(Жалғасы)

Әскер қатарында
Баянауылда оныншыны бітіргеннен кейін армия қатарына алындым. Ауданнан бүлдіршіндей алпыс бала Керекуге қыстыгүні сапарға шықтық. Ат шанамен 250 шақырым жолда ара қонып бірнеше күн жүрдік.
Жастық шіркін не сездіреді, тоңуды да, мойынсынуды да білмейтін кез ғой. Біздерді Керекуде жүк вагонына артып, Алматыға дейін әкеліп тастады. Сонда төрт ай бойы әскери тәртіппен соғыс өнерін үйрендік. Әскери антты да сол жерде бердік.
Соғыс жылдарындағы қиындықтар
Сөйтіп соғысқа қарай аттандырды. Барғасын оларға талап қойдым: Мені соғысқа өздерің жібермесеңдер, соғысқа кеткен жолдастарымның соңынан қуып жету үшін қашып кетемін,- дедім. Олар көп сөйлеспей, 10 сөткеге гаупвахтаға қамап қойды. Бес күннен кейін шығарып алды да, үлкен басшымыз: «Сенің орта білімің бар, қазір фашистерді жеңуге жақынбыз. Міне, сонан кейін соғыс зардабынан қираған құрылысты жөндеу үшін білімі бар адамдар керек болады. Сен соны неге түсінбейсің?!», – деп жер-жебіріме жете ұрысты.
Сөйтіп мен секілді тағы екі-үш солдатты Фрунзе қаласына (бүгінгі Бішкек) алып барды. Бірдеңе бүлдірмесін деп қадағалау да қатты болды. Фрунзеде жүргенде елден бірге шыққан жолдастарым еске түссе, егіліп тұрып жылаушы едім. Қайтейін солардан аман қалған жалғыз мен ғана болыппын. Олар Германияның Рейхстаг алдында түгелдей қаза тапты. Жаралы болып елге оралғандардың өзі көпке ұзамай дүние салыпты.
Солдаттық өмірді Фрунзеден кейін Ашхабад, Баку, Нахичеван қалаларында өткіздім. Көбінесе батальон штабында маңызды жұмыстар аткардым. Онан кейін дивизия, корпус штабтарында болып, бас инженердің көмекшісі ретінде жұмыс істедім. Әсіресе картографиямен айналысу менің басты міндетім еді.
Ашхабадта жүргенде 1946 жылы 6 қараша күні қалалық парктің ішінде түркімен мен күрдтер арасында қырғын төбелес болып, парк іші қызыл жоса қанға айналды. Оған армия араласып, күрдтерді түрікмен ішінен түгелдей жер аударды. Ол кезде күрдтер Совет азаматы болып саналмаған еді. «Ашхабадты Красноводскіге дейін біз аламыз, бұл жер бұрыннан Иранға қарайтып еді», – деп жанжал шығарып, аяғын қан-төгіске айналған еді.
Осы Ашхабад дауынан кейін көптеген солдаттарды Орта Азия әскери округінен Закавказья әскери округіне ауыстырды. Солардың арасында штабтағы біраз адамды (оның ішінде менде бармын) солай қарай жіберді. Сөйтіп мен Нахичеван қаласына келдім.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, Иран мен Түркияныц Аракс өзенінің төңірегіндегі біраз жері халқымен бірге Әзірбайжан еліне қаратылды. Солардың Нахичеван қаласының төңірегіне орналасқандарын 1948 жылы жер аудара бастады. Оның басты себебі Нахичеван қаласы шекарадан үш шақырымдай қашықтықта болды. Сол төңіректен Аракс өзені арқылы арғы беттен шекара асып өтушілер саны көбейе бастады. Өйткені, кейбіреулердің туыстары, не балалары арғы бетте, кейбіреулерінікі Нахичеван жағында қалған. Осыған байланысты шекара бұзу оқиғалары жиілене бастады. Шекара тәртібі бұзыла бастағандықтан, түріктерді жер аударды. Осыны көзіміз керіп, жанымыз түршігетін. Өйткені, жер аударылуға жатқандардың үйлері мен теміржол вокзалының арасын күндіз машинамен жүріп өлшеп алатын. Автоматтармен қаруланған бес солдатка берілетін тапсырма бойынша көшірелетіндердің үйіне түнгі сағат 12-де келеді. Жер аударылатындар түгел 15 минут ішінде жинастырылып, машинаға отырғызылып, өлшенген уақыты бойынша вокзалға жеткізілуі қажет. Олай болмаған жағдайда барған солдаттар қатаң жазаға тартылады.
Әрбір жанұяның тырнақтап жинаған-терген мүлкі, үйі түгелімен орнында қалатын. Үйіндегі тұрып жатқан қонақтары да вокзалға жеткізілетін. Үлгергендері көрпе-жастық пен ыдыс-аяқтарын алатын, үлгере алмай абыржығандары қолдарына іліккенімен кететін. 15 минөттен артық мөлшерге бip секунд та қосылмайтын.
Елге оралған шақ
1950 жылғы қарашаның бас кезінде Нахичеваннан Керекуге қарай шығып, ауылға сол айдың орта шенінде оралдым. Аз күн демалып, аудандық оқу бөліміне келіп, мектеп инспекторы болып қызметке орналастым. Ондагы негізгі мақсат – жоғарғы оқу орнына түсу болатын. Ол үшін жеті жыл бойы ұмытылып қалған сабақты қайталап пысықтауға басқа мекемеде мүмкіндік жоқ еді.
Осылай 1951 жылы Алматыдағы тау-кен институтына түсіп, студент болып шыға келдім. Алматыда түрікмендер мен әзірбайжан жерінен ауғандар қаптап жүр. Күрдтерге совет азаматы деген рұқсат бepiліптi.
Тау-кен институтының геология-барлау факультетіне түскен едім. Өйткені геолог болу бала күннен бойыма берік қалыптасқан арман ғой. Оның себебі, әкем мені мектепке апара жатып жолда өз арманын айтқан еді. «Қанышпен жасымыз шамалас, жайлауда ауылымыз аралас-құралас болатын. Әкейге сәлем беруге жиі келіп тұрушы еді Қанекең.
Екі ауылдың татулығы сондай, балаларының есімдерін ұқсас етіп қоятын. (Имантай ақсақалдың да Жәмін деген баласы болды, әкемнің есіміндей). Мен ертерек үйленіп қалдым да, ол оқуға барайық деп шақырғанда, отбасынан шыға алмай қалдым. Ол қазір атақты ғалым-маман, мен болсам колхоздың базын күзетушісімін. Оқысам мен де тиісті мамандық алып, Қаныштай атақты геолог болмасам да, өзіме лайықты қызметке ие болар едім», – дейтін әкем.
Әкемнің осы арманы менің жүрегімнен берік орын алғанды. Сондықтан басқа ешбip институтқа көңіл аудармай, осы геология-барлау факультетіне түсіп алдым. Институтты абыроймен 1956 жылы аяқтап, Макинкадағы Степной экспедициясына жолдамамен келіп, Қызылтаудағы барлау партиясына геолог болып орналастым. Жұбайым мединституттың соңғы курсында еді, балам екеуі Алматыда қалды.
Осылай жұмыс істеп жүргенде, «Алматыға тез жет, жұбайың қатты сырқаттанды» деген жедел хабар келді. Келсем ол ауруханада, ал үш жасқа толмаған ұлым жолдасым Болаттың үйінде қалыпты. Болат екеуміз 5 жыл бipгe оқыған едік. Оның әкесі Өмірзақ Орынбайұлы жетімдер үйінде өскен, өз күшімен оқып, білім алып, министрлік дәрежеге дейін көтерілген, өте қарапайым, кішіпейіл барлығына жаны ашып, өз баласындай бауырына тартатын, әрдайым барлық жанды жылы шыраймен кең кұшағын жая қарсы алатын адам еді. Институтқа түскен күннен бастап Өмекеңнің үлкен ұлы Болат екеуміз бip топта оқыдық. Алғаш күннен басталған татулық пен жолдастықтың арқасында ол отбасымен тығыз араласып кеттім. Өмекең менің екінші әкемдей болды да, зайыбы Жанбану апай туған апамдай еді. Ғайни туған інімдей болатын. Қатира мен Шолпан қарындастарым icпетті. Әcipece, Өмекеңнің кенже еркесі Шолпанның мінезі де, тілі де тәтті болатын. Кімде-кім Бөкеге тіл тигізсе менің қас жауым болады деп, үнемі Болаттың зор қорғаушысы болып жүретін. Міне, сол семьяға алгаш немере болып менің ұлым Әсет келді. Шешесі ауруханада жатқанда, Әсет Өмекең үйінде тәрбиеде қалды. Біраздан соң үлкен үйге хабар жетіп, дереу ауылдан Нығмет інім келіп, Әсет баламды ауылға алып кетті. Біз қайтқанша Әсет ауылда әкем мен анамның қолында болды.
Мен жас нейрохирург Евгения Андреевна Азарованың (Қазақстан медицинасының көрнекті қайраткері, елімізде нейрохирургияның негізін қалаушы маман) адамгершілігінің арқасында жолдама алып, Құсниді (жұбайымды) ертіп Мәскеудегі Бурденко атындағы Нейрохирургия институтына өзім алып бардым. Қайтарда Макинкаға соғып қызметтен босап, Алматыға оралдым. Осы уақыттың ішінде Әсет баламды ауылдан бауырым алып кеткенше Өмекең балалар бақшасына өз машинасымен алып барып, әкеліп жүріпті. Miнe, осындай абзал жанның алдында менің атқаратын міндетім өлшеусіз еді.
Қалада мамандығыма орай жұмыс табу да, үй жағдайын жасау да өте қиын ғой. Өзім бітірген институттағы ардақты ұстазым академик Иван Иванович Бокпен (баласы Иванмен бipгe оқыған едім) ақылдасуға бардым. Ол кісінің ақылымен институт ректоры О. Байқоңыровқа барып сөйлесіп, институт қарамағындағы шартпен жұмыс істеп, зерттеу жүргізетін партияға қабылдандым. Жатақханадан бip бөлмені маған склад есебінде бөліп берді. Соған аз-маз заттарымызды қойып, өзіміз тұрып жаттық. Жұбайымның операциясы сәтті жасалды. Денсаулығы түзелген жұбайыммен он жылдай бipгe тұрдык.
Бip жыл институттағы шартты жұмыс аяқталғаннан кейін, 1958 жылы И.И.Бок мені Академияға қарасты геологиялық ғылымдар институтына жетелеп әкеліп орналастырды. Ең алдымен Қанекеңе мені таныстырып, өмір тарихымды баяндап, жұбайымның сырқат екенін, үйімнің жоқтығын түгел айтып берді. Қанекең орынбасарын шақырып алып, мені тау-кен лабораториясына ғылыми қызметкер етіп орналастырды. Академияда да салынып жатқан үйлерден маған пәтер беруге рұқсат жасады. Сөйтіп, ұстазымның көмегімен әкем армандап айтқандай, Қаныш Имантайұлымен жүздесіп, ауызба-ауыз сөйлесіп, оның қарамағына қызметке орналастым. Тау-кен лабораториясына аға ғылыми қызметкер болып сол жылы Сейфуллин Саид Шагимарданович да орналасты. Шамалы уақыттан кейін Жезқазған лабораториясы ашылып, ол соған бастық болып ауысты. Мен де сол лабораторияға ғылыми қызметкер болып тағайындалдым.
С. Сейфуллин кезінде Жезқазғанда Қанекеңмен бірге қызмет істеген, барлау жұмысына тиісті еңбегін сіңірген кісі. Жезқазған барлау экспедициясының бас геологы, бас инженері қызметтерін атқарып жүріп, Алматыға Түсті металлургия министрлігіне қарасты геологиялық бөліміне бас маман болып келген (айтуынша сол бөлімнің бастығы Скворцов шақырыпты). Кейін Қанекеңнің қолдауымен Жезқазған лабораториясы құрылып, ғылыми атағының жоқтығына қарамастан, соған бастық болып тағайындалады. Арада жыл ұзамай кандидаттықты қорғап алды да біздің жұмысымызды басқара бастады. Көкіректігі болмаса, білімі жалпы Жезқазған геологиялық құрылысының төңірегінен ұзамайтын. Қанекең оны көргенде ылғиында «Нағымович» дейтін, құжатында «Шагимарданович» болып жазылғанына қарамастан.
1958 жылдың жазында Жезқазғанға іссапарға аттандық. Шахталарға түсіп, забойларды құжаттауға кipicтік. Көптеген забойлардың ашқан руда денелерін суретке түcipiп, қалай қалыптасқанын дәріптеп жазып алдым. Келесі 1959 жылы да сол тәртіппен жұмыс жасадым. Жыландыда тұратын пенсияға шыққан ақсақалдарды да көрдім. Олар менің Сейфуллинмен бipre қызмет жасайтынымды біліп, маған одан сақ болуды ескертті. Осыны айтқан бұрғы мастердің eciмi жадымнан шығып кетіпті. Сондықтан оқырмандардан кешірім сұраймын. Ол ақсақалмен таныстырған Ақтанов Ерқасым атты менің жолдасым еді. Ол сол Жезказған экспедициясының Жыланды партиясының гидрогеологы болып қызмет жасайтын. Институтты менен бip жыл бұрын бітірген. Екеуіміз де студент кезімізде үйленіп, балалы болып, жатақханада екі кішкентай бөлмеде қатар тұрып едік. Оның жұбайы Сара бізден кейін бір жылдан соң геолог болып институтты тәмамдады. Менің Жезқазғанға келгенімді ести сала, демалыс күні Жыландыға алып кетіп, сондағы бұрғы мамандарымен таныстырған болатын. Олар маған Қанекең жайлы көптеген әңгімелер айтып берген еді. Қанекеңмен көп әңгімелесіп, бірталай мәселенің шегіне жете сөйлескен Сарымолла еді. Ол қарт буровойға су тасушы болып жұмыс істеген, «үндеместің» адамдары екеуінің соңынан 53-ші жылдар шамасында ғана қалған екен. Неге екеуін жедел тексергені жайлы түсінікті болсада айтпай-ақ қояйын. Бipi молла, бipi байдың баласы болгандығы ешкімге жасырын сыр емес еді.
(Жалғасы бар)
