Сыр елінде – Қызылорда төрінде Қазақстанның болашағына бағдар болар маңызы аса зор шешімдер мен ұсыныстар талқыға салынды. Ұлттық Құрылтайдың 5-ші жиыны тарихи жаңалықтарға толы болды.
Бұған дейін Ұлттық Құрылтай институты – еліміздегі ең ірі консультациялық қоғамдық-саяси алаң, екенін тілге тиек еткен едік. Билік пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту, маңызды саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау мақсатын көздейтін құрылымның алаңында осы уақытқа дейін де мемлекетіміздің мәртебесін арттырар, халқымызға жарқын болашақтың келбетін көрсетер талай шешімдер қабылданған еді. Ал кеше Қызылорда қаласында өткен Құрылтайдың жөні мен жосығы тіптен бөлек өрілді. Олай дейтініміз – осы жиында еліміз үшін аса маңызды мәселелер ашық алаңға шықты, тарихымыз үшін тағдыркешті ұсыныстар жасалды, алда күтіп тұрған өзгерістердің нақты бедері баян етілді. Әлбетте, бұл – жаңа көкжиектерге көз тіккен егемен еліміздің даму жолындағы жаңа қадамдар, тың бастамалар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Құрылтайдағы негізгі сөзі елдің әлеуметтік-саяси дамуына қатысты терең мазмұнға ие болды.
Жұртшылыққа мәлім, Мемлекет басшысы 2025 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында парламенттік реформа туралы мәселе көтерді. Міне, бұл мәселе содан бері жарты жылға жуық қоғам арасында қызу талқыланып, әбден екшелді. Президент атап көрсеткендей, заң шығарушы билікті ел дамуынының тиімділігі мақсатында қайта реформалау – алдағы барлық оң өзгерістердің өзегі саналады.
Еліміздің саяси жүйесін, мемлекеттік басқарудың жаңаша қалыбын, қоғамдық дамудың тиімді бағдарын қайта қарап, қайта түзіп, жаңа белестерге бет түзеу үшін парламенттік реформаның маңызы аса зор. Бұл жалпыұлттық реформаға серпін береді, өзгерістерге тиімділік береді. Бұл мәселелер арнайы комиссияларда да жан-жақты пысықталып, қарастырылып келді. Енді, міне, нақты шешім қабылдайтын уақыт жеткенін Мемлекет басшысы ерекше атап көрсетті.
«Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс», – деді кешегі Құрылтайдағы сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қ-Ж.Е.Тоқаев.
Конституциялық өзгерістерге сәйкес етіліп, жаңартылған Парламент «Құрылтай» деп аталса игі еді, деген Президент ұсынысы да көпшіліктің қолдауына бірден ие болғанын аңғардық. Бұл атаудың халқымыз үшін қаншалықты маңызы бар екенін кешегі жиында Мемлекет басшысы тиянақтап атап өтті.
Парламенттің атқарушы құзыреттерін қайта қарастырып, жаңа саяси механизмдерді енгізу, соның ішінде азаматтардың белсенді қатысуын күшейту ұсынылды.
Саны, саны ғана емес сапасы да мұқият екшеуден өтетін жаңа Парламент қосымша өкілеттіктерден де кенде болмайды. Ең бастысы – тиімді әрі кәсіби Парламент қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы Жарлыққа қол қоюды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл комиссия құрамына ұлттық құрылтай мүшелері, ақпарат құралдары басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері кіретін болады.
Қызылордадағы Құрылтайда Президент Қ-Ж.К.Тоқаев тарапынан айтылған тағы бір ұсыныс елдің саяси архитектурасын терең өзгертуге бағытталды. Президент елімізде вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Бұл лауазым президенттің тапсырмаларын орындауда маңызды рөл атқаратыны белгілі.
Түптеп келгенде, Президент алдағы реформалар аясында қазіргіден кең ауқымды өзгерістер болатынын, бұл реформалар кейде жаңа Конституция қабылдаумен тең болатынын айтты.
Бесінші Құрылтайда тек саяси реформалар ғана емес, маңызды әлеуметтік мәселелер де кеңінен көтерілді. Әлеуметтік қауіпсіздік, әйелдер мен балаларды қорғау, қоғамдағы зиянды әлеуметтік дерттермен күрес – есірткі саудасы, лудомания, буллинг, зорлық-зомбылық мәселелері жиын барысында талқыға түсіп, түрлі ұсыныстар мен заңдық нормалар орта шықты.
Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ауыл экономикасын дамыту, инфрақұрылым, туризм, ғылым мен білім беру салаларын дамыту елдің экономикалық даму стратегиясында маңызды орынға ие екені баса атап көрсетілді.
Президент қазақ тілін, тарихи мәдени мұраны қорғау және ұлттық мәдени жобаларды дамыту қажеттігіне де назар аударды. Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Тұтастай алғанда, алдағы екі жылда елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделетін болады.
«Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады.
Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.
Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек.
Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын.
Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді.
Менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады.
Ұлттық Құрылтай жиыны, яғни маңызды қоғамдық-саяси форум Қазақстанның демократиялық институттарын нығайту, азаматтық қоғамды дамыту және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқарады.
Асыл ӘБІШЕВ,
«Aiqara.kz»
