
Мейрам НҰҒЫМАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тәуелсіздіктің қымбат бағасы…
Желтоқсан!!! 1986 жылдың желтоқсаны…
Бұл қарапайым ғана тіркестің қазақ халқының тарихында мәңгі өшпес, ұмытылмас айтулы бір тарихи оқиға болып қалды. Бүкіл әлемді елеңдетіп, сол кезде Жер шарының алтыдан бір бөлігін иеленіп отырған алып империяның түндігін желпілдеткен әйгілі Желтоқсан көтерілісіне биыл 39 жыл толып отыр. Бұл дүмпудің Қазақ елі үшін тым қымбатқа түскені шындық, дегенмен, оның шағын халықтарға еңсе көтертпей, құрсаулы бодандықта ұстап келген КСРО атты орасан зорлықшыл мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, билік басындағы шонжарлардың зәресін ұшырғаны, сонымен бірге өзге республикаларды да бостандыққа, теңдікке шақырып, тәуелсіз ел болып өз бетінше өмір сүруге жол салғаны рас. Сөйтіп, Желтоқсанның ызғырығымен қабаттаса келген тұңғыш бас көтерудің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастамасы болғаны – боямасыз ақиқат.
Иә, Желтоқсанның сонау дүрбелеңге толы күндері оған тікелей атсалысқан жандардың ғана емес, жалпы «қазақ» деген халықтың, оның «елім» деп еңіреген әр перзентінің жүрегіне шемен боп байланғаны шындық. Басында бейбіт шеру болып басталған айтулы жиынның әдейі арандатудың салдарынан қақтығысқа айналып, кейіннен Кремльдің пайымдауына сай намысқой жастардың, тіпті бүкіл қазақ жұртының бетіне қара таңба боп басылған жікшілдік, экстремистік, басбұзарлық әрекет деп танылғаны өкінішті. Желтоқсанның жоғары жақтың үрлеуімен үскірікке айналған ызғары қаншама өреннің көкірегін мұздатып, келешегіне балта шапты, елім деп еңіреген қаншама ұлтжанды азамат сотталды, оқудан шығарылды, қызметтен қуылды, сөйтіп, жігерлері жасып, өмірлері өксіді, тағдыры күресінге ысырылды.
Дегенмен, бұл құрбандықтың барлығы зая кеткен жоқ. «Бұл әбден жасып, мойып қалған жұрт, не шықса Кавказ бен Балтық жағалауынан шығады», – деп көзді сол жаққа тігіп жүргенде, Алматыда бұрқ ете қалған көтерілістің Мәскеудегі «көкелерімізді» қатты састырғаны рас болатын. Сол кезде бұл әділетті бас көтеруді бүкіл әлем мойындап, қазақты «өжет ұлт» деп атағаны да шындық. Булыққан халықтың батыл бұлқынысының соңы әміршіл-әкімшіл империяның туырлығын желпілдеткен алуан дүмпулерге ұласып, ақыры Кеңес Одағының ыдырауына әкеліп соққаны белгілі.
Бұл негізінен студенттердің, жұмысшы жастардың қатысуымен ту көтерген қарсылық шеруіне біздің өңірімізден де көптеген ұлдар мен қыздар атсалысып, өз үндерін қосты. Олардың кейбірі істі болып, енді біреулері оқудан қуылды, жұмыстан шығарылды. Саяси сенімсіз адам атанып, алуан түрлі теперішке душар болды. Бірақ, олардың жанкешті талпыныстары текке кеткен жоқ, бостандықтың бастамасы ретінде егемен мемлекетіміздің негізінің қалануына себепкер болды.
Бұл дүрбелеңді әміршіл-әкімшіл кеңес билігінің өз өктемдігіне батыл қарсылық білдіріп, жалпақ әлемді шулатқан қазақ халқын басып-жаншып, енді қайтып бас көтерместей етіп, тұқырту үшін пайдаланып қалмақ болғаны түсінікті. Ол үшін қолдан келген қастандықтың барлығы бірдей жасалып, сәл күдікке ілінген жандардың аяусыз жазаланғаны бәрімізге мәлім. Сол кездегі қатал жазаны арқалап, естен кетпестей тауқыметке ұрынған, сөйтіп, өз елінде, өз жерінде жүріп, өгейдің күнін кешкен, жас жүректеріне жазылмастай жара салынған аға-апаларымыздың талайын көрдік, талайымен қатар жүріп, ниеттес, тілектес болдық. Ол уақытта сол ұландарды ашық қолдап, қолтығынан батыл демеуге көпшіліктің дәті бармағанын несіне жасырамыз. Өйткені, ол кезде ұлтым деген әр азаматтың тағдыры сұр мергеннің жебесінің ұшында, қаһарлы кеңес өкіметінің арнаулы қызмет орындарының қатаң қадағалауында болды.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, сол арнаулы қызмет орындарының ешкімді аяғанды білмейтін жендеттері халықтың үрейін ұшырып, еңсесін біржола басып тастау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, желтоқсан көтерілісінің қаһармандарына өлім жазасын қолдануға дейін барғанын бүкіл әлем жұрты көріп-біліп отырды. Олардың жазықты болсын-болмасын, ыңғайы келген біреуді ең ауыр жазаға тартып, халықты мүлде қорқытып тастауды межелегені белгілі. Сөйтіп, «аталған дүрбелеңде ерекше қатыгездік жасады, жастарды осынау қантөгіс оқиғаға үгіттеп, көптеген мемлекетке қарсы әрекеттер жасады» деген желеумен «кеңестің әлемдегі ең әділ соты» небәрі 21 жастағы Қайрат Рысқұлбеков деген балғын жігітті ату жазасына кесті. Бірақ, кеңестік қанқұйлы қылмыскерлердің Қайратты бірден атып тастауға батылдары жетпеді. Оған себеп болған жай мынау: кеңес өкіметінің басшылары қаншама қиқулап, желтоқсан дүрбелеңін аса қауіпті қылмысқа теңеп, бояуын барынша қалыңдатқанымен, әлем жұртшылығы, өзге мемлекеттердің өкілдері бұл бас көтеруді қылмыс деп емес, әділетсіз шешімге наразылық білдірген бейбіт шеру деп таныған болатын. Соған орай Мәскеуге жан-жақтан көптеген мемлекетаралық деңгейдегі хаттар жолданып, хабарламалар жіберіліп жатты. Олардың ішінде тым қатты жаза қолданбауды, мүмкіндік болса, осы дүмпуге атсалысқан жастарға кешірім жасауды сұраған өтініштер, тіпті талап қойған петициялар да аз емес-тін. Осының барлығын аттап өтіп, бүкіл әлем халықтарының талап-тілектерін ұғына отырып, оларға ешбір құлақ қоймастан Қайратты ата салудың оңай емес екендігі анық болды. Егер Мәскеу мұндай үзілді-кесілді қадамға барар болса, көптеген әріптес мемлекеттердің КСРО-мен барлық қатынастарын үзіп, достық байланыстың тамырына балта шабылуы әбден ықтимал еді. Сондықтан да Мәскеу ату жазасын ұзық мерзімді түрме жазасына ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ, оларға мұндай қылықты кешіре салатын әдеттің жат екендігі белгілі, ақырында Қайрат Рысқұлбековті жымысқы саясат біреудің қолымен (рецидивист қылмыскердің) опат қылып, осы саяси ойындағы «басты кейіпкердің» көзін жойып тынды. Артынан Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болды. Бүгінде белгілі болғандай көтеріліске қатысты деген айыппен 99 адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылған екен.
Иә, Желтоқсан дүрбелеңі қазақ халқының таихындағы қайғылы да қатыгез, шерлі кезеңдердің бірі болып есте қалды. Бірақ, кімнің кім екенін безбенге салған сол бір сын кезеңнің көптеген ерлерді, нағыз батырларды жария етіп, ел мен жұртқа таныстырып кеткені де шындық. Сонымен бірге бұрындар бұйығы тірлік кешіп, «көкесінің» айтқанынан шықпай келген жылқы мінезді халықтың шындаса шылбыр үзіп, тізгін бермей кететінін де айқын ұқтырды.
Желтоқсанда төгілген жастардың қаны мен қиналған жаны, олардың ата-аналарының қисапсыз көз жасы текке кеткен жоқ. Желтоқсанның аязына тоңып, үскірігіне шалынған жастардың сол бір жанкешті ұмтылысы еліміздің Тәуелсіздік алып, жеке ел болуына алғышарт болды. Ол тек қазақ халқының ғана емес, Кеңестің қыспағын көріп, бұғауына шырмалған барлық кешегі одақтас республикалардың өз туларын биік көтеріп, дербес мемлекет болуларына жол ашты. Демек, Желтоқсан көтерілісінің бүкіл КСРО кеңістігіндегі алуан түрлі халықтардың еркін тыныс алып, өз бағыттарын өз беттерінше айқындауына мүмкіндік туғызған аса зор да маңызды тарихи оқиға болғаны ақиқат. Ендеше, Желтоқсанның жалауы мәңгі биіктен желбіреп, сол бір ерліктің, елдіктің, батылдықтың үлгісіндей болған елеулі шақтарды есімізден шығармай, дәйім назарда ұстап тұруға тиістіміз. Тәуелсіздігіміз баянды болып, халқымыз тыныш та тоқ тірлік кешсін, іргеміз әрдайым берік болғай!
Қазақтың талай ұл-қыздарын арамыздан алып кеткен тарихта «Құйын-86» деген атпен қалған Желтоқсан көтерілісі баршамыздың мәңгі есімізде қалмақ. Егемен елдің ертеңі үшін жанын пида еткен батыр аға-апаларымызды ұмытпаймыз.
Мен елімізді Тәуелсіздікке бастаған Желтоқсан көтерілісі туралы осы шағын толғанысымды қарымды қайраткер, ардагер ақын атамыз, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың мына бір шумақ өлеңімен аяқтағанды жөн көрдім.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты өрендері бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиіс емес жалауы!
