Репортаж
Ұлтымыздың асыл құндылықтары мен баға жеткісіз рухани байлығын сақтау және ұлықтау әр азаматтың парасатты парызы, мәртебелі міндеті. Осынау бұлжымас борышқа адал ұстанымдағы И.Байзақов атындағы облыстық филармония үшінші жыл қатарынан «Ән – аманат» жобасын ұйымдасырып келеді. Павлодар қаласында осы жоба аясында «Ән қанатында» атты ұлттық ән кеші өтті. Іс-шара Жаяу Мұса Байжанұлының 190, Абай Құнанбайұлының 180, Майра Шамсутдинованың 135 және Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойларына арналды. Кеш шымылдығын «Рух» этно-микс тобы мен «Нұр» би ансамблі түрді. Ал, ән кешін Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән додасының Бас жүлдегері Дәуренбек Слямғали Иса Байзақовтың «Желдірмесімен» бастады.
Дәуренбекке тыңдарманның ықыласы ерекше болды. Лық толы зал көрерменнің тебіренісімен тербелді. Өнерпазын шапалақ шуағына шомылдырған қауымның шын разы кейпін көріп толқыдық. Сезгеніміз: ұлттық әнді қастерлей келген әр жанкүйердің басқан қадамы өнерпаз саусағының домбыра пернесін аялай басқанымен үндесіп; қол соғып, қошемет ұрғаны өнерпаздың домбыра ішегін қадірлей қаққанымен үйлесіп; «Пай-пай!», «Беу!» дегені әншінің дауысын асқақтата созғанымен әуездесіп кетті. Бұл керемет көрініс кеш бойы үзілген жоқ.

Аптап ыстықта нәр тілеп, аспандағы бұлтқа телмірген даладай немесе желтоқсанның ызғарлы желінің өтінде қалтырап тұрып жылу аңсаған баладай әуезді де, әсерлі әннен жан құмарын іздеген тыңдаушы әуелеген әр әнді құлағына сіңдіріп, бойына таратты. Бұны біз артық қимыл жасамақ түгіл, артық дыбыс шығармауға тырысқан көрерменнің көзінен оқыдық.
Жазушы Ғабит Мүсірепов «Атақты әнші Майра» естелік әңгімесінде Орынбордан Керекуге келгенін, Майра Уәлиқызының үйінде қонақ болғанын, әнші сырқаттанып тұрса да сырнайы мен домбырасын кезек-кезек ұстап ән айтып бергенін жазады. «…Майра үш-төрт ән салғаннан кейін өзінің дағдылы қалпына түскендей, қарақшыға жақындаған еркін жүйріктей масайрап кетті. Жарқыраған көз нұры жүзіне төгіліп, жасарып барады. Бұл ән салғанда қуанатын, бақыт сезінетін әнші…», – дейді жазушы.
Бүгінгі таңда елімізде Майра Уәлиқызының ізін жалғаған дәстүрлі әнші арулар аз емес. Олардың алдыңғы легінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Гүлмира Саринаны атауға болады. Өнер иесі бұрын халық әні деп аталып келген Майраның 20 әнін тауып, нотаға түсіріп, жарыққа шығарды. Осы кеште де ол Иса Байзақовтың сөзіне жазылған Майраның «Бақша» әнін шырқады.

Ал, филармонияның әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Гүлназ Қыздарбекова «Майра» әнінің екінші түрін орындады.

Бұдан кейін Aбaй әндері асқақтады. Бүгінде Aбaй Құнанбайұлы шығapғaн 28 ән 65 нұсқaдa aйтылып жүр екен. Сoндaй-aқ aвтopдың 2 күй, 1 жeлдipмeсi бізге жетіпті. Музыкатанушылардың сөзінше, Абайдың әндерін мазмұнына байланысты бірнеше жанрға бөлуге болады: мысалы, «Желсіз түнде жарық ай», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» сынды ғашықтық-лирикалық әндерді; «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Өлсем орным қара жер» сияқты философиялық монолог-әндер мен толғаныстарды; «Өзгеге көңілім тоярсың», «Көңіл құсы құйқылжыр» қатарлы өнер туралы әндерді атауға болады.
Бұл кеште республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші, ұстаз Сәуле Мүсіпова Абайдың «Өзгеге, көңілім, тоярсың», филармонияның әншісі Мағжан Ысқақ «Сегіз аяқ» әндерін тарту етті.


Кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу жан Жаяу Мұса десе – «Ақ сисаны» атары сөзсіз. Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай «Ақ сиса» поэмасында:
«…Өлең боп өріс тауып өмірі алдан,
Көгерткен көңілінің көгін арман.
Ары боп Ақбеттаудың ақын өткен
Аттыдан жаяу жүріп кегін алған.
Санаңды сарғайтатын сан алаңы,
Шабытпен шалқарладым шағалалы.
Бұл дүниә әлімсақтан қазақ үшін
Атты менен Жаяудың аламаны…», – деп жырлайды. Сол аламанда намысын жықпаған, тартысты тағдыр иесі Жаяу Мұсаның әндері де тыңдарманға ұсынылды. Бұл жолы ән кешінің арнайы қонағы халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нұрболат Құсайнов тыңдарманға Жаяу Мұса Байжанұлының «Көкаршын» әнін, дәстүрлі ән өнерін дәріптеуші ұстаз Жанболат Байсолтан «Шормановқа» әнін әуелетті.


Ән әсері бөлек болады екен. Аңдамаймыз, аңдасақ та елемейді екенбіз. Ұйытқан әнші мен ұйыған халықты көріп, Баянауылдағы Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің ұстазы, ақын Жеңісбек Пәзіл айтқан мына бір әңгіме ойға оралды. Айтыскер ақын, марқұм Алмагүл Жүгінісова өмірінің соңында сол Өнер мектебінде сабақ берген екен. Екібастұздан қатынап тұрады. Қыс мезгілінде қайтар көлік болмай, Жеңісбек ақынның шаңырағында қонақ болады.
«Қонақ болған сондай бір кеште Алмагүлмен таң атқанша сырластық, – дейді ақын. – Жеңгең – қызметте, шай құюшы әрі тыңдаушы. Біз кезек-кезек өлең оқыдық, ән салдық. Қасымызда 3-сыныпта оқитын ұлым Айбар үнсіз тыңдап қана отырды. Қалғымайды, мүлгімейді. Өзі де әнге құмар болатын. Домбыра үйреніп, кейін сайыстарға қатысты. Сол Айбар бізді таңға дейін тыңдап, ұйқыға бірге жатты. Таң атып, қонағымызды шығарып салған соң Айбар: «Анашым, кеше мен әкем мен Алмагүл тәтенің арасынан жүрек көрдім», – деді. Мен 3 оқитын баламның біздің өнерге деген таза көңілімізді аңғарып қойғанына таң қалдым».
Жеңісбек ақынның осы әңгімесі әнмен қатар өріліп келіп, санамызда жаңғырды. Иә, шын ықылас пен шынайы өнер үйлесімі көзге бірден көрінбей ме?! Біз де сол бала көңіл аңғарып-аңдағандай, кеш бойы әнші мен көремен арасынан үлкен жүректі, іңкәр жүректі, ынтық жүректі көрдік. Іштей: «Сол жүрек дүрсілінен жаңылмаса екен!» деп тіледік.
Ұлттық өнерге сусап келген қауым халық әндерімен де сусындады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аллажар Кайбар «Жорғатай», «Ағажай Алтай» халық әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Екібастұздық әнші Сұңғат Көпежанов «Маржан қызды» орындады.


Бұл әндерден кейін біз тағы да ойға шомдық. Анау бір жылы «Қазақ әдебиеті» газетінен ақын Ықылас Ожайұлының бір сұхбатын оқыдық. Онда Ықаң: «…ендігі он-он бес жылдың бедерінде «қоңыр салқын» деген ұғымды біз өз баламызға кондиционерден шығатын салқындықпен ғана түсіндіретін боламыз ба деп үрейленемін» деген мағынада бір ой айтты. Сол қорқыныш бізде де бар еді. Ендігі бірер жылда «Әуезді ән» ұғымын балалармызға фонограмма немесе цифрлы музыка деп қана ұқтыратын кепке түсерміз-ау деп қынжылатынбыз. Осы кеште олай еместігіне көз жете түскендей. Жан жадыратар қоңыр желдей әуезді ән – қазақтың ұлттық ән мұрасы екені даусыз.
Ақын Мақсұтбек Майшекин «Естай» атты мақаласында: «Көңілге қонымды, құлаққа жағымды, майда қоңыр дауысымен Естай айтқан кербез ән келісті ырғағымен де, әсем әуенімен де тыңдаушыларын тамаша сүйсіндіре түседі…», – деп жазады. Естігенді елең еткізіп, есінде ұзақ қалатын Естайдың сондай кербез әндерінің бірі – «Жай қоңыр». Естайдың өзі де: «Менің творчестволық тұңғыш туындым осы жанға жайлы «Жай қоңырым» ғой» дейді екен. Филармонияның әншісі Жалын Құнанбай тыңдарманға Естайдың «осы жанға жайлы» «Жай қоңыр» әнін тарту етті.

Ұлттық ән кешін «Беу, жігіттер!» халық ансамблі түйіндеді.

Ұлттық ән әуелеген кешті тамашалап отырғанда Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» әңгімесі еске түсті. Жазушы әнші Әмірқанның ән салған сәтін қандай ғажап суреттейді:
«…Әнші жіберді… Сүмірейте, қылмита соқты, желдете, кұтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты.
…Мидай жазық кұла түзде ішің пысып келе жатқанда, көзіңе сұлу орман, сәулетті тау көрінсе; көріктен, оттан айырылған, қабағынан қар жауған қариялардың ортасында, кенеттен атқан таңдай сұлу сәулем қыз көрінсе; қараңғы түнде ел таба алмай сандалып келе жатқанда, аяғыңның астынан қиуадан от жылт етіп көрінсе, қандай қуанып, кенеліп қаласың. Жапа-тармағай жым болып томсарып, тоң-торыс отырған жандарға әншінің әні де сондай әсер берді. Көңіл бір жадырап шайдай ашылды…», – жеп жазады Жүсіпбек.
Жүсекең жазғандай, әр әнді тыңдағанда біздің де жанымыз бір емес мың мәрте жадырап, бір емес мың мәрте шайдай ашылды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1913 жылы «Өлең һәм айтушылар» мақаласында: «…бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар…», – деп жазады. Әнді сақтаудың қамын қылған И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның «Ән қанатында» ұлттық ән кеші көрерменді тебірентіп қана қоймай, асыл мен жасықты айыра білер парасатқа жетеледі.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
