Екібастұз қаласы – тұрғындарының бойына көмірдің қызуы мен өлеңнің жылуы қатар тарайтын мекен. Өмірін өлеңмен өрген ақындар бұл қаланың шырайын кіргізіп, шуаққа бөлеп келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде, жақында «Атамұра» өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жырларына әуен қонған ақындар» кеші өтпек. Кеш екібастұздық ақындар Жұмағали Қоғабай, Гүлбаршын Сейітова, Жассерік Сәдуақасов, Жанаргүл Қадырова, Самал Сәрсенбекова, Сайлау Байбосын, Гүлсана Медеубай және Ерболат Әміреновтың шығармашылығына арналады. Ән-жыр кеші 6-қараша күні, сағат 15:00-де «Самғау» балалар шығармашылық орталығында өтеді.

Оқырман назарына екібастұздық ақындардың жырларын ұсынамыз:

Шамырқану
Қуғында жүрмін,
Таяныш тірек таба алмай,
Туа бір біткен мінезді өршіл қоя алмай.
Достарым тастап,
Қастарым жасқап,
Туыс та теріс айналды,
Кезеңге мынау ұрынып тұрмын, ой Алла-ай!
Сақтай көр, Алла, сатқындардың оғынан,
Табына беріп
Мазаңды алып не қылам.
Қаныма тартып,
Қазақтығымды қорғасам,
Қанына қатқан қатігездерге жолығам.
Дей алмаймын,
Өзімді өзім дарамын
Шындық қуып,
Шытырман ойға қаламын.
Шындығы мен сұмдығы көп өмірдің,
Көпірінен
Зулап өтсем жарадым.
Қуғында жүрмін,
Дұшпандар пышақ тіреп тұр,
Кім менің тілеуімді тілеп тұр?
Күрсініп қалып
Дүрсілдей соғып жүрек тұр,
Қашанда қайсар, адал жігіттермен білек бір.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ.

Ақ сәукеле
Ақ сәукеле
Ақ жүзіңді жасырды,
Самал желмен желбіреген
Қолаң шашты жасырды.
Ақ сәукеле аясында
Қыз ғұмырмен қоштасып,
Алып-ұшқан жүрегің
Аптығып бір сәт басылды…
Ақ сәукеле атандырып ақ келін,
Мәртебеңді асырды,
Ақ сәукеле желегімен жалғасып,
Арайланып алдыңнан
Ақ шымылдық ашылды,
Ақ әжелер шашуы да
Ақ келіннің құрметіне
Ақ тілекпен шашылды.
Әуелеген әсем әні «Жар-жардың»
Айналдырды басыңды.
Көзің тұман, байқаймысың маңайды,
Қайын жұртың ынтызар боп,
Бәрі саған қарайды.
Бұл заңы ғой табиғаттың –
Дәл осындай күйге салған
Ақ сәукеле талайды…
Ақ сәукеле – ар-намысың, пәктігің,
Ақ түсіне дақ түсірмей сақтағын!
Білесің бе,
Ертеңгі ел сыйлаған
Ақ жаулықты ақ әжеге
Бүгін сені ақ сәукеле бастарын?!
Гүлбаршын СЕЙІТОВА.

Далалықпын
Тебінгімнен жусан иісі аңқыған,
Тұла бойым сар қымызға балқыған.
Далалықпын, сөзге берік болаттай,
Берсе де алтын айнымайтын антынан.
Ұнататын бозторғайдың шырылын,
Көкті жұлған – көктей солар. Тыйымым.
Далалықпын, табиғатпен егізбін,
Лайламаған жаратылыс тұнығын.
Жүйрік мініп, сал көңілім шалқыған,
Тазы еріткен, балдағымда – қаршығам.
Далалықпын, саят сүйген серімін,
Қансонарда майланатын қанжығам.
Сұлулыққа ес білгеннен құмартқан,
Жаным таза кәусар түма бұлақтан.
Далалықпын, күндік жарық сәулені,
Артық көрген мың бір күнгі жұмақтан.
Сенде туып, асты менің аспарам,
Жер жаһанға сені жырлап мақтанам.
Далалықпын, қай қиырда жүрсе де,
Түп жусанды бойтұмар қып сақтаған.
Жассерік СӘДУАҚАСОВ.

Аңсау
Қыл шылбыр секілденіп лақтырған,
Қара жол шұбатылып құлап қырдан.
Жататын біздің ауыл жайбарақат,
Жағасын Өлеңтінің тұрақ қылған.
Балық-күн аспан деген табада аунап,
Беткейде сағым ірге салады аулақ.
Балалық сонда қалды, жүретұғын,
Балақты түріп алып шабақ аулап.
Күндер-ай, ататұғын таңы үмітпен,
Отырам өздеріңді сағынып мен.
Сол өзен-өлең өскен жағасында,
Сол дала-көкжиекте сағым үрккен.
Жалғын-күн
жабы-мұңды жетім жегіп,
Жөнелді бесін асып, бетін беріп.
Сол ауыл,
Сол бір кезді жиі еске алам,
Бірдеңем ұмыт қалған секілденіп…
Сайлау БАЙБОСЫН.

***
Көк түтін бөлме – ала бұлт,
Терезе арты – ақ жауын.
Махаббат болып жаралып,
Тозаң боп тұнып қалған мұң.
Іздеме мені: таппайсың,
Мелшиген сұп-сұр бөлмеден.
Амалсыз ғана қаттайсың
Қаңырап қалған төрге өлең.
Телефон сыршыл таныс па?
Оның да үні жат бірақ.
Ар жағындағы дауыс та
Күлкімнен менің қаттырақ.
Сағаттың тілі тоқтаған,
Қабырға меңіреу. Мылқаудай.
Отырсың сыр қып сақтаған
Суретімді де жырта алмай.
Сендегі сезім сарқулы,
Мендегі төзім көл-көсір.
Тағдырың берген тартуды
Парықтамасаң, сен кешір!
Жадыңда жансам жарық боп,
Сәулемді бірақ жат көрме!
Жазылып қалам әріп боп
Төс қалтаңдағы дәптерге.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА.

Nostalgie
Тағы да музыка, баяу үн,
Көңілде бір сәтке қаяу-мұң.
Сол бір сәт таусылмай тұрса деп қаладым.
Өткенге ілеспей аяңым,
Уақытқа жете алман, жаяумын,
Тек әуен жетелеп,
мен еріп барамын.
Тағы да, тағы да қайтала,
Әуенге орансын айнала.
Елітіп көңілді ескі күн жұбатсын.
Сағыныш құшағын айқара
ашқанда жаным да жай табар.
Жұбатсын көңілді немесе жылатсын.
Қиялым ұзатып ұшырған,
Биік бір ләззатын ұсынған…
Кенет кілт үзіліп музыка тоқтайды.
Жүрек те бір суып-ысынған,
жүрістен жаңылып, қысылған,
Ол енді әуенсіз қайтадан соқпайды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙ.

Қызыл пальто
Жүрек жүр ед тұтқынында тың күштің,
Қоңыр күзде сезімсіз де сыр құштым.
Коңыр кеш те бізсіз батып жатыр-ау,
Қызыл пальтом қазір досы ілгіштің.
Сыйлағандай салқын сазы шансонның,
Сыймағандай мен де ішіне тар тонның.
Кейіп киіп, жағасына жылармын
Кездесуге киіп барған пальтомның.
Бойға берік, болған бейне тұрағы өр,
Қызыл пальто қызықтарға куәгер.
Жүрегімнің кіре беріс бөлмесін
Саған бердім, бойламай-ақ тұра бер.
Қызық кезді қарызданып, сыйға алам,
Қылғындыра қарағанда қыл ғалам.
Қызыл пальто киген кезді қарашы
Қызық қылып, қалдыруға қимаған.
Қызба көңіл, қырсық шалып, кетерде.
Қарыз болдық, өтеуге дем жетер ме?
Тағдырлардың тәлкек тұсы түлкідей
Қызыл түсті ұнатыппыз бекерге…
Қырдың қызыл қызғалдағын жинаған,
Кездеріңе кештеу, бірақ, иланам.
Көңіліңнің күлтелері күл болды
Қыздың қарыс құшағына сыймаған.
Қоңыр күз қоңырауын мұң қағады,
Қызыл пальто кисем бе, жүз қарады.
Жүректі жұлқығанда жойқын жалын
Үзілген, түймелерін кім тағады?!
Пальто киер мезгіл өтті, сан жылдан,
Сұлу түске бет бұрмаймын, қалдырғам.
Қызық қызды есіңе алсаң бір күзде
Қызыл пальто киіп шығар алдыңнан….
Қызыл пальто киіп шығам алдыңнан.
Самал СӘРСЕНБЕКОВА.

Жігерлендіру
Арманым маған жарық шам,
Шығатын алып тамұқтан.
Қандай болса да бұл өмір,
Сүюден оны жалықпан!
Өгейсіп кетсін дос мейлі,
Ошағым одан өшпейді.
Үре де берер ит дейді,
Жүре де берер көш дейді.
Көрермін əлі-ақ талайды,
Сенемін күнге арайлы.
Құлази берсем қу тірлік,
Шықпастай торға қамайды.
Ешкімге күшті салмаймын,
Болса да кешем қандай мұң.
Өзімді-өзім жұбатып,
Өзімді-өзім алдаймын.
Береді маған көмек кім,
Жайымды жатыр елеп кім.
Тірлікте мына тұрлаусыз
Өзіме ғана керекпін.
Мұны ойлап бірақ өртенбен,
Үміт үзбеймін ертеңнен.
Күнімді кешем көркейген,
Ғұмырды кешем көркем мен!
Ерболат ӘМІРЕНОВ.
