Бүгін – Сергей Есениннің (1895-1925) дүниеге келген күні. Оқырман назарына ақын өлеңдерінен аударма жырлар ұсынамыз.
І
Заметался пожар голубой,
Позабылись родимые дали.
В первый раз я запел про любовь,
В первый раз отрекаюсь скандалить…
Есенин
Кеудемде тұтанды бір жалын,
Туған жұрт жадымнан алыстап.
Алғаш рет сен жайлы жырладым,
Алғаш рет жанжалдан қалыс қап.
Көңілім солғын бақ сыңайлы,
Тонаттым көңілді кешімді.
Масайрап, билеу де ұнайды,
Жоғалтып ақыл мен есімді.
Өртенсін жүрегім от бола,
көзіңе көздерім байланып.
Өткенді есіңе ап тек қана,
кетпеші менен сырт айналып.
Елітті тұңғиық жанарың;
Шын ғашық жүрекпен жігерлі
сотқардың шын сүйе аларын,
бәріне көнерін, біл енді.
Ұмытып бағытын жолымның,
Өлең де жазбай-ақ қояр ем.
Ыстығын сезініп қолыңның,
Шашыңды гүлдермен бояр ем.
Қалса да шалғайда бұл маңым,
Кетер ем соңыңнан өзіңнің.
Мен алғаш сен жайлы жырладым –
және алғаш жанжалдан безіндім.
ІІ
Мне грустно на тебя смотреть,
Какая боль, какая жалость!
Знать, только ивовая медь
Нам в сентябре с тобой осталась…
Есенин
Сені көріп жабырқады көңілім,
Үмітім де қаншама рет алдады.
Жоғалған соң сенімім мен сенімің,
Бізге өткенді еске алу тек – қалғаны.
Бөтен ерін ұрлап кетті мәңгіге,
Тал бойыңның жылуы мен дірілін.
Алдамады, арбамады жанды не?
Өкінішке өртенсем де – тірімін.
Өзіңменен бірге кетті шаттығым;
Бөтен шаттық мазалайды шерліні.
Базарым да, ажарым да – тәтті мұң,
Басқа қызық қалған да жоқ ендігі.
Бойымды аулақ ұстар едім жыр-сеңнен,
Тыныш өмір, тыныш күлкі болса құт.
Қаншалықты аз ғана жол жүрсем мен,
қателікті көп жасадым соншалық.
Жанжал менен ұрыс толы бұл өмір,
Бір қалыппен қайталана береді.
Мола сынды азаланды кіл өңір,
Гүлдерден де шаттық кеткен, себебі.
Сәуле сүйіп, бүр жарармыз біз де бір,
Солармыз-ау, көңілсіздік тербесе.
Гүлге жылу бере алмайды сыз көңіл,
Мұңаюдың керегі не, ендеше!
ІІІ
Пой же, пой, на проклятой гитаре,
Пальцы пляшут твои в полукруг.
Захлебнуться бы в этом угаре,
Мой последний, единственный друг…
Есенин
Шырқа, шырқа! Гитараңды қолыңа ал,
Саусақтарың сартылдап бір билесін.
Бір басымның бір ғасырлық соры бар,
Ей, жан досым, қайтем жаным күйгесін.
Көңілімді жабырқатқан сыз да емен,
Жан-жүрегім тағатынан айрылды.
Сол арудан бақытымды іздеп ем,
Ал, ол маған тауып берді қайғымды.
Махаббат – күш, бойды кетер жұлмалап,
Махаббат – дерт, өңім содан түнерді.
Жанарының қиығымен бір қарап,
Ақылымды ол адастырып жіберді.
Шырқа, досым! Ән қып айтшы қайталап,
Өкінішсіз өткен біздің күндерді.
Мені ұмытты ол. Жаным қалай жай табад(ы)?
Басқа жанды және сүйіп үлгерді.
Несіне оған кінәні артып, өр болам,
Несіне айқай шығарам, ол – сұрқай үн.
Мен де ұмыттым, гитараңды бер маған,
Өзім жайлы өз әнімді шырқайын.
Үміт үзіп жүрген жоқпын ай қарап,
Өшіргенмін өмірімнен нұрлы ізді.
Одан басқа мың аруды аймалап,
құшағымда тағы өртегем мың қызды.
Ең бір ащы шындығы бар жалғанның,
Тентек оймен астарына қарасам:
Нұрлы жүзің – ой-санамда қалған мұң,
Өзгеменсің, қайтіп барып таласам?!
Несіне енді, сол бір қызды қызғанам,
Несіне енді, қиналамын оны ойлап.
Біздің өмір – жүрек дерті сыздаған,
Біздің өмір – құлазыған сарай, бақ.
Шырқа, досым! Тоқтамастан сал әнді,
Өткеніммен қиналмай-ақ қоштасам.
Қойшы бәрін… Білемін өз бағамды,
Асыл досым, мен өлмеймін ешқашан!
ІV
Край любимый! Сердцу снятся
Скирды солнца в водах лонных.
Я хотел бы затеряться
В зеленях твоих стозвонных…
Есенин
Туған далам – тағдырымдай,
Түске айналып барасың.
Іздеп жүрмін бал күнімді
Шалғыныңда адасып.
Дейсің маған: «Жырла бәрін…»
Елеңдетіп қойдың, ә!
Сыңғырлатты сырғаларын,
Ару-талдар бейкүнә.
Сезімімнің гүл бағысың,
Саған ғана бас ұрдым.
Бар сырымды бір жан үшін,
Жүрегіме жасырдым.
Бәрін қабыл алғам-ды мен,
Құдіретке сенгенмін.
Тәрк етіп бұл жалғанды мен,
Кету үшін келгенмін.
Қазақшалаған: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.