(әңгіме)

Үйде қаладан келген туыстарымыз бар. Әпкем екеуміздің бар ойымыз –қыздардың үстіндегі сәнді көйлектері мен аяқтарына киіп келген желбіректері бар жылтыр туфлиде болды. Үйдің іші у-шу, анам келген туыстарының алдына бар дәмдісін қойып, сақтағандарын шығарып, дастарханды жайнатып қойды. Қаладан келген қонақтарымызға біздің сүр етіміз, шұжық пен қазымыз, сары май мен қаймағымыз керек болса, қыстақта орналасқан жалғыз үйде өсіп жатқан әпкем екеумізге қала қыздарының киімдері таңсық әрі қызығырақ еді.

Сол күні мен әпкеме еріп, тау бөктерін бетке алып, үйден шығып кеттік. Қайда бара жатқанымыз маған ғана беймәлім, бірақ өзімнен екі жас үлкен әпкеме ермеуге, сөзін екі етуге болмайтынын білемін. Әпкем алда, қадамын шапшаң басып келеді. Мен болсам артта, анда-санда артыма жалтақтап қоямын – үйде қалған қонақтардың тірлігі, күлкілері қызық сияқты. Кенет есіме таңертеңгі оқиға түсіп кетті. Үйден шығар алдында әпкем бір туыс қызымыздың жылтыр туфлиіндегі желбірегін жұлып алып, үйдің ығындағы кірпіштердің арасына тастап жіберген. Осыны есіме түсіргенім сол еді, жүрегім дүрсілдей бастады. Құдды біреу көріп қалып, сол желбірек үшін бізді жазалайтындай көрінді. Қорыққанымнан әпкемнің жанына жүгіре жеттім. Осы нашар істі мен жасамасам да, екеумізден жауап бірдей алынатын сияқтанды.

Әпкем үндемейді. Назары алдында, жүзі салқын. Біреу тапсырған миссиямен кетіп бара жатқан сияқты. Мүмкін ол да қорқып келе жатқан шығар. Әлде өкініп келе ме екен? Бізде сондай әдемі туфли ешқашан болмаған ба? Сол себепті оның ішін қызғаныш кернеп, әлгі жылтыр туфлиге деген ашу мен қызығуы бір сәтте араласып, кеткен болар. Анама айтса, бәлкім сол туфлиды сұрап берер ме еді? Бірақ енді бәрі кеш. Болған іс болды, бояуы сіңді.

Жолымыз тау бөктеріне бұрылды. Алдымен аласа төбеден астық. Әпкем алға түсіп келеді, артынан ілбіп мен келемін. Күн еңкейіп, көлеңкеміз ұзарып келеді. Мені қорықпасын деді ме, бірінші төбеге шыққанда әпкем.

– Міне, қарашы, мына таудың үстіне шықсақ, үйіміз көрінеді, – деді.

Мен сенер-сенбесімді білмей, әпкемнің көзіне қарап, үнсіз ілестім. Тағы бір тауға шықтық. Тағы да «мынадан ассақ, үйіміз көрінеді» дейді. Бірақ әр жолы үйіміз көрінудің орнына, алыстай береді. Күннің нұры бәсеңдеп, көлеңкеміз одан сайын ұзара түскендей болды. Шаршағаным білініп, көзіме жас үйіріле бастады. Бір сөз айтайын десем, әпкем ашуланып, ұрсысып қалатындай көрінді. Содан бар жігерімді жиып:

– Біз адастық қой…, – дедім сыбырлап. Әпкем иығын бір көтерді де:

– Жоқ, адасқан жоқпыз, қазір мына таудан асайықшы, үйіміз көрінеді, – деді сенімді үнмен. Ол таудан асып, ең биігіне шығып қарасақ та, осы жолы үйіміз көрінбеді. Жүгіре басып, басқа төбеге шықтық.

Осылай 3-4 рет бір таудан асып, екіншісіне шықтық. Бірақ үйіміз көрінбеді. Алыстаған тау сілемдері де бағанағыдай емес, «бізге үйден неге үлкен адамсыз шығасыңдар» дегендей, қарауытып көрінгендей болды. Әпкем екеуміз адасқанымызды біліп, қолымыздан ұстап алып, тағы бір қырды аса бергеніміз сол еді – аузымыз ашылып, өз көзімізге өзіміз сенбей тұрып қалдық. Бізді таңқалдырған – алдымыздан шыққан гүлге толы алқап. Үйдің алыстығын, тіпті адасқанымызды ұмытып, екеуміз тау арасындағы алуан түрлі гүл өскен бөктерге келіп, тоқтадық. Көз сүрінер сұлулық… Гүлдердің әдемілігіне көзіміз тоймай, екеуміз де тізерлей отырып, оларды жинай бастадық. Құшағымыз толғанша тердік. Бірақ гүл көбейген сайын, біз қызыға тердік. Алуан түрлі гүлдерді жинай бердік, жинап жүріп, үйімізден одан сайын алыстай бердік.

Кеш қарая бастады. Шаршадық. Шөлдедік. Әпкем де, мен де үнсізбіз. Гүл өскен алқаптың ортасына жетіп, бойымыз босап, әлсіреп отыра кеттік. Күшсіз, қылжия құлап түскен сәтім, әлі есімде. Көк аспан мен құшағымдағы көк гүлдер бір-бірімен үндесіп, көңілімді аулағысы келгендей. Бірақ оларға қарауға бойымнан күш таппадым. Осы халіміздің себепшісі болып тұрған әпкеме қарадым. Оның түрі де менікінен айнымайды, шаршаған, бірақ бір түрлі бейбіт. Біз жинаған гүлдердің өзі мінезімізді айнытпай бейнелегендей: оның гүлдері – ірі, көзге бірден түседі; ал менің гүлдерім – майда, нәзік, ұсақ болып келген.

Бір сәтте жерден басымызды көтеріп, айналамызға қарадық. Күн баяғыда еңкейіп, тау етегін қараңғылық бүркепті. Үйден әбден ұзап кеткеніміз, адасқанымыз өзімізге мәлім. Осы сәтте екеуміз бір-бірімізге қарап, ботадай боздап, еңіреп жыладық. Менің жылап жатқан себебім үйден адасқанымыз болса, әпкемнің көз жасының себебі жылтыр туфлиының болмауы сияқты көрінді маған.

Төрт-бес жасар екі қыз – тау бөктерінде, гүл өскен алқаптың ортасында, бір-бірін құшақтап алып, қорқыныш пен аңсаудың арасына сіңіп кеткен шақ. Егер сол сәтте әлдебір дауыстар естілмегенде, бәлкім, сол дала гүлдерінің арасында ұйықтап қалар ма едік…

Кенеттен: Аяулыыыыыыыым! Самаааааааал!, – деген дауыстар тау ішін жаңғыртып жіберді. Көзіміз бақырайып, орнымыздан атып тұрдық. Үстімізді қағып, бірімізден кейін біріміз тың тыңдаймыз. Ал, дауыстар болса, жақындай түсті. «Аяулыыыыыыым! Самаааааал!», – деп шақырған үндерден, бізді үйдегілер іздеп шыққанын бірден ұқтық. Қаладан келген қонақтар да, желбірегі жұлынған жылтыр туфлидың иелері де, бәрі жаяулап, іздеп жүр екен. Қолымдағы гүлдерімді қыса ұстап, анама қарай жүгіре жөнелдім. Анам бетімнің шаңын  сүртіп, иіскеп, сүйіп жатыр. Анамның қолтығының астынан шетте өзін кінәлі сезінген күйде тұрған әпкемді көріп тұрмын. Адасқанымыздың түпкі себебін біле тұра,әпкеме наразы көзіммен бір қарап, қолымдағы гүлдерімді де тастамай, анамның бауырына тығыла түстім. Әпкем де көп ұзамай анамның бауырына тығылды.

Сол сәттің иісі бөлек еді… әлі күнге дейін мені гүл мен топырақтың, анамның мейірімі мен тау самалы араласқан ерекше иіс, тау бөктеріне шақырады да тұрады… Шіркіііін… көбелек қуып, гүл теріп, тау бөктерінен дала гүлдерін жинап, еркіндікті ту етіп өскен сол бір қара қызды менің жиі сағынатыным-ай…

Добавить комментарий