(ертегі)

Баяғыда белгісіз бір елді мекенде бұйра шашты бала өмір сүріпті. Түсі сары, өзі бұйра болғаны сондай көрген адамдардың бәрі мазақ қылып, келекеге айналдырыпты. Тіпті жақын достарының өзі «жүн бас» деп атайды екен. Бала осының бәрінен ұялатындықтан шашын қатты жек көріпті. Басқа балалардың, достарының майда шаштарына, жел соққан кезде желпілдеп тұратын кекілдеріне қызығып қарайды. Менікі де сондай болса ғой деп армандайды.
Бірде ол басқа шаһарда мықты шаштараз бар деп естіп сонда жолға шықпаққа бекінеді. Бар ойы – шашын теп-тегіс әдемі қылып қидыру.
Сол қалаға баратын керуенге ілесіп жолға шығып кетті. Басына қалың қылып үлкен тымақ киіп алғандықтан оның бұйрабас екенін ешкім байқамайды. Керуен бірнеше күн жүрген соң қарақшыларға тап болады. Қарақшылар керуенді түгел тонап адамдардың бәрін өлтіреді де баланың бұйра шаштарына қызығып өздерімен алып кетеді. Оның бұйрабасын түгел қырып тап-тақыр қылып қозы бақтырып қояды. Қарақшылардың шарты бойынша әр үш күн сайын шашын тақырайтып алдырып тұруы керек еді. Солай шашынан айырылған бала тақыр бас болып қалады. Басында шашынан құтылғанына қуанған бала кейін келе басы тоңып өзін бір мүшесінен айырылғандай жаман сезіне бастайды. Оның үстіне күн суық қыс болғандықтан тақыр басы әбден тоңады. Бір жолы бір қарақшының ашуланып лақтырған тасы басына тиіп, басы жарылып қалғанда, шашының қанша жаман болса да қорғаушысы екенін түсінді. Келе-келе бұрын иттің етінен жек көретін бұйра шашын сағынады.
Бір күні қозысын өріске жіберіп тастың түбінде ұйықтап жатып түс көреді. Түсіне шашы кіріпті. Сап-сары кәдімгі бұрын өзі жек көретін кезіндегідей көп те, қалың. Адам сияқты сөйлеп тұр.
– Әй, батыр тұр орныңнан. Мен – сен жек көретін шашыңмын. Мен саған бір шындықты айтайын. Мен жәй шаш емес алтын шашпын. Қарақшылар соны біліп сені тірі қалдырды. Және әр үш күн сайын сенің басыңнан алтын қырып алып отыр. Мен саған олардан қашып құтылу жолын айтайын. Анау таудың бөктеріне барсаң, ерттеулі ат тұрады. Оның басын өз еркіне жібер де мықты ұстап отыра бер, ол қалаған жағына апарады.
Бала ояна келді де жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Шашы көрсеткен таудың бөктеріне жақындаса, ерттеулі ат тұр екен. Мінеді де шаба жөнеледі. Неше күн, неше түн жүргені есінде жоқ. Бір есін жиса өзінің туған ауылының қасына келіпті.
Оны көріп барлығы қуанып, мәз-мәйрам болыпты. Сосын бала шашын бұрынғыдай емес аялап, тарап, сылап-сипап қараса, күнге шағылысқан ғажайып алтын екен. Ол алтындарын сатып, әрі бай болып, әрі сол еліне патша боп, өзі де, елі де бақытты ғұмыр кешкен екен.
Сарайының маңдайшасына: «Ешкімнің сөзін елеме, барлығы сен ойлағандай жаман бола бермейді!», – жеп жазып қойыпты.
Бақберген ДАРИҒАҰЛЫ,
Ертіс ауданы.
