Оқырман назарына геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылының тумасы Қалкен Жәміновтің «Өмірдің өзі – бір мектеп» естелігін ұсынамыз.

 

     Балалық шағым

        Әңгімені өз басымнан өткен қиыншылықтардан бастағым келіп отыр. Менің балалық шағым аласапыран кезеңімен байланысады. Ол конфискация (тәркілеу), коммуналық және колхоз шаруашылықтарын құру мезгілдері болатын. Қазақ ауылында байлар мен орта шаруаларды ғана емес кедейлерді де тінтуге (кәмпескелеуге) кіріскен уақыт. Менің үш жастан жаңа ғана аса бастаған кезімде денеме «әулие» шығып (қазақтар шешек ауруының атын атамай, осылай дейді екен), аяқ-қол, саусақтардың арасын түгел басып алыпты. «Әулиемен» ауыл ішінде тек мен ғана ауырдым. Ауылдағы басқа балалар ауырмас үшін, менің денемдегі мөлдіреп тұрған «әулиені» (шешек жарасын) жарып, басқа сау балаларға жағып емдеген көрінеді. Осының салдарынан олар тек екі-үш күн қана ауырып, аман қалыпты. Жалғыз біз тұрған ауыл емес, көрші ауылдың балаларына да сондай емді жасаған көрінеді. Міне, осы жағдайға байланысты ауылдардың барлық балалары шешектің қаупінен аман қалып, ал мені сол кезден бастап «әулие» деп атаған екен. Оны кейін, есейген кезде ғана бірақ білдім.

Мен ауырып жатқанда, қызыл әскер тінтушілері келіп: «Мына баланың астына бидай көміп қойдыңдар да, үстіне әдейі жатқыздыңдар», – деп тінтушілер мені көтеріп алып, анадайға лақтырып жіберіп, жатқан орнымды қазып қана қоймай қора-қораның бұрыштарын түгелдей тексеріпті. Шошалада тұрған бір қап бидайды (тұқымға сақталған) тартып алыпты да, басқасын қайда жасырдыңдар деп әкемді қатты қысыпты. Үлкендердің айтуларына қарағанда осындай қысымның кезінде басына салынған қылбұрауды көтере алмай, көрші ауылдағы Мұқыш деген адам табан астында жан беріп, екі баласы мен әйелі жесір қалыпты.

«Неге сендерді тінтті?» – деп сұрағанымда, әкемнің айтуы бойынша, әулеттегі үш үйде (әкесі, інісі жөне өзінің шаңырағы) екі сиыр, бір бие және жалғыз аттары болған екен. Солардың күшімен жыл сайын (Пішенбайдың Қосымының ақылымен) егін егіп, күнгөріс жасап отырған. Осыған себебті біздің ауылды түгелімен астықты ауыл қатарына жатқызып, тінтуге алған. Тұқымдыққа сақтап отырған бидайымыздан айрылып, ол жазда егін екпедік, деді әкем.

Қыстан қиналып әрең шықтық. Бұл отызыншы жылдың қысы болатын. Жаз шыға келе коммуна құрамыз деп бірнеше ауылды бір жерге жинастырып, Бәйнеке деген жерде қыстық үйлер салуды бастадық. Қолдағы малды ортаға жинап алды да, май зауытын салып, Тоғызақта сепаратордан шыққан көк сүтті әрбір үйге бөліп беріп отыратын болды. Ал қаймақты тұтастай өкіметке өткізді.

Тағы бір сұмдығы, егін салуға берген тұқымдық бидай уланған болып шықты. Салған егіннен бір сабақ та бидай өскен жоқ, ал тұқымнан ұрлап жеген бір үйлі жан түгелдей қырылып қалды.

Сонымен келесі 1931 жылдың қысында да халық қатты ашықты. Ауқатты отбасылар «севкрайға» (Ресей жеріне) қарай көшіп кетті. Көлігі жоқтар қалып қойдық.

1932 жылғы көктемде себуге берген бидай тағы да уланған болып шықты. Ол жылы да егін шықпай қалды, қолдағы мал азайған, көпшілігінде тіпті мал жоқ болатын. Күзден бастап аш адамдар көбейді де, өлім басталды. Адам ісініп кетіп, қырыла бастады. Біздерді колхоз құру керек деген желеумен Шоманға көшіріп әкелді. Сол жерде үй салып, мекен жайымызды жайғастырған болдық.

1932 жылдың ауырлығы менің есімде қатты сақталыпты. Соңыма ерген кішкентай қарындасымды ертіп алып, үйге жақын жердегі төбені аралап, жуа теруші едім. Бұлақтың аяқ жағында өсетін мәйімшек (жабайы сәбіз), түйетабан (заячья капуста), жуа (дикий лук), қымыздық (щавель) бізді аштықтан алып шыққан азық болды. Оған сиыр бүлдірген мен жидекті қоссаңыз тіпті қарынды аштырмайтын тамақ еді. Осындай күн көрістермен жүрген балаларды әке-шешеміз, естияр үлкендер қатты қадағалайтын. Өйткені аштықтан жүдеген жандар кісі етін де жей бастады.

Әкемнен кейінірек сұрағанда, ол кісі: «Қарағым, несін айтасың, ол өте ауыр, естен кетпейтін заман болды ғой. Жаппай тінту, халықтың қолындағы шамалы астығын (тұқымға сақтап қалдырған) жинап алумен аяқталды. Онан соң «коммуна» деген пәлені ойлап шығарып, қолдағы бірлі-жарымды малды ортаға салды. Әрбір үйдің қорасында күтімде тұрған мал орталықтағы коммуна қорасында бір қыстың суығына шыдамай қырылып қалды. Сөйтіп, 1930-1931 жылдарда жекеменшікте бірде-бір мал қалмады. Бірең-саран аман қалған сиыр мен жылқыны бес үйге біреуден ғана бөліп беруге жетті. Дәулеті барлар елден ерте кетіп қалған. Ал кедейлер ешқайда кете алмай үш жылғы аштыққа шыдай алмай қырыла бастады.

Тоқсанның (әкемнің қайын жұрты, Қаржас руының бір тармағы) айналасынан қалғандарды түгелдей өз қолымызбен Мақаш қорасының солтүстігіндегі төбеге әзер жеткізіп жерледік. Біз де ашпыз ғой. Әуелде екі отбасы едік, кейін мен отбасыммен жалғыз қалдым. Коммунадан қалған жалғыз сиырға сүйретпені жасап жегіп, төбенің беткейіне апарып, жердің топырағын қырып, өліктің бетін жауып кетуге ғана шама келетін. Осындай кезеңде өз қолыммен Қосымның (Қосым Пішенбаев – Екібастұз көмір орнын ашқан белгілі кентанушы) өзін, кемпірін және ұлын жерледім. Өз қайын жұртымнан басқа да ауылдың бірталайы сол зиратта жатыр. Басқа туыстар Бөкеттің маңайында жерленді. Солардың арасында өз әкем, Үсімбайұлы Ысқақ та жатыр. Айта беруге дәтің де шыдамайды, балам», – деп күрсінуші еді.

Міне, осындай аштықтан қырылған жандардың заттары, төсеніштері, ыдыс-аяқтары ғана қалатын. Қайтыс болғандарды сыртқа апарып көміп жайғастырғандар арасында менің әкем де болатын. Кейін есейіңкіреген кезде, біздер ол қоралардан асық жинайтын едік. Қанжар мен қылыш та тауып алған күніміз болды.

1933 жылы Желтау, Қызылтау, Үрпек, Қосшоқы, Шоман, тағы да басқа төңіректе аман қалған отбасылардың басын қосып, қолхоз құру науқаны басталды. Оны «Жаңа ұйым» деп атап, орталығын Шоман көлінің батыс жағалауына орнатты. Ауылдық мектеп ашылып, екі кластық окуы басталды. Сол кездегі тәртіп бойынша, зерек оқыған балалар бір жылдың ішінде екі класс  бітіретін. Мен де сол заңмен екі класты (бірінші, екінші) бір жылда бітіріп шықтым.

Кейін елден кеткен ағайындар қайтып келе бастады. «Жаңа ұйым» колхозы кеңейіп, «Жаңа талап» және «Жаңа ұйым» деген екі колхозға бөлінді. «Жаңа талап» колхозының мекені – Шоқпар, Қызылтаудың оңтүстігі мен Желтаудың солтүстігі аралығын алып жатты. Осы колхоздың мүшесі ретінде әкем Жәмін Ысқақұлы қойма күзетшісі болып жалғыз үй тұрды. Ол қойма орталықтан 4-5 шақырым қашықтықта болатын. Жақын жерде ешқандай оқу орны жоқ-тын. Соңдықтан, оқуды маған кісі үйінде жатып оқуға тура келді. Осылай онжылдық мектепті жат босағада, соңғы жылы интернатта жатып оқып бітірдім. Үйге жазғы немесе қысқы каникулға келгенде, біздерді колхоз жұмысына жегіп алатын. Сөйтіп еңбек тауып, сол еңбекке тиген астық пен ақшаны жатқан үйге төлеп, оқу оқыдым. Менің балалық шағым осылай өтті. Кісі үйінде жатып оқыған баланың өзінде ешқандай ерік болмайды. Оның үстіне, сол кездегі ел басқарып, сабақ беріп жүргендердің арасынан «халық жауы» дегендер шығып, олар сотталып жатса, олардың туысқандары бақылауға алынатын. Бір-біріне ағайынды жандар араласудан қалып, тіпті халдерін де біле алмайтын жағдайға жетті. Осындай қиын кезеңде, қай үйге барып жататыныңды да білу қиын еді. Ел басқарғандардың ішінде едіреңдегендер де көп болды. Шала-шарпы сауаты барлар аудан қызметкері болып жүріп, уәкілдікке елге шығады. Ол кезде машина деген жоқ, астына салт мінер ат тисе болды төбесі көкке жеткендей болатын. Кейбіреулер ол замандарда «уәкілге ит үреді» екен деп, ауыл иттерін қуалағандарын да көрдік. Олар сондай сана-сезіммен елге, қалың көшпілікке кандай ақыл, қандай үлгі көрсетпек болды? Олардың түсінігі тек қана өктемдік жүргізу. Бір уәкіл ауылға келіп, әбден есіргесін «домбыра тауып әкеліңдер» дейді. Бір ақсақал сұрағанын әкеп берген екен, «мынандай жаман домбыра әкеле ме?»,- деп әлгі шалды домбырамен бастан ұрып қиратып, байқұстың басын жарғанды да көрдік. Мұндай асқан надандық тек қана қараңғылықтан, көз ашпағандардан шығады ғой. Елді түзеп басқаратындар «халық жауы» болды да, ұрып соғып балағаттайтындар осылай атқа мініп, ойларына келгенін істейтін.

Балалық шақтың тағы бір қиын кезеңі – «дін апиин» деген ұранмен жастарды дінге қарсы айдап салу болды. Ол ол ма, егер бір баланың тұқымында, ата-тегінде молла немесе қажы болса, ол баламен ойнап-күлу былай тұрсын, араласуға да болмайтын. Егер әлгі баламен ойнап, араласқаныңды білсе, жер-жебіріңе жетіп, комсомол, пионер, октябрят болсаң да қатарынан шығарып қуатын болған.

Сондай балалардың бірі – Исабай қажының ұрпағы Қалмұқан (Исабаев Қалмұқан осы күнгі ірі жазушылардың бірі, неміс, орыс, қазақ тілдеріне жүйрік, зерттеуші ғалым) біздермен ойнай алмайтын. Соған жақын жүргенімді көрген мектептегі комсомол ұйымының хатшысы Қасым Ақошов мырза менің тәртібімді қатаң жазалап, комсомол қатарынан шығарып тастады (комсомолға өткеніме екі-ақ ай ғана болған).

«Егер мен тірі жүрсем, сен комсомолдың маңайын көрмейсің, сен халық жауының, діндарлардың тамырласысың» – деп кіжінетін. Ол кейін аудандық комсомол ұйымының белді хатшысы болды. Партия ұйымының үгіт-насихат бөлімінің басқарушысы болып жүргенде, халықтың құрметіне бөленген, әулие, ғалым Мәшһүр Жүсіптің зиратына барып, жұрт жалбарынып, әруағына сыйынып жүргенде, ол «біздің үгітімізден тысқарылып барады» деген желеумен зиратты бұзып құрту керек деп, 1956 жылы қоярда-қоймай сөз көтерген Баянауыл аупарткомының қызметкері осы Ақошов Қасым болатын. Баянауылға Республика Академиясының атынан мүше болып барған геология- минералогия ғылымдарының докторы Абдул Қабырова (башқұрт қызы) былай деген еді: «Халық арасына тараған аңыз бойынша Мәшһүр Жүсіптің денесінің бальзамының күштілігі сондай, ол өзгерместен жатыр дейді. Соған зер салып, баса зерттеңдер деген тапсырма болды. Зираттың ішіне түсетін баспалдақ жерден ойылып жасалыпты. Тереңдігі екі метрден шамалы асады. Барып көргенімде халық айтқан аңыздың бекерлігі анықталды, яғни ешқандай бальзамдалмаған. Еттен арылған дене сол жатқан қалпында сақталған. Көзбен көргенді баяндап, жазып бердік. Әулиенің зиратының іргесін қиратып, бетін тегістеп тастапты. Сондай зомбылық, зорлық іске өз басым қатты ренжідім».

Міне, діндарлармен алысу төртібі Қасымның басқаруымен Баянауыл төңірегінде осылай аяқталды.

Ауыл үлкендерінің бастары қосылғанда әңгімелерінің басы Абай мен Мәшһүр Жүсіп туралы болатын. «Жаңа Талап» пен «Жаңа ұйым» колхоздарының (үшінші ауыл – Қызылшілік ауыл советі) орналасқан жері Тобықты еліне жақын болғандықтан жиі араласып тұратын. Сондықтан, үлкендердің әңгімесі Абай жайында жиірек, басымырақ айтылатын еді.

 

Арманға жол сілтеген әкем еді

 1934 жылы болмаса 1935 жылдың күз айлары еді (қай жылы толық есімде қалмапты) мектеп оқушыларының сабаққа қызу түрде кіріскен уақыты болатын. Біздің үй мектептен үш шақырымдай қашықтықта тұратын, осындай алыстағы мектепке баруға жалыққандықтан, таңертең сабаққа бармай ұйқтап қалып едім. Бір уақытта оянсам, әкем үйде отыр екен. Менің оянғанымды көріп:

– Сен бүгін неге үйде ұйықтап жатырсың? – деп сұрады.

– Басым қатты ауырып, ерте тұра алмадым, – деп өтірік жауап бере салдым. Менің ойымды түсінген әкем:

– Тезірек киініп тамағыңды іш, қазір мен сені көлікпен апарып тастаймын,- деді.

Қуанғанымнан орнымнан атып тұрып киіндім де, тамақтанып сыртқа шықтым. Пар өгізге жегілген арбаға мініп, әкеммен бірге мектепке қарай жолға шықтық. Күзгі уақыт қой, аспанды қою қара бұлт басып, сіркіреп жауын жауып тұр. Өгіз аяңы мен жолдың ой шұңқырына соғылған арбаның доңғалағы бізді тербеп келеді. Ауыл алдындағы қырдан асқан кезде, үйлердің қарасы көрінгендей болды. Сол уақытта әкем ұйқыдан оянғандай маған қарап:

– Балам сен Имантайдың баласы Қанышты естіп білуші ме едің? – деп сұрады.

– Иә, -деп жауап бердім мен.

– Ендеше, Қаныш, Қамит бәріміз қатар өскен бала едік. Молладан оқып, шамалы сауат алдық. Ептеп есімізде кірді. Бір күні ойнап жүрген кезімізде, Қаныш бізге қарап, осы молдадан алған білім бізге ештеңе бермейді. Онан да жоғарғы білім беретін оқуға түсейік, қайсың ересіңдер деп сұрады. Ешқайсымыз жауап бермедік. Бәріміздің ойлағанымыз білім емес, туып-өскен жер, ойнап-күліп жүрген ауыл-аймақтың төңірегінен кетсек, күн көре алмаймыз деген қауіп. Шешіліп ешкім жауап бермеген соң, Қамитты ертіп алып кетіп қалды. Көп ұзамай-ақ, екі бала, Қаныш пен Қамит үйлерінен қашып кетіп, орыс оқуына түсті деген хабар ел ішіне дүнк ете түсті. Біздер таң қалдық, бұлай болады деп ойламап едік. Міне, сөйткен Қаныш қазақтан шыққан атақты ғалым – инженер, ал Қамит – дәрігер болып шыға келді. Олар осы жағдайға тек қана оқудың арқасында жетті. Ал біздер болсақ хатта танымай қалдық. Сенің бар өмір қызығың, бақытың алда. Егер шамалы сана сезімің болса, осы бастан сабақты жақсылап оқы да, кейін ағаларыңдай атақты адам болуға тырыс. Болмаса, әйтеуір хат танисың ғой, оқығың келмесе, маған көмектес, – деп әкем сөзін аяқтады.

Менде үн жоқ. Қаныш пен Қамиттай болу үшін оқу керек. Ол үшін сабақтан қалмай, тек қана алдыңғы қатарлы оқушы болу керек деген ой санамды биледі. Әкемнің сөзіне не деп жауап беру керек екеніп біле алмадым. Сөйтіп өзіммен өзім айтысып келе жатқан көңілімді «дыр-рр» деп өгізді тоқтатқан әкемнің дауысы бөліп жіберді. Арбадан түсіп, екеуіміз мұғалімнің үйіне кірдік. Амандық білісіп, хал-жағдайды сұрасқан соң әкем мұғалімге қарап: «Мына баламның басы ауырып, бүгін сабаққа келе алмапты. Ертеңгі сабағынан қалмасын деп әдейі алып келдім. Оқуы біткенше сіздің үйде болсын. Бар аманатым «баламның еті сенікі, сүйегі менікі», түзеп оқыт, осының маған берген көмегің деп есептейік. Көзіңнің қырын сала жүр», – деп кетіп қалды.

Тағы басқа не айтқанын естіген жоқпын, ойымнан «ғалым Қаныш» деген сөз шықпай, «әй, шіркін, менде сондай болсам» деп арманның жетегінде кеттім. Осы ойда жүріп, он жылдықты абыроймен бітірдім. Ұлы Отан соғысының жүріп жатқан кезі, оқуды бітірісімен (1943 жылы) армия қатарына алынып, 1950 жылдың  соңына дейін болдым. Сөйтіп, 15 жыл бойы естен кетпеген арманыма 1959 жылы сәуір айының ішінде ғана кездестім.

«Ғалым болам десең, сол ғалымға ұқсап бақ, егер ғалым көрсеңіз», –  деп Абай ақын айтқандай, дәл Қаныштай болмасам да, соған ұқсауым керек, одан үлгі-өнеге үйрену керек деген менің басты арманым болды.

 

Ақсақалдардың Абай туралы естеліктері

Оқып жүрген кезімде жездем Қасен Нұрбалаұлының үйінде тұрдым. Жиенім Ғинаят менен кіші болатын. Жездем әңгімеге шебер, әсіресе Абай туралы қызық әңгімелер көп айтатын. Бірде алғаш рет латын әліпбиімен шыққан Абайдың кітабын оқып отыр едік, жездем жақындап келіп: «Не жазылыпты?»,- деп сұрады. Кітапта Абай сөзден жеңілмепті, бірақ өзінің айтуы бойынша үш адамға сөзбен жауап қайтара алмапты. Екеуі – әкесі мен баласына жауап қайтара алмағаны жөнінде екен, үшіншісі жоқ дедім. Сонда Қасен жездем Ғинаят екеуімізге үшінші адам кім екені туралы айтып берді.

Абай ауылының жанындағы тоғай ішіндегі құдықтың жақын төңірегінде кітап оқып отырады екен. Бір күні содан су алуға жаңа ғана келін болып түскен, ауыл жылқышысының келіншегі келеді. Оны көрген жас Абай келіншектің қолынан алып, құдықтан қашығырақ орында махаббат сырын шертеді. Сөз ыңғайын түсінген жас келіншек: «Абай аға, мен бір әңгіме айтайын соны тыңдап алыңыз. Содан кейін мен сіздің еркіңізге толық көшемін», – депті. Сондағы әңгімесі:

-Ертеде халқының алдында өте абыройлы, халқына сыйлы, аңдардың да тілін білетін бір патша болыпты. Ауылының айналасы қалың орман, халқы бай болса керек. Күндердің күнінде сол орманда арыстан пайда болып, елдің мазасын ала бастайды. Халық жиналып патшасына жағдайды баяндайды. Мұны естіген патша уәзірлерін ертіп алып, орман ішінде апанның аузында жатқан арыстанға жолығады да, еліне неге тыныштық бермегенін, өзіне тура неге жолықпағанын сұрайды.

– Мені кәрілік жеңіп, күннен-күнге қайратымнан айрылудамын. Аштан өлмейін, өзіңе жолығып жағдайымды айтайын деп келіп едім, халқың мені көре сала қуғындай бастады. Сондықтан тұяғыма ілінген малды жеп, тамақтана бастадым. Өзіңде патшасың ғой, естісе келіп қалар деп күтіп жатыр едім, – депті арыстан.

– Олай болса, сен өзің көрсет, қай жерге, қай ағашқа мал байласын, соны өзің келіп азық ет. Мен осы туралы халқыма жар саламын. Басқа бос жүрген малға, адамға тиіспейтін бол, – депті патша.

Осындай келісім жағдайында халыққа тыныштық орнапты. Арада аздаған күндер өткен соң, халық тағы да патшаға келіп: «Үш күн болды байлаулы тұрған жылқыға арыстан келген жоқ. Біліңізші, мүмкін бірдеңе болып қалған шығар»,- депті. Сөз жағдайымен патша көрген жердегі үңгіріне келсе, арыстан жоқ екен. Айқай салып шақырса үңгір түбінен арыстан шығады.

-Сен неге берген сый тамақты қабылдамадың? – деген патша сұрағына  арыстан: «Ол биені құлын күнінде қасқыр тартқан екен. Қасқыр менің құлым емес пе? Құлдың сарқытын мен қалай жеймін? – деген екен. Абай аға, менде сіздің құлыңыздың сарқытымын ғой, – деген жас келіншектің сөзіне жауап бере алмаған Абай орнынан тұрып, тіл қатпастан кетіп қалған екен.

Осылай Абай туралы біраз әңгімелерді айтушы еді Қасекең жездеміз. Міне, солардың ішінде алпыс жылдан астам уақыт есімде сақталғаны осы әңгіме еді. Абайдың әйелдерді сынаған өлеңі де болған. Осыны, тағы басқа әңгімелерді латын харпімен барлық естіген дастандар мен әндерді жазып алып едім. Алайда мен 7 жыл әскер қатарында жүргенімде, үйдегі кіші бауырларым бұл жазбалардың бәрінен айрылып қалыпты. Өкінгенмен орнына келе ме, жоғалып кетті. Әсіресе жаныма батқаны Шұғайып ақынның айтуымен жазып алынған Ермек дастаны. Оның авторы Шәкәрім ғой. Тындаушылардың айтуы бойынша Шәкәрімнің бұл шығармасы Еңлік-Кебектен (Ермек тауда калған бала ғой) басымырақ дейтін. Бұл дастанды кешке қарай жиналып өзіме оқытып тындаушы еді.

 

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий