренжіді.
–Жасы асқандар архивте жұмыс жасамайды, жүріп естіген өсек-аяңды жинайды. Ал Сәрсекеев әрі жас, әрі металлург маман, геологиядан түсінігі бар, – дедім. Басқа не айта алайын? Жеңгейдің сөзі бір жағынан дұрыста шығар, Қанекеңнің жастық өмірі туралы үлкендер осындай балаға айта салуы екіталай еді.
Міне, осы күннен бастап маған жеңгем қатты ренжіп кетті. Алдымен Медеу жазған қазақша бір-екі мақаласымен танысқан жеңгей маған:
– Ол – фантазер! – деп тағы ренжіді.
Бірақ өкінішке қарай Медеудің Қанекең туралы шығарған кітабын көре алмай о дүниелік болып кетті. Сонда да Медеу жасаған өте ерлік жұмыс еді. Өйткені қазақ тілінде жазылған Қанекеннің өмірбаяны Мәскеудің пәрменімен набордан қалдырылды. Оған геология институтының бірнеше ғалымдары кітаптың құндылығы туралы жазып беріп, баспаханадан қаламақысын да алып үлгерген еді. Не керек, ол кітап Қазақстанда қазақ тілінде шығарылмай, алғаш рет Мәскеуде орыс тілінде «Молодая гвардия» баспасында жарыққа шықты.
(Жалғасы бар)
