Бір өлең – бір әлем

Сөз құсы

(Абай рухына)

 

Сен ішкен у – әбілхаят сусыны,

Мәңгілікпен теңестірген болмысын.

Өмір-ағаш мың жылда бір сілкініп,

Ұшырады қанаты алтын сөз құсын.

 

Нұр төгілген көріп Тәңір дидарын,

Сүмбіледей сұлу таңда ояндың.

Қасіретті хан ұлындай сыйладың,

Ізгі мұңға омырауың боялды.

 

Нәбилерді алаламай тең сүйіп,

Төрт кітаптың түгел ашып жұмбағын.

Шүңетіне тартқан шақта дерт ұйық,

Басталған-ды ғапыл күннің бұлғағы.

 

Кешкеннен соң пайғамбарлық ғұмырды,

Тірліктегі өткел – жалғыз, соқпақ – тар.

Кім күйгізді кісен түспес тіліңді,

Келер күннің ақ жолына от қаптап.

 

Бір сөз қалды жүрегіңде таусыншақ,

Көне өсиет кітабындай қадірлі.

Қалам деген мұғжизаңмен алтын сап,

Тербете алдың салқар теңіз жаныңды.

 

Сүйегі асыл, нәсілі Ұлы адамды,

Сүйе білдің, жоқтай да алдың ұлыңдай.

Қазағыңдай алқам-салқам далаңды,

Тұяғымен турап өткен дүбірді-ай?!

 

Оны білер қарт Шыңғыстың жондары,

Түркілердің түп қонысын тербетіп,

Қасқабұлақ жайлауына қонғалы,

Күндерде күн келер әлі ел көшіп.

 

Анау тұрған моласы емес бақсының –

Саналының күн сәулелі жүрегі.

Ұғынғанда дүние ділін, қақ сырын,

Адам біткен сендей өмір сүреді.

 

Сен ішкен у – әбілхаят сусыны,

Екі дүние ескірте алмас жамалын.

Мен де бір күн тұғырымнан сілкініп,

Саған қарай қанатымды қағамын…

 

Нұрбек КЕҢЕСБАЙ.

Добавить комментарий