
Қала шамдары азайған қараңғы шетте, ескі көліктерге арналған үлкен автотұрақ бар еді. Сол жерде демалып тұрған машиналардың ішінде бір сары автобус болатын. Автобустың терезелері шаң мен жаңбыр тамшыларынан айғызданған. Сыртының бояуы кетіп, қозғалтқышы үнсіз тұрған. Бұрын… иә, бұрын бұл автобус таңертең ерте моторы гуілдеп, шамдары жарқырап, балаларды мектепке апаратын еді. Қазір ол орнынан қозғалмайды. Кейде ғана жарығын жыпылықтатып, терең күрсініп қояды. Есіне қызықты бірдеңелер түскенде жымиғаны байқалады. Түсі оңып кеткенмен, іші жылы, орындықтары жайлы. Сары автобус кейде ойға шомып: «Қала да менімен бірге қартайған шығар…» – деп, іштей күбірлейтін. Өйткені ол да бір кездері жас болды. Жаңа, жалт-жұлт еткен жүйрік еді. Енді жалғыз… енді тастанды. Бірақ жүрегінің түбінде бір үміт әлі де гүлдеп тұрғандай…
Күз ұзаққа созылып, күн суытып, жаңбыр тоқтамай жауды. Осындай салқын кеште, жел қураған жапырақтарды алақандарына жинап алып, аулаға шашып ойнап жатқанда бір кішкентай ақ күшік сары автобусқа жақындады. Ол қара суықтан әбден тоңып, дірілдеп, мұңды үнмен былай деді:
– Автобус, автобус! Ішке кіргізші мені… Қатты тоңып қалдым.
Автобус сәл үнсіз тұрды да, көптен бері майланбаған есігін сықыр етіп ашты.
– Кіре ғой, күшігім, – деді ол қамқор дауыспен.
Күшік қуанып кетті. Ішке кіріп, жұмсақ орындыққа жатып алды. Түймедей тұмсығын бауырына тықты.
Автобус күшікпен сөйлесе бастады:
– Сен кімсің, балақай?
– Менің атым Ақмоншақ.
– Неге жалғыз жүрсің?
– Менің ешкімім жоқ…
Автобус үндемей қалды.
Күшік құлағын салпайтып, көңілі түсті:
– Үйім де, иелерім де болған. Бір отбасында өстім. Олар мені жақсы көрді. Бірақ бір күні басқа қалаға көшті… Мені тастап кетті… Содан бері жалғызбын.
Автобус терең күрсінді. Терезе тазартқышын қосып, әйнегін сүртті. Сосын өзі туралы әңгімеледі:
– Мен сені түсінемін, кішкентай досым, – деді ол сабырлы үнмен. – Мен де жалғызбын. Бұрын күнде жұмыс істейтінмін. Таңертең ерте қала көшелерімен ары-бері жүріп, есігімді ашып-жауып, адамдарды таситынмын. Балалар мектепке бара жататын, екі-екіден орындықтарыма отырып, бір-бірімен ойнап-күлетін. Әжелер немерелеріне ертегі айтып беретін. Ішім толған күлкі, ән мен әңгіме болатын…
Автобус сәл кідіріп, ойланып алды да қайта сөйледі:
– Ол күндер қандай тамаша еді! Мен өзімді көпшілікке керекпін деп ойлайтынмын. Адамдар менсіз ешқайда жете алмайтындай көрінетін. Жылдар өтті. Бір күні… бұзылып қалдым. Моторымның бөлшектері сынды. Жөндейді деп үміттендім… Бірақ ешкім жөндеген жоқ. Уақыт өте адамдар мені ұмытып кетті. Басқа жаңа автобустар келді. Ал мен осы жерде жалғыз қалдым…
Автобус күшікке білдірмей тағы да терезесін сүртіп қойды.
– Ешкім мені іздемеді. Ешкім «қайда екен?» демеді. Сол кезде мен алғаш рет жалғыздықтың қандай ауыр екенін ұқтым.
Күшік үнсіз тыңдап отырды. Оның да көздері мұңайып кеткен еді. Ол автобустың руліне жақындап:
– Енді сен жалғыз емессің, – деді батыл да мейірімді үнмен. – Мен сені таптым. Біз екеуміз бірге боламыз. Сен мені тоңған кезде жылыттың, мен сені ешқашан ұмытпаймын.
Автобус шамдарын жыпылықтатып, қуанып кетті. Үнінде бір жылы леп пайда болды.
– Рақмет саған, Ақмоншақ. Рас, енді мен жалғыз емеспін. Бір-бірімізді қолдасақ, өмірдегі қиындықтарды жеңу оңай болады, – деді автобус күлімсіреп.
Сол түні олар ұзақ сөйлесті. Қала туралы, адамдар туралы, өткен күндер туралы…
Автобус айтты:
– Қазір мен бір нәрсені түсіндім: ешкімді ешқашан жалғыз қалдыруға болмайды екен. Баланы да, қартты да, хайуанды да… тіпті ескі автобусты да.
Күшік басын изеді.
Сыртта жаңбыр жауып тұрды. Ал автобустың іші жылылыққа толы еді.
***
Ақ күшік сары автобусқа күнде асығып келетін болды. Бір күні ол автобусты айнала жүгіріп, қуана үрді де:
– Мен бүгін жалғыз келгем жоқ, саған достарымды ертіп келдім, – деді.
Қасында бір тарғыл мысық пен түсі ерекше көгершін бар екен. Үшеуінің достасу оқиғасы қызық.
Мысық – қарттар үйінде тұратын Сәлима әжейдің Барыс есімді марғауы. Оның тұрағы жылы, төсегі жұмсақ, тамағы да мол болатын, бірақ ол көшедегі иесіз күшікпен достасып кетті. Екеуі күнде бірге ойнап, бірге қыдырғанды ұнатады. Ақ күшіктің үсті-басы кір, өзі күтімсіз болса да, тарғыл мысық оны «жүрегі жұмсақ, мейірімді досым» деп жақсы көрді. Ал көгершіннің түсі өзгелерден өзгеше еді. Оның қауырсындары көгершіндерде жиі кездесетін көк немесе ақ түсті емес, қып-қызыл болып жайнап тұратын. Басқа құстар оны орталарына қабылдай қоймады. Кейде оны түсінбей, шетке ысырып, тіпті қасына жолатпай қоятын. Сондықтан ол көбіне жалғыз ұшып жүретін. Бірақ қызыл көгершін мұңайған емес, себебі ол аспан бәріне ортақ екенін, ол жерде әр құстың өз орны бар екенін білетін.
Күндердің бір күнінде күшік пен тарғыл мысық әжейдің дайындап берген дәмді тамағын жеп отырған. Ыдысқа жылы сүт құйылып, қасына ірімшік пен бір-екі тілім шұжық қойылған. Кенет жақын жерге қызыл көгершін қонақтады. Ол тамаққа қарап, қозғалмай тұрды. Сосын жайлап басып, табаққа қарай жақындады. Күшік оны көре салып, орнынан ыршып тұрып:
– Әй, кет әрі! Бұл – біздің тамағымыз! – деп үріп, қуалай жөнелді.
Көгершін шошып, қанатын сабалап ұшып кетті. Бірақ ұзамай қайта оралды. Көзінде реніш те, қорқыныш та жоқ еді, тек аш екені байқалды.
Сол кезде Барыс тіл қатты:
– Қума оны, Ақмоншақ… Мүмкін, оның да қарны ашқан шығар? Бөлісіп жеген тамақ тәтті болады!
Күшік мысыққа қарады. Өзі ісіне қысылып, басын төмен салды.
– Рас айтасың… Кешірші, көгершін, – деді ол ұялып. – Кел, бірге жейік.
Күшік табақты көгершін жаққа жақындатып қойды. Көгершін абайлап келіп, бір шетінен шоқып жей бастады.
– Рақмет сендерге, – деді ол қарыны тойған соң. – Менің атым Алау. Басқа көгершіндер менімен ойнамайды. Қауырсыным өзгеше болғаны үшін…
Күшік жымиып:
– Енді сен жалғыз емессің! Біз үшеуміз – нағыз дос боламыз!
Барыс та мияулап келісті:
– Иә, біздің сыртымыз әртүрлі, бірақ жүрегіміз бірдей!
Содан бастап олар үшеуі әрдайым бірге жүретін болды: ақ күшік, тарғыл мысық және қызыл көгершін.
Олар сары автобусқа күнде келіп, ішін безендіріп, ән айтып, бір-біріне қамқор болып жүрді. Автобустың ішін кішкентай ойын алаңына айналдырды.
Сары автобус іштей қуанып жатты. Салоны қайтадан шат күлкіге толды. Ол белгі шамдарын жыпылықтатып, достарына ризашылығын білдірді.
***
Үш дос әдеттегідей автобус маңында ойнап жүрген. Кенет автотұраққа бұзық балалар кіріп келді. Олар алыстан күшікті байқап:
– Әй, қараңдар, анау қаңғыбас итті қуалайық! – деді біреуі.
– Сасық неме, бері кел! – деп екіншісі мазақтап, қолына таяқ алды.
– Ұстаңдар оны! – деп үшіншісі айғай салды.
Ақ күшік сасқанынан не істерін білмей қалды. Ол артқа шегініп, құйрығын бұтына қысып, автобустың астына тығылды. Балалар соңынан қуып жетіп:
– Шық бері! – деп кіжінді. Автобусты бүйірінен соққылап, күшікті үркітпекші болды. Сары автобус бәрін көріп тұрды. Ол дереу есігін ашты. Күшік ішке секіріп кірген бойда есігін сарт еткізіп жауып алды. Сол сәтте мысық көліктердің арасынан атып шықты. Ол балалардың алдына тұра қалып, арқасын күжірейтіп, айбат шегіп мияулады. Көздері оттай жанды. Көгершін де шапшаң жетті. Ол жоғары-төмен ұшып, балалардың дәл төбесінен шүйіліп, бірнеше рет қалықтап өтті. Қанаттарын жайып:
– Гү-ү-үк! Тиіспеңдер! Ол біздің досымыз! – деп шырылдады. Бірақ балалар ашулана түсті. Оларды бастап жүрген бұзық қара бала: – Мыналар не істейді дейсің? Қане, айдап жіберіңдер! – деп айқай салды. Осы кезде автобус «бип-бип!» деп дабыл дауысын қатты-қатты қосты. Фаралары ашулы жанардай жарқ-жұрқ етті. Ол: «Бұл менің достарым. Жоламаңдар!» – деді. Балалар сәл шегініп, бір-біріне қарасты. Бұл шуды естіген болуы керек бұрышта тұрған гараждың есігі тарс етіп ашылып, ішінен жұмысшы киімін киген, ұзын бойлы, кең иықты бір кісі атып шықты. Ол көлік жөндейтін шеберхананың шебері Қызыр аға болатын.
– Әй, балалар! – деді ол қатқылдау үнмен. – Не істеп жатырсыңдар?! Әлсізге қол көтеру – батырлық емес. Әрбір жан-жануардың жүрегі бар емес пе, наласы тиетінін ұмытпаңдар!
Балалар үнсіз қалды. Бір сәтке тым-тырыс боп, көздерін жерге қадады.
Шебер жұмсарып, дауысын бәсеңдете сөйледі:
– Сендер білесіңдер ме, мына ақ күшік, тарғыл мысық пен қызыл көгершін сендердің бәріңнен де мейірімді. Олар ешкімге жамандық жасамайды. Ал егер сендер жануарларға қамқор болуды үйренбесеңдер, ертең достарыңа, жақындарыңа да дұрыс қарай алмайсыңдар.
Балалардың беті қызарып кетті.
– Біз… енді олай жасамаймыз, – деп кешірім сұрады.
Дәл сол кезде автобус ішінен күшік атып шығып, көлік жөндеу шеберіне қарай жүгірді. Оның жеңінен тістеп тартты. Кішкентай құйрығы қуана-қуана бұлғаңдады.
– Не болды, балақай? – деді шебер таңданып. – Бірдеңе көрсеткің келе ме?
Күшік оны автобусқа қарай алып келді. Шебер көліктің бүйірін сипап көрді, содан соң капотын жайлап ашты. Біраз шұқылап қарады да, жымиып:
– Ә-ә-ә… сенің моторың әлі жарамды екен. Жүрегің әлі соғып тұр екен, кәрі тарлан. Қарашы, күшік қалай қамқор болып жүр саған! Сен оған керек екенсің. Олай болса сені жөндеп, жаңа өмір сыйлауымыз керек! – деді. Сол-ақ екен, жұмыс орнынан құрал-саймандарын әкеліп, автобустың моторын бір шетінен жөндеуге кірісті. Күшік қасында шыр айналып, қуана-қуана үре берді. Мысық шеберге қажетті кілттер мен бұрағыштарды әперсе, көгершін автобустың қозғалтқышына жиналған қураған жапырақтар мен түрлі қоқысты тұмсығымен тістеп тазарта бастады.
Біраздан соң, күтпеген жерден бағанағы балалар қайтып келді. Бастапқыдай емес, жүздерін төмен салып, байсалды қалыпқа түсіпті.
– Ағай, – деді бәрін бастап жүрген қара бала, – біз де көмектессек бола ма?
Шебер жылы жымиды:
– Әрине болады.
– Сенің есімің кім?
– Бекзат.
– Ендеше, Бекзат, бір нәрсені есіңде сақта: бізге пайда келтіретін заттар мен құрал-саймандар күтімді қалайды. Егер сен бір нәрсені үнемі таза ұстап, бұзбай сақтасаң, ол саған ұзақ қызмет етеді. Ал егер бірдеңе сынып қалса, оны лақтырып тастамай, жөндеп көр. Бұл – ұқыпты адамның, мейірімді жүректің ісі. Сындыру – оңай, ал баптап ұстау, сақтау – нағыз іскерлік.
Содан бастап, балалар күн сайын автобусқа келетін болды. Олар көлік жөндеу шебері Қызыр ағайға құрал-саймандарын әперіп, бөлшектердің бір жағын ұстап тұруға көмектесті. Автобустың ішін, сыртын жуып-тазалап, бояп, әйнектерін сүртті. Көгершін, мысық пен күшік те жәрдемдесті. Сары автобус біртіндеп жаңа кейіпке енді. Моторы іске қосылып, дүрілдеп оталды. Бұған барлығы алақайлап, шаттана қуанды.
Қызыр ағай Ақмоншақты асырап алды. Оған өз гаражынан үйшік жасап берді. Ал балалар мектепте де, аулада да бір-біріне көмектесуді әдетке айналдырды. Олар Алауға кішкентай ұя істеп, үйдің биік бұрышына ілді. Аулада жүрген атаны қолынан жетектеп, үйіне дейін апарды. Жаңа көшіп келген көрші баламен ойыншықтарын бөлісіп, бірге ойнап, достасты. Балалар мейірімді болудың қандай жақсы екенін түсінді. Енді олар күнде жақсылық жасауға тырысатын болды.
Сол күннен бастап ата-аналардың өтініші бойынша Сары автобус қала маңындағы оқушыларды мектепке тасымалдайтын жауапты қызметке кірісті. Іші балалардың күлкісі мен шат-шадыман әңгімесіне толды. Балалар да автобусқа бауыр басып, аялдамада оны асыға күтіп тұратын болды.
***
Сары автобус жай ғана көлік емес, достықтың мекеніне айналды. Оның ішінде ән де шырқалды, ертегі де айтылды, шежіре де жалғасты. Балалар мен ата-әжелер, күшік пен мысық, тіпті көгершіннің өзі – бәрі бір отбасы сияқты өмір сүріп жатты.
Кішкентай Ақмоншақ, Сары автобус та енді жалғыз емес еді. Олардың жанында сенімді достары, Қызыр ағай, Сәлима әжей сияқты мейірімді адамдар бар. Жылдар өтсе де, автобустың ішіндегі күлкі, мейірім мен достық ешқашан ескірмейді.
Егер сен бір күні көшеде сары автобусты көрсең, қол бұлғап амандас. Мүмкін, ол сенің де досыңа айналады…
